үйренетін негізгі білімді жеке, ұжымдық оқыту формасын ойын элементтерін қоса пайдалану барысында меңгеру;
тренингтің ортасында сергіту не демалыс сәті, психологиялық бәсеңсу болуы шарт;
ауызша не жазбаша кері байланыстың болуы керек.
Тренинг басталарда мұғалім оқушыларды тренингті өткізу ережесімен толық таныстырып өтеді. Тренингке қатысушылар ережемен мұқият танысып шығып, қажетті ережелерді қолданып, тақырыпқа байланысты қосымша ережелерді қосуы мүмкін. Тренинг ойыншылар ұсынған өзгертілген ереже бойынша өткізіледі.
Тренингтік сабақ ұйымдастыру кезеңінен (сатысынан) басталады. Тренингтің ұйымдастыру сатысының басты міндеттері төмендегідей:
тренингке қатысушылардың және жүргізушінің мақсаттарын анықтап, бір-бірімен сәйкестендіру;
топта белсенді жұмыс жасауға түрткі болатын мотивті (ниетті) қалыптастыру;
топтық жұмыстың барысы мен нәтижесінде жауапкершілікпен қарауға бағыт-бағдар беру.
Осы сатыда тренингтің принциптері мен топта жұмыс жасау ережелерін таныстыру жүзеге асырылады. Тренинг мақсаты, міндеттері, принциптері, топтық жұмыс ережелері тек мәлімет ретінде баяндалып қана қоймай, тренингке қатысушылар мен оларды бірлесе талдау қажет. Соның нәтижесінде тренингке қатысушы білім алушылардың әрқайсысының өзіндік мақсаты айқындалады. Одан кейін ғана тренингтің әсері тиімді болатындай топтық жұмыс мақсаттары мен ережелері қорытылады.
Ұйымдастыру сатысының келесі кезеңі – топ жұмысына қатысушылардың әрқайсысы өздерін атайды, өздері жайлы қысқаша баяндаудан тұрады.
Тренингтің келесі сатысы – диагностикалық сатысында оқушының оқу әрекетіндегі және қарым-қатынас саласындағы қиыншылықтардың себептері айқындалады.
Тренингтің диагностикалық сатысында көбіне сауалнама, сұхбат, тест сияқты әдістер қолданылады. Бұның мақсаты:
тренингке қатысатын оқушының тұлғалық, кәсіби мәнді қасиеттерінің даму деңгейлерін анықтау арқылы топтық жұмыстың мақсаты мен міндеттерін, мазмұнын нақтылау;
тренинг әсерлі өтуі үшін оған қатысатын оқушының жеке дара ерекшеліктеріне сәйкес әдіс-тәсілдерді үйлестіріп таңдау ( 94-сурет).
Тренинг барысында әрбір оқушы өзінің жеке тұлға - субъект екендігін сезінуі керек.
Тренингтің келесі сатысы білім алушының өзін-өзі тануына бағытталады. Мұнда 2 бағыттағы топтық жұмыс жүзеге асырылады. Бірінші – жеке тұлға мәселелерінің субъективті сипатын анықтау. Екіншіден, субъективті қиыншылықтарды топтық жұмыста ашу қажет. Осы мақсатта әртүрлі жұптық, топтық негізде тапсырмалар орындалып, топтық формадағы жұмыстар ұйымдастырылады. Ол топтық талдаумен қатар жүреді.
Топтық тренингтік сабақтың келесі сатысы – жетілдіру. Мұнда жеке тұлға, оқу және қарым-қатынас қиыншылықтарын шешу мәселесі басты назарда болады. Ол үшін арнайы жаттығу түрлері таңдалып алынады да оқушыларды жаттықтыру көзделеді. Бұл сатыға талдау ауызша емес есеп беру формасында ұйымдастырылады.