Татар әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі татар халқының ұлы ақыны Ғабдолла Мұхаммед Ғарифұлы Тоқай 1886 жылы 26 сәуірде қазіргі Татарстан Республикасының Атна ауданында дүниеге келген. Болашақ ақын жас кезінде ата-анасынан айрылып, жетімдіктің қасіретін шегеді. Ғабдолланы Орал қаласында тұратын әпкесі өз қолына алып, «Мутиғия» атты медресеге оқуға береді. Тоқай өлең жазумен медреседе оқып жүрген кезінен бастап айналыса бастаған. Оның «Медреседен шыққан шәкірттер не дейді» деп аталатын өлеңі терең ойлылығымен шәкірттерге ой салған. Медреседе он жылдай оқыған Ғ.Тоқай орыс тілімен қатар араб, парсы тілдерін де үйренеді. 1905 жылдан бастап баспаханада қызмет істеп, әдебиетке араласа бастайды. Тоқай әдебиет әлемінде татар халқының бостандығы мен тәуелсіздігін жырлаған жалынды күрескер ретінде келді. Ақынның «Бостандық туралы», (1905), «Арамтамақтарға» (1906), «Мемлекеттік Думаға» (1906) деген жырлары кезінде тек татар халқының ғана емес, татар топырағында білім алған түркі зиялыларына да ой сапған елеулі құбылыс болды. Ғ.Тоқай бұл кезеңде ірі қоғам кайраткері, публицист ретінде танылды. Ол Қазан қаласындағы алғашкы сатиралық баспасөз ұйымы – «Яшен», («Жасын») журналының шығуына (1908) ат салысып, сондай-ақ ол демократиялық бағыт ұстанған жастардың «Әл-Ислах» газетінде (1905-1909), «Ялт-йолт» («Жалт-жұлт») журнапында қызмет істеп, ақыл-кеңес беріп отырған. Ақынның қоғамдағы кемшіліктерді тілге тиек еткен уытты өлеңдері осы басылымдарда жарияланған. Өз шығармаларында ол татар халқын мәдениетке, өнер-білімге үндеп, халықты өз бойындагы жағымсыз қасиеттерден арылуға шақырды. Ақынның асыл мұраттарға бастайтын лирикалық туындылары, өмірдегі келеңсіздіктерді өткір сынайтын сатиралық өлеңдері, Шығыстық сюжеттерге кұрылған хикаялары мен ізгі армандарға жетелейтін шоқтығы биік поэмалары осы пікірлердің дәлелі іспетті. Ақынның «Татар қыздарына» (1906), «Туған жерім» (1907), «Шындық пен өтірік» (1908), «Көңіл жұлдызы» (1909), «Өмір жолында күресушілерге» (1910), «Махаббатқа түсінік» (1912), т.б. көптеген өлеңдері татар әдебиетінің көкжиегін түр жағынан да, мазмұн тұрғысынан да байыта түсті. Ғ.Тоқай «Оқ», «Жай» журналдарында басылған «Паразиттерге», «Өлең жазамын деп әуреленген бір ақынға», «Баспахана ашып әуреленген бір байға» деп аталатын сарказм тәсілі арқылы жазылған шығармаларымен татар әдебиетінде сатиралық дәстүрді қалыптастырды. Ғ.Тоқайдың «Өлеңмен жазылған кішкене бір хикая», «Пішен базары яки жаңа кескен бас», «Үш ақиқат», «Жезтырнақ» сияқты хикаялары мен поэмалары ел арасына кең тарап, мәшһүр болған. Оны Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Қазақстан ақындары да ұстаз санап, қадір тұтады. Татар халқының балалар әдебиетін калыптастыруда, татардың демократиялық пікірдегі поэзиясын дамытуда Ғ.Тоқай шығармаларының рөлі орасан зор. Оның балаларға арналған «Бесік жыры», «Бала мен көбелек», «Мектепте», «Туған тіл», «Қарлығаш», «Жалқау күшік» т.б. өлеңдері мен ертегілері балалар мен жасөспірімдердің зерделі ұрпақ болып қалыптасуына да ерекше әсер еткен. Ғ.Тоқай татар әдебиетінің жан-жақты кемелденуіне тек ақын ретінде ғана емес, татар әдебиетінің тарихын терең зерттеген ғалым ретінде де елеулі үлес қосқан. Оның татар халқының ауыз әдебиеті жайлы айтқан пікірлері мен сыни мақалалар, көркемөнердің қалыптасуы үшін күресі отты жырларымен тоғыса отырып, Тоқай ақындық мектебін қалыптастырған. Бұл мектеп тек татар халқы ғана емес, бүкіл түркі халықтарының ағартушылық-демократтық әдебиетінің дамуына игі әсер еткен. Ғ.Тоқай шығармашылық күшінің өрлеп, ақындық шабытының гүлденіп келе жаткан шағында 1913 жылы 2 сәуірде дүниеден озды.