Адам баласы өзін қоршаған табиғи ортаны, өзін - өзі, қоғамдағы заттар мен құбылыстарды жан - жақты танып - білудің көптеген тілдік қайнар - көздері мен тәсілдеріне түр - түс әлемі жатады.
«Ақ» және «Қара» түр - түс атауларының барша жарық дүниені қақ жарып, қарама-қарсы екі полюске бөліп, өзара салыстыру арқылы танып - білуде атқаратын қызметі зор. Біздің пайымдауымызша адам баласының өзін қоршаған дүниені түр-түсіне қарап танып білуі о баста осы екі түске байланысты болуы керек. Өйткені, бұл екеуі мың құбылып тұрған түр-түс әлеміндегі көзге көрінер заттар мен құбылыстарды бір-бірінен айырып жіктеуге ең қолайлы өте «карапайым» түр-түстерге жатады. Түптеп келгенде. «ақ» түс күннің жарық сәулесіне шалынып, ақшыл, ақ сары, ал қызыл, ала т.б. болып көрінетін «отты» түстердің бастау - бүлағы саналса, «қара» түс, керісінше. қара қоңыр, қара көкшіл, қара торы, шымқай қара, сүлік қарат.б. осы сияқты караңғылықпен тұмшаланған түстердің өзіндік ұйытқысы тәрізді.Басқаша айтқанда, «ақ» және «қара» түстері бір тәулікті екіге бөліп тұратын күн мен түннің символы іспеттес құбылыс.
Табиғи ортаның, қоғамдық өмірдің сан түрлі сипатын суреттейтін, өзіндік бояу-нақышын келтіріп бейнелейтін әр қилы түр мен түсті, олардың сан түрлі реңктерін білдіретін атаулар мен тұрақты және жай тіркестер табиғаттың өте күрделі құбылыстарының тілдік көрінісі болып саналады.
Қазақ тілінің сөздік байлығында ерекше топ ретінде орын алатын түр-түс атауларының негізгі тұлғалары аса көп болмаса да, олардың білдіретін мағына –мәндері мен комбинаторлық тұлғалары, қолданыс аясы өте кең. Олар бір тілдің өзінде мыңдап саналады. Сондықтан да болар, бұл сан қырлы өзіндік ерекшеліктері бар лексикалық топ барлық тілдердің де сөздік қорының «түр-түс әлемі» деп аталатын айрықша бір тобына жататын мағынасы бай, қолданыс аясы кең, танымдық мәні зор тілдік құбылыс ретінде қарастырылып келеді.
Түр-түс әлеміне қатысты тілдегі атаулар мен олардан туындаған жай және тұрақты (фразеологизм, салыстырмалы тіркес, жұмбақ, мақал–мәтел) тіркестерінің баршасының табиғатына терең үңіліп, бір зерттеудің ауқымында тәптіштеп қарастырып шығу әрине, мүмкін емес.