ІІІ . ТАРАУ. ТҮР-ТҮСТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ БЕЙРЕСМИ ЕСІМДЕРДІҢ ЭТНИКАСЫНА ҚАТЫСЫ. Қазақ халқының жалпы адамзаттық құндылықтар қатарына кіретін асыл мұраларының бастысы ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, ұлттық болмыс-бітімі мен тілі болып табылады. Антропонимика саласы жер бетіндегі ең күрделі жаратылыс – Адамды, оның есімін зерттей отырып, тұтас бір ұлттың ментальдық қасиетін анықтайды.
Бейресми есімдердің пайда болып қолданысқа түсуі көптеген экстралингвистикалық және тілдік факторлардың нәтижесі екені белгілі. Ал осы есімдердің жасалуы түрлі ассоциация, уәжге негізделген дайын тілдік бірліктерге тікелей қатысты. Лақап есімді қоршаған орта қойып, ал бүркеншік есімді субъектінің өзі таңдап алуына қарамастан, ортақ нысандар алынады. Тілдік тұлғаның қарапайым деңгейіндегі ұлт өкілінің өзіндік кеңістігін құраушы нысандар төмендегідей болады. Есімдердің бүркеншік есім, лақап ат сияқты бейресми түрлерінде біріншіден, ұлт атаулары көрініс береді. Бүркеншік есімдерде, әдетте, автордың өз ұлты аталса, лақап есімдердегі жағдай мүлде басқаша. Г.Ф.Саттаров мұндай лақап есімдерді үш топқа бөліп қарайды:
- аталушының шыққан тегі (нағашылары жағынан да) басқа ұлт болса;
- аталушы сыртқы түр-тұлғасы немесе мінез-құлқымен басқа ұлт өкілін еске түсіргендей жағдайда;
- аталушының басқа халық арасында ұзақ уақыт болуына байланысты [1].
Қазақ бейресми есімдеріне жасалған талдау екінші топтың жиі кездесетінін көрсетеді. Лақап есім қызметіндегі ұлт атаулары сол халыққа тән түр-түс, мінез ерекшеліктерінен хабардар етеді. Оны мынадай мысалдардан анық байқауға болады. Неміс халқының басқа халықтардан басты ерекшелігі - дәлме-дәлдігі, яғни, уақытынан кешіктірмей, белгіленген мерзімінде, келіскен уақытында іске асыруы. Осы уәж «Неміс» /Жақып/ лақап есіміне негіз болып, жинақылық, тазалық сияқты ұғымдарды қоса қамтып тұр.«Кәріс» /Сәрсенбай/, «Якут» /Жанат/, «Япончик» /Дүйсен/ лақап есімдері сыртқы түр-тұлға ұқсастығына байланысты қойылса, «Өзбек» /Жұматай/ сауда-саттыққа жақын, аздаған қулығы бар адамға берілген.
Діні мен тілі бөлек көршілес орыс халқы - бетің бар жүзің бар демей, ойындағысын ашық айтатын тік мінезімен ерекшеленеді. Ел ішінде қазақ пен орысты бір-біріне қарсы қойған лақап есімдер жиі кездеседі. Орыс Раушан мен Қазақ Раушан, «Орыс келін» мен «Қазақ келін» - осының айғағы. Екі жағдайда да «Қазақ» - мінезі созымды, туған-туыс пен ата-енесіне жайлы, салт-санадан хабары бар, қысқасы, өз ұлтының бар ерекшелігін бойына жинаған адам. Осы мінез айырмашылықтары жазушы С.Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» повесінде де көрініс табады: «... Ауыл ішінде оны «Шопыр Оспан, Орыс Оспан» деп атайды. Оның себебі бар. Біріншіден, сол колхозда үш Оспан бар. Үшеуін бір-бірінен ажырту үшін олардың мінез-құлқына, қызметіне қарай жеке-жеке ат қойып алған. Колхоз ұйымдасқалы бригадир, полевод болып, екі аяғы салақтап үнемі ат үстінен түспей шапқылап жүретін ұзынтұра, қаз мойын Оспанды жұрт «Кеңірдек Оспан» дейді. Кеңірдек десе, кеңірдек. Мойнының рабайсыз ұзындығын былай қойғанда, қашан көрсең жұмыстағы адамдармен керісіп, қызылкеңірдек болып жатқаны. Екінші Оспан – маңайдағы колхоздардың тері-терсек, жүн-жұрқасын жинайтын агент. Сондықтан да оны «Әгінт Оспан» дейді. Ал, мына Оспанның жөні бір бөлек. <...>«Орыс Оспан» дейтіні мінезіне қарай қойылған болуы керек. Көңіліне жақпаған нәрсесін бетің бар, жүзің бар демей, жарып салатын тік мінез. Ел арасындағы қысыр әңгіме, қақ-соқта жұмысы жоқ. Өз жұмысын біліп, шаруасын тындырып жүре беретін еңбекшіл бір жан (15-бет). Үш Оспанның мінез, түр-тұлға, айналысатын ісі сияқты үш түрлі белгінің ажыратқыш ретінде тұрғанын көреміз.
Ғ.Мүсіреповтің «Ұлпан» романында Есенейге серік болған екі Мүсірептің бірінің «аңшы», екіншісінің «түрікпен» аталатыны белгілі. Екінші Мүсірептің аталуының себебін жазушы былай түсіндіреді: «Бұлардың арғы аталары жаугершілік заманда қолға түскен бір түрікпен қызына үйленіпті. Өзі батыр кісі екен. Ерте өліпті. Содан қалған жетімді ел «түрікпен» деп кетіпті» (117-бет). Яғни, кейіпкердің арғы тегінің лақап есімнің тууына негіз болғанын көреміз.
Еліміздің тәуелсіздік алуымен Қытай мен Монғолиядан, Өзбекстаннан тарихи отандарына көшіп келіп жатқан оралман қандастарымызды халық арасында «Қытай», «Монғол», «Өзбек» есімдерімен атау дәстүрге айналса, «Қырғыз» /Руслан/, «Қалмақ» /Қайырбек/, «Қожа» /Қайрат/, «Араб» /Есенәлі/ лақап есімдері мен «Қырғыз» /Ишанғали Арабаев/ бүркеншік есімі сол адамдардың ата-бабалары кезінде қазақ ішіне сіңіскен ұлттардың ұрпақтары дегенге мегзейді.