Кәсіптік окытудағы инновациялық технологиялар оқыту технологиялары түсінігі


Оқудың педагогикалық технологиялары сипаттамасы



бет2/3
Дата29.03.2023
өлшемі34,25 Kb.
#77265
1   2   3
Байланысты:
10 л

7.2. Оқудың педагогикалық технологиялары сипаттамасы
Оқудың дəстүрлі (қайта жасау- репродуктивті) технологиясы білім, ептілік және дағдыларды ұсынуға бағытталған. Ол өтіліп жатқан материалдың игерілуін, қайта жасау деңгейіндегі білім сапасының бағалануын қамтамасыз етеді. Бұл технологияның ежелгі түрі. Ол бүгінгі таңда да кең таралған (әсіресе орта мектепте). Оның мәні: жаңаны игерту–бекіту–қадағалау–бағалау сұлбасы (схема) бойынша оқу процесін жүргізу. Технология негізіне табысты өмір тіршілігін қамтамасыз ететіндей білім ауқымын анықтауға мүмкіндік беретін және оны оқушыға жеткізу жолын көрсететін білімдік бағыт-бағдарлама (парадигма) алынады. Осыған орай оқу- оқытудың басты әдістері ретінде 1) көрнекілік және онымен бірге жүретін түсіндіру, 2) оқушының жетекші ісәрекеттері түрлеріне – тыңдау мен есте қалдыру, 3) басты талап және тиімділіктің негізгі көрсеткішіне – игерілгенді қалтқысыз қайталап жаңғырту ептілігі алынады. Мұғалім қызметтері – түсіндіру, әрекеттерді көрсету, оқушылар орындағандарды бағалау және реттеу, түзету. Оқу технологиясы бірқатар маңызды да ұнамды тараптарымен еленген. Олар – үнемділігі , күрделі материалды түсінуді жеңілдетуі, білім-тәрбие процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етуі, білім ұсынудың жаңа әдіс –тәсілдерін пайдалануға икемді келуі. Сонымен бірге дәстүрлі технология біршама кемшіліктерге де жол береді – оқу процесін дараландыру мен жіктеуге қолайсыз, оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға мүмкіншілігі кем. Дамытушы оқу технологиясы мектеп тәжірибесіне енген оқу іс-әрекеттері арасындағы аса танымалы (Л.С.Выготский, Л.В. Занков, Д.Б.Эльконин және т.б.). Ғалымдар дәлелдегендей, педагогика бала дамуының өткеніне емес, болашағына бағытталуы тиіс. Сонда ғана ол оқу процесінде осы нақты уақыт шеңберіндегі жақын даму процестерін жүзеге асыра алады. «Жақын даму аймағының» мәні: бала өз дамуының белгілі кезеңінде оқу міндеттерін ересектер басшылығында не ақылдылау дос –жарандарымен араласа жүріп шешуі мүмкін. Келтірілген пікір жария болғанға дейін бала дамуы, әсіресе оның ақыл-ойының өрістеуі оқу және тәрбие ізімен жүретіні мойындалған болатын. Зерттеулер нәтижесінде (Л.В. Занков) оқу тиімділігін көтеру есебінен оқушы дамуын жеделдетуге болатыны дәлелденді. Бұл үшін оқуды жоғары деңгейлі қиыншылықта жүргізу принципін ұстану – басты талап. Егер алдынан рухани, сезімдік күш-қуаттың іске қосылуын қажет ететін кедергілер (ойын, оқу, тұрмыс) шығып тұрмаса, әрі оларды жеңуге талпынбаса, бала дамуы бәсеңдейді. Жоғары қиыншылық деңгейіндегі оқу принципіне орай білім мазмұны және оны құрастыру реті анықталады. Оқу материалының мазмұн қарқыны ұлғаяды, әрі тереңдейді, жетекші рол теориялық білімдерге беріледі, дегенмен, оқушылардың практикалық ептіліктері мен дағдыларының маңызы жойылмайды. Дамытушы технология талаптарының және бірі – оқу ілгерілі және жедел қарқында жүреді. Өткендерді жиі әрі бір беткей қайталаулар оқу процесінің кедергісіне айналып, оқуды жоғары қиыншылық деңгейінде өтуге мүмкіндік бермейді. Дамытушы технологияны іске асыру сонымен бірге оқушылардың жас ерекшеліктеріне байланысты жүйелі- іс-әрекеттік оқу бағытын ұстануды қажет етеді (Д.Б.Эльконин). Дамытушы технология идеяларының қатарына сондай-ақ оқу қызметінің әрқилы жағдайларында оқушылардың қажет болғанды өзінше танып, содан өздігінен жауап әрекет орындауға (рефлексия) ынталандыру идеясы да кіреді. Жауап әрекетке (рефлексия) келу дегеніміз баланың өз әрекеттерін сезінуі мен түсінуі, оқу іс-әрекеттерінің тәсіл, әдістерін өзінше байқап, тануы. Рефлексиялық әрекет-қимылдар әрқашан өзіндік қадағалау және бағалаумен тығыз байланысты болатындықтан дамытушы технология шарттарына орай оларға да көп мән беріледі. Дамыта оқыту идеясы бұл күнде еліміздің мұғалімдері арасында кең қолданымда. Алайда, бұл технологияның кейбір тұжырымдары пікір таласты болып жүр. Себебі, оқушылардың бәрі бірдей қиыншылықты деңгей оқуын көтере алмайды. Солар ішінде тума жайсаң қозғалысты тұлғалардың мұндай оқуда әбден күйзеліске түседі. Сондықтан барша шәкірттерді теңдей шапшаң және жоғары күрделілік деңгейінде оқытып, тәрбиелеуге болмайды. Бағдарламаластырылған оқу технологиясының (БОТ) негізгі мақсаты оқу процесінің басқару жүйесін жақсарту (П.Я.Гальперин, Л.Н. Ланда, А.М. Матюшкин және т.б.). БОТ бастауын берген американдық психологтар мен дидакттар (Н.Краудер, Б.Скиннер, С.Пресси). БОТ – бұл арнайы жабдықтар, бағдарламаластырылған оқулық, ерекше оқумашинасы, ЭВМ және т.б. көмегімен күні ілгері дайындалған бағдарлама бойынша орындалатын өзіндік жеке-дара оқу технологиясы. Бұл технология әрбір оқушыға өзіндік сапа-қасиеттеріне орай (оқу қарқыны, сауаттылық деңгейі және т.б.) оқуына мүмкіндік береді. БОТ-ның өзіне тән сипат белгілері: - оқу материалының кіші көлемді жеңіл игерілетін бөлшектерге жіктелуі; - әр бөлшекті игеруге арналған нақты әрекеттерді орындау нұсқаулары жүйесінің берілуі; - әр бөлшек игерілуінің тексерілуі; - қадағалау тапсырмаларының дұрыс орындалуымен оқушы материалдың ендігі жаңа бөлшегін алып, келесі оқу қадамын іске асыруға өтуі; - дұрыс жауап бере алмаған жағдайда оқушының қосымша көмек түсініктемелерін алуы; - қадағалау тапсырмаларының нәтижесі хатталып, оқушының өзіне де (ішкі кері байланыс), педагогқа да (сырттай кері байланыс) белгілі болуы. Проблемді оқу технологиясы мұғалім басшылығында өтетін оқушылардың оқу міндеттерін шешуге орайластырылған өзіндік ізденіс іс-әрекеттерін ұйымдастыруға негізделеді. Оқу ізденістері барысында оқушыларда жаңа білім, ептілік және дағдылар қалыптасып, қабілеттері, танымдық белсенділігі, қызығуы, ой-өрісі, шығармашыл ойы және басқа да тұлғалық маңызды сапалары дамиды (Т.В.Кудрявцев, А.М.Матюшкин, М.И.Махмудов және т.б.). Жалпы түрінде проблемді технология сипаты келесідей: оқытушы білімді дайын күйінде ұсынбай, оқушылар алдына міндет (проблема) қояды, оған қызықтырады және оның шешу әдіс-тәсілдерін табуға ынталандырады. Ал оқушылар мұғалімнің тікелей басшылығында не өз бетінше олардың шешімін табудың жолдары мен әдістерін зерттейді, яғни болжам түзеді, оның шынайылығын тексеру тәсілдерін белгілейді әрі талқылайды, дәйектейді, нәтижелерін талдайды, пікір жүргізеді, дәлелдейді. Проблемді оқу басқа да технологиялар сияқты өзінің ұнамды да болымсыз тараптарына ие. Оның тиімділігі: оқушыларға тек қажетті білім, ептілік және дағдылар жүйесін меңгеруге жәрдемдесіп қоймастан, олардың ақыл-ой дамуына жол ашады, өз шығармашылық қуатымен берік білім қалыптастыруға көмектеседі, өз оқу еңбегіне қызығу ұмтылысын дамытады, оқу нәтижесінің бекінуін қамтамасыз етеді. Кемшілігі : жоспарланған нәтижеге жету көп уақытты талап етеді, сонымен бірге, оқушылардың танымдық іс-әрекеттерін жүйелі басқару қиын. Модульді оқу технологиясы АҚШ пен Батыс Еуропада 1960 жылдары дәстүрлі оқуға балама ретінде ұсынылған білім игеру жүйесі. Бұл технологияның мәні - оқушы модульмен жұмыс орындау барысындағы нақты мақсатқа өз бетінше (не белгілі шамада мұғалім жәрдемімен) жетеді (П.Юцявичене, Т.И.Шамова). Модуль – мақсатқа орайластырылған оқу мазмұны мен оны меңгеру жолдарын (технологиясын) біріктірген түйін, топ (узел). Модуль құрамы: әрекеттің мақсаттық жоспары, ақпарат қоры, дидактикалық мақсатқа жетудің әдістемелік көрсетпелері. Бұл технологияға орай оқу мазмұны өз алдына белгілі жинақы құрамға келтірілген ақпараттық топ (блок) күйінде беріледі. Ол ақпарат оқу мазмұнының көлемін ғана емес, әдістері мен олардың игерілу деңгейін де көрсететін дидактикалық мақсатқа сәйкес меңгеріледі. Модульдік оқуда өзіндік жұмыстарға аса көп уақыт бөлінеді. Бұл оқушыға оқу әрекеттеріне кірісумен өз мүмкіндіктерін сезінуге, білім игеру деңгейін өзі анықтауына, өз білімдері мен ептіліктеріндегі кемшіліктерді байқауына жәрдемдеседі. Модульдік оқу дәстүрлі білім игеру жүйесімен байланыста пайдаланылуы мүмкін. Модульдер оқу жүйесінің қалаған ұйымдастырылу формасында орын тауып, оның сапасын жақсартуға және тиімділігін арттыруға қолданылуы ықтимал. Шоғырластырылған (концентрлі) оқу технологиясы педагогикада ежелден танымал пәнге шомдыру әдісіне негізделген (П.Блонский, В.Ф.Шаталов, М.П.Щетинин және т.б.). Бұл технология жақтастарының пікірі: оқудың дәстүрлі сынып-сабақтық жүйесінде бағдарламалар мен оқулықтарға сәйкес берілетін оқу мазмұны бөлім, тақырып, параграфтарға бөлшектеніп, өз алдына шартты дербестенген ауқымда ұсынылады. Осыдан оқушылардың жеке пәндерден алатын білім, ептілік, дағдылары жай қалыптасады. Оқу проблемасының ұзаққа созылып өтілуінен, оқушылардың сабаққа болған қызығушылығы кемиді. Бір дәрістің екіншісінен алшақты болуынан бір сабақта қабылданған ақпарат келесіге дейін көбіне ұмытылады. Пәндердің тұрақты ауысып баруынан оқушы олардың бірде-біріне тереңдеп ене алмайды. Бір пәннен екіншісіне өтуде бала қиыншылық көреді, көп уақыт сарп етеді, ендігі сабақ өткендегіні көлеңкелейді, сонымен әр өткен сабақ өз құндылықтарын жойып барады. Әр дәріс оқушы үшін – жаңа жүктеме, мұғалімдердің жаңа талаптары, жаңа мазмұнды материал, жаңа көңіл-күй ықпалдары, т.с.с. осылардың баршасына сәйкес бала икемделіп, оқу іс-әрекеттерін орындауы шарт. Ал бұл енді қалыптасып жатқан жас буынға оңай шаруа емес. Шомдыру оқуында сабақтар топқа (блокқа) келтіріледі, бір күнге не аптаға межеленіп, қатар өтілетін пәндер саны кемітіледі. Мұндай технология оқу- оқыту процесін адам қабылдауының табиғи психологиялық ерекшеліктеріне жақындастыра түседі. Сабақта игерілген материалды ұмытудың алдын алу үшін оны бекіту жұмыстары сол күні жүргізілуі тиіс, яғни қандай да уақыт аралығында оқушы басқаларына алаңдамай, тек сол пәнмен ғана шұғылданып, толық шомуы қажет. Қашықтан оқу технологиясы – бұл осы заманғы телебайланыс, электронды почта, теледидар және интернет жәрдемімен оқу мекемесіне қатыспай-ақ білімдену қызметтерін пайдалану. Қашықтан оқу қандай да себептермен білім иеленуге қол жеткізе алмай жүргендердің бәріне бірдей үйде отырып оқу мүмкіндіктерін ашады (әсіресе мүгедектерге, зағиптар мен есітуден қалғандарға, т.с.с.). Оқу технологияларының басқа да түрлері баршылық: әр деңгейлі оқу, толық меңгеру, ұжымдық ықпалдаса оқу, икемдесе оқу, жобалап оқу, авторлық оқу технологиясы (мысалы, В.Ф.Шаталов технологиясы) және т.б.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет