«Ақ» және «қара» түр-түс атауларының табиғаты күрделі дейтін себебіміз - бұл екеуі екі - ақ түсті білдірумен шектелетін құбылыс емес. Табиғатты жай көзбен және арнайы аспаптар арқылы көруге болатын түстердің жалпы саны табиғатта 2 мыңнан 30 мыңға дейін болса , бірақ Ньютонның 7 түрлі заңы бойынша олардың өзі екі - хроматты және ахроматты топқа бөлініп, солардың қосымша ахроматты тобына тек «ақ»,«кара», түстері ғана жатса, мұны қалай түсіндіруге болады? Біздің пайымдауымыз бойынша, түр-түс кұбылыстарының сапасы мен саны, сыны мен сипаты, оларға сәйкес атаулары барлық тілдерде бірдей емес. Қазақ тілінде болса, түр-түс атауларының жалпы саны 70 - тен асып жығылады. Олардың 30-ы негізгілері де, 40-тан астамы туынды түрлеріне жатады. Осылардың ішінде тұлғалық өзгерістерге ұшырауы жағынан да, мағынасының күрделілігі жағынан да «ақ» және «кара» түр-түс атаулары ерекше көзге түседі. Тек «ақ» атауының өзі ғана 15 түрлі (бағыт-бағдарды, кәдені, геосимволикалық, ауыспалы, т.б.) мағынаны білдірсе «қара» атауы 23 түрлі (осы тәрізді) мағына түрін білдіретінін көреміз.
Қазақ елінің тәуелсіздік алған кезеңінде Мұқағали Мақатаев мұрасына бұрынғыдан әлдеқайда басым жаңаша көзқарас қалыптасты, ақын мұраларын танудың жаңа бір кезеңі басталды. Ақын шығармаларына өзі дүниеден қайтқаннан кейін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Мұқағали өлеңдері – ұлттық поэзияның жаңа бір белеске көтерілгендігін, жаппай евроцентристік ағымға ойысқан заманда қазақтың қара өлеңінің шынайы қасиеттерінің қадірі артып, бұрынғыдан да толысып, кемелдене түскендігінің куәсі. Ол қазақ өлеңінің ұлттық бояуы мен рухын ұстанды, оны түрлендіре байытты, сөйтіп қалың қазақ оқырмандарының жүрегіне жол ашты. Сонымен қатар ақын қазақ лирикасын ХХ ғасыр әдебиетінің озық үлгілерімен құнарландырды. Білікті, парасатты ақын ретінде өз заманының ірі мәселелеріне қалам толғаса да, соның өзінде қазақ өлеңі мен ана тілінің ғасырлар қойнауынан нәр жинаған аталы дәстүрін бұзбай жарасымды табиғи дамытты. Ол бірде қоғамның керенаулығын бетіне басқан қатал сыншы, енді бірде бала мінезді кіршіксіз таза, аңқылдаған аңғал жан. Сөйтіп жыр әлемінде өз ойын, өз шындығын, жүйелі көркем тілде ақындық биік тұрғыдан тұтас шеберлікпен жырлай білген. Мұқағали сыршыл ыстық лирикасымен өз оқушыларының жүрегіне жол тапты, оларды жақсы жырдың ләззатына қандырып, өзінің менімен адамзатқа ортақ ақиқатты жырлап, қалың оқырманның жан жүрегін баурады. Сондықтан да біз «түр-түс әлеміне» байланысты зерттеу нысанымызды М.Мақатаев өлеңдеріндегі «қара» түсінің қолданысын ғана бөліп алып, танымдық табиғатын мүмкіндігінше кең де терең, әрі жан-жақты қарастыруды жөн көрдік.
Мұқағали Мақатаев лирикасының лексикалық қат-қабаттары әр алуан болып келеді. Көп мағыналы сөздер, синоним, антонимдер өте шебер қолданылып, өлеңнің көркемдігін арттырып, стильдік бояуын айқындай түседі.
Сол сөз мәтін ішінде сан түрлі мағынаға ие болады. Көп мағыналы сөздер де тіліміздің байлығының көрсеткіші. Сыртқы формасы жағынан көп мағыналы сөз омонимге ұқсайтындықтан, оларды бір-бірінен ажыратуда көптеген қиындық туындап жүр. Көп мағыналы сөзде мағыналық бірлік болса, ал омоним сыртқы формасымен ұқсас болып келеді. Көркем шығармада көп мағыналы сөз өте көп қолданыста жүреді. Суреткер көркемдік үшін ойын айқын жеткізуде стильдік бояуы бар көп мағыналы сөздерді қолданып, контекст ішінде бір сөздің бірнеше мағынасын ашып береді. Ақын өлеңдерінен сөздің негізгі мағынасынан басқа туынды мағынасында жұмсалған коннотативтік қызметін (қосымша мағыналық реңктердің) айқын көруімізге болады. Сонымен әр түрлі мағынасы бар сөз көп мағыналы сөз екені бізге мәлім. Полисемия- барлық тілдерде қолданылатын құбылыс.
Қоғам дамуымен қатар тіл де дамып отыратын категория. Ақын, жазушыларымыздың тілі сөздік құрамымызды молайтып, лексикамызға жаңа сөз қосып отырады. Сөздің бойындағы әр түрлі мағыналардың табиғаты біркелкі емес. Сөздің негізгі мағынасы, туынды мағына, поэтикалық мағына,фразеологиялық байлаулы мағына, синткасистік шартты мағына-осылардың бәрі сөзді жан-жағынан көрсетеді.
Бір сөзге бірнеше мағына беру арқылы берілген сөздер ақын лирикасында кең орын алады. Көп мағыналы сөз тек тілдік құбылыс қана емес,көркем дүниедегі бейне сырын ашудың көрсеткіші. Ақын тіліндегі көп мағыналы сөздер өлеңнің көркемдігіне, мазмұнына, мәнеріне, әсеріне қызмет етіп тұр.
Мұқағали лирикасындағы өте кең және актив түрінде қолданылған сөздердің бірі-қара. Бұл сөзді автор әр түрлі мағынада жұмсап, тура және ауыспалы мағыналы сөздердің сырын ашты. Қара-ақ сөзінің антонимі. Көбінде сындық мағынада қолданылып зат есімді анықтайды.
Жалпы, тілімізде қара сөзі өмірдегі кереғар құбылыстарды көрсетіп, адамның алуан түрлі көңіл-күйін беруде және табиғат құбылыстарын суреттеуде өте жиі ұшрасатын сөз: қолаң қара шаш, қара құлып, қара бояу,қара көз, қара бұлт, қара шәлі,қара тас,қара түн,қара су, қара нөсер, қара орман, қара қарға, қара жорға,қара тау,қара аспан,қара жол,қара тамшы,қара бала,қара жауын, қара жұлдыз, қара бақ,қара орда, қара қой, қара моншақ, қара емен, қара қорған, қара жал,қара дақ, қара күз,қарашаруа, қара шаңырақ, қара шалғын,қара халық,қара бас, қара кебін, қара жау, қара бала, қара түнек,қара қайғ,қара кеш,қара уайым,қара күш,қара мұрт,қара нар,қара қазақ,қара кісі, қара өлең, қара жаяу, қара көңіл, қара күн, қаралы сұлу. Келтірілген сөз тіркестерінен қара сөзінің 52 сөзбен еркін тіркескенін байқаймыз. Бұл сөз тіркестері-тура және ауыспалы мағынада беріліп,өлеңнің эмоциялық-экспрессивтік әсерін күшейтіп тұрған мағыналы, образды сөз тіркестері.
«Қара» сөзі-зат есімді айқындап, сөзге үстеме мағыналық реңк жамап, поэтикалық тілдің әрін жандандырып тұрған полисемиялы сөз.