ИТӨЛГЕН – асу, Өрел а.о. Алыс, қиын асу мағынасында қолданылған
атау. Тілімізде «ит өлген жер» тұрақты тіркесі қолданылады. Ит өлген
жер – тым алыс, қашық жер, ат тұяғы жеткізбес алыс шет мағынасын
білдіреді [49, 363 б.]. М.1:Тұрсынхан осы Итөлген тауының терістік желкесінде әйгілі «Итөлген асуы» барын айтып келеді. Қазақтың қойған осы атауы бұл асудың аса қиын әрі қауіпті екенін айтпай-ақ білдіріп тұрғандай. Бұл асуды Н.С. Ядринцев 19 ғасырда картаға «Проездная» деп түсіріпті. Кейін томскілік профессор, Мұзтауды көп зерттеген саяхатшы В.В. Сапожников өз картасына «Перевал Итулгенский» деп түзеткен екен. – Ай, өзі бір құдай атқан жер, - дейді Тұрсынхан басын шайқап, Көксуға, Жазатырға жол жүргенде біздің кісілер кейде осы асумен асады. Итөлген сонда итіңді шығарып, ғұмыры ұмытпастай етіп жібереді [7,28б.]. М.2: Қапталда қарауытқан қапсағай тауды Итөлген атайды екен. Адам түгіл ит екеш иттің өзі жете алмай мерт болған жердің түбі ғой. тегі. Төмені құз, құздың түбінде айға шапшыған арыстандай Ақбұлқақ қайнап жатыр. Оның үстіне тасқа жабысқан ағаштың бұтақтары жолыңды шлагбаумдай көлденең бөгеп тастапты. Аттың жалына жабысып, бетті бұтаққа осқызып, әзер өтеміз. Сол қияны Түйеқұлаған атайды екен. Көшіп бара жатқан баяғының бір байының түйесі жүгімен шатқалға ұшып кеткен сияқты. Енді бір жерді «Қызөлген» деп таныстырды. Ол атау бертін, Көккөл кеніші заманында қойылған сыңайлы. Бой жетіп қалған бір қыз бала Көккөлде суық тиіп ауырып, ойдағы ауруханаға аттандырылады. Қыс айында ауырмақ түгіл, сеспей қат, сені ақ қар көк мұзда анау Көккөлден таситын керемет жоқ. Мынау қыздың ауырғаны қазіргідей жаз айының жаймашуақ күні болса керек. Сорлы қыз сонда да елге жете алмай, жол ортада көз жұмыпты. Содан бері Көкжотаның бір мүйісі «Қызөлген» аталып кетіпті [7,26б.].