1.4 Эмоцияны оқыту процесінде пайдалану Балалардың қарапайым эмоциялары дүниеге келген күннен-ақ бастап көріне бастайды. Адам есейген сайын оның эмоциялары да дамып, анық көріне бастайды. Олардың алғашқы эмоцияларын өздерінің табиғи қажеттіліктерін өтеумен байланысты. Сәби өзінің жағымды эмоциясының бастау көзі – анасына бейсаналы түрде ұмтылады. Өсе келе бала эмоциясына әсер ететін тағы бір фактор, ол – ойын. Ойын – эмоционалды күйге толы процесс. Сондай-ақ, оқу процесі баланың эмоционалды жағдайына әсер ететін маңызды қызметтің бірі. Адам өсе келе оның эмоционалдық жағдайына түрлі нәрселер әсер етеді. Эмоционалды-сезім ортасына
әсер ететін жайттар: адамның діни сенімі, еңбек қызметі, т.б. Дейл Шунк «Оқыту теориясы» еңбегінде эмоцияны оқыту процесінде пайдалануға байланысты мынадай бір мысал келтіреді.
Ортиз атты мұғалім бастауыш сынып оқушыларының мектепті жақсы көргенін қалайды. Осыған байланысты, оқу нәтижелілігін арттыруда балалардың эмоциясы қаншалықты маңызды екенін де біледі. Ол сабақ мазмұнын оқушылардың тәжірибесімен байланыстыру арқылы олардың позитивті эмоциясын арттырмақ болады. Оқушыларға саяхатшы балалар жайлы әңгіме оқып болғаннан кейін, ол оқушылардың қай кезде туысқандарын көруге барғаны немесе демалғаны жайлы сұрайды. Математикалық бөлу амалы жайлы үйреткен кезде ол оқушылардан бөлінуге болатын әрі адамды жақсы сезімге бөлейтін заттар, мысалы бәліш, торт жайлы ойлауын өтінеді.
Дейл Шунк сондай-ақ, Леторно атты мұғалімнің сабақтарынан мысалдар келтіре отырып, оның тарихты оқытуда оқушының маңызды оқиғаны біліп қана қоймай, оларды сезіне білгенін де қалағандығы туралы айтады. Сондықтан, мұғалім оқушыларында болуы мүмкін сезімді сыртқа шығаруға көмектеседі. Ұлы күйзеліс оқиғаларын сахналау кезінде бір оқушыға жұмыс іздеп жүрген адамның рөлін, басқаларына ол жұмыс сұрап баратын жұмыс берушілер рөлін ойнауға береді. Барлық жұмыс берушілер оған жұмыс бермей қайтарып жібереді, соңында әбден қиналған жұмыс іздеуші көз жасына ерік беріп, былай дейді: «Маған керегі жұмыс қана.Мен ақша тауып, отбасымды асырасам деймін. Бұл жағдайды менің балаларым ешқашан көрмесе екен деп тілеймін!». Осылайша балалар сабақ барысында тек оқиғаны түсініп қоймай, сол оқиғаға қатысты өз сезімдерін сыртқа шығарады. Дегенмен Оқыту процесі кезінде эмоцияны арттыру үнемі тиімді бола бермейді. Эмоцияның шектен тыс көп болуы (мысалы, тапсырманың көп болуы) дұрыс емес, өйткені оның салдары да айтарлықтай болмақ (қан қысымның жоғарылауы, имунитеттің төмендеуі). Мұндай кезде оқушылар да шектен тыс алаңдай бастайды, ал алаңдаушылық білім алуға кедергі келтіреді.
Тапсырманың көп болуына немесе қорқынышқа байланысты көрініс беретін мұндай жағымсыз әсерлер адреналин мен норэпинефрин сияқты бүйрекүсті безінен шығатын кортизол гормонына байланысты (Лемоник, 2007a). Қанда кортизолдың ұзақ уақыт бойы көп болуы гиппокамптың бұзылуы мен таным қызметінің азаюына алып келеді (Вулф, 2010). Кортизол мидың дамуы кезінде де аса маңызды. Нәрестелер ата-аналары мен өздерін асыраушылармен эмоциялық тұрғыдан байланысты болады. Балалар күйзелісті бастан өткерген кезде олардың денесіндегі кортизол деңгейі көтеріліп кетеді. Кортизол сондай-ақ, синапстардың санын азайтатындықтан мидың дамуын шектеп, нейрондардың тез зақымдануына алып келеді (Травик-Смит, 2003). Керісінше, балаларда ата-анаға немесе қоршаған ортаға деген құштарлық пайда болып, оны ұзақ уақыт бойы сақтай алған жағдайда, олардағы кортизол деңгейі көтерілмейді (Гуннар, 1996). Мұндай кезде, балалар күйзеліске ұшыраған күннің өзінде кортизол деңгейі сол қалпында қала береді. Сондықтан, ата-аналары немесе асыраушылары өздерін жақсы көреді және қандай жағдайда да оларға арқа сүйеуге болады дегенді білу жас балалар үшін аса маңызды.
Эмоциялар адамның эмоционалдық жағдайын танытатын мимика, жест, пантомимика , т.б. сияқты эмоционалды қимылдармен тығыз байланысты. Эмоция – ішкі тіл сияқты. Ол арқылы адамның арман-тілегін, сезімін, өзгеге деген қарым қатынасын білуге болады. Қазақ ғалымы Құбығұл Жарықбаев өзінің «Жантану» атты оқулығында (А. 2008) эмоцияларды бірнеше топқажіктеуге болады дей келе, эмоцияны:
• жағымды не ұнамды эмоциялар;
• жағымсыз не ұнамсыз эмоциялар деп бөліп қарастырады.
Сондай-ақ, ғалым қарапайым және күрделі эмоциялар болады дей келе, күрделі эмоциялар қатарына көңілді жатқызады. Ғалым көңілдің оқыту процесіне қатысын былайша түсіндіреді. «Өз көңілін меңгере білу – мұғалім үшін аса қажет. Төменгі сынып оқушыларының мұғалімнің қас-қабағына қарап отыратыны белгілі. Егер мұғалім көңілсіз, кірбің болса, оқушылардың оқу материалдарын меңгерулеріне қолайсыз әсер етеді».
Жоғарыдағы талдауларға қарағанда эмоция өте күрделі процесс, себебі, бір эмоциялық күй басқа күйлердің пайда болуына түрткі болады. Бұл жағдайды қазақ тілінде қалыптасып қалған «күлерімді де, жыларымды да білмедім» деген сөз тіркесінен анық байқауға болады. Эмоция танымдық процестермен және нейрондық әрекеттермен тығыз байланысты. Эмоцияны дұрыс басқарған кезде олардың зейінге, білім алуға және жадыға әсер ететінін де анықтадық.
Нейрофизиологиялық құбылыс болып табылатын мотивация сияқты Орталық жүйке жүйесінде орналасқан эмоцияны да толығымен түсіне бермейміз. Жан-дүниенің қозғалысы мен қобалжуын білдіретін эмоциялар адамның мінез-құлқында ерекше рөл атқарады. Эмоциялардың бағалау, басқарушы, қорғаныс сигналдық қызметтері бар. Біз көбіне сезім мен эмоцияны синоним ретінде қолданып жатамыз. Сезім – тікелей ми қабығы жартышарларының жұмысы болса, эмоциялар – көбінде ми қабығы астындағы аймақ пен ми бағанасы бөліктерінің (сопақша, ортаңғы аралық, т.б.) қызметінен туындайды. Көңіл күймен салыстырғанда эмоционалды реакция қашанда нақты болып келеді. Эмоционалды реакция эмоциялық жағдаймен салыстырғанда қысқа әрі белсенділігі жоғары болып келеді. Адам эмоционалды жауап алғаннан кейін қалыпты эмоционалды күйге қайтып келеді. Шамадан тыс эмоциялық реакция аффект деп аталады. Аффект дәрежесіне дейін кез келген эмоция күшеюі мүмкін. Бұлар ашу-ыза, қорқыныш немесе экстаз, энтузиазмның шегіне жеткен көрінісі болуы мүмкін. Сонымен, эмоция – адамның қоршаған орта құбылыстарына, өзіне деген көзқарасын білдіретін психикалық үрдіс. Сондай-ақ, сыртқы тітіркендіргіштерді әрекет мотивтеріне айналдыратын ерекше механизм.
Американдық психолог Кэррол Изард бір эмоциямен тек бір ғана мимикалық көрініс байланысты дейді. Алайда мұнымен көптеген ғалымдар келіспейді, мысалы, кішкентай баланың ренжіген келбеті бір емес, бірнеше мимикадан тұрады дейді. Эмоцияны сырттай танып, іштей сезінуге болады. Осыған байланысты оларды бірнеше топқа жіктеуге болады. Олардың бip тобы жағымды эмоциялар деп аталады. Мәселен, қуаныш, сүйіспеншілік, рақаттану.Эмоциялардың енді бip тобы жағымсыз не ұнамсыз эмоциялар делінеді. Бұларға қорқыныш, қайғы, абыржу, налу, үрейлену, үмітсіздену т. б. жатады. Осы айтылғандармен қатар, қарапайым және күрделі эмоциялар болып та бөлінеді. Қарапайым эмоциялар адамның органикалық қажеттерінің өтелу - өтелмеуіне байланысты туып отырады. Мысалы, күрделі түрлеріне: көңіл, аффект, құмарлық эмоциялары кіреді Демек, эмоциялардың пайда болуы ішкі және сыртқы себептермен тікелей байланысты объективті түрде болатын табиғи құбылыс. Олар адам өмірінің барлық кезеңінде адаммен бірге жүреді. Эмоциялар сыртқы және ішкі жағдайға байланысты өте жылдам пайда болады. Жоғары эмоциялар мен сезімдер адамның әлеуметтік дамуының жемісі болғандықтан, И.П. Павлов эмоцияны үлкен ми жарты шар қыртысының қызметімен байланыстырады. Ми қыртысы астындағы орталықтардың эмоцияның пайда болуындағы рөлі туралы көптеген ғалымдар айтқан болатын.
Эмоцияның объективті белгілеріне тәннің қалыпты көріністері – мимика, поза және оқшау қимылдар (патомимика) жататынын айтқанбыз. Чарльз Дарвин осы құбылыстарды алғашқылардың бірі болып зерттеп, адам эмоциясы мен жануарлардың эмоциясын салыстырған еді. Тұлғаның эмоционалды аясының зерттелуі психологиялық-педагогикалық тұрғыда аса маңызды. Мотивация мен эмоцияны оқыту процесін жақсарту үшін конструктивті түрде қолдануға болады. Өздері ғана сөйлей беретін мұғалімдер оқушылардың сабаққа қатысуға деген ынтасын азайтады. Бірақ, оқушылар өздері де оқыту процесіне тікелей араласа бастаған кезде эмоциялық қызығушылық оянады. Рөлдік ойындар, интернеттен ақпарат іздеу, талқылауға қатысу сияқты әрекеттер мотивация мен эмоцияны арттырып, мұғалімнің сабақ үйрете бергенінен гөрі оқытудың нәтижелілігін арттырады. Л.С. Выготский эмоциялардың теориялық мәселелерін өз зерттеулері арқылы қарастырған. Оның айтуынша мектепке барғанша баланың эмоционалды реакциялары баланың мiнез-құлығына тiкелей үстемшiлдiк етуін жоғалтады. Сәби өз эмоцияларымен басқаруды үйренедi. Оның көзқарасы бойынша эмоциялар ағзаны белсендендіріп, оның қоршаған ортамен өзара қатынасын реттейді.