1.3 Кіші жастағы оқушылардың диалогтік және монологтік сөйлеу
дағдыларын қалыптастырудың лингвистикалық негіздері
Тіл дамыту жұмысында ауызекі сөйлеу мен жазба тілінің бір-бірімен байланыстылық принципі де басты орын алады. Адам бір-бірімен сөйлесу арқылы тікелей қарым-қатынас жасайды. Сөйлеу арқылы екінші адамның сөзін естиді, тыңдайды және онымен пікір алысады. Адам осындай сөйлесу барысында тілдің түрлі көркемдік тілдік құралдарын пайдаланады. Мысалы, мақал-мәтел арқылы, теңеу, салыстыру, әсірелеу, сөзге екпін түсіріп айту, ерекше үнмен, ырғақпен айту,ымдау т.б. әрекеттер арқылы сөйлеу үрдісінде екінші адамға ойын жеткізеді.Сондай-ақ ауызекі сөйлеу тілінде адам ойын жай сөйлемдермен айтуға бейім келеді, мысалы, сөйлемнің айқындауыш, оңашаланған мүшелерін, құрмалас сөйлем түрлерін үнемі қолдана бермейді. Ал жазбаша сөйлеу деп – оқушының ойын қағазға жазбаша түрде түсіруін айтады, яғни графикалық жазу таңбалары арқылы іске асады.
Ауызекі сөйлеу тілін жақсы меңгерген, оған жаттыққан оқушы ойын жазбаша да, дұрыс әрі жүйелі бере алады. Сондықтан бұл екі процесс бір-бірімен бірлікте, байланыста қаралғанда, жүргізілгенде ғана дұрыс нәтиже береді.
К.Д. Ушинский ауызша және жазбаша дұрыс сөйлеу баланың жеке басына жақсы да, жаман да әсер етуі мүмкін, бірақ оны тәрбие процесімен тығыз ұштастыра білуі қажет. Баланың өз бетімен білім алуына негіз жасау қажет. Ол кітапты оқу арқылы адамның өмірімен, табиғат құбылыстарының сырымен, халықтың тілі, өнері,еңбегі,ісімен танысады.Мұның бәрі ауызекі тіл дамытуда сабақты шығармашылықпен ұйымдастырудың маңызы зор екенін атап айтқан [43].
Сөйлеудің түрлері өте көп. Сөйлеу сыртқы және ішкі болып екіге бөлінеді. Сыртқы сөйлеу ауызша және жазбаша сөйлеу болып, ал ауызша сөйлеудің өзі диалог және монолог болып екіге бөлінеді.
Ауызша сөйлеудің негізі бір түрі – диалогтік сөйлеу. Диалогтік сөйлеу дегеніміз екі немесе бірнеше адамның тілдесуі.
Бастауыш мектепте ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру жұмысы төмендегідей мақсаттарды көздейді:
Оқушылардың бақылағыштық, ойлау қабілеттері мен тілін, дүниетанымын дамыту, әр нәрсені салыстыра талдап,нақтылап, салыстыру негізінде өз беттерімен қорытынды шығара білуге үйрету;
оқушыларға өз сезімін, ойын дұрыс айтып, жазып бере алатындай дағдыларға үйрету;
оқушыларды сөздерді мағыналарына қарай орынды қолдануға, ойын анық та түсінікті жеткізуге үйрету. Яғни, дұрыс сөйлеуге үйрету. Сөйлеу –адамның әрекеті, яғни қарым-қатынас жасау үшін ойын, білімін, сезімін екінші біреуге жеткізу үшін тілді қолдану болып табылады;
4. оқушыларға ана тілін сүюге, оның нәзік сөз байлығын қолдана білуге
және оны сезініп, құрметтей білуге тәрбиелеу;
5. қазақ тілі ғылымының жеткен табыстары негізінде оқушылардың ауызша
және жазбаша тілін дамытуға септігі тиетін жұмыстардың оңай да тиімді
түрлерін іріктеп алып ұсыну.
Тілдік қатынас арқылы адамзат ұжым болып бірігіп, халықтың, ұлттың негізін қалайды.
Қоғамдағы қарым-қатынас ауызша сөйлеу немесе жазбаша тілдесу арқылы жүреді. Ауызша сөйлеу тілі – күнделікті тұрмыста қолданылатын, бетпе - бет көріп отырған екі немесе одан да көп адамдардың бір-бірімен сөйлесуі, пікір алысуы.
Бұны ауызекі сөйлеу тілі стилі қарастырады. Ауызекі сөйлеу тілінің өзіне тән стильдік ерекшеліктері бар:
сөйлеу тілі қарапайым қарым-қатынас жасау кезінде айтылады;
көбіне-көп алдын-ала дайындықсыз өтеді;
сөздердің, сөйлемдердің қалыптасқан қалпы өзгеріске түседі;
одағай, қыстырма, қаратпа сөздер көп қолданылады;
дауыс ырғағы, бет-пішін, қол қимылдары қосымша қызмет атқарады.
Сөйлеу
Диалог (грекше – dialogos) – әдеби шығармада екі кейіпкердің немесе бірнеше адамның сөйлесуі, оларды сөйлестіру тәсілі. Драмалық шығарма түгелдей дерлік диалогте сөйлестіруге және жеке кейіпкерді сөйлетуге, монологке негізделіп құрылады [44].
Диалог – ең кемінде екі адамның бір-бірімен сұрақ-жауап немесе пікіралысу ретінде сөйлесуі.
Әдіскер – ғалымдардың көзқарас-пікірлері негізінде диалогтік оқыту амал-тәсілдердің өзіндік ерекшеліктері айқындалған. Диалогтік оқыту амал-тәсілдердің негізгі және кіші бөлшегі – оқыту (учебный) диалогі. Диалогтік
тілдесім барысында оқушылар жұп болып та, топ болып та, ұжым болып та бір-бірімен тілдік қарым-қатынасқа түседі. Бұл диалогтік сөйлеудің өзіндік белгілері. Диалогтік оқыту амал-тәсілі оқушыларды сөйлеуге, белсенділікке, өзара пікір алысуға итермелейді. Әрбір диалогтік оқыту технологиясы сөйлеу жағдаяттарын туғызып, оқушылардың ауызекі сөйлеуіне, пікірлесуіне әсер етеді.
Диалог барысында пікірлесіп тұрған тұлғалар «әрі хабар жеткізуші, әрі хабарды қабылдаушы» қызметін (Ф.Мешинбаева) атқарады [45]. Диалогтік сөйлеуде хабар жеткізуші кең көлемде тыңдаушыға, өзінің жағдайы жөнінде айтса, онда диалогтік сөйлеу монологтік сөйлеуге ұштасады. Тілдесім әрекеті кезінде диалогтік сөйлеу мен монологтік сөйлеу бірін-бірі толықтырып, өзара байланыста жұмсалады. Дегенмен, бұлардың өзара айырмашылыгы бар. Бұл жөнінде К.И.Саломатов былай тұжырымдайды: «Диалогическая речь является одной из наиболее распространенных форм устной разговорной речи. Монологическая форма речи занимает меньше места в разговорной речи, обычно монологу предшествует диалог. Диалог представляет собой обмен высказываниями, порожденными одно за другим несколькими собеседниками» [46].
Диалогте әр адамның сөзі жаңа жолдан және сызықшамен басталады.Мысалы:
Қарағым, сен кімнің баласысың?
Берікбайдың.
Әкең қазір қайда?
Қой бағып кеткен.
Диалогте төл сөз бен автор сөзі араласып келе береді.
Мысалы:
Ойнап жүрген бала келіп амандасқанда, Жарасхан:
Қарағым, сен кімнің баласысың?
Берікбайдың, – деп қысқа жауап қайырды.
Жарасхан енді балаға тіке қарап:
Әкең қазір қайда? – деді. Бала да бұл кім болды екен дегендей:
Қой бағып кеткен, – деп тесіле қарады.
Диалог кейіпкерді жай бірінен кейін бірін сөйлете беру емес, ол сөйлесетін адамдардың қарым-қатынасының қалай шиеленісіп, қалай өзгеріп, өрістеп отыратынына сәйкес беріледі. Және бір кейіпкердің айтқан сөзі екінші кейіпкердің айтатын сөзіне түрткі болып, келесі сөйлеуші жауап қайыра сөйлейді.Диалог арқылы кейіпкерлердің ішкі сыры аңғарылады. Яғни, әр кейіпкердің сөз саптауынан, оның ой-толғанысынан, сөйлеу өзгешелігінен жан-дүниесі айқын елес береді. Жазушының шеберлігі де оның әр кейіпкерді мінез-бітіміне, ой-өрісіне орай сөйлетуінен көрінеді. Сондықтан мағыналы диалог, кейіпкерлердің сөйлестіре білу шеберлігі әдеби шығармада халықтың тіл байлығын мол пайдаланып, орнымен қолданудың ұтымды тәсілдерінің бірі. Б.Майлиннің «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» өлеңі сұрақ-жауап түріндегі диалогке құрылған:
Кеше: Бүгін:
– Уа, кімсіз? – Уа, кімсің?
–Ыбыраймыз. – Ыбыраймын.
– Жаймысыз? – Жаймысың?
– Жаймыз. – Жаймын.
– Уа, қайдан келесіз? – Қайдан келесің?
– Сайлаудан келеміз... – Соттан келемін...
– Біз – бай,
– Біз – құдай...
Осы шағын диалогтен қоғамдық өмірдің үлкен шындығын, әлеуметтік жағдайдың, адам тіршілігінің зор өзгерісін анық байқауға болады. Сонымен бірге өлеңдегі кейіпкердің әр кезеңдегі хал-ахуалын, жай-күйін, бай кезіндегі бұрынғы астамшылдығы мен бүгінгі жаңа өмір орнағанда басынан дәурені өткенін, яғни мүсәпір халін көреміз.
Диалогтік сөйлеу екі немесе бірнеше адамдардың арасында өтетін болғандықтан түрлі жағдайларға, әркімнің көңіл-күйіне байланысты толымсыз, сұраулы, лепті сөйлемдер, одағай, шылау, мақал-мәтелдер көп кездеседі. Бет әлпет көрінісі, ымдау, интонация қолданылады. Диалогтік сөйлеу – екі не одан да көп адамдардың бір-бірімен тілдік қарым-қатынасқа түсу әрекеті. Диалогтік тілдесім барысында оқушылар жұп болып та, топ болып та, ұжым болып та бір-бірімен тілдік қарым-қатынасқа түседі. Бұл – диалогтік сөйлеудің өзіндік белгілері.
Бастауыш сынып оқушыларының диалогтік сөйлеу дағдысын қалыптастыру өте маңызды әрі өзекті мәселе болып табылады.Себебі, диалог арқылы сөйлеу дағдысын қалыптастырып, бастауыш сынып оқушыларының қарым-қатынас жасауын, қарым-қатынас жасау арқылы бір-бірін тыңдау қабілетін қалыптастырамыз. Мұндай жетістіктерге жету үшін бастауыш сынып мұғалімдері аянбай еңбек етуі керек. Яғни, түрлі көрнекіліктерді, тиімді әдіс-тәсілдерді қолданып сабақты қызықты өткізуге, оқушыларды ұйымдастыруға бірден-бір себепші – мұғалім болып табылады.
Диалог теориясының негізін жалпы тіл білімінде Ш. Балли, Л.В.Щерба, Л.П. Якубинский, Е.Д. Поливанов, В.Н.Волошинов, В.В.Виноградов, М.И.Бахтин, Ю.В.Рождественский т.б.сынды лингвистердің қалағаны белгілі.Ал, қазақ тіл білімінде диалог мәселесін алғаш рет қазақ тілтанымының негізін салушылар А.Байтұрсынұлы мен Қ. Жұбанов көтерген болатын [47].
Диалог – көпқұрылымды, санқырлы және күрделі құбылыс. Диалог энциклопедиялық анықтама бойынша тек «екі не одан да көп адамның сөйлесуі, пікір алмасуы, әңгімелесуі» ғана емес, әртүрлі жан дүниелердің, дүниетанымдардың, пікірлердің тоғысуы деп түсіндіреміз. Диалог арқылы адамның жеке тұлғалық қасиеттері танылады. З.Қабдолов өзінің «Сөз өнері» еңбегінде: «Адам сөйлесе дегендей, әркімнің сөзі арқылы өзін танимыз. Себебі, әркімнің сөйлеген сөзінде оның бүкіл ішкі болмысы, өзіне тән психологиялық өзгешелігі – ақылы, ойы, сезімі, ұғымы, танымы, нанымы, білімі, мәдениеті түп-түгел тұнып тұрады»,- деп жазады [48]. М.Бахтин: «Ақиқат жеке адамның ойында пайда болып, жадында жатпайды, ол – диалогтік қарым-қатынас үрдісінде ақиқатты бірлесіп іздеп жүрген адамдардың арасында пайда болады»,– деген[49].
Диалогтік сөйлеудің негізгі ерекшеліктерін, оның жүзеге асу жолдарын С.Әбдіғалиев, С. Нұрғали, К.Соломонов,К. Холодович,Р. Миньяр-Белоручев, Я.Яноушек, т.б. әдіскер-ғалымдар айқындап, диалогтік сөйлеудің мынадай басты белгілерін көрсетті: «Олар, біріншіден, диалогтің екі немесе одан да көп адамның арасында өрбуі; екіншіден, диалогке қатысушы адамдардың бірде тыңдаушы, бірде сөйлеуші болып кезекпе-кезек олардың арасындағы рольдердің алмасып отыруы; үшіншіден, диалог барысындағы ақпараттардың жеткізілу жағдайы және оларды қабылдау ерекшеліктері; төртіншіден, пікір алмасушылардың алынған ақпаратқа, хабарға деген көзқарастары, реакциясы және оны жеткізудегі бет-әлпеті, қимыл-қозғалысы» [50]. Ақпараттық хабарлардың аяқ асты туындап, тілдік қатынасқа түсуі де диалогтік сөйлеудің негізгі белгілерінің біріне жатады.
Диалогтік сөйлеудің белгілері:
– Екі немесе одан да көп адамның тілдесуі, әңгімелесуі;
– адамдардың бірде тыңдаушы, бірде сөйлеуші болып кезекпе-кезек олардың арасындағы рольдердің алмасып отыруы;
– ақпараттардың жеткізілу жағдайы және оларды қабылдау ерекшеліктері;
– пікір алмасушылардың алынған ақпаратқа, хабарға деген көзқарастары және оны жеткізудегі бет-әлпеті, қимыл-қозғалысы.
Диалогтік сөйлеу репликалардан тұрады. С.Әбдіғалиев диалогтегі репликаны екіге бөліп қарастырады: «Диалогтегі репликаның екі түрі болады: 1. Әріптесті әңгімеге тартатын, оның сөйлеуіне түрткі (қозғаушы) болатын реплика. Репликаның бұл түрін негізгі реплика немесе қозғаушы (түрткі) реплика деп атаймыз. (побуждающая реплика); [51].
С.Нұрғали диалогтік бірлестікте тек екі репликаны ғана қарастырмай, үшінші және төртінші репликаларды да қарастырған ұтымды деп тұжырымдап, С.Әбдіғалиевтің пікірін дамытады [52].
2. Түрткі (қозғаушы) репликаға жауап болатын, яғни жауап, жауап– реплика (реплика–реакция). Репликалардың бұл екі түрінің бір-бірімен тығыз байланыстылығы сонша, олардың бірі екіншісінің тууына себепкер болып отырады. Қозғаушы реплика әрқашан жауап репликаны тудырады, қозғаушы реплика болған жерде оған жауап реплика тууы керек. Ал жауап реплика қозғаушы, репликасыз жеке тұрса, түсініксіз реплика болып шығады. Олай болса, репликаның бұл екі түрі бір-бірімен тығыз байланысты, екеуі бір диалогтік бірлестік болып бірігеді.
Сонымен бастауыш сынып оқушыларының диалог арқылы сөйлеу дағдысын қалыптастыру бірден-бір қажетті және маңызды болып есептеледі.Себебі, адамзат өмірі толығымен диалогтік қарым-қатынаста жүреді.
Монолог (грекше – monologos, mono – бір, logos – сөз) – бір адамның өз ойын, көзқарасын білдіруі. Монологтік сөйлеу дегеніміз – бір адамның өз ойын, пікірін ұзақ уақыт жүйелей, сабақтай баяндауы. Монологтік сөйлеуге оқушылардың белгілі бір тапсырманы түсіндіруі, мұғалімнің жаңа тапсырманы баяндауы, хабарлама, баяндама жасауы жатады.
Монолог кейіпкердің өзімен-өзі сырласқандай, ойланып-толғанғандай болып айтатын сөзі. Басқа біреу ол сөзді еститіндей болса да, жауап қайыру деген болмайды, бірыңғай бір кейіпкердің сөзі ғана беріледі. Монологтің мағыналылығы – сол адамның ішкі сырын, көңіл-күйін, психологиясын терең ашып көрсетуге өте ыңғайлы. Монологте кейіпкердің түйінді ой-тұжырымдары айтылып, оның тағдырына байланысты маңызды кезеңдегі жай-күйі айқын аңғарылады.
Лирикалық шығармадағы монологтың тамаша үлгісі ретінде Абайдың «Болыс болдым, мінеки» атты өлеңін арнайы айтуға болады. Ал көркем қара сөзден М.О.Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясындағы Абайдың монологтары ауыз толтырып айтарлықтай [53].
Монологтің мақсаты – қандай да бір мәліметті хабарлау. Монологтік сөйлеу – сөйлеудің анағұрлым күрделі түрі.
Монологтік сөйлеу диалогті сөйлеу негізінде дамиды. Диалогті сөйлеуде бір сөйлеуші хабарлап отырған материалдың көлемінің ұлғаюы біртіндеп жаңа сапаға жеткізеді, яғни монологті сөйлеуді туғызады.
Монологті сөйлеу диалогті сөйлеуге қарағанда, сөздің мағыналық жағы сапалық жағынан елеулі өзгерістерге ұшырайды. Монологті сөйлеу— байланысты, тұжырымды болып, логикалық ойға қойылатын дәйектілік, дәлелділік сияқты талаптарға бағынады.
Монолог сөйлеудің қарқыны мен үніне бірқатар талаптар қояды. Диалогте аңғарылмайтын шапшаң сөйлеу, бірсарындылық монологта аса айқьн байқалып тұрады. Монологтың мағыналық жағы оның тыңдаушысын баурап алатын тартымдылығымен ұштасуы қажет. Тартымдылық дауыстың әсерлі болуын қалайды.
Мектеп табалдырығын енді аттаған бала диалогті сөйлеуге дайын болғанымен, монологті сөйлеуге күнделікті оқу-тәрбие жұмыстарында үйренеді. Мектепте түрлі хабарламалар жасау, сахнада өнер көрсету, мазмұндама, шығарма жаздыру, сыныпта газет шығару, оқыған кітаптары жөнінде пікір алысу, мектеп жиынына дайындалу, мектеп радиосынан сөйлеу, т.б. жұмыстарды орындау барысында монологтік сөйлеу машықтары қалыптасады.Балаларды монологтік сөйлеуге үйрету қиын, себебі, күнделікті өмірде олар ересек адамдар сөйлеуінен монологтік сөзді жиі естиді. Көбіне ересек адамдар балалармен сөйлескенде диалогтік сөйлеуді қолданады.
Бастауыш сынып оқушылары төмендегідей мәселелерді білуі тиіс:
белгілі бір тақырып бойынша мәтіннің мазмұнын қысқа, нақты түрде, төл сөзді төлеу сөзбен айта білу;
оқылған не тыңдалаған мәтіннің мазмұнын сөздер, жетекші сұрақтар, жоспар бойынша айта білу;
қандай да бір мәтіннің жоспарын жасай білу;
өзі, жанұясы туралы хабарлай білу;
өзінің өмір сүру ортасын, орнын сипаттай білу.
Мектепте монологтік сөйлеуге үйретуді бастау кеш. Себебі, алдын ала монологтік сөйлеу дағдыларын мектепке дейін қалыптастыру қажет. Балабақшаларда балаларға монологтік сөйлеуге үйретуде үлкен жауапкершілік – тәрбиешіге жүктеледі. Бала ерте жастан-ақ ана тілін ести бастайды. Қарым-қатынас арқылы сөйлеу процесінде бала тілдік элементтерді – дыбыс, сөз, сөйлемдерді қабылдайды және әрбір тілдік элементтердің орнын есінде сақтайды.
Сабақ барысында іскерлік ойындарды қолдану арқылы оқушыларға сөйлеу үлгілері, сөйлеудің әдеби нормалары меңгертіледі. Іскерлік ойындар – оқушылардың сөйлеу қабілеттерін жетілдіретін, дамытатын тиімді тәсіл. Мұндай ойындар оқушылардың ұяңдық қасиеттерін жояды. Ойын кезінде оқушылар рөлге еніп, кейіпкерлерге тән сөйлеу нормаларын (диалогтік, монологтік т.б.) игереді [54].
Бастауыш сынып оқушыларының монологтік сөйлеу дағдыларын сыныпта және сыныптан тыс кездері қалыптастыруға болады. Кіші жастағы мектеп оқушыларының монологтік сөйлеу дағдылары, әсіресе, ана тілі және қазақ тілі пәндерінде (әңгімелерде, ертегілерде, нақыл сөздерді,өлеңдерді оқуда) қалыптасса, ал сыныптан тыс кездерде мұғалімнің басшылығымен оқушылардың баяндама, реферат, ғылыми жұмыстарды қорғау кезінде қалыптасады. Сонымен қатар, мәнерлеп оқу сайыстарында, сахналық қойылымдарда оқушылардың сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға болады.
Монолог – өзіндік пікір айтумен анықталады, өзіндік негізгі екі типтерімен ерекшеленеді.Біріншіден, монологтік сөйлеу өзіндік мақсатқа бағытталған хабарламаларымен басталады, тыңдаушыға бағытталады және оқулықтағы сөзді ауызша баяндайды.Екіншіден, монолог – жалғыз өзімен-өзі сөйлесуі болып табылады.Монологтің бұл типі, тыңдаушыға бағытталмаған.
Сөйлеу мақсатына қарай монологтік сөйлеу үш негізгі типке бөлінеді: ақпараттық, сендіруші және орнатушы.
Ақпараттық сөйлеу – білім беру үшін қызмет етеді. Мұндай жағдайларда айтушы тыңдаушының ақпараттарды интеллектуалды қабылдау қабілеттерін және танымдық мүмкіншіліктерін есепке алуы қажет. Ақпараттық сөйлеудің әртүрлілігі – дәріс, есеп, хабарлама,баяндамалар.
Сендіруші сөйлеу – тыңдаушының көңіл-күйіне бағытталған, мұндай жағдайда айтушы оның қабылдануын есепке алуы қажет. Сендіруші сөйлеу әртүрлілігі – құттықтаушы, мерекелік.
Орнатушы сөйлеу – тыңдаушының әртүрлі іс-әрекет түрін қалыптастыруға бағытталған. Мұнда саясат сөзі, іс-әрекетке шақыру сөзі, қарсылық білдіру сөзі белгіленеді.
Монологтік сөйлеу дайындық және арнайы деңгейімен ерекшеленеді. Шешендік сөйлеу әрқашанда арнайы ортада айтылатын алдын-ала дайындалған монологті көрсетеді. Алайда, белгілі бір деңгейде монолог–әрқашанда диалогке ұмтылған көркем сөз формасы. Осыған байланысты кез-келген монолог диалогтік тәсілдерге ие болуы мүмкін. Монологтің диалогтен айырмашылығы: ол жазбаша сөзге жақын күрделі синтаксистік құрылымға негізделді. Егер диалогте мимика, дене қимылы кең қолданылса,ал монологте олар шектеулі түрде қолданылады.
Монологтік сөйлеуге оқушылардың белгілі бір тапсырманы түсіндіруі, мұғалімнің жаңа тақырыпты баяндауы, хабарлама, баяндама жасауы жатады. Монологтік сөйлеуді дамыту үшін алдын-ала белгілі тақырыпқа жоспар құрып, сол жоспар бойынша сөйлеу үлгісі жасалады.
Монологтің түрлері:
1.Ауызша монолог (әңгімелесу, баяндау, сөз сөйлеу, хабарлау)
2. Жазбаша монолог (мақала, нұсқау, есеп беру)
Нәтижесінде, сөйлеу – танымдық іс-әрекеттің құралы ретінде қызмет атқарады. Монологтік сөйлеуге үйрету кезінде баланың дұрыс сөйлеу дағдылары, шығармашылық қабілеттері, сабаққа қызығушылықтары қалыптасады. Жоғарыда аталған дағдылардың көмегімен және мұғалімнің тиімді әдіс-тәсілдері, бағыт-бағдарлары арқылы қажетті сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға болады.
Монологтік сөйлеу мен диалогтік сөйлеу өзара тығыз байланыста болады. Сөйлеуші мен тыңдаушы бір-біріне сұрақтар қойып, хабар айтып тұрса, ол диалогтік сөйлеу түрі болады, ал диалогтік сөйлеуде сөйлеуші өз сөзін үзақ түрлі фактілермен дәлелдей сөйлесе, онда монологтік сөйлеу болады.
Диалог және монолог сөзге үйрету мәселесін көтергенде лингвистика ғылымына баса назар аударған жөн. Өйткені, лингвистика тілдің нормасын, яғни, сөйлегенде қолданылатын тілдік құралдардың пайдаланылуын, оның ережелерін, қолдану тәртібін, тілдегі стильдік құралдарды, оның дыбыстық, морфологиялық, синтаксистік және т.б. жақтарын карастырады.
Адамдар өзара қарым-қатынаска түсу үшін тілді пайдаланады, тілдің көмегімен коммуникация жасайды.
Адамның еңбек және әлеуметтік әрекетіндегі мінез-құлкына байланысты ойлау мазмұны тілде көрініс табатындықтан, тіл қоғамдағы коммуникацияның барлық түрін қамтитын глобальды құбылыс ретінде карастырылады. Ал коммуникация – ой алмасу, ақпарат алмасу немесе басқаша айтқанда, адамның еңбек және әлеуметтік әрекетіндегі практикалық және теориялық сұранымдарын қанағаттандыратын қарым-қатынас деп көрсетеді
Г.В. Колшанский [55].
Ауызша сөйлеуде (оның диалог және монолог түрлерінде де) актив және пассив сөздер болады. Актив сөздер күнбе-күнгі жиі қолданылатын сөздер. Пассив сөздер тілімізде сирек пайдаланылатын, мағынасына түсінгенмен күн сайын айтылмайтын сөздер. Мұндай сөздерге көбінесе ғылыми-техникалық атаулар және ескірген сөздер жатады. Актив сөзінің мол болуы адамның сөйлеу әрекетіне, айналысқан кәсібіне байланысты. Егер ересек адамдарың актив сөздері орта есеппен 6000-7000 болып келсе, жазушылар мен ақындардың, ғалымдардың актив сздері 10000-13000 сөзге жетіп отырады. Мәселен, Шекспирдің сөздік қоры 12000 дай болған.
Ауызша сөздің лингвистикалық ерекшеліктері сөйлеу дағдысына,сондай-ақ ауызша сөзді тыңдап түсіну іскерлігін қалыптастыруға арнайы көңіл бөлуін талап етеді.
Диалог және монолог сөздің лингвистикалык ерекшеліктерін Т.Г.Винокур, Н.Ю.Шведова, Л.В.Щерба, Г.Хелбиг, Э.Г.Ризель, Л.П.Якубинский және т.б. ғалымдар өз еңбектерінде зерттеу жұмыстарын жүргізген [56].
Бастауыш сыныптарда кейбір балалар ұялшақ болады да, мұғалімнің сұрағына кейде жауап қайтармайды немесе «бар», жоқ «ия» деп, бір сөзбен ғана жауап береді. Мұғалім бірінші сыныптан бастап әрбір оқушыны батыл, қатты дауыспен, анық, ашық сөйлетуді үнемі қадағалап, қолға алса, онан әрі ауызша сөйлеу дағдылары тиісті дәрежеде қалыптаса бастайды. Бірінші сыныпта дыбыстың анық айтылуына, жаңылтпаштарды көбірек айтқызуға, түрлі тақпақтар оқыту, жаттату жұмыстарына қатты назар аударылады.
Ауызша сөйлескенде кейбір пікірлерді қысқартып айтуға немесе тіпті айтпай-ақ кетуге де болады, өйткені ауызба-ауыз сөйлескенде сөздің олқысын ыммен, қас-қабақпен толтыруға мүмкіндік бар. Сондықтан ауызша сөзге психологиялық сипат тән, өйткені әңгімелесуші адамдар бір-бірінің қас-қабағын, бет пішініндегі өзгерістерді байқап тұрады.
Ауызша сөздің ерекшелігі жөнінде атақты ғалым, профессор Қ.Жұбанов былай деген болатын: «Дыбыстап сөйлеген сөздің олқысы, көбінесе ыммен толады. Тіпті бірінің тілін бірі білмеген, иә болмаса, бірінің тілі мүлде жоқ болған уақытта да, лаждап түсінуге болады. Оның үстіне сөздің жігін дыбыс сазымен бірде айырып, бірде қосып айтқасын, сөздің орны жылжып кеткені де онша байқалмайды. Сөздің әні де басқа жағынан ұқсас сөздерді айырып тұрады. Дұрыс айтылмағанын сезсе, сөйлеушінің өзі де сөзін қайта түзеп айтып, түсінікті қылады. Мұның бәрі жеткіліксіз болса, ауызба-ауыз сөйлескен адам қайта сұрап алуына болады» [57].
Қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін ең алдымен, бастауыш мектеп оқушыларының сөйлеуін қалыптастыру қажет. Бұл тұрғыда Т. Қордабаев төмендегідей тұжырымдама жасаған. «Өмір өріне алғаш қадам басқан жас ұрпақ болашағына қажетті нәрді мектептен алатыны белгілі. Мектеп беретін сондай нәрдің бірі, бірі болғанда да бірегейі — оқушы жастардың сөйлеу, жазу мәдениеттілігі» [58]. Қазіргі кезде оқушылардың басым көпшілігінде кездесетін ең негізгі кемшіліктің бірі — шығарма жазуда болсын, ауызша емтиханда болсын өз пікірлерін, тіпті, біліп тұрғандарын ауызша түрде жеткізе алмауы және тілдік элементтерді өзіне лайықты орынды дұрыс қолдана білмеуі.
Қазақ кеңес энциклопедиясында тілдің анықтамасы жоғарыдағы пікірге ұқсас, бірақ мұнда тілдің негізгі қызметі қарым-қатынас (коммуникативтік) қызметі деп танылады: «Тіл адам қоғамының ең негізгі қатынас құралы. Дыбысты тіл – адам қоғамымен бірге туып, қатар жасап келе жатқан қоғамдық құбылыс. Тіл – өте күрделі, сан-салалы құбылыс» [59].
Ал сөйлеуге мынадай анықтама береді: «Сөйлесу – адамның тіл амалдарын пайдалану арқылы пікір, ой білдіру әрекеті. Сөйлеу – анатомиялық мүшелердің қатысуымен іске асқанымен, негізінен, кісінің психикалық қабілетіне, қоғамдық тәжірибесіне сүйенеді.
Қазақ тіл білімінде алғаш қатысымдық тұлғалардың теориялық негізін айқындаған ғалым – профессор Ф.Оразбаева. Ол сөйлеу процесінде қатысымдық тұлғаларды қолдану үшін оқушылардың ауызша сөйлеу дағдылары мен икемділіктері болуы керек деп, сөйлеу дағдысын сөйлеу процесінде қатысымдық тұлғаларды шығармашылықпен қолдану қабілеттілігіне жатқызады [60].
Кіші жастағы оқушылардың тілдік қатысым кезінде ауызша сөйлеу дағдылары мен біліктерінің қалыптасуы үшін қатысымдық тұлғалардың қолданылу заңдылықтары мен ережелерін қарапайым түрде болса да, шәкірттер меңгеруі қажет. Себебі, бастауыш мектеп оқушылары ауызша сөйлеуге дағдылану барысында өз ойларын болжайды, жоспарлайды, даярлайды, орындайды, бақылайды және бағалайды. Демек, оқушы өз ойын қатысымдық тұлғалар арқылы өрнектегенде бірінші кезекте мақсатты белгілейді, жеткізбек пікірін ойша болжайды. Ол пікірді қалай жеткізудің тәсілдерін ойластырады. Сондықтан оқушыларды ауызша сөйлеуге дағдыландыруда сөз, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін туралы тіл білімінің қол жеткізген, дәлелденген тұжырымдары басты рөл атқарады.
Көбіне, оқулықта оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін арнайы берілген тапсырма, мәтіндер жоқтың қасы. Олар тек оқушыларға дыбыстарды үйрету үшін ғана берілген.
Сондықтан оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыру үшін арнайы тапсырмалар, мәтіндер беріп және сабақ өткізу барысында сол тапсырмаларды орындату, мәтіндерді оқыту арқылы оқушылардың ауызша сөйлеу дағдысын қалыптастыруға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |