Зерттеу жұмысының өзектілігі. Қазір қоғам да, қоғамдық көзқарастар да күннен – күнге өзгеру үстінде. Әрі бұқаралық ақпарат және қарым–қатынас құралдарының жұмысындағы барлық шектеулердің алынып, ақпарат тарату еркіндігіне кең жол ашылуы балалардың сана – сезімі мен рухына кері әсер етуде. Қазақ бола тұра қазақ тілін ұмытып, ата – бабамыздың салт – дәстүрі мен әдет – ғұрпынан ажырап қалған, шетелдік компьютерлік ойындар мен қатыгездікке құрылған фильмдердің еркіне кеткен жастарымызды қайтсек дұрыс жолға саламыз? Бүгінгі таңда бұл сұрақ ұлтымыздың болашағын ойлайтын санасы сергек барша қауымды толғандыруда.
Соңғы уақытта қоғам жеткіншек жастағы балалардың ауытқушылық мінез-құлқы ретіндегі қатыгездік, агрессиялық, жағымсыздық, асоциалды мінез-құлықтарын қарқынды түрде зерттеуді талап етіп отыр.Осындай ауытқушы мінез-құлықтың дамуына ықпал ететін факторларды зерттеу – психология ғылымының негізгі мәселелері.
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытудың мақсаттары мен міндеттерін, құрылымы мен мазмұнын және негізгі стратегиялық бағыттарын айқындайтын «Білім беруді дамыту тұжырымдамасы» мемлекеттік тәуелсіздікті қалыптастыру мен нығайтудың, елдің прогресшіл дамуының негізін құрайды. Бұл тұжырымдамада көрсетілгендей ағымдағы жағдай және білім беруді, дамытуды тежейтін факторлар бөлімінде негізгі мәселе мектеп жасына дейінгі және мектептегі жас кезеңдегі эмоциялық дағдарыстар деп көрсетіледі.
Қоғамның дамуындағы жеке адамның эмоциясы тұрақты қалыпта болуының қоғамға әсері, экономикалық техниканың жетістіктеріне жетуге итермелейтіндігі.
Зорлық-зомбылық және агрессия мәселесі күннен-күнге өзекті мәселеге айналып жатыр. Қоғамда жетістіктерге жету күресінің құралы ретінде агрессивтілік ашық және жасырын формада қолданылуы сирек емес. Мұндағы жасырын формаға компьютерлік ойындар жатады. Агрессивтілік жеткіншектердің жеке тұлғасында негізінен қоғамдағы орнына қанағаттанбаудан, үлкендердің оларды түсінбеуіне қарсылық көрсету түрінде қалыптасады, яғни агрессивті мінез-құлық көрсетуінен байқалады.
Қазіргі кезде жеткіншектерге жаңа заманғы жеке өздерінің компьютерлері зиянды қауіп төндіріп отыр. Жеткіншектер әртүрлі көптеген компьютерлік ойындарға өзінің бос уақытының бәрін дерлік арнайды. Он бес жыл бойы фантазиядағы (ойындағы) және шынайы өмірдегі жауыздықтың арасында тығыз себеп-салдарлық байланысы бар ма деген пікір таластар жүруде. Алайда, психологияда компьютерлік ойындарға бейімділіктің, агрессивтіліктің жеке тұлғалық қасиет ретінде қалыптасуына ықпалы аз зерттелінген.
Бүгінгі күні білім беру саласын компьютерсіз елестету мүмкін емес. Балалар бұл күрделі техниканы жылдам және үздік меңгеруде. Меңгеру барысында мектеп оқушыларының логикалық ойлау қабілеті жылдамдап, өзіне тиісті қызметтерді жетік жоспарлайды және өмірге икемді келеді.
Компьютермен айналысу бала үшін пайдалы болғанымен, ұзақ уақыт экран алдында отыру жүйке жүйесіне күш түсіреді, ұйқысы бұзылады, психикалық реакциялар пайда болуы мүмкін, арқасы, мойын еттерінің ауыруы байқалады.
Ал, компьютер ойындары балалар үшін оқу тапсырмаларынан гөрі ауыр. Әр түрлі ойындар реакция жылдамдығын қажет етеді. Олар балаға түрлі оқиғаның ішінде жүргендей сезінуге мүмкіндік береді, көптеген балалар ойыннның виртуальды әлеміне кіріп, жарысу кезеңдерін бастан өткізіп, жеңуге ұмтылумен сағаттар бойы отыруға дайын. Компьютерлік ойындардағы зорлық-зомбылық көріністері және соның салдарынан пайда болатын агрессивті фантазиялар жеткіншектерге де, қоғамға да қауіп төндіріп тұр. Жеткіншектер виртуалдық әлемде рұқсат етілетін жауыздық қимыл, іс-әрекеттерді ойынның мақсатына жету үшін қолдануға әдеттеніп, шынайы өмірде де өз көргендерін іс жүзінде асыруға, бірте-бірте өз мәселелерін шешетін әмбебап құрал ретінде қолдануға болады деген ұстанымның қалыптасу мүмкіндігі бар.
Психологтар, мұндай ойындар баланың психологиясын бұзады деп қатаң ескерту жасауда. Ойынға берілген бала мінез – құлқында өктемдік, аямаушылық, ойланбаушылық, белең алады екен. Өкінішке орай, бізде ойды дамытатын, білім үйрететін бағдарламалар саны шектеулі, таңдап, талғап пайдалануға мүмкіндік жоқ.
Теледидардағы қорқынышты фильмдер, компьютерлік ойындардағы күштеу элементерінің ықпалы туралы мәселе де әлі шешілмеген. Бірақ ,
агрессиялық мінез-құлық табиғаты біршама зерттелді. Сол себепті агрессияны зерттеу бағытының негізгі теорияларын көрсетуге болады. Атап айтсақ, инстинкт теориясы (З.Фрейд), агрессияның фрустрация теориясы (Дж. Доллард), когнитивті теория (З. Берковитц) және әлеуметтік үйрену теориясы ( А.Бандура) [1].
Агрессиялық мінгез-құлықты зерттеу мәселесі төңірегіндегі бұл теориялар бір-бірінен агрессиялық мінез-құлықтың дамуы мен қалыптасуын түрліше түсіндірумен ерекшеленеді. Соңғы көрсетілген теориялар реті адамның агрессиялық мінез-құлқын тоқтату мен бақылаудың барынша көп мүмкіндігін туғызады. Агрессияның әлеуметтік үйрену теориясы әлеуметтену процесінде меңгерілген жағымсыз мінез-құлық моделін көрсетеді. Мысалы, кіші жеткіншек жастағы балалар басқа балалармен өзара әрекеттестікке және өзара қатынас барысында түрлі мінез-құлық модельдерін меңгереді.
Мінез-құлықтағы әлеуметтік ауытқушылыққа себепші индивидтік, жеке–даралық, әлеуметтік-психологиялық және психологиялық-педагогикалық факторлардың жүйелі талдануының жүргізілуі, ауытқушылықтан сақтандыратын тәрбиелік-сауықтырушы жұмыс та толық үздіксіз жүргізілуі керек. Сондықтан жеткіншектегі ерте қалыптасқан мінез-құлықтық мәселесі, оның қалыптасуының сипаттамасын жүйелі талдау және үздіксіз адекватты тәрбиелік-түзетуші жұмыс баланың жағымсыз әлеуметтенуіндегі агрессиялық мінез-құлықтан сақтап қалудың сәті болып табылады.
Ғылыми – техникалық әлемнің дамуына байланысты жеке тұлғаның өмір сүруіне жаңа әлеуметтік талаптар қойыла бастайды. Ойын-сауық индустриясының жаңа түрі - компьютерлік ойындардың пайда болуы жеке тұлғаға, оның ерекшеліктеріне жаңа зерттеулер жүргізуді қажет етеді.