Қызыл дала- Республика бойынша көп кездесетін дала аттары. Жуалы өңіріндегі кездесетін Қызыл даланың алыстан қараған кісіге күнгей жағы қызғылт тартып көрінеді екен. Бұл жердің аталуы осы беткейдің қызғылт түсіне байланысты ороним.
Қызыл түске байланысты Жуалы ауданының тағы бір өңірі Қызылжар жері. Тауға шығатын адам осы Қызылжардың үстіндегі қылта жолмен көтеріледі. Етектен қараған кісіге Қызылжар жоғарғы және төменгі жағы көкорай белдеу болып ерекшеленіп, 45-50 метрдей жері қып-қызыл болып айқын көрінеді. Бұл жердің „Қызылжар“ аталуына тоқталатын болсақ, мұндағы „қызыл“ сөзінің жер қыртысының реңімен байланысты атау екендігін аңғару қиын емес.
Жер-су атауларының көк түске қатысты елді-мекендері көптеп кездеседі. Мысалға Жуалы ауданындағы Көксай елді мекенін атап айтсақ болады. Өзеннің „Көксай“ аталуына тоқталатын болсақ, „көк“ сөзі түспен байланысты анықтауыш яғни, көк сол аңғардың „көгеріс, ну жынысты “ екендігін айқындап тұр. „Көк“ және „сай“ сөздері қосылып Көксай атауын құрап тұр. Сонымен қатар осы өңірде кезедесен Көктөбе елді мекеніне Еркебай Қойшыбаев өзінің „Қазақстанның жер-су аттары“ деп аталатын сөздігінде „Көктөбе“ атауына төмендегідей анықтама береді: „Бұл арада Көктөбедегі „көк“ сөзі „заңғар биік“ немесе тіпті аспан мәніне сай келеді, оған „төбе“ сөзі қосылып „заңғар биік төбе“ деген ұғымды білідерді - деп анықтама берген. Мұндағы „көк“ сөзі түспен байланысты „төбеге“ қосылып „Көктөбе“ атауын құрап тұр.
Ал енді жер-су аттарындағы сары түстің көптеп қолданылуындағы аталатын бірі Жуалы ауданындағы „Сарықайқаң“елді мекені. Бұл жердің Сарықайқаң аталуына екі түрлі болжам бар. Біріншісі: жазық күнгей беткейдің сап-сары болып жататындығына байланысты „сары“, „қайқы бел“ деген мағынаны береді. Халық этимологиясын „сары“ сөзінің түсінігін жер бетін жаздың ыстық сарша тамызынан соң қуаң тәртіп сарғайған түсіне балайды. Қорыта келе айтарымыз, Сары қайқаң атауы „кең байтақ қайқы беткей “ деген ұғымды білдіреді.
Жуалы ауданындағы солтүстік шығысындағы Кіші Қаратаудың шығысқа қараған шатқалдары мен аңғар асулары өте көп. Соның бірі Қарабастау елді мекенінің батыс тұсындағы „Сарытас“ аталатын жер. Бұл жердің „Сарытас“ аталатындығына келетін болсақ, ол осындағы шөпкен түйедей болып шашылып жатқан сары тастарға байланысты қойылған атау.
Сонымен, көптеген географиялық атауларға арқау болған, түр мен түсті білдіретін сөздер тек түсті ғана білдіріп қоймай, сонымен бірге қазақ халқының рухани жан-дүниесін танытатын семантикалық таңбалар. Түр-түске халық ерекше мән беріп отырған, оларға байланысты туындаған топонимиялық аңыздар қазақ рухани болмысының өзгеше бір көрінісі іспетті.
Түр-түске қатысты топонимикалық аңызды зерттеуші А. Әлімхан өз диссертациялық еңбегінде келтіреді: “Ертеде екі алып – әкесі мен ұлы Тарбағатай өңіріндегі Қалмақ тауын Ертіс өзені жағасына суды бөгемек ниетпен апармақ болады. Тауды көтеріп әкеле жатып, шаршаған олар жолда Қаракөл маңында дем алуға тоқтайды. Бұл жер баласының болашақ қайын жұртының мекені болса керек. Ол айттырған қызына кездеспек оймен әкесінен сұранады, әкесі рұқсатын беріп, былай деп ескертеді: “Ұлым, есіңде болсын, қалыңын төлеген жоқпыз, түнге қалуыңа болмайды”. Қалыңдығына келген жігіт қыздың сұлулығына сүйініп, түнге қалады. Таңертең жас алып таудың өз жақ жартысын көтере алмайды. Сөзге құлақ аспаған ұлына ашуланған әке тауды тастап жібереді. Тау құлап екеуін басып қалған екен. Екеуін ұзақ күткен ана, күйеуі мен ұлын іздеп жолға шығады. Тауға жете бере не болғанын түсінген ана, көп жылапты. Ананың көз жасы алдымен таудың жасындай қан қызыл, кейін бұлақ суындай мөлдір болып төгіліпті. Бұл оқиғаға куә болған мекенде ананың көз жасы мәңгіге сақталып қалған екен.
Қалмақ тауынан бес шақырымдай жерде қызыл және ақ тасты жерлер бар. Содан бастап ақ тасты жерлер халық арасында Ақтас деп аталған екен” [
Шығыс Қазақстан топонимдерін зерттеген А. Әлімхан қара сөзінің қатысуымен жасалған топонимдердің төмендегідей мәндерге қолданылғаны жөнінде былай дейді: “Қарасу, Қарабұлақ, Қарагем атауларындағы қара – “жерден шығатын сулар” ұғымын берсе, Қаракөл, Қаражер, Қараүңгір “үлкен” мәнінде қолданыс тапқан. Ал, Қаратоғай, Қаратал көптікті, молдықты танытса, Қарақия, Қарашоқы, Қаракемер “биік” ұғымын көрсетіп тұр. Сондай-ақ қара сөзі тура мағынада қолданыс тапқан топонимдер ретінде Қарақойтас, Қарақойын, Қарасаздарды атай аламыз. Топонимдер құрамындағы қара сөзі осы аталған мағыналардан басқа “қара орын”, “қара шаңырақ” тіркестеріндегідей “ежелгі”, “ескі” мәнінде де жұмсалады деп ойлаймыз. Мысалы: Қаражайлау, Қарақоныс, Қараөткел т.т. зерттеу нысанымыз болып отырған аймақта Қараертіс қара жерден бастау алатын өзен емес, ол басын таудан, тау мұздықтарынан алады. Екіншіден, халық арасында “Қара Ертіспен” қатар “Ақ Ертіс” тіркесі де қолданылады. Ал тілімізде ақтың – “бай”, “төре” екені белгілі. Ендеше, Қара Ертістің құрамындағы қара “жұпыны”, “кіші” ұғымында қолданылған сияқты. Сонымен, ойымызды түйіндей келе, Шығыс Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі топонимдер құрамында кездесетін қара компонентті атаулар мынандай мәндерге қолданылған деп таптық: 1) түстік мәнде; 2) “үлкен” мағынасында; 3) “қалың”, “ну”, “көп” ұғымында; 4) “ежелгі”, “ескі” мәнінде; 5) “биік” ұғымында; 6) “жер асты суынан бастау алатын өзен” мағынасында; 7) “кіші”, “жұпыны” мәнінде” қолданылған. .
Көлемді үзінді келтіріп отырған А. Әлімханның, басқа да зерттеушілер (Е.Ә. Керімбаев, Б.М. Тілеубердиев, Ұ.Р. Ержанова т.б.) еңбектерінде аймақтық топонимдерде кездесетін ақ, қара, көк, сары, қызыл, қоңыр сөздердің семантикасына талдаулар жасалынған. Сол талдаулар нәтижесінде түр-түс компонетті топонимдер қазақ халқының рухани болмысын, жан-дүниесін көрсететін тілдік таңбалар ретінде қолданылатын лексикалық атаулар екені дәлелді түрде анықталып отыр.
Ұлттық рухани мәдениеттің құрамдас бір бөлігі болып табылатын салт-дәстүрлер қазақ бәйге ойындары Қазақстанның ұлан-байтақ жеріндегі кез келген өңірінде топонимдер құрамында өз көрінісін береді. Ұлттық ойынмен, рухани болмысымен астасып жатқан географиялық атауларға қатысты халықтың жадында көптеген аңыз-әңгімелер сақталып қалған. Сондай топонимиялық аңыздың бірін А. Әлімхан өз диссертациясында келтіреді: “Ертеде Көкжарлыдан тараған Тарлан деген бай Керей елімен құда болып, жазда қызын ұзатқанда жүйрік Қоңыр атын мінгізіп жіереді. Қыс өтіп жаз шыға Қоңыр ат қашып, үйіріне қосылады. Алыстан құдалары іздеп келгенде, Тарлан бай Қоңыр атты жаратып бәйгеге қостырады. Қаракөк деген жүйріктерін бәйгеге қосқан ағайынды екі жігіт Қоңыр атқа қастандық жасамақ болып, орта жолдан тосып тұрып, Қоңыр атты талдың ішінде ұстап, шауып келе жатқан аттардың бәрін өткізіп жібереді. Аласұрған қоңыр ат, ұстап, жібермеген жігіттің тізесін қарш тістеп жұлып алады. Сонда екі жігіттің кішісі: “Әй, аға-ай, айтып едім болмадың. Тұлпар тістегеннің тұқымы құриды” деген сөз естіп едім бір қарттың аузынан. Осы қылығымыз бізге жақсы игі еді?!”-депті. Ыза кернеген қоңыр ат босана сала, төте жолмен шауып отырып, көшеден бірақ шығады. Ат тістеген жігіттің аяғы жазылмай, шіріп, жігіт сол жарадан өлген екен. Сол мекен Шірікаяқ атанып кетіпті. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында Шірікаяқ деп аталатын елді мекен бар. Ал қоңыр ат шапқан төте жол – Шірікаяқтан Балақазға дейін созылып жатқан тақыр тау Қоңыратжолы аталған екен”.
Лингвомәдени танымдық ақпаратқа мол осындай топонимикалық аңыз-әңгімелер Қазақстанның барлық аймақтық-топонимиялық жүйелерде кездеседі. Осы және де басқа жоғарыда келтірілген жайттар ұлттық топонимия қазақ халқының рухани мәдениетінің сан-саналы қырлары мен көрінісі беретін, сол халықтың рухани мәдениетінің негізінде қалыптасқан ономастикалық жүйе екенін көрсетіп тұр.
Ұлттық мәдениеттің рухани және материалдық салалары мен түрлері топонимиялық атаулардың этномәдени негізінде қалыптасуына ұйытқы болған, сол себепті көптеген қазақ жер-су аттарының уәжділік тамырлары халықтың материалдық және рухани болмысында жатыр, қазақ тілінің топонимиялық жүйесі қазақ ұлтының тарихымен, мәдениетімен, тұрмыс- тіршілігімен, халықтық дүниетанымымен астасып, тығыз байланысты болып келеді. Географиялық атаулардың этномәдени сипатта қалыптасуына шешуші әсер еткен этнографиялық, географиялық және тарихи-әлеуметтік факторлар екені анықталып отыр. Қазақ топонимдерінің идиоэтникалық семантикасын белгілі бір этномәдени сипаты бар ақпараттардың жиынтығы мен көрінісі ретінде қарастыруға болады. Қазақ жер-су аттарының идиоэтникалық семантикасын құрайтын, қалыптастыратын және паш ететін ақпараттар қазақ халқының болмысына: мал шаруашылығына, әдет-ғұрыптарына, салт-дәстүрлеріне, наным-сенімдеріне, материалдық мәдениетіне т.б. экстролингвистикалық факторларға қатысты туындаған және солармен байланысты болып келеді.