Қара күштің қабірінде ұстады.
«Қара»- озбырлық, зұлымдық мағынасында жұмсалып, өлеңге ерекше мағыналық реңк үстеп тұр. Тұтастай бір ұрпаққа еркіндік, теңдік, бостандық бермей күш көрсетуін «қара күштің қабірі» соны метафоралы тіркеспен нақты берген.
Қарымта қайтара алмай қарсы дауға
Қабақтан қара тамшы тамшылауда.
Жебір ой жігеріңді жаншығанда. (Шіркіндер)
«Қара»- адамның көңіліндегі тарығу, зарығу мағынасында жұмсалып, дыбыстық аллитерацияға құрылған мағыналы сөз.
Қара емендей қатып қалған әжеңді,
Кейінгі ұрпақ, батыр емес деп көргін. (Қырқыншы жылдыр)
«Қара»- мықтылық, төзімділік, шыдамдылық мағынасында пайдаланылған.
Аулақ,аулақ,
Аулақ менің жанымнан!
Қара уайым қара шәлі жамылған (Аулақ,аулақ)
«Қара»- бұл жерде мұң-зарды көрсету мағынасында жұмсалып тұр. Бұралаң-бұралаң жолы бар өмір соқпағында адам басында сондай сәттер басымдау болды, сондықтан өмір шындығы өлеңде айқын суреттеледі.
Қара түнек қара түнді шарпыған,
Ойлар,ойлар, ойлар кетті соқтығып.
«Қара» - адам жанының жабырқаған сәтін, көңілінің жадаулығын көрсетеді.
Жалған-ай,-тынысымның тарылғаны-ай!
Бақытсыз басым қара жамылғаны-ай.... (Құзда).
«Қара» -басына қайғы орнады деген мағынада жұмсалып тұрған тіркес.
Енжарлық, көңілсіздік езілемін,
Қалғандай қара жаяу сезінемін ( Түс)
«Қара жаяу»- ақынның жалғыздығы, өмірден тарығуын,зарығуын, қиналған бір сәтін көрсетеді.
Ақын лирикасындағы қара сөзінің мағынасы әр алуан және өте көп ұшырасады. Көп мағыналы сөз де түрлі реңкте жұмсалып өлеңнің қуатын арттырып, әрлендіре түседі. Мәтіндегі ой тереңдігі, тіл ұтқырлығы, сөз мәнерлілігі осы көп мағыналы сөзден айқын көрінеді. Жалпы, тілімізде қара сөзі көрікті ойды суреттейтін ұғым емес. Қара қашан да жамандықты, жауыздықты, арамдықты, зымияндықты, адамның басындағы сан алуан қасиеттерді және қоғамдағы кереғар құбылыстарды суреттеудегі пайдаланылатын бейнелі сөз. Ақын тілінде өте көп ұшырасып, образдың қыр-сырын ашуда жұмсалған. Қара сөзі табиғат құбылыс атауларының бәрімен тіркесіп, ауыспалы мағынада қолданылып тұр. Адам мен табиғат тұтастықта жырланғанынан сиқырлы сөздерді ұтымды қолданудағы тапқырлығы десек те болады. Қара аспан, қара нөсер, қара тас, қара жер, қара бұлт, қара су, қара жел, қара тау, қара түн, қара жауын және тағы басқа тіркесімдер бірнеше рет қайталанады. Ақын «Қара» түсін мағыналық топтарға бөле белгін: жамандықтың белгісі (қара тізім, қара қағаз, қара ту т.б.), жауыздық, қатыгездіктің белгісі (қараниет,қара көңіл т.б.) ,алғашқылықтың, бастапқылықтың белгісі (қара су, қара тау), киеліліктің, қасиеттіліктің белгісі (қарашаңырақ, қара жер т.б.), қарапайымдылықтың белгісі (қара қазақ, қара бұқара т.б. ), қайғы-мұңның белгісі (қара күн, қара уайым, қара түн т.б.).
Мәтін ішінде қара сөзін құбылтып, түрлендіре отырып, бір ойды әр басқа мағынамен беріп, сырлы да сиқырлы сөздер тізбегін тізіп, қазақтың қара өлеңінің құдіретін биіктете түседі. Жоғарыда келтірілген өлең шумақтарында қара сөзін үш-төрт реттен қолданған тұстары да бар. Ойды өрбіту негізінде үстемелеп, одан сайын асырмалатып суреттеу басым. Біздің байқағанымыз: дәуір шындығын, адам өмірін бейнелеуде «қара» сөзінің салмағы өте күшті, әрбір жұмыр басты пенденің басындағы іс-әрекеттерді дәл, нақты үйлестіріп жазған.
Ілгеріде айтқанымыздай «қара» сөзін еркін құбылтып пайдалану нәтижесінде ақынның творчестволық потенциалы да арта түседі. Бұл сөз- тек Мұқағалида ғана емес, классик Абайдан бастап Мағжан, Сәкен,Қасым,Төлеген және бүгінгі ақындарымыздың қолданысында жүрген мағыналы бейнелі сөз. Осылайша, біз суреткер тілінен дәстүр жалғастығын айқын көреміз.
Ақын өлеңдерінің ғұмыры ұзақ, жылдар өткен сайын оның бағасы биіктеп, асқақтай түседі. Ол осылайшы қанша оқырманының жүрегінен әлі де орын алатынына сеніміміз мол. Туған халқының арман мақсатын терең ұғынған ақын туған жермен тағдыры да, тамыры да қосылып жатқанан сезініп, өзінің бар бітім- болмысымен жырлап, баласындай мәпелеген жырын айшықты сөздермен өрнектеді. Мұқағали туған халқын терең түсініп оның тауына, тасына, жеріне құдайдай табынып қастерлеудің негізінде қарасаз топырағында өлмейтін жыр, өшпейтін ақын туды. Ол ұлты үшін туған, оны жыр арқылы танытқан, сөз құдіреті арқылы ғажап та ғаламат сөз-бейнелер жасаған дарынды ақын. Өзінің таусылмайтын жыр-қазынасында, нақтырақ айтсақ, ұтымды қолданған сөз мәнері арқылы ұтқыр ойларды, құдіретті сөздерді Мұқағалидай ғана үлкен тұлға бере алады.