8 - дәріс. Қоқырсық және былапыт сөз туралы бірнеше сөз
Бірқатар шешендердің сөзін тыңдағанда, құлағыңның құрышы қанады.
Таза, дәл, ойлы сөзді сүйсіне тыңдайсың. Кейбіреулердің «аузынан сөзі,
қойнынан бөзі түсіп тұрады», барынша ынжық әрі көмескі етіп сөйлейді.
Сондай тартымсыз, берекесіз сөйлеушілердің тіліндегі сөз егін арасына
шыққан арам шөп тәрізді болады. Мысалы: «Ол кеше нені нетіп келді»,
«Жазушы, жаңағы, әйел теңдігін жырлады», «Олар, жаңағы, енді, тартысты,
жаңағы, күшейтті». Осындай «нені», «нетіп», «жаңағы», «мысалы», «иә»,
«яки», «сонымен», «ал енді», «тағы» тәрізді бұралқы («паразит») сөздерді жиі
қолданатын кісілер бара-бара сөз ауруына шалдығатынын байқамай қалады.
Бір сөзді қайта-қайта айта беретін адамның сөзі қаншама мазмұнды
болғанмен, тыңдаушысын жалықтырады, тартымсыз болады. Әсіресе
сөйлегенде мағынасы бұралқы сөздерді қатыстырып қайталақтай беретін кісіні
жұрт жөнді тыңдамайды.
Сонымен өз сөзіңе өзің бақылаушы болып, байқап сөйле. Баяндама,
әңгімеде бұралқы, қоқырсық сөздерді қолданбауға тырыс.
Сөз қадірін білген кісі аузына ие бола сөйлеуге тиіс. Олар жайдары,
жайсаң қалпында да, ашу үстінде де, үйде де, түзде де сыпайыгершілік, ізет
дегенді естен екі елі шығармауға тиіс. «Аузынан ақ ит кіріп, көк ит
шығатындар» - моральдік бейнесі жүдеу, эстетикалық тартымдылықтан
жұрдай болғандар. Ондайлар, амал не, біздің арамызда жоқ емес. Жұрт оларды
«боғауыз сөзді жексұрын» деп сөгеді.
Былапыт сөздер әсем өміріміздің таза ауасын кірлейді, мәдениетті,
сыпайы, тәрбиелі кісілердің көңілін қобалжытады. Былапыт сөзді
қолданушылардың аузына қақпақ болу қиын, бірақ өткір көз, қатал қол ондай
көргенсіздерді бетімен жібермес те.
Көкірегіне нан пісіп, менменсіген кейбіреулер үйде де, ұжымда да не
болса соған ашу шақырып, маңындағылардың бірі болмаса біріне тиісіп,
жамандауға сөз таппағанда, оның бойынан табиғи кемшілік тауып, тілінің
зәрін соған шашады: бүкір, пұшық, таз дегендерді оның бетіне таңба етіп
басуға дайын тұрады. Бұл барып тұрған мәдениетсіздік! Адамға тіл сол үшін
беріліп пе?! Мұндайда сорлы – пұшық та, таз да, ақсақ-тоқсақ та емес,
сондайды «көргіш» қотыр тілді надандар, құрбы-құрдастар. Сөйлеу қабілеті
бар тірі жанның бәрі де өзімен қарым-қатынас жасайтын кісілерге, тым
болмаса, тіл тигізбей, жүрегіне зіл түсірмей өмір сүруге тырысса, өзінің де,
өзгелердің де сәтті күнінің себепшісі бола алады.
27
Сөз жеке мағынаны білдірумен қатар кісінің сезімін де білдіреді дедік,
сөз арқылы кісінің сезіміне әсер етуге болады. Мысалы, «фашизм», «жезөкше»,
«маскүнем», «ұры», «парақорлар», «жексұрындар». Дәл солардай
болмағанымен, бет, келбет, жүз сөздерінің орнына «тұмсық» деп, әйел сөзінің
орнына «салдақы» деп айтудың тыңдаушыға етер әсері ерекше. Мұндай дөкір
сөздер кісінің сезім қуатын жасытады, адамның адамшылық қасиетіне кір
келтіреді.
Достарыңызбен бөлісу: |