Жұмыстың құрылымы: Бітіру жұмысы кіріспеден, негізгі екі тараудан және тараушаларда құрылған. Қорытынды пікірім де бар. Соңында пайдаланылған әдебиеттер тізімі берілген.
1.Айтыстың даму тарихы мен зерттелу аясы
Халық поэзиясының өрнекті де өміршең жанрларының бірі – айтыс. Оның көркем әдебиет қазынасынан алатын орнын былай қойғанда, бүгінгі тәуелсіздік алған өмірімізді бейнелеуге де елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан да бұл жанырдың өзіндік ерекшелігін, табиғи белгі-сипаттарын, оның бүгінгі айтысқа жалғауын жазба, жазба поэзияның қалыптасуына тигізген әсерін арнайы зерттеу қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының басты міндеттерінің бірі болып табылады. Осы ретте ғалым М.О. Әуезовтің айтыс өлеңдерін зерттеуі туралы: «Айтыс жанры жөнінде келешекте болатын көлемді, арнаулы зерттеулерде сол екі дәуірлердегі (XVI – XVII) айтыс ақындарының болсын және бергі белгілі, азды-көпті дерек бар, аттары анықталған, сақталған айтыс жанрлары бар ақындардың жөнінде болсын істелетін ғылымдық үлкен істер бар. Ал, сол ақындардың өмірбаянын және қолдан келгенше, барлық айтыстарының туған жылдарын, орындарын, жағдайларын түгел, мәлім ететін материалдар жиналып жариялануы шарт. Сонда айтыс жанрының көп қазынасы зерттеуші үшін мол материалы толық құралған болады»,- [1.107] деген ұлағатты сөзі ойға оралады.
Айтыс – қазақ фольклорында ертеден осы кезге дейін өркендеп келе жатқан жанр. Жазушы С. Мұқанов «айтыс» ұғымына мынадай анықтама береді: «Айтыс – «айт» етістігінен туған зат есім, өз мағанасымен алғанда, «айтыс» екі кісінің сөйлесуі: Бұл сөйлесу қазақ тұрмысында қара сөзбен де болған, «пәлен шешен мен түген шешен айтысыпты» деген сөз қазақ арасында көп ұшырасады. «Айтыс кейде «талас» мағынасында ұғылып, біреу мен біреу таласса, жанжалдасса «пәленше мен түгенше айтысып қалыпты» деп те айтады.
«Айтыстың» мағынасы осындай кең болғанмен, «айтыс» ұғымындағы сөздердің ішіндегі ең басымы өлеңмен айтысу». [2.9]
Көптеген зерттеулер көрсеткендей, бұл жанрдың әдепкі нұсқасы тұрмыс- салт өлеңдері–«Жар-жар» мен «Бәдік» өлеңдерінен бастау алады. [3] Айтыстың алғашқы үлгілері көпке ортақ жаттанды өлеңдерден тұрса, кейінірек өз жанынан шығарып айтылатын суырыпсалманың сипаты басым болып отырады. Осыған орай айтыс та белгілі бір салт-дәстүрді орындау талабынан арылып, саяси - әлеуметтік, қоғамдық өмірдің көріністерін бейнелеу дәрежесіне көтеріледі.
Қазақ айтыстарын мұндай әлеуметтік мазмұн мен көркемдік мәнге тұрмыс-салт жанрларынан бастау алып, өз дамуында сан алуан кезеңдерден өтіп барып көтерілілді. Айтыстағы пікір талас, кереғар – қайшылықтың белгілері сол «Жар-жар» өлеңдерінен айқын аңғарылады.
«Жар – жар қызды әкесінің үйінен ұзатып, жөнелтер шағы болғанда айтылатын өлең түрі. Жар-жар екі жақтың айтысынан тұрады, бір жағы-күйеу, екінші жағы қалыңдық болып айтысады. Рас, жар-жар өлеңі тек көңіл ашып, қызық құру, уақыт өткізу үшін ғана айтылмайды, ол сол патриархалдық–феодалдық заманның түрлі жол–жора, шарттарын, маральдіқ-этикалық тәртіптерін түсіндіріп, орнықтыру үшін
айтылады» [4.190]. “Жар-жар” әдет-салт айтысында “жеңу”, “жеңілу” шарты қойылмайды. Қазір де бұл ғұрып өлеңдерінің орындалу барысы өзгеше сипат алған. Жар-жар ұзатылатын қыз үйінде емес, жігіт үйінде қалыңдық енбей тұрып көпшілік бата, тілегі ретінде айтылады.
Айтыс жанрының пайда болып қалыптасуын “Жар-жар”, “Бәдік” әдет-салт айтыстарынан ғана емес, одан бұрын да өмір сүрген деп пікір айтқан ғалымдарымыз бар. Зерттеуші-ғалым Е. Тұрсынов өзінің еңбегінде айтыстың шығу мезгілін: “Сөйтіп, айтыс өнерінің түпкі тамырын жар-жар, бәдік айтысы сияқты құбылыстардан емес, ал жар – жарлардан да, бәдіктен де бұрын қалыптасқан дуальдық фратриалардың ырым-салттарынан, алғашқы қауымның әлеуметтік-эканомикалық тіршілігінен іздеу керек деп айтпақпыз” [5.122] – деп анықтай келе, оған бірнеше мысалдар мен дәлел келтіреді.
Жар – жар дәстүрінің дамуы нәтижесінде қайым айтыс дәстүрі қалыптасты. Бұл – нағыз ақындық айтыстың төменгі сатысы іспетті.
Қайымдасу – бұл «қайыра айту», «қайта жауаптасу» деген сөздерден шыққан дәстүрлі айтыс. Ол бір – бір ауыз өлеңмен қызбен жігіттің алма-кезек қайымдасу тәсілінде орындалады. Қайым айтыстың құрлысы, оның өзіндік сипаты, айтылу тәсілі жөнінде қазақ арасында:
Өлеңнің басы екен айым-қайым,
Қас мырза аямайды аттың майын.
Қара жаяу өлеңді әркім айтар,
Қайым өлең айтпаққа бар ма жайың?- [6.43]
деген жолдар да бар. Қайымдасып айтысу туралы айтыс өлеңдерін зерттеуші М. Жармұхамедұлы былайша сипаттайды: “Жар-жар өлеңдері қызбен жігіттің топтан бөлініп, біртіндеп өз жандарынан шығарып айтуына, арман-тілегі мен мұң - зарын жырға қосатын қыз бен жігіт айтыстарына ұласқан. Бұл тұста сол қайымдасулардың алғашқы үлгілерінің тым қарапайым да оңай өріліп қиыстырылатынын айтуға тиіспіз. Қайымдасып айтысудың сан алуан кезеңдерін бастан өткерген бұл түрдің алғашқы кезде меңзеп, тұспалдап сөйлеуге бейім болғаны аңғарылады” [7.63].
Бәдік жырларына келсек, бұлардан да айтыс жанрына тән сипаттарды көруге болады. Бәдік өлеңдері жайында көптеген ғалым – зерттеушілеріміз сындарлы ойларын сарапқа салған [8]. Бәдік дәстүрінің тым әріде туғанын белгілі фольклорист Ә.Диваев былайша баяндайды: «Бұл бәдік деген сөз бұрынғы қазақ болғаннан бері келе жатқан бір әдет. Біреу «Көш бәдік» деп аузына не түссе, соны айта салады. Сол адамды «көш бәдік» дейді. Бұрынғы атам заманда біреудің малы құтырса, яки аты делбе болса, яки бір малына жылан, қарақұрт тисе, бәдік айтады екен. Ол бәдік айтқан мынадай болады, мәселен, әлгіндей малы құтырған ауыл маңайдағы көршілеріне хабар айтады. Кешке қыз, келін, жігіт-желен жиылып келеді. Екі жігіт бір отырып, екі қыз яки келін бір отырып өлең айтады. Кемпір, шал болса да жиылған адамның бәрі аузына келгенін айтады … Осындай қылып әлденешерет айтып болған соң, қайтарында етек-жеңдерін сілкіп, «біз де көштік, сен де көш» деп етектерімен ұшықтап қайта береді. Шынында, бәдік ауруды сылтау қылған қыз, бозбаланың ойыны. Бәдікте отырып бір қыз, бір жігіт болып айтысады» [9.249-250]- деп жазады. Сондағы айтатын өлеңдері негізінен ортаға алған бәдікті індеті бар ауылдан тауға, тасқа, Арқаға, ағыны қатты сулар мен үйіре соққан құйынға, ирелеңдеген жылан мен құйрық – жалы құланға, күл шашқан бұқаға, тіпті, қасиетті Меккеге де көшірмек болады. Алайда, сол көшіру мәселесі тек мұнымен шектеліп қалмайды. Қызбен жігіт бетпе- бет отырып бәдік айтысқанда, сол жырлардың мазмұны бірден өзгеріп, әзіл-оспаққа құрылған күлкілі, ойындық сипаты арта түседі. «Бәдік айтысының ескі наным – сенімді білдіретін сипаттары да айрықша. Бұл жөнінде
С. Сейфулин: «тәуіптердің көшіру аластау ырымдары мен бәдік айту бір түрлі нанымнан туған зат. Бәдік деген адамға, малға қасақы ауру, індетті «тәңір иесінің» аты болуға тиіс.» [10.97-98] – деп жазады. «Бәдік» айтысындағы «Көш, бәдік, көш» деп қайталап отыратын сөздердің өзінде көп мағна жатыр, жұрт сол жиі қайталанатын сөздің сиқырлы мәні, магиялық күші арқылы індет иесіне әсер етуге болады деп санаған.
Жар – жар өлеңдеріндей емес, бәдік жырларында айтысқа тән нышандар тым мардымсыз. Сондықтан да М. Әуезов: «Бұл алуандас әдет-салт айтысы көбінесе өнер жарыстыру айтысы емес, тек дағдылы жолды атқару, ырым-наным бойынша ем-домға арнап айту ретінде ғана роындалады [11.237] –деген.
Ғалым Б. Абылқасымов «Бәдік жанрының кейбір ерекшеліктері туралы» мақаласында бәдік өлеңдерінің осындай сипатты ерекшеліктерін дәлелге тосып, аталмыш жырларды айтысқа қосуды құптамайды. Зерттеуші: «Жар-жарды да, бәдікті де айтысқа жақындатып көрсететін басты белгі- олардың диалогқа құрылатындығы» [12.3-4] – деп атап көрсетіп, бәдік өлеңдерінің табиғаты айтыс болмысына жат екендігін дәлел келтіре отырып түйіндейді. Әрине зерттеуші сараптаған бәдік өлеңдерінің бітім-болмысы, ерекшелігі жөнінде айтқан пікірлерімен қосуға болады, бірақ бәдік өлеңдерін айтыстың алғашқы бұлақ бастауына жатқызбайтындығымен келісу қиын. Бәдік жырларының негізгі екі нұсқасы бар: бірі-қара өлең екіншісі – қыз бен жігіт айтысы түрінде. Зерттеуші ғалымдар бәдік өлеңдері туралы пікірлерінде оның екі нұсқасын емес, тек қызбен жігіт айтысы түріндегісі негізге алып отыр [8]. Бәдіктің қыз бен жігіт айтысы түріндегі нұсқасы айтыс жинақтарының барлығында да жарияланған [13].
Бәдік бастапқыда діндік, шамандық түсінікпен тоқайласа келген өлең, бірақ жүре-бара алғашқы қауашағынан ашылып, жастардың ойын – жиындарында орындалатын дағдылы жаттамалы өлеңдер қатарына еніп кеткен. Мұнда салт жырын жамылғы қыла отырып, әзіл, ойын үстінде шын ойын айтып қалу, сылтау табылған жерде махаббат сырын шерту, қысқасы орайы келген сәтті ұтымды пайдалану шеберлігі бар.
Сөз жоқ, жеке ақындардың «Жар-жар», «Бәдіктің» қалыпты мазмұнын аздап өзгертіп, қосымшалармен түрлендіре айту арқылы топтық түрден бөліне бастауы қазақтағы қыз бен жігіттің айтысына келіп ұласқан, бірақ бұлар кемелденудің әр қилы кезең, жолдарынан өтеді. Қайымдасу айтыстарының алғашқы үлгілерінде бастапқы екі жол екі жаққа бірдей бастан – аяқ өзгеріссіз қайталанады да, айтылар негізгі ой соңғы шешуші тармақтарда беріледі. Қайымдасу айтысының ең озық үлгісі- «Омарқұл мен Тәбия» айтысы саналады. Бұл айтыс әлеуметтік мазмұны мен көркемдік сипаты жағынан өзгелерден шоқтығы әлдеқайда биік тұратын елеулі туынды.
Ақындар айтысы - өнер жарысы. Халықтың қайнаған ортасына шыққан талант иелері алқалы топ ортасында бір-бірімен бетпе- бет келіп өлең айтысады. Айтыскер ақындар қынаптан қылыш суырғандай тосыннан сөз тауып, жыр маржанын нөсерлете төгеді. Ақындар айтысында жеке бас кемшілігінен бастап, ел басындағы әлеуметтік – саяси ахуал, қоғамдық өмірдің шынайы бет пердесі жырланады.
Айтыс қазақ даласына негізінен XIX ғасырдың II жартысынан бастап айрықша кең өріс алып, мол серпінмен дамыды. Осы кезде ғасыр поэзиясының салмақты жүгін көтеріп тұрған Жанақ пен Шөже, Орындай мен Түбік, Бақтыбай мен Сақау, Біржан мен Кемпірбай, Кеншінбай мен Айсұлу, Тоғжан мен Сүйінбай т.т айтыс өнерінің өрендері, су шайқалмас жорғалары айтыс арқылы халыққа танылды. «Мезгілінде жазылып қалмағандықтан қазір біз XVI – XVI ғасырлардың ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ. Бірақ сол ғасырларда да айтыстың мол болғаны даусыз» [15.319] – деп М. Әуезов өте орынды пайымдаған. XIX ғасырдағы ірі айтыс ақындарының шығармаларындағы халықтық, ұлттық, көркемдік, шыншылдық сипаттар өзінің негізгі төркіндерін өзінен бұрынғы айтыс өнерінен алып жатты.
Ақындар айтысының жазба поэзияға ұласуы айтыс жанрының көркем әдебиет арналарымен астасып дамуымен ерекшеленеді. Ақындар айтысы өзіміздегі өзге жанрларға игі әсерін тигізіп қана қоймай, жазба әдебиетімізге де елеуңлі ықпал жасағанын көреміз. Жаба әдебиетіміздің асқар шыңы ұлы Абай суырып салма ақындардың тапқырлық шеберлігіне үлкен мән берген. М. Әуезовтың жазуына қарағанда, ол жас кезінде айтысқа да қатысқан, бойындағы шешендік, алғырлық қасиеттер де сол суырып салмалық өнердің көрінісі болса керек. Осы тұста жалынды ақынымыз С. Торайғыровтың үлкен әлеуметтік мәселеге орай қала мен дала ақынын айтыстырып, «Айтыс» атты жаңа дастанын жазуы да жазба әдебиетіміздің алғаш ұлттық тың арнада көрініп дамуының әуелгі нышан белгісі іспетті еді.
Қазақ айтыстарының жеке жинақ болып та, әр түрлі газет, жұрнал, хрестоматияларда да басылып жарық көру мерзімі XIX ғасырдың II жартысынан басталады [16]. Бұлардың ішінен В. В. Радлов құрастырған халық әдебиеті нұсқалары жинағын ерекше атаған жөн [17].
Сонымен қатар қазақтың тұңғыш педагог, ағартушысы Ы. Алтынсарин хрестоматиясында «Жанақ пен баланың айтысы» (100-105 беттер), ал,
Я. Лютш құрастырған хрестоматияда «Орынбай ақынның Қожамен айтысқаны», «Булық – Толық пен Әзілкештің айтысы», «Айдос пен Қарашаштың айтысы» [16] секілді айтыстардың жарық көруінің де мәні зор болды.
Қазақ айтыстарын жариялау, жинауда белгілі фольклорист Ә. Диваев еңбегі де айрықша. Ғалым қазақтағы айтыс өнерінің түрлерін мол қамтып, олардың көркем үлгілерін жинаған. Ғалым жинаған материалдар баспасөз беттерінде, кейіннен өзіне арнаған ұжымдық еңбектерде жарық көрді [18].
Ауыз әдебиеті ескерткіштерін мол жинаған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы мұраларының ішінде ақындар айтысы қомақты орын алады. Ол көлемі екі мың жолдай ақындар айтысын жазып алған [19]. Мәшһүр Жүсіп айтыстарды топтастыра отырып, соңынан кім мен кімнің айтысы екенін және қанша жолдан тұратынын жазып отырған. Мәшһүр Жүсіп жинаған айтыстардың бәрі Ғылым Академиясының архивінде сақтаулы [20].
Айтыстарды жинап бастыру ісінде жазушы С. Сейфулин ол «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» атты жинағына көптеген көркем де көлемді айтыс үлгілерін енгізді [21]. Жалпы алғанда бұл жинақ әдеби мұраларды, оның ішінде қазақ әдебиетіндегі іргелі жанр - айтыстарды халық игілігіне айналдыру талабында жасалған алғашқы адым, тың бастама еді. Сонымен қоса көптеген айтыстар фольклорист жинаушылардың септігімен баспахана немесе мерзімді баспасөздерде жарияланып жатты [22].
Бұл игілікті іспен Қазақстан Ғылым Академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты да көп жылдар бойы тікелей айналысып келеді. ҚазақССР Ғылым Академиясының Орталық Ғылыми кітапханасы мен М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының тексталогия және қол жазба орталығында айтыстардың мол қоры бар. Осы салада 1942 жылғы «Айтыс» деп аталатын алғашқы жинақтан [23] басқа, кейінгі жылдары айтыстың көлемді үш жинағы жарық көрді[24].
Қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге жасасып, оның рухани өмірінен елеулі орын алып келген осы айтыс жанрының Қазан төңкерілісіне дейін дәл қазіргідей мол жиналып зерттемегенін жоғарыда ескерттік. Алайда, сол тұстың өзінде - ақ халық бойындағы сарқылмас суырыпсалмалық дәстүр мен айтыс өнерінің қоғамдық-маңызын дұрыс бағалап, ол жөнінде алғашқы ғылыми ұстамды пікір атқан қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы – демократы-Шоқан Уалиханов еді. Шоқан өз тұсындағы айтыс ақындарын әлеуметтік мақсат – мүддесіне қарай екі топқа бөліп қарастырады. Ол айтыстың бір алуаны қазақ халқының көкейкесті тілегі, арманы мен ұштасып отыратын жаңашыл, екіншісі- көне патриархалды- рушылдық салт-сананы дәріптейтін ескішіл айтыстар деп жіктейді [25.121] XIX ғасырдағы ақындар айтысы, фольклористикада, әдебиеттану ғылымында сол Шоқан дәуірінен бері зерттеліп келеді. Бірте – бірте зерттеу проблемалары күрделеніп, ауқым, аймағы кеңей түсті. Жекелеген зерттеушілер XIX ғасырдағы ақындар айтысының табиғатындағы дәстүрлі айтыс өлеңмен туыс тұста да, оның өзіндік белгілерін аша сөйлеуге ауысты. Дәл осы, айырым тұсында атап айтар айқын өзгешеліктер расында да аз емес.
А. Байтұрсынұлының айтыс жайлы тұжырымдары айтыс табиғатын тануда таптырмайтын өлшемнің үлгісі. Ғалым: «Жазу жайылған сайын айтыс өлеңі азайып құруға бет алып барады [26] деп, айтыс күйінен хабар береді. Мұның өзі айтыстың, дара ақындар айтысының XIX ғасырдағы аса жанданған әдеби үлгі, көркемдік арна екендігін айғақтай түсетін түйін.
Жинақтау, жариялау жөніндегі ізденіс – талаптар жіңішке жібін үзбей келіп, өзінің анық толымды мұрагерлерімен толыға берді. Туған ел әдебиетінің асыл да әдемі саналатын қалаулы саласы туралы жол тартып, түсінік беріп, жіктеген ғалым Мұхтар Әуезов.
М. Әуезов «Әдебиет тарихында» [27] қазақ әдебиеті үлгілерін түп – төркінін тарта қарастырудың негізін салды. Әдебиетті ауызша әдебиет, жазба әдебиет деп үлкен салаға бөліп, ауызшаның жазбадан негізгі айырмасын атап айтты. Айтысты ауызша әдебиетке жатқызады. Айтысты ішкі мағынасына қарай М.Әуезов төртке бөледі: а. ру айтысы; б. бас мінеуге арналған өлеңдер ;в. бұлардан соңғы бір алуан рулардың арасындағы жуандық, зорлық өлеңі; г. сирек кез келсе де, жеке бір түр болатын – білім таласы ;
Айтыс өлеңдерін сыртқы түр-түзілісіне қарай, орындалу формасын еске ала отырып қайым өлең, қара өлең секілді екі түрге бөледі [27.207].
Қазақ айтыстарын жіктеп топтастырудағы кейбір даулы мәселелер М.Әуезов зерттеулерінде ғылыми дұрыс шешім тапты. Ол өзінің айтысқа байланысты зерттеу еңбегінде айтыс өлеңдерін ірі екі топқа бөліп қарастырған [28.671-214]. Олар: 1. Әдет-ғұрып айтысы; 2. Ақындар айтысы;
Қазақ халқының бай ауыз әдебиетімен қоса айтыс өлеңдерін ғылыми тұрғыдан жіктеп, оның халықтық сипатын жан-жақты ашып талдау бұдан кейінгі жазылған зерттеу еңбектердің үлесіне тиді. С.Мұқанов «Айтыс» жинағына жазған алғы сөзінде айтыс өлеңдерінің халық өмірінің көрінісі, шындықты көркем бейнелейтін әдебиеттің бір мол саласы дей келе: «…одан (айтыстан-М.Г) халықтың қуанышы да, қайғысы да, саяси, шаруашылық тұрмысы да, мәдени дәрежесі де, заман идеологиясы да, әдет-ғұрпы да, жалпы әдебиеттік және жеке адамдардың қатынастары да, заманына лайық өрбіген тартысының формалары да көрінеді» [2.9]-дейді. С.Мұқанов өз зерттеулерінде қазақ айтыстарын: 1. Әдет-ғұрып; 2.Қайымдасу айтысы; 3. Жұмбак айтысы; 4. Дін айтысы; 5. Ақындар айтысы деп топтастырады [2.17-35]. Сонымен қоса айтыс жанрына Ғ.Мүсірепов, Р.Бердібай; Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Ә.Тәжібаев, М.Дүйсенов, Н.Төреқұлов, Е.Тұрсынов, К.Сейдеханов, Ә.Рахымжанов, Ә.Дербісалин еңбектері айтарлықтай үлес қосты [29]. Алайда, бұл еңбектерде айтыс пен ақындық поэзияны арнайы тұтас алып зерттеу мақсат етіп қойылған жоқ, бұл, әрине, мақала күйінде де шешілетін мәселе емес. Солай десек те, өзінің құндылығы мен мәні жағынан аса бағалы деп айтыс жанрының айрықша зерттеушісі М. Жармұхамедұлы бұл асыл өнер түріне жан жақты зерделі, ғылыми тұрғыда саралаған бірнеше еңбектер жазды: «Айтыстың даму жолдары» [14], «Айтыстың арғы тегі мен дамуы» [7] т.б. Соңғы шыққан еңбегінде ғалым айтыс өлеңдернінің дамуы, синкреттілігі, тарихилығы, дәстүр ұласуы, көркемдігі, мәтіндік ерекшелігі сияқты тақырыптарға тоқталады. Сонымен, қазақ еліндегі айтыс дәстүрі ең алғаш әдет-ғұрыптарды орындау талабында туып қалыптасса да, кейін бұл сипат толыса дамып, ақындар өнер бәсекесі-айтыс жанрының туып қалыптасуына жол салды. Бұл ұзақ мерзімге созылған, кезеңді-кезеңді дәуірлерді бастан өткізген күрлелі процесс болды. Осы ұзақ мерзімде айтыста жанрлық түрлену процесі қоса жүріп отырды. Ол өзге халықтық шығармалар мен қанаттаса дамып отыра, өз ішінде жанрлық өзгешеліктерге ұшырады. Біздің бітіру жұмысымыздың негізгі мақсаты-дәстүрлі айтыс өнерінің көркем туындыға тән белгілерін анықтау. Оның алғашқы негіздері, дамуы, ұлттық поезиямызда көрініс табу – бітіру жұмысының өзекті мәселесі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |