Көмекші сөздер ( Қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларына, тіл мамандарына, студенттерге қосымша оқу құралы ретінде)



бет13/22
Дата14.12.2022
өлшемі245,77 Kb.
#57120
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   22
ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ

Көмекші есім деп ілік септікті зат есім (не соның орнына қолданылған басқа бір сөздің) жетегінде келіп, соны мағына жағынан нақтылай тәуелденіп барып, зат есім үлгісінде түрленетін атауыш (фунуционал) көмекші сөздерді айтамыз. Демек, көмекші есімдердің қолданылуы мен мағынасында өзіндік ерекшеліктер бар. Ең алдымен көмекші есімдер тек тәуелдік жалғау формасында ғана қолданылады. Екіншіден, мағынасы жағынан көмекші есімдер ілік септікті зат есімнің мағынасын нақтылап тұрады. Сондықтан ілік септікті зат есім сөйлемде анықтауыштық қызмет атқармай, өзімен байланысып келген көмекші есімдермен бірге сөйлемнің бір мүшесі болады. Үшіншіден, әрбір көмекші есімнің жеке мағынасы болуымен бірге олар өздері тіркесіп келген зат есімнің мағынасымен сыбайласып, соның ыңғайына қарай мағыналық реңктерге ие болады. Сондықтан да таудың етегі дегендегі етегі мен көйлектің етегі тең емес. Оларға жалпы нәрсе – бір нәрсенің аяқталатын жағы. Төртіншіден, көмекші есімдер мағына дербестігі жағынан болсын, түрлену ерекшелігі жағынан болсын, толық көмекші сөз ретінде қалыптаспаған. Кей авторлардың алды, арты, басы, қасы сияқты сөздерді көмекші сөз қызметінде қолданды деген тіркестің қолданылу сыры осыдан. Ал, екінші бір топ ғалымдар көмекші есімді аралық категориядағы сөздер деп есептейді. Мысалы, Н.К.Дмитриев көмекші есімдерге анықтама бергенде: «Турецкий язык знает целую категорию имен которые как бы находятся в средней стадии развития между обычным именем с его предметной семантикой их возможностью нормального для имен морфологияческого изменения, с одной стороны, и послелогом с его омфорностью, утратой предметной и наличием чисто «грамматической» семантики – с другой», - деп атап көрсетеді. Н.К.Дмитртев өзінің бұл анықтамасын басқа еңбегінде де қайталайды: «...служебными словами в башкирском языке можно назвать такие имена которые имеют двоякую функцию первую прямую, те употребляются по своему основному материальному значению, и вторую служебную т.е. употребляется в ином более абстрактном значении, предавая оттенки разного рода пространственных соотношений». (76, 229). Үшінші бір еңбегінде көмекші есімдерді септеулік шылаулармен салыстырады: «... некоторые татарские учителя и авторы учебников пытались назвать их послелогами. Но это было явной ошибкой: послелоги неизменяемая часть речи, управляющая падежами и соответствующая русским, предлогами. Служебные имена имеют другое логическое значение: это существительное по форме (т.е. изменяемые и послелоги по значения», - дейді (79).


Жоғарыда сөз болған белгілер көмекші есімдер туралы пікір айтқан ғалымдардың еңбектерінде бірнеше рет қайталанып, түрлі жағынан талқыға түсіп жүр. Нәтижеде көмекші есім туралы анықтама берген ғалымдардың пікірі өзара жақын бірін екіншісі толықтыратындай дәрежеде, не бірі екіншісін қайталағандай көрінеді. «Некоторые существительные в предложении теряют свое самостоятельное предметное значение и служат для обозначения понятий зависимых от других предметных имен. По функции такие имена до известной степени соответсвуют предлогам русского языка и выражают различные пространственные, а иногда временные отношения. Ис – внутренность, кос и игэр- в комнате алып – низ остул анныгар – под столом. Такие имена обычно имеют полное склонение (изменяются) не по всем падежам. В предложении они обычно не могут быть его самостоятельным членом и примыкают к тому самостоятельному существительному, к которому они относятся», - деп Л.Н.Харитонова саха тілі материалы негізінде анықтама береді (270, 128). Осыған жақын анықтаманы қазақ тілінің материалы негізінде А.Ы.Ысқақов береді: «Көмекші есімдер деп өздеріне тән лексикалық мағыналары бірде сақталынып, бірде жартылай сақталып, я әртүрлі дәрежеде солғындап, соған лайық өзге сөздерге тіркесу ерекшеліктеріне қарай, синтаксистік жағынан кейде жеке дара мүше ретінде, кейде күрделі мүшенің құрамындағы дәнекер элемент есебінде қолданылып, морфологиялық жағынан зат есімдерше түрленіп отыратын жәрдемші сөздерді айтамыз», - дейді. Мазмұн жағынан осы тектес анықтамалар басқа түркі тілдері материалы негізінде жазылған еңбектерде де кездеседі (304, 202).
Қазіргі түркі тілдеріндегі көмекші есімдердің лексикалық мағынасын бірде сақтап атауыш сөз (зат есім) қызметінде жұмсалынатындығы, бірде сол лексикалық мағынасын солғындатып, дерексіздендіріп, дербес лексикалық мағынасынан айырылып, ілік септіктегі зат есімнің жетегінде тұрып, соның мағынасын нақтылайтын көмекші сөз қызметінде қолданылатындығы анық. Сондықтан да көмекші есімдердің құрамына енген сөздердің екі жақты қасиеті бар екенідігін мойындаған жөн. Мысалы, бас, іш, бет сөздерін алып қарайық. Бұл сөздер адамның дене мүше атауы ретінде қолданылып, толық мағыналы сөз – зат есім болуымен бірге екінші бір зат есімнің жетегінде келіп көмекші сөз ретінде қолданылады. Оның көздеген айғыры қашаған емес, тек басын тұқыртып алып құрық салдырмай тепкілей беретін кез екен (Ә.Әбішев). Шарасынан шыға қашқысы келгендей адырайған көзі Мәдидің қолындағы алтыатарда, түк басқан беті жыбыр-жыбыр етіп, зор денесі безек қақкандай бебеу кағып тұр. (Ә.Әбішев). Самал алда, ол сағым болып Мәдидің көзін алдайды, ол самал жел болып Мәдидің бетінен сүйеді. Астындағы аты ішін соғып әбден болдырғаны анық көрініп тұр. (Ә.Әбішев). Жоғарыда келтірген мысалдарымызда қолданылған бас, бет, іш сөздері адамның жан-жануардың дене мүше атауы ретінде зат есім мағынасында қолданылып тұр. Сондықтан да олардың мағынасы екінші бір сөздің (есімнің) мағынасына тәуелді болмай-ақ байқалынады. Егер олар көмекші есім қызметiнде қолданылатын болса, онда мағыналық дербестіктен ажыралады. Салыстырыңыз, Көлдің беті нақ баяғы қалпында толқып жатыр (Н.Ғабдуллин). — Ей, ағайлар, ей, бауырлар, – деді деміге сөйлеп, — жан керек болса мына таудың ішіне кірмеңдер (Ә.Әбішев). Көлдің басына бір топ салт аттылар келеді (Ә.Әбішев) Келтірген мысалымыздағы іш, бас, бет сөздері өздерінің дербес лексикалық мағынасынан ажырап, екінші бір сөздің (көлдің, таудың, кеш) жетегінде келіп, сонымен байланысты мағына білдіріп тұр.
Көмекші есім қызметінде қолданылған сөздердің өзінің толық мағыналы сөз ретінде қолданылған сыңарымен мағына жағынан тең түсе алмайтындығы рас. Бірақ бұдан олар арасында байланыс та болмайды деген қорытынды шығаруға негіз жоқ. Қолда бар материалдардың көрсетуінше, бас, етек, бет, іш, жан, арқа сияқты сөздердің зат есім ретінде қолданылған кезі мен көмекші есім қызметінде қолданылған кезінде араларында мағыналық байланысы барлығы байқалынады. Салыстырыңыз, қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде бас сөзіне «адамның, жан-жануарларың ауыз, көз, құлақ, мұрын, ми т.б. орналасқан дене мүшесі»,- деп анықтама берген. Бас сөзін басқа сөздермен байланыстырмай, тәуелді етпей айтқанда, тән алатын мағынамыздың осы екендігі анық. Жалпы, сойыл тиіп, басы жарылғандары, аттан құлап белі майып болғандары да бар сияқты (М. Әуезов). Бірақ бұл бас сөзінің білдіретін бірден-бір мағынасы да болып саналмайды. Бүркітші тау басында, қазушы ойда, Іздің бетін түзетіп аңдағанда (Абай). Соңғы мысалымыздағы бас сөзінде ауыз, мұрын, құлақ сияқты мүшелері жоқ, ол дене мүшесі атауы да емес. Осы мағыналық алшақтығына қарай кей ғалымдар оларды омонимдес сөздер деп атайды. Біздіңше бұларды омоним деп атауға әлі ертерек. Олар өзара мағыналық байланысын толық үзе қойған жоқ. Сондықтан адамның басы, таудың басы, судың басы, жолдың басы, сөздің басы дегендер бас сөзінің көп мағыналық сыңары. Ғылыми тілмен айтканда, бір сөздің семантикалық варианттары деп қараған жөн. Сөздік жасаушы ғалымдарымыз сөздіктерде көп мағыналы сөздің бір мағынасы ретінде беріп, дұрыс етіп жүр. Салыстырыңыз, Қазақ тілі түсіндірме сөздігінде бас сөзінде 15 мағына, бет сөзінде 8 мағына, бой сөзінде 9 мағына, алды сөзінде 5 мағына, арқа сөзінде 4 мағына бар деп, оларды көп мағыналы сөздердің қатарына қосқан. Осы мағыналардың кейбіреулері тек контекстерде ғана анықталатын, жеке тұрғанда нақты болмай, екінші бір сөзді талап ететін дәреже деңгейінде қалған. Салыстырыңыз, сөздікте бас сөзіне берілген мағыналардың төртіншісі, «Шөптің, ағаштың, түрлі өсімдіктердің жоғарғы жағы, ұшы»,- деп, бесінші мағынасын «Таудың, қырдың, дөң-дөңестің т.б. нәрселердің, ең биік жері, жоғарғы шыңы, төбесі»,— деп, алтыншы мағынасын «Өзеннің, бұлақтың» басталған жері, қайнар көзі»- деп, оныншы мағынасын «Мекен-тұрақты білдіретін сөздермен, сондай-ақ топонимдік атаулармен тіркескенде маңы, жаны, қасы сияқты мағыналарды білдіреді», - деп анықтама береді. (131, 111). Біз сөздіктен алып теріп көрсеткен мағыналары бас сөзінің жеке өзі тұрғанда білдіретін дербес мағынасы емес, көмекші есім ретінде қолданылып білдіретін мағынасы. Себебі ол мағыналарды білдіру үшін бас сөзі екінші бірлік септікті зат есімге тіркесуі шарт, ол сол сөздің мағынасын нақтылап қана тұрады. Шың басына кем шықтық, Көк аспанмен тілдескен (С.Сейфуллин). Барса тамда бір гүл тұр салқындаған, Басында үш жеміс бар былқылдаған (Абай). Қараша, желтоқсан мен сол бір, екі ай, Қыстың басы бірі – ерте, біреуі жай (Абай). Егер шын сөзін алып тастап, Басына кем шықтық дейтін болсақ мағына анық болмайды. Ал «басында үш жеміс бар былқылдаған» деген тармақ өз алдына мағына беріп тұрғандай көрінуі ықтимал. Егер бірінші тармақ айтылмаса, онда бас сөзінің мағынасын анықтау мүлде мүмкін болмас еді. Ненің басында жеміс бар? деген сұрау беруге мәжбүр болар едік. Үшінші мысалымызда бас көмекші есімі мезгілдік мағынада қолданылатындығы анық, бірақ онда контекстің қызметі мол. Сондықтан қос сөзін алып тастасақ, «басы бірі - ерте, біреуі жай» дейтін болсақ, мезгілдік мағына күнде байқалынбайды. Нақ осындай қасиет бет, іш сөздерінде де байқалынады. Мысалы, іш сөзі де зат есім мағынасында қолданылғанда адамның дене мүшесінің атауы болады. Көмекші есім қызметінде қолданылғанда бұл да екінші бір ілік септікті зат есімді талап етеді де, соны мағына жағынан тиянақтайды. Салыстырыңыз, үйдің іші, орманның іші, қораның iшi, көптің іші т.б. Демек көмекші есім болатын сөздер өздерінің лексикалық мағына дербестігінен ажырап, екінші бір толық мағыналы сөздің жетегінде қолданылуы шарт.
Көмекші есімдердің білдіретін лексикалық мағынасы туралы пікір дауы көп емес. Көмекші сөздердің лексикалық мағынасы жоқ деп есептейтін Ф.Р.Зейналов сияқты ғалымдардың өздері де көмекші есімдерде аз болса да лексикалық мағына болғанын мойындайды. Әрине, жалғаулықтар мен демеулік шылауларға қарағанда көмекші есімдердің мағына дербестігінің күшті екендігін дәлелдеп жатудың қажеті болмаса керек. Бірақ, кейбір тілшілеріміз көмекші есімдердің зат есім қызметінде қолдану сырын дөп баса бермейтіндігін, олардың ара жігін ажырату оңай бола бермейтіндігін жасыруға болмайды. Мысалы, Саха тілінің академ. грамматикасының авторлары «Служебные имена в форме основного падежа (именительного) является словами - названиями мысленно представляемых частей и сторон предметов или прилегающих к ним определенного места, пространства»,— дейді (69, 407). Автор (тарауды жазған Н.Е.Петров, өз пікірін әрі қарай жалғастырып: «К служебным именам не относятся те существительные, которые являсь, названиями частей предмета, и обозначая в изофете, пронстранственных падежей. Например, имя СИРЕЙ «лицо», кроме основного значения, в изoфeтe может обозначать лицевую часть, поверхность предмета: кстым сирей «лицо (поверхность) наковальи, биһилэх сирэй «Щиток на кольце, (остоул сириэйэ «столешница», кинигэ сириэй «страницы книги», - дейді (69;408). Осыған жуық пікірді башқұрт тілінің соңғы жарық көрген академиялық грамматикасынан да кездестіруге болады. Олар көмекші есімдердің кеңістік мағынасын ғана тән алады да, «В остальных случаях эти существительные, как и все так называемые служебные имена выступают в своем обычном лексическом значении в качестве существительных ср. һыу oстoндэ-«на поверхности воды», тау башында — на вершине горы», тау битиндэ— «на склоне горы», тау бoрөнда на выступе горы», тау астында-из подножья горы...»- деп жазды (68, 99). Coнда бұл пікірді жазған авторлар неге негізделген деген сұрау туады. Біздіңше олар, жоғарыдағы, берген мысалдардан байқауымызша, заттың бөлшегін, нақтылы кеңістікті білдіруін толық мағыналы деп есептеген. Шындығында да судың беті, столдың үсті, таудың басы, таудың бауыры, таудың асты деген тіркестерде қолданылып тұрған беті, үсті, басы, бауыры, асты деген сөздерде нақтылы, дербес лексикалық мағына жоқ, бірақ олар мүлде мағынасыз да емес. Таудың басы, таудың бауыры, таудың етегi, таудың үсті дегенде таудың бір бөлшегін білдіретіндігі анық. Екінші сөзбен айтқанда таудың басы дегенде таудың көпке қараған ең жоғарғы жағын, таудың етегі дегенде таудың жазықтықпен ұштасқан бөлшегін, таудың бауыры дегенде таудың етегіне жақын, жазықтау келген деңгейін, таудың асты дегенде екінші жақ бетін түсінеміз. Саха тілінің мамандары бұны дұрыс түсінген. Бірақ сол мағынаны басы, бауыры, етегі, асты сөздері жеке тұрып білдірмейді. Бұл – бірінші. Екіншіден бас сөзі заттардың көкке қараған жоғарғы жағын білдіргенде тек таумен ғана байланысты емес, басқа сөздермен де байланысқанда білдіреді. Салыстырыңыз, шөптің басы, ағаштың басы, қурайдың басы, төбенің басы т.б. Үшіншіден, жоғарыдағы мысалдарда әр тіркес өзіндік мағанасымен ерекшеленеді. Таудың басы мен төбенің басы немесе талдың басы мен қурайдың басы тең емес. Бұлар да негізгі мағынаны білдіріп тұрған элемент тау, ағаш, төбе, қурай сөздері. Ал бас сөзі оларға тек қосымша мағына қосып, бөлшегін білдіріп тұр. Демек бұдан бас сөзі мағынасы жағынан грамматикалық сипатқа ие бола бастаған, жалпылық сипат ала бастаған. Сондықтан да бас сөзі өз мағынасын нақтылау үшін бір зат есімді талап етіп, соның мағынасымен ұштасып, өз мағынасын нақтылап тұр. Бас сөзінің осы екінші бір сөздің жетегінде келу, онсыз сол мағынада қолданылмау қасиеті оны көмекші сөз қатарына қосуымызға себепші болып тұр. Бауыры, аяғы, етегі сияқты сөздер туралы да осындай пікір айтуымызға болады.
Көмекші есімдердің лексикалық мағынасы туралы сөз болғанда оны қалай анықтауға болады деген мәселенің көлденең тұратындығы анық. Тек көмекші сөздерді ғана емес, толық мағыналы сөздердің де лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасының ара жігін ашу қиын екендігі анық (187). Егер сөз, сөз болғандығы үшін де, мағына мен дыбысталудың бірлігінен тұратындығын, белгілі бір тілдің грамматикасының аясына түспеген, грамматикалық жақтан тұрақталмаған сөз болмайтындығын ескеретін болсақ, мәселенің қаншалықты қиын екендігіне көз жеткізуіміз оңай. Әрине, жоғарыдағы екі грамматиканың авторларының пікірінде жан бар. Н.Е. Петров ертеректе жазған бір еңбегінде біз көмекші есім деп жүрген сөздеріміз тек атау септігінде ғана емес, басқа септіктерде (кеңістік септіктерде) де зат есім қызметінде қолданылады дейді. «Служебное имя в форме пространственных падежей не редко может оставаться самим собой, т.е. существительными с вспомогательном лексическим значенем, которое воспринимается языковым и знанием якутов равноправный, но неотделимый член конструкции изофета, лексический близкой к значению сложного слова, образованного путем лексиколизации (ср. тимир уол — железная дорога, туара курдьэх – деревянная лопата). Напр., сочетание остуол урэдэ в значении «столица», «верхняя плоскость», «поверхность стола» выражают одно понятие один вещественный предмет, точнее часть, одного целого предмета» — деп жазған болатын. (197.95). Қазақ тілінде де столдың үсті тегіс дегенде үсті сөзі кеңістік мағына білдірмейді, столдың жоғарғы жағы яғни бір бөлшегі мағынасын білдіреді. Көмекші есімнің мұдай мағыналық қасиетін басқа түркі тілдерінен де мысалдар арқылы дәлелдеуге болады. Бәрібір бұл жерде де, жоғарыдағы бас сөзі сияқты, үсті сөзі екінші бір зат есімнің жетегінде келіп, соның мағынасын нақтылайды, сол тіркесте тұрып, белгілі бір мағынада қолданылады. Көмекші есімдердің лексикалық мағынасының дербестік дәрежесі «басқа көмекші сөздерге қарағанда, күшті, анық, сезіледі дегенде, олар аралық категориядағы шылау (нағыз) көмекші сөздер мен зат есімді байланыстырып тұратын буын» дегенде біз осыған сүйенгенбіз.
Көмекші есім қатарында қолданылатын басы, іші, беті, қолы сияқты сөздердің атауыш сөз ретінде қолданылғандағы мағынасы мен көмекші есім қызметінде қолданылғанда білдіретін мағынасының арасында сыбайластық сақталынады. Бұл сыбайластықтың деңгейі түрліше болуы мүмкін. Мысалы, «Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің»,- дегендегі түбі сөзінің мағынасы мен қаптың түбі, ұраның түбі дегендегі түп сөзінің мағынасын бір түп ағаш дегендегі түп сөзімен салыстырсақ пікіріміз анық болады. Түп сөзінің тура мағынасы - өсімдіктің не басқа бір заттың жерге тиіп тұрған бөлшегі. Осы мағынаa негізінде оның көмекші сөз кызметіндегі мағынасы дамыған. Салыстырыңыз, судың түбі, қаптың түбі, ағаштың түбі т.б. Жалпы көмекші есімдердің зат есім қызметінде қолданылуы мен көмекші сөз қызметінде қолданылғанда араларындағы негізгі айырмашылық олардың мағынасының дербес болу, болмауында. Морфологиялық жактан олар арасында айырмашылық өте алшақ емес. Сондықтан Н.К.Дмитриев, Н.П.Дыренковалар көмекші есімдерді мағынасы жағынан шылауларға, түрленуі жағынан зат есімдерге қосады. А.Ысқақов та алды, арты, қасы сияқты сөздердің көмекші сөз екендігін мойындаса да оларды зат есімнің құрамында қарайды. (81, 76, 364). Адамның не жан-жануардың дене мүшесі атауы болатын бас сөзі мен ағаштың басы, шөптің басы дегендегі бас
Көмекші есімдердің заттың белгілі бір бөлшегін білдіруі оның зат есімдік мағынасы, кеңістік мағынасында қатынасуы – көмекшілік мағынасы деушілердің саны бршылық. Сондықтан олар алды, басы, жаны, қасы сияқты сөздер тек кеңістік септік формасында ғана көмекші сөз қызметінде қолданылады деген пікірді қолдайды. Мысалы, А.А.Коклянова «Служебные имена – это лексика-грамматическая категория характеризующаяся морфологической изменяемостью по линии трех пространственных падежей...», десе (119) , Н.А.Андреев чуваш тілі материалдары негізінде «Служебные имена в сочетании с другими существительными или местоимениями выражают пространственные отношение. Они употребляются в следующих падежах: в притяжательном (в древнем инструментальном), дательно-винительном, творительном, местном и исходном», - дейді. (113, 624). К.А.Ахметов «В сочетании с другими существительными или местоимениями служебные имена выражают пространственные отношения между предметами. По скольку служебные имена выражают пространственное отношение, они употребляются только в тех падежах, которые по своему значению соответствуют им, а именно в направительном, исходном, местном, временном падежах», - деп башқұрт тілінің материалына негіздесек (24,763), А.Г.Могалидов «По нашему мнению, более правильна точка зрения проф.Н.А.Баскакова, так как служебные имена типа олд «перед», тюб «дно», қиз, қъырьи «край», якь «сторон» и др. Выступая в форме пространственных падежей выполняют только лишь функций послелогов и, следовательно, не является знаменательными словами» - деп құмық тілі материалына сүйене отырып пікір айтады (169, 8). Қазіргі көпшілік түркі тілдерінің материалдарының көрсетуінше, көмекші есімдер, негізінен, кеңістік мағынада және кеңістік септік формаларында қолданылатындығы анық. Бірақ бұл көмекші есімдер грамматикалық септіктерде тұрып көмекші есім қызметінде ұолданылмайды деген сөз емес. Атау, ілік, табыс септіктерінде тұрып та олар көмекші есім қызметінде қолданылады. Мысалы, қазақ тілінде Биік жерде болайын деді-дағы, Сол түні ағаш басын мекен етті. (Абай). Сол әскер суды өрлеп талай жүрді, Судың басы бір ғұзар шатқа кірді (Абай) Күзеу тозған, оты жоқ елдің маңы, Тұман болар, жел соқса, шаң-тозаңы (Абай) Ел көріп, жер көріп қайтқысы келді ме, әлде Әбілдің көңілін қимады ма, әйтеуір Еремхан сол жолы Баян маңын аралауға шықты (3.Ақышев). Өзбек тілінде: Шамол булмаса дарахт боши қимирламайди (Мақал). Тоқатлига тоғлар эгар бошини, тоқатсизни бировлар ер ошини (мақал). Офтоб билан тулган кенг деразали уйнинг ичи ойдин (С.Айни). Қарақалпақ тілінде: Нөкистен ишимлик минерал суудың көзи табылды, қәзир ол суу пайдалануға берилды (Қарақалпақ т. түсинуир сөзлиги). Ана сыйырлар бұзаулаларын жайтып мөңиресип, ауыл арасы ұлы-шууда қумғууыт болып атырғанның үстине келді (Т.Қайыпбергенов). Шалдиң басы менен жол баслап сөйлеп килятрған Орынбайдың кегирдегинен бир иймек бос имеп қалды (Т.Қайыпбергенов). Татар тілінде: Мал башы тавық, мая башы-бер кукəй (Мақал). Хәзрат, кесәсеннән яулык башын күрсәтебрәк қуйды да кунаклар ягына чыгарга хәзерланде (Ф.Әмірхан). Жоғарыдағы сөйлемдер құрамында тұрған ағаштың басын, судың басы, елдің маңы, Баян маңын, дарахт башы,тоғлар башини, уйнинг ичи, суудиң қөзи, ауыл арасы, шалдиң басы, мал башы, мая башы, яулык башы деген тіркестерде қолданылған басы, маңы, көзі сөздері атау, табыс септіктерінде тұр. Бірақ кеңістік мағынада қолданылмай заттың бір бөлшегін білдіріп тұр. Біз атауыш сөз, көмекші сөз деп бөлгенде осы мағына дербестігін өлшем етіп алған болатынбыз. Ағаштың басы дегенде ағаштың жоғарғы жағын білдіріп тұр. Егер ағаш сөзін алып тастасақ, онда бас сөзі ондай мағынада қолданылмайды. Сондықтан біз көмекші есімдер грамматикалық септік формасында тұрып та көмекші сөз қызметін атқарады деп есептейміз.
Көмекші есімдердің ерекше белгісінің бірі, басқа көмекші сөздер сияқты, сөйлемнің құрамында келсе де сөйлемінің жеке, дербес мүшесі бола алмайтындығы. Сонымен бірге олар сөйлемнің күрделі мүшесінің құрамына енгенмен, күрделі ұғымның атауы бола алмайды. Көшенің басы, ағаштың басы, үйдің іші дегендердің білдіретін мағынасы бір ғана заттың атауының аясында анықталады. Рас, түркі тілін зерттеген ғалымдардың бір тобы жоғарыда көрсеткеніміздей, үйдің іші, сарайдың іші, столдың үсті сияқты тіркестер құрамында қолданылған іш, бас, үст сөздерінің заттық мағынамен (аз болса да) қатысы бар, сондықтан оларды атауыш сөздердің қатарына қосу керек деген пікірді де ұсынады. (76, 230-231; 197, 95-98). Әрине, жоғарыда мысал ретінде келтірілген сөйлемдердің құрамында қолданылған көмекші есімдердің заттық мағынаға аз да болса қатынасы бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Салыстырыңыз, ағаштың басы дегенде біз ағаштың ең жоғарғы, ұш жағын түсінеміз. Үйдің іші дегенде көз алдымызға үйдің сыртына қарама-қарсы жағы келеді. Бұл сияқты мағынаны кез-келген көмекші есімдер білдіре алады. Мысалы, Есіктің алды ағын су (Қ.Аманжолов). Қанша тырысып бақса да, мұздың шетіне қолының ұшы ғана тиді. (Ә.Нұрпейісов). Шырағым, мен осы адамды (қашқанды) жардың астына жатқызып қояйын, сен жарға шығып үстіне секіріп түс (А.Байтұрсынов). Келтірген мысалдарымыздағы көмекші есімдер, алдында тұрған зат есімдермен бірге, белгілі бір заттың бөлшегін білдіреді. Есіктің алды дегенде есік ашылатын жақтағы жерді, мұздың шеті дегенде мұздың бітетін бөлшеri, қолының ұшы дегенде саусақтың аяқталатын жері, жардың асты дегенде жардың тегістікпен ұштасқан тұсын түсінеміз. Кей ғалымдарымыз бұл мағыналық реңкті грамматикалық септіктермен байланыстырады, кеңістік септіктерде болса олар кеңістік, мекендiк мағына білдіреді дейді. Қолымыздағы материалдардың көрсетуінше, көмекші есімдерге тіркескен кеңістік және грамматикалық (жалғаулар) септік жалғаулары олардың лексикалық мағынасына ықпал жасамайды. Септік жалғаулары толық мағыналы сөздерде болсын, көмекші сөздерде болсын бір түрлі қызмет атқарады. Яғни сөз бен сөзді байланыстырып тұрады да амал-әрекеттің бағыттаған орнын, обьектілік қатынасын, бағытын т.б. білдіреді. Мысалы, Қажы бола тұра осындай күнәкар әйелдің жатудың өзі кешірілмейтін күнә. (Ә.Әбішев). Менің жиеніме құда түскісі келмейтін, сондай көрікті қызға қызықпайтын қазақ пен өзбекті бүкіл Сыр бойынан, Қаратау қойнауынан оллаһи таба алмайсың (Ә.Әбішев)... сілекейін шұбырта ұмтылған саудагер сәумеңдеп келіп қыздың үстіне құлап еді (Ә.Әбішев). Мысалымыздағы, қасында, Сыр бойынан, қыздың үстіне дегендердегі жатыс, шығыс, барыс септіктері сол сөздерді екінші бір сөзбен (етістіктермен байланыстырып, өздері жалғанған сөздерге түрлі грамматикалық мағына қосып тұр. Әйелдің қасы, Сыр бойы, қыздың үсті дегендердің мағынасы өзгермейді. Көмекші есімдердің зат есімдерден басты семантикалық айырмашлығы олардың мағынасының толық болмауы, әлсіреуі деп есептегенбіз. Көмекші есімінің бұл қасиетін басқа тілшілеріміз де мойындайды. Бірақ кей ғалымдар көмекші есімдер септік жалғауының мағынасын нақтылайды, тиянақтайды деп есептейді (105, 439, 122, 314). Шындығында да көмекші есімдердің мағыналық толық еместігі, олардың жеке өздері, басқа сөздерге байланыспай тұрып, заттың атауы болмайтындығы дау туғызбайды. Сондықтан да көмекші есім тобына кіретін сөздердің лексикалық мағынасы нақты болмайды, жайылыңқы болады. Белгілі дәрежеде өзінің алдында тұрған ілік септікті зат есімдердің мағынaсына тәуелді болады. Осы мағына жағынан тәуелді болуы, мағынасын әлсіретуі оларды көмекші сөздер тобына қосуымызға мәжбүр етіп отыр. Тіпті, кейде көмекші есімдер мен септік жалғаулары жағына жоғынaн онша алшақтап кетпейді. Салыстырыңыз, Шымшық жолға келіп отырды деген сөйлем мен Шымшық талдың басына келіп отырды деген сөйлемдердің білдіретін жалпы мағынасы ұғымы бір-бірінен онша алшақ емес. Соңғы сойлемде шымшықтың отырған жерін нақтылап тұрған сөз бас сөзі. Бұл мысалымызда ол әрі заттық мағынада, әрі кеңестік (мекендік) мағынада қолданылып тұр. Ағаштың басына дегендегі заттық мағына ағаштың бір бөлшегін білдіруінде, мекендік мағына шымшықтың отырған жерін көрсетуінде. Біздінше ағаштың басына дегендегі заттық мағына тек бас сөзі арқылы беріліп тұрған жоқ, ағаш сөзінің үлесіне тиеді. Бас сөзінің білдіретін мағынасы ағаш сөзінің мағынасын тиянақтап, қону амал-әрекетінің ағаштың қай бөлшегінде орындалғандығын нақтылап көрсетуінде. Барыс септiгі өзінің кеңістік мағынасында қолданылып тұр. Демек көмекші есім (бас) септік жалғауының мағынасын тиянақтап тұрған жоқ.
Көмекші сөздерді орыс тіліндегі көмекші сөздермен салыстыра зерттеген ғалымдардың көпшілігі септік жалғауында жоқ нақтылықты беру мұқтаждығы туған жағдайда ғана түркі халықтары көмекші сөздерді пайдаланады дейді. Мысалы, Н.К. Дмитриев «Местные падежи «В доме” или «В городе” для турка кажется слишком неясным, слишком неопределенным: где это «в городе” - в середине его, сбоку, внутри, cнаружи? Правда, турок употребляет (местные) подобные местные падежи, но там где контекст не требует большей точности; там же где эти пространственные отношения предметов должно или просто можно определить точнее, - турок не пременно воспользуется этой возможностью, он дорожит ею, он считает её одно из типичных особенностей своего языка... Если турку нужно сказать “за деревом”, он будет говорить “в спине дерево”, используя конкретное и предметное слово «спина» чисто грамматической абстрактной функции...» -дейді (78, 120). Сөйлемдегі мағынаның нақты, дәл болуы, әрине, стильдік талаппен де тығыз байланысты. Бірақ бұдан барлық кезде септік жалғаулары арқылы көмекші есім білдірген мағынаға жуық мағына беруге болады деген түсінік тумауы керек. Мысалы, Арықтың жағасында отырдым дегенді арықта отырдым деуге болмайды. Көмекші есім мен септік жалғауын салыстырған ғалымдардың көпшілігі бір нәрсеге көңіл аудармайтын сияқты. Үйге кірдім - үйдің ішіне кірдім, тауда қар жатыр — таудың басында қар жатыр, тауға шықты— таудың басына шықты дегендерде септік жалғауы мен көмекші есімдердің синонимдік мәселесі туралы сөз болуы мүмкін емес, себебі оларда септік жалғауы өзгермейді. Тек көмекші есім түсіріліп қалдырылады. Сондықтан үйге кірдім – үйдің ішіне кірдім дегенде іш көмекші есімі қаншалықты мағынаны нақтылап тұрғандығы туралы ғана сөз болуы керек.
Жоғарыдағы мәселе күні бүгінге дейін сөз болмай келген екінші бір мәселеге түрткі болады. Көмекші есімдердің мағынасы үстеме мағына ма, жоқ әлде сөйлемді толықтырып тұратын мағына ма? Бұл мәселені сөйлемнің коммуникативтік түрлерімен байланыстыра қарау керек сияқты. Себебі, біріншіден, сөйлем құрамындағы әрбір элемент коммуникативтік талап негізінде қолданылып, сөзсіз белгілі бір кызмет атқарып тұруы қажет. Екіншіден, сөйлем тілдің ең күрделі категориясының бірі екендігі анық. Сөйлемнің әр қыры өзіндік сипатымен ажыралып жатады да, бірі екіншісімен байланысты болады. Егер сөйлемнің мағынасына талдау жасайтын болсақ, онда оның қалыптасуына бірнеше факторлар ықпал жасайтындығына көз жеткізуге болады. В.А.Белошапкова сөйлем мағынасын толықтырып тұратын үш нәрсе десе, Т.Б.Алисова оны бесеуге жеткізеді (38, 120, 10, 37). Осындай бір белгі сөйлем құрамындағы сөздердің коммуникативтік талапқа байланысты жеткілікті болуы. Көмекші сөздердің қолданылуын, басқа тұрлаусыз мүшелер сияқты, осы ойды нақты жеткізу талабынан туады. Сондықтан сөйлем құрамындағы көмекші сөздердің қолданылуын үстеме білдіру үшін қолданылған элемент деп түсінбей, сөйлемнің коммуникативтілік талабынан туған нәрсе деуге болады. Ал олардың түсіріліп қалуын сөйлемнің ассиметриялық қасиетінен іздеген дұрыс. Сондықтан да үйдің ішіне кірдім деген сөзді үйге кірдім дегенге қолдану мағына жагынан нақты болуы заңды. Салыстырыңыз, ауылдан келдім — ауылдан кеше келдім - ауылдан кеше ұшақпен келдім т.б.
Қазіргі қазақ тілінде от басы, үй іші (семья мағынасында) сияқты тіркестер де пайдаланылады. Бұларды I. Кеңесбаев тұрақты тіркес деп қарайды (113, 422). Жалпы көмекші есімнің, сондай-ақ басқа көмекші сөздердің де, тұрақты сөз тіркесі құрамында қолданылатындығын жоққа шығаруға болмайды. Сонымен бірге тұрақты сөз тіркесінің құрамында қолданылған көмекші сөздердің өзіндік ерекшелігі байқалынбайды, олар да тұрақты сөз тіркестерінің мағынасының қалыптасуына үлесін қосады, салыстырыңыз, қас пен көздің арасында, табан астында, қол ұшын жалғау, әр істің басын шалуға дегендердегі көмекші есімдерді алып тастап тұрақты сөз тіркестері ретінде қолдануға болмайды. Қас-көз арасында, қол жалғау, әр істі шалу деуге болмайды және оны басқа көмекші сөздер мен ауыстыруға да болмайды.
Көмекшi есімдердің дербес лексикалық мағынасының болмағандығынан және сөз тіркесінің дербес бір компоненті болмауынан кей ғалымдар көмекші есімдерді синтаксистік категориялардың қатарына қосады (76, 228, 200 227). Шындығында да көмекші есімдердің синтаксистік категорияларға, өте жақын тұратындығы анық, бірақ ол сөз бен сөзді, сөйлем мен сөйлемді байланыстыратын септік жалғауы мен шылауларға тең емес. Алды, арты сияқты сөздер сөйлемнің жеке мүшесі болмаса да күрделі сөйлем мүшелерінің құрамына енеді, ілік септікті зат есімдер мен бірге бір сұрауға жауап беріп, басыңқы сыңар мен байланысатын граммматикалық форманы өздері қабылдайды. Демек ілік септікті зат есім мен бірге бір синтаксистік қызмет атқарады. Бірақ бұдан таудың басы, судың басы, өзеннің аяғы, көлдің жағасы дегендер зат есімнің аналиткалық формасы емес деген қорытынды да шығаруға болмайды. Себебі, біріншіден, көмекші есімдер септік жалғауының мағынасын толықтырмайды, ілік септікті зат есімнің мағынасын нақтылайды. Екіншіден, көмекші есімдер мағына дербестігін сақтайды, олардың универсалдық сипаты шектелінген болады. Көмекші етістіктер мен септеулік шылаулардың табиғаты басқашалау. Біздіңше көмекші есімдердің, синтаксиске қарағанда, морфологиямен байланысып жатқан белгілері көптеу.
Көмекші есімдер тұлғалық құрамы жағынан бір ізді болып келеді. Қолымызда бар материалдар қазақ тіліндегі көмекші есімдердің көпшілігінің бір буынды екендігін көрсетеді. Мысалы, аст, үст, қас, жан т.б. Көмекші сөздердің құрамында кездесетін кейбір екі буынды сөздер де бар. Мысалы, ара, орта, аяқ, қатса т.б. Бұл сөздерді, этимологиясына талдау жасап, тіл тарихына тиісті материалдарға назар тастайтын болсақ, екі туынды деп жүрген көмекші есімдеріміздің өздері о баста морфологияларға ажыралатын болғандығына көз жеткізуімізге болады. Мысалы, ар-а, ор-та, қар-сы, ар-қа (35, 84, 108, 187). Қазіргі әдеби тілімізде көмекші сөздерді негізгі түбір күйінде кездестірдік деп жүргенімізбен оларды тарихи материалдар негізінде талдау жасайтын болсақ, сол тұлғаның өздері де туынды түбір сөз болғандығын анықтау қиынға түспеген болар еді. Бірақ көмекші есімдер атау тұлғада ешбір жалғау-жұрнақсыз тұрып қолданылмайтындықтан біздер сол тұлғаның өзін негізгі түбір есебінде қабылдай береміз. А.Ысқақов қазақ тіліндегі жан, жақ сөздерінің о бастағы түбір тұлғасы жа морфемасы жеке қолданылмайтындықтан жан, жоқ форманы негізгі түбір деп есептейді. Сондай-ақ аст, ұст, арна, ара сияқты сөздердің де о бастағы түбір тұлғасы ас, үс, ар болғанымен, біз қазір олардың тек аст, үст, ара, арқа формасында ғана мағына беруін есепке алып, соңғы тұлғаны ғана негізгі түбір деп есептейміз.
Кейбір көмекші есімдердің түбір тұлғасын анықтау Түркістанда біршама киындық туғызатындығы сыр емес. Мысалы, үшін алд, алт,үст сөздерін алып көрелік. Бұл сөздердің құрамындағы д, т түбірге қосылған қосымша морфема, бірақ оның қандай қосымша екендігі қазірше даулы. Дегенмен, қазіргі қазақ тілінде алд, аст, үст формасы жиі қолданылады. Ешқандай қосымшасыз ал, ас, үс морфемасы жеке қолданылмайды, қолданса да мағына білдірмейтін дыбыс тізбегі болып шығады. Ал, ас, үс сияқтылардың морфема екендігіне көне түркі тілдеріндегі ұза, үзде, асра сөздері дәлел бола алады. Сонымен бірге қазір түбір морфема екендігі анық байқалынатын сөздердің өздері тәуелдік жалғаусыз көмекші есім қызметінде қолданылмайтындығын да ескеру керек сияқты. Бір ескерте кетерлік жай алд, аст, үст сөздерінің құрамында қолданылған д, т, элементтері тек көмекші есімдерде ғана кездеседі, басқа сөз тобының құрамында келетін сөздерде кездеспейді. Рас, қазақ тілінiң ауызекі сөйлеу тілінде алға, алда, үске формалары қолданылып, т элементі түсіріліп айтылады. Мысалы, Тобықтыға абырой әперіп, ұлық қып, үске шығарып қойған да өздері (М.Әуезов). Осы жерде бурыл ат есік пен төрдей алға түсе беріп еді (М.Әуезов). Біздіңше мысалымызда қолданылған үске, алға сөздерін көмекші есім деп санамай, үстеу деп қараған дұрыс. Көмекші есім қызметіндегі қолданылатын сөздердің барлығы да бірдей құрамында д, т дыбысын тіркеп қолданылмайды. Бір топ көмекші есімдер, қазіргі кезде атауыш сыңары көп қолданылатындары, д, т дыбыстарынсыз қолданылады. Жалпы т, д дыбыстарымен келген көмекші есімдерге қарағанда екінші топтағы көмекші есімдер - лексикалық мағына дербестігі анық байқалынатын, түбір тұлға күйінде атауыш сөз қызметінде жұмсалынатын сөздер. Егер қас, жан, жақ, іш, бас сөздері көмекші есім қызметінде қолданылу үшін тәуелдік жалғау формасында тұрып, екінші бір зат есімнің жетегінде қолданылатын болса, атауыш сөз (зат есім) қызметінде қолданылғанда тәуелдік жалғауын қажет етпейді, екінші бір ілік септікті зат есімді не зат есім қызметінде қолданылған сөзді қажет етпейді. Мысалы, Қасы сүзіліп кеткен, қабағы салбырап Мұқаметшенің оң жағына келіп отырды. (Х.Есенжанов). Екі жақ та адамдарын төбенің басына шығарып даяр болып қалысқан (Ғ.Мсірепов). Қолдан келер амал жоқ, іш қазандай қайнайды (мәтел) дегендегі қасы, жақ, іш сөздері мен ауылдың қасы, үйдің оң жағында, үйдің іші дегендегі қас, жан, іш сөздерінің қолданылу үлгісі пікірімізге дәлел бола алады.
Көмекші есімдер аздаған өзгешeлiктермен зат есім үлгісінде түрленетіндігі анық. Дегенмен де көмекші есімдердің септеліну үлгісінде өзіндік ерекшеліктер болатындығы байқалынады.1 Мысалы, көмекші есімдер септелінгенде септік жалғауы мен түбір арасына н дыбысын қосып барып қана септеледі.
1 Көмекші есімдердің түрленуіндегі ерекшеліктер туралы кейінгі тарауларда арнайы сөз болады.
Бұл түркі тілдерінің барлығына бірдей заңдылық емес. Мысалы, қазіргі өзбек тіліндегі көмекші есімдер и дыбысын қажет етпей-ақ септік жалғауын қабылдай береді. Ал түркі тілдерінің тарихына тиісті жазба ескерткіштерде, сондай-ақ өзбек тілінің тарихына тікелей қатысы бар Ә.Науаи, М.З.Бабыр шығармаларында аз болса да и дыбысы қолданылған. Мысалы, Хужрайи қалб ичинда баш сиғуруи ( Өзини ул Хужра кунджа йашуруп ). (Ә.Науаи). Қолымыздағы материалдардың көрсетуінше, Науаи, Бабыр шығармаларында н өте сирек қолданылған, қазіргі өзбек тіліндегі сияқты септік жалғаулары тікелей тәуелдік жалғауының үстіне қосыла берген.Салыстырыңыз ямон билан, яхши орасида куп фарқдур; икки кеманинг учин тутқон ғорикдур (Науаи). Жабраил алайқис-салом бир тоғни ердан кутариб ул қавм баши устига келтурди» (Науаи ). Ушул хаел билан Васмандтин намази пешиндин сунг Самарқанд усига илгадук (Бабыр). Нича кундин кейин Дахқат Уратепанинг кухноя контларидиндур, улуғ туғнин тубида тушубтур (Бабыр) т.б.
Біз сөз етіп отырған н элементін кейбір түркітаным пәнінің өкілдері шығыстық н (восточный н ) деп атап, оның табиғатын анықтау үшін азын-аулақ пікірлер айтқан. Нда, нде қосымшамасының құрамындағы н көне дәуірден бері қолданылып келе жатқан мофема екендігін анықтау мүмкін, бірақ оның мағынасын анықтап, этимологиялық анықтама беру жұмысы аяқталған деуге болмайды. Ол туралы айтылған пікірлердің ала-құлалығы көп, қарама-қарсылығы мол Н элементінің табиғатын толық ашып беруге тіл тарихына тиісті материалдар да, қазіргі түркі тілдерінің материалдары да жеткіліксіз болып отыр. Тілде басы артық элемент болмайтындығын мойындасақ та біз н элементінің мағынасын дөп басып бере алмаймыз. Сондықтан Г.Абдрахманов « Употребления -н- в языке «Девону луғат –ит турк»,памятники народного разговорного языка, указывает на то, что –н- употребляется не для «благозвучия» (как это недавно полагали, да и сейчас полагают ученые), а является остатком определенной грамматической категории, -деп өте дұрыс айтқан. (1,36 ). Бірақ н элементінің қандай мағынада қолданылғандығын табу қиын болып тұр. Н (нда, нде өқрамындағы) элементі Х1 ғасыр ескерткіштерінде ғана емес, одан бұрын жазылған орхон-енисей жазу ескерткіштерінде де қолданылған. Мысалы, қаңім 1таріс Қақанық, өғім лбілга қатунң, таңрі толасінта тутуп лагаруэкотурміс арінч «Небо руководя со своих (небесных) высот отцом моим Ильтерешем –кзганом и матерью моей, Ильбильгия катун, возвысло их (над народом) » (ҚТб-11щ). Ачім қақан ілі қамашық (қамшақ) болтукынта «будун ілзігі кагі болкунты ізгіл будун бірла суқушдіміз, «Когда племенный союз моего дяди-когана стал мятежным и в народе стали появляться зависть и вражда, мы сразились с народом изгилей » (ҚТб-43). « На третий год снова поблагадати неба все было благополучным и совершенным (букв увидели друг-друга)» ( Гадательная книжка 21-22). т.б. Бұл морфема М.Қашғари сөздігінде де, Тефсирде де қолданылған. Мысалы, бөг қабінде «бек жанында» (Деван,1,31) «Ағаш ұшына жел тиеді, Жұмсақ адамға сөз келеді (Дев, 1,310) Ол шаһар ішінде бір заһид бар арді ел учинда сум, а қіліб інджіп оқір арді «в этом городе был один отшельник, он сделал себе келью на краю города и читал искание» (Тефсир). Акар анің алтіндін аріклар «\Текут под ними реки» (Тефсир). т.б.
Көне түркі жазба ескерткіштер тілінде н омонимдес қосымша болған болуы да ықтимал. Мысалы, Х-Х111 ғасыр жазба ескерткішінің тілін арнайы зерттеген А.М.Щербак бұл қосымшаны құралдық септік (инструментальный падеж) жалғауы деп есептейді (300,88,89) С.М.Муталлибов Х1 ғасыр жазба ескерткіштерінің тіліне негізделіп –ін, -ын, -н ілік септігінің қосымшасы деген де пікір айтады. Пікірін дәлелдеу үшін мынадай мысал келтіреді. Соқинч, өағду боғин буройин тею: Уғул-қиз атосин суғорқоғу ул (137,40). Түркі тілінің тарихын жетік білген, қосымшалар тарихына арнайы қызыққан Э.В.Севортян бұл қосымша туралы екі түрлі пікір айтады. «В самом деле показатель винительного падежа состоит из согласного «и» с последующим (при последственных формах имен во многих формах) узким гласным: т.е. –ны, -ни, -ну, -ин, -ын, -ды, -уи..., в этимологическом отношений занимают изолированное положение, и сказать о них что-либо в связи данной темой не представляют возможным», -деп қиналса, (220,94) сол мақаланың екінші бір жерінде ң тәуелдік жалғауынан кейін жалғанатындығын ескертеді. (220,92).севортян Севортян Э.В., екінші бір еңбегінде табыс септігінің –да, -ты, -ны, -ні қосымшасы туралы айта келіп «Кроме проведенных выше двух показателей винительного падежа известно, еще древняя форма –(ы) н, специально употреблявшаяся лишь при пассивных формах имен. Аффикс –(ы) н регулярно появляется в енисейско-орхонских памятниках во всех случаях когда имя нарушено аффиксом принадлежности» -деді. (218). Қолымыздағы тіл тарихына тиісті материалдардың көрсетуінше –ып, -іп, (н) тәуелді табыс септігінің қосымшасы болғандығы анық. Бірақ, басын ашып алу қажетті болған екі жағдай бар. Ол көне түркі тілі ескерткіштерінде табыс септігінің –ын,-ін, -н қосымшасымен бірге –ны,-ні қосымшасы да қолданылады. Екінші жағдай -бұл екі қосымшасының қолданылуында, мағынасында айырмашылық бар ма, жоқ па деген мәселе (44,179).
Екінші бір топ ғалымдар н септік жалғауы емес, тәуелдік жалғауының қосымшасы деп бірінші топтағы ғалымдардың пікіріне қарсы пікір айтады. Ф.Г.Исхаков түркі тлдеріндегі –ул,-ун,-ынт,-инт,-ну,-нү,-ны,-ні қосымшаларымен келген сөздерді салыстыра отырып, оны тәууелдік жалғауының қосымшасы деп есептейді. (104,124-125). Э.В.Севортян да тәуелдік жалғауының екінші жағының қосымшасының құрамында н,-ын,-ин,-уи формасының болғандығын көрсетеді. (219,40-45). Қазіргі түркі тілдерінде иф элементі тәуелдік жалғаулы сөздерде қолданылатындығы, өзінен кейін келген септік жалғауларымен бірге айтылып, сол септіктің қосымшаларының бері ретінде тін алынып жүргендігі даусыз. Мысалы, баласына, баласында (баласы,-нда6 бала-сы-на т.б.) Н элементінің бұл қасиеті көне түркі жазба ескерткіштеріне тиісті материалдарда да байқалынады. Мысалы, А.Югнакидің « Хибатул Хакаиксында » Салабаг ичиндә Умар тәк жуван, (Саховат сомақат тутор Усмани «Атухорада» қаршыларына, кулуна, алтында, буйинда сияқты сөздер қолданылған. Бірақ бұл мысалдар н элементінің тіуелдік жалғауының көне қосымшасы болғандығын дәлелдеп бере ала ма? Екінші бір ескеретін нәрсе, бір сөзге тіуелдік жалғауы үсті-ұстіне қосыла бере ма? Түркі тілінің материалдарының көрсетуінше тәуелдік жалғауы үсті-үстіне екі рет қосыла бермейді.
Үшінші бір топ ғалымдар н элементін шығыстық –н деп атайды да оған арнайы мағына телімейді.(1,36).
Қазір қазақ тіліндегі жатыс, септігінің –нда, -нде қосымшасы, біздіңше, құрамды қосымша болуы керек. Оларды –н, -да, -н, -де екі морфемаға, тарихи жағынан, бөлуге болады. Бұлардың құрамындағы бірінші элемент –н түркітанымда «шығыстық н» деп жүрілген н дыбысымен төркіндес. Нда, -нде қосымшасы нақ осы құрамды күйінде М. Қашғари сөздігінде қолданылады. Э.Р. Тенишев н спирантын табыс (і, -н, -і), шығыс (і, -н дің) , жатыс (і –н –да), (251,199), барыс (і –н- га) (251,209) септіктерімен тіркесіп қолданылатындығын көрсеткен болатын. Бірақ Э. Танишева –нда, -інде қосымшасының құрамындағы ол, -і спирантын тәуелдік жалғауының ІІІ жағының қосымшасы деп, да, де жатыс септігінің қосымшасы деп көрсеткенімен, н элементі туралы ауыз ашпайды, тек жеке элемент екенін көрсетіп кеткен (231,199). Н элементі «шығыстық н» деп атау М.А.Батмановтың еңбегінде де кездеседі. «В дательном –направительном и местном падежах еще в енисейских периодах между прятяжательными и падежным аффиксом вводиться «восточный н». Оно сохраняется в рассматриваемой группе языков (тувинский, хакасский, шорский, алтайский, языках) в этих падежах возник и в исконной» - дейді (36,175). М.А Батмановтың көрсеткен тілдерін ары қарай жалғастырып бұл н, қазіргі қазақ, қарақалпақ, ноғай, құмық т.б тілдерде де қолданылатындығын көрсетуге болады. М.А.Батманов өз пікірін ары қарай жалғастырып, «Предположения о том, что в этом случае восстанавливается «Н» входящий в состав притяжательного аффексом выглядев шего в виде сын, ын, на материале орхонских и енисейских памятниках о рассматриваемых живых языков подтверждается: ни в одном из них в именительном или основном падеже указанный аффикс не содержит конечного «Н», - дейді (36,175). Әрине М.А.Батмановтың тәуелдік жалғауының қосымшасы енисей жазба ескерткіштерінде сын, ын формасында болған деген пікіріне қосылуға болмайды, ал «шығыстық «Н» тек тәуелдік жалғаулы сөздермен байланысты ғана қолданылады дегеніне қосылуға болады. Сонымен бірге атау септікте тұрған тәуелдік жалғаулы сөз ешқашан н элементін қоспайтындығы да шындық.
Азербайжан тілінің маманы В. Аспанов азербайжан тіліндегі диффузияға ұшыраған біріккен түбірлерге талдау жасай отырып « ...слова алдына, жақ» ни как азенә, состоит из корня адз (другой, чужой), өз (свой), аффикс принадлежности – ы с присоединительным н и аффикс дательно- направительного падежа», - деп н элементін байланыстырушы деп айтады (18,116). Түркі тілін зерттеуші ғалымдардың арасында байланыстырушы элемент терминін қолданушылардың бар екендігін жоққа шығаруға болмайды (240,54). Бірақ байланыстырушы элемент тілдің қазіргі сатысымен байланысты айтылады. Дегенмен де олар тіл тарихында белгілі бір мағынаға ие болып, белгілі бір қызмет атқарған. Сондықтан байланыстырушы элемент термині де, шығыстық н термині де –нда, -нде қосымшасының құрамындағы, н элементінің н мағынасын, қызметін анықтауда ешқандай нақтылық қоса алмады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет