Түр-түс атаулары есімдердің бейресми түрлерін жасауға белсене қатысады. Адам табиғатының жақсы мен жаманды, дос пен қасты, адал мен арамды ақ пен қараға теңейтіні белгілі. «Ақкөңіл», «ақжүрек», «ақ-адал», «қаражүрек» (тасжүрек), «қаратас» ұғымдары ұлттық тіл мен ділден хабардар әр адамға таныс. Бір-біріне үнемі қарсы тұратын осы ақ пен қара ғана емес, басқа да түр-түс атаулары бейресми кісі есімдерінен орын алып, өздеріне белгілі бір шамада мағыналық, эмоционалдық жүк артып, өз бойларына күшті ұлттық әлеуетті шоғырландырған жоғары ассоциациялық семиотикалық белгілер болып табылады: «Аппақ», «АқӘлима», «Ақкемпір», «Сары», «Қоңыр», «Тасқара», «Шикіл» т.б. Қаныш Сәтбаевтың анасы Әлиманы ауылдастары аппақ өңі, ақжарқын мінезі, ұтқыр әзіл-қалжыңы мен ерекше тазалығы үшін Ақ Әлима атап кетеді [2]. «Ақ», «Аппақ» есімдерін иеленушілердің сыртқы сұлулық пен жан дүниесі жарасымдылық тапқан, көңілінің ақтығы мен ниетінің тазалығы ұштасқан, жан-жақтарына жарық сәуле тарататын шапағат иелері екендіктері талассыз. Дүниедегі бар жақсылықтың «ақ»-тан басталатыны, «ақ» жүрген жерде адалдық пен әділдік, тазалық пен пәктік жүретіні анық.
Түр-түс уәж болған, танымның жоғары сатысында тұрған тағы бір есім – «Қоңыр». Бір қызығы, осы есім кісінің төл есімінде де, бейресми - лақап, бүркеншік есімдерінде де көрініс береді. «Қоңыр»– ұлы жазушы М.Әуезовтің бүркеншік есімі. Халқымыздың момын, жуастықты қойға телитіні, сол себепті де моп-момақан, монтиып қана отыратын қарадомалақ баласын жақсы көргенде «қоңыр қозым» деп айналып-толғанатыны шындық. Кезінде бала Мұхтардың да осындай ықылас-мейірімге бөленуінен «Қоңыр»лақап есіміне ие болып, санасына сіңген әрі табиғатына жақын осы есімді кейін бүркеншік есім еткені белгілі: «Атасы Әуез бен әжесі Дінәсілдің бауырында өскен қалың ерінді, аялы үлкен көзді Мұхтарды осы ауыл түгелімен «Қоңыр қозы» дейді. Мінезі салмақты, ойынға онша құмар емес, үнемі көз алдындағы көрініске таңданып, монтиып отыратын немересін қариялар еркелетіп солай атайтын» (Т.Жұртбаев). Өйткені, бүркеншік есімді алушы автор өзіне бұрыннан таныс, өз кеңістігіне енетін атауларды (ру, ата-тегі, туған, оқыған жері, мамандығы, айналысатын ісі, туыс-туғанының аты т.б.) алатыны белгілі. Екіншіден, табиғатынан салқынқанды, сабырлы кісінің не мәселе болсын асықпай ой таразысына салып, жан-жақты зерделемей шешімге келмейтін орнықты, сыпайы мінезі жарқыраған ақты да емес, тұнжыраған қараны емес, ұлттық таным-түсініктен берік орын алған «қоңыр кеш», «қоңыр дауыс» сияқты қоңырды таңдағаны деп білеміз.
Сол сияқты Қоңыр есімді жас келіншектің төл есімін, «Майдақоңыр» /Сапарғали/, «Балқоңыр» /Меруерт/, «Қоңырша» /Зәуреш/ лақап есімдерді кездестіруге болады. Бір ерекшелігі, есімнің қай түріне жатпасын, есіміне қоңыр анықтауышы тіркескен адамның бәрі жайлы мінезімен («Майдақоңыр»,«Қоңырша) және тілінің майдалығымен («Балқоңыр») ерекшеленеді, содан кейін барып, қараторы өңі туралы атауға болады. ҚТТС-де берілген «Қоңыр: 1. Қоңырқай, сұрғылт (түс), 2. Ауысп. (дауыс туралы) қоңыр үн, жұмсақ, майда дауыс, 3. Ауысп. (мінез жайлы) тыныш, біртоға, жайлы, 4. Ауысп. (ауа-райы туралы) салқын, қара суық, қоңыр күз т.б. алғашқы үш мағынаның да бейресми есімдерден көрініс тапқанын көріп отырмыз. Жоғарыдағы үш жағдайда да уәждеме құбылысының ең негізгі ұстанымы – сөздің /атаудың/ сыртқы тұлғасы мен мағынасының бірлікке ұмтылуы, сол арқылы уәжділіктің пайда болуы көрінеді. «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» мақаласында Абай қазақтың қоңыр қазақ аталуын «біраз момындықпен тұрған кезі болса керек» деп санайды. Сол сияқты ұлттық ән өнерінің атақты жұлдызы «Қоңыр» тобының атауының да, Арқа күйлерінің шебер орындаушысы, дәулескер күйші Ф.Тұтқабековтың күй кешінің «Қоңыр» аталуы да осы мақсаттан туғаны анық.
Аты ескі замандардан таныс қыпшақ тайпасына қатысты есімдер көбіне сары түспен байланыстырыла айтылады. Ғалымдардың деректері мұны былай түсіндіреді: «Қыпшақты баяғы Орхон жазбаларында «сір» (бәлкім, сары) деп те атағаны еске түсетіні бар. Бірсыпыра ғалымдар (Аристов, Грум-Гржимайло, Гумилев т.б.) қыпшақтар әу баста сары басты, көк көзді болуы мүмкін дегенді айтады. А.Харузин башқұрт қыпшақтарының жартысына жуығы сары, жирен түсті екенін жазса, К.Шаниязов өзбек қыпшақтарының арасында да сары түстілер мол ұшырасатынын тілге тиек етеді. Ал Монғол жорығының екпінінен Мажарстанға (Венгрияға) ығысқан қыпшақтардың сары шашты, көк көзді болғаны (олар әлі де солай) талайдан айтылып келеді. ...Демек, қыпшақтарды маңайдағы басқа халықтардың сары жұрт ретінде танығаны, соған байланысты оның «сары» деген анықтауышпен аталуы әбден мүмкін («Қазақ шежіресі»). «Байырғы қыпшақтар үшке емес, төртке бөлінген. Олар: ақ қыпшақтар, қара қыпшақтар, қызыл қыпшақтар, көк қыпшақтар болып жіктеледі. Ал осылардың негізгі ұйтқысы (орталық ядросы) сарылар, яғни, сары қыпшақтар деп аталған. Былайша айтқанда, әлгі төрт қыпшақ осы сарыдан бөлінеді. Осылайша бөліну ол кезде тек қыпшақтарға ғана емес, Алтай мен Оңтүстік Сібірді мекендеген тайпалардың бәріне бірдей ортақ болған. Сонда олар солтүстікті – қара, оңтүстікті – қызыл (қырғыздар), шығысты – көк, батысты – ақ (половец), орталықты – сары түспен атаған. Көне қыпшақтардың түске бөлінуінде де, міне, осы заңдылық сақталған тәрізді» [4].
Бүркеншік есімдерден де түс атауларын кездестіруге болады. Олар, негізінен, екі түске байланысты алынған: «Қараша бала», «Қара бала» /Б.Майлин/, «Қараторы жігіт», «Қараторы» /Ә.Ғалымов/ және «Қызыл найза» /І.Жансүгіров/, «Қызылбас», «Қып-қызыл» /Жүсіпбек Аймауытов/ т.б. Соңғы есімдер Кеңес өкіметінің орнауымен кең қолданысқа түскен «қызыл» түсіне байланысты алынса, қара, қараторы, қараша түстері ұлттық ерекшелік, сын-сипатқа байланысты деп ойлаймыз. Сөз – өткір найзаға теңеліп, ал ол найзаның өзі басқаның емес, кеңестік адам сөзі, жан-жақтың бәрі қызыл, тіпті қып-қызыл, одан басқа ештеңе жоқ деген жеңіл ирония да байқалғандай.
Жоғарыда айтылғандарды түйіндей келгенде, атау, ат қоюдың сөздік қордағы дайын тілдік бірліктерді өз орнымен, белгілі мақсатта қолданысқа түсіретін, бойында талғампаздық пен шеберлікті ұштастыратын күрделі үдеріс екендігін көреміз. Ұқсату, салыстыру арқылы екі нысанның арасындағы ортақ белгіні тани білу есім берушінің жеке таңдауы сияқты көрінгенімен, оның түп-тамырының ұлттық менталитетпен тығыз байланыста жатқанын аңғару қиын емес.