Атауыш сөздердің көмекші есім қызметінде қолданылуында негізгі қызметті лексикалық мағынаның солғындауы атқарады. Бірақ бұл біртіндеп болатын және ұзақ уақытқа созылатын құбылыс болып саналады. Ф.Р. Зайналов «Служебные слова в тюркских языках восседает к словам с конкретным лексическим значением. Постепенно полностью или сачтично теряя последнее в ходе исторического развития языка, они стали выполнять вспомагательные функций», - деп көмекші сөздердің қалыптасуындағы мағынаның дерексізденуін басты критерий етіп көрсетеді (93,28). Бірақ кез-келген сөз уақыттың өтуімен байланысты мағынасын дерексіздендіріп, өздерінің лексикалық мағынасының дербестігін әлсіретіп, көмекші сөздердің қатарына өте алмайды. Бұл процесс жалпы түркі тілдеріне бірдей қатысты болса да, әр тілдің ішкі заңдылықтары өздерінше түзетулер енгізеді. Бұған мысал ретінде түркі тілдерінде қолданылып жүрген көмекші есімдердің құрамын санап өтудің өзі жеткілікті. Салыстырыңыз, хақас тілінде көмекші есім қызметінде төзінде (төсінде), хазрина (қырында), озаринда (сол сыры-оған қарай) сөздері көмекші есім қызметінде қолданылады. Бұлар басқа тілдерде көмекші есім қызметінде қолданылмайды. Қазіргі түркмен тілінде қат қазіргі қазақ тіліндегі жан сөзімен мағыналас болып көмекші есім қызметінде қолданылады. Қат сөзі көмекші есім өызметінде М.Қашғари сөздігінде де қолданылған. Мысалы, бэг қатінда «бек жанында» (МҚ,1,311). Қат сөзі Абу Қайанның сөздігінде де (206,21), « Ат-тухфада» да (95,253) жаны, қасы мағынасын білдіріп, көмекші есім қызметінде қолданылады. Қат сөзінің көмекші есімдік қызметі қазіргі қазақ, өзбек тілдерінде сақталынбағанымен, қазіргі түркмен тілінде сақталынған. Ыз (қазақша із) сөзі қазақ тілінде тек атауыш сөз қызметінде ғана қолданылса, ал қарақалпақ, түркмен тілдерінде ол көмекші есім қызметінде қолданылып, қазіргі қазақ тіліндегі арты көмекші есімімен мағыналас болады. Мысалы қарақалпақ тілінде: Аманның гырра изине қайтты (Т.Қайыпбергенов). Жау қорқар мәрттиң жүзінен (Бердак), түркмен тілінде: Арбаның ызынан йормек (Түркмен дили сөзлиги) т.б.
Белгілі бір тілдің сөздік құрамында кездесетін сөздердің қай түрі өзінің лексикалық мағынасын дерексіздендіріп, көмекші сөздердің қатарына өте алады? Біздіңше, ондай сөздер бар және олар аз да емес. Ең алдымен, өздерінің нақтылы лексикалық мағынасын дерексіздендіруге бейім сөздер – сөздік қатардағы сөздер. Рас түркі тілдерінің кейбіреулерінде басқа тілдерден енген кірме көмекші сөздер кездеседі. Мысалы, тарап, қадар, рубару, рупара, хақида, хусусыда сияқты кірме сөздер қазіргі өзбек тілінде септеулік шылау қызметінде қолданылады. Ал көмекші есімдердің құрамында кірме сөздер (чуваш, саха тілдерін есепке алмағанда) өте сирек қолданылалы. Жоғарыдағыдай көмекші сөз құрамында кірме сөздердің қолданылуын мына жағдайлармен байланысты деп қарауымыз керек. Біріншіден, бұл сөздер басқа тілге кірместен бұрын-ақ, сол тілдің өзінде көмекші сөз қызметінде қолданылған не соған дейін сөздер болуы керек. Екіншіден, бір тілден екінші тілге көмекші сөздер ену үшін ол тілдің ықпалы өте күшті болуы керек. Үшіншіден, түркі тілдерінің тарихына көз салып қарайтын болсақ, кірме көмекші сөздердің барлығы жазба әдеби тіл арқылы енген. Ауызекі сөйлеу тілінде олар қолданылмаған болуы ықтимал, олардың баламасы қолданылғын. Қазақ тілінде де, араб-парсы тілінің ықпалы онша күшті болмаған, араб-парсы тілдерінен енген хақында, тарап сияқты сөздер қолданылады. Біздіңше, бұл көршілес өзбек,ұйғыр тілдерінің ықпалынан, не жазба әдебиетінің игілікті әсерінен болған болуы керек. Дегенмен де кірме көмекші сөздер қазақ тілінде, өзбек не ұйғыр тілдеріне қарағанда әлдеқайда аз. Ал көмекші есім қызметінде қолданылатын сөздердің барлығы төл қазақ (түркі) сөздері болып келеді.
Сөздік қордағы сөздердің барлығы да бірдей мағынасын дерексіздендіріп көмекші сөз қатарында қолданыла бермейді. Ондай сөздер, көмекші сөз қызметінде қолданылатын сөздер өте конкретті зат атаулары болады (231,207) «Айтылған пікірімізді дәлелдеу үшін тіл тарихына тиісті материалдарға жүгінуімізге болады. Көмекші есім деп жүргізген сөздеріміздің этимологиялық түп-төркініне талдау жасап қарайтын болсақ,олардың көпшілігі адамның дене мүше атаулары не қолмен ұстап көруге болатын зат атаулары болғандығына көз жеткізуге болады.(184). Мысалы, алды сөзінің түбірі ал (көне түркі тілінде маңдай мағынасын білдірген) үст сөзінің түбірі үс (көне түркі тіліндегі юз-жүз сөзінен өрбіген,мағынасы бет).б. Шылау сөздердің тарихы да өте көне заманнан басталған. Сондықтан олардың этимологиялық негізін анықтау сәл қиындық туғызады. Дегенмен де олар конкретті зат не қимыл атаулары негізінде дамығандығында сөз жоқ.
Көмекші есімдердңғ көпшілігі адамның дене мүше атауы негізінде дамыған дедік. Олай деуімізге семантикалық негіз де бар. Біріншіден, адамның дене мүше атаулары өте конкретті зат атаулары және өте актив лексикалық элементтер болып саналады. Ерте кезде де, қазіргі күнде де адамдар дене мүше атауларынан басқа бір заттарды түсіндіру үшін басқа заттармен теңеп, салыстырып қолданады. Бұндай қолданылу өте қарапайым болса да, нақтылы және дәл болады. Мысалы, жұдырықтай тас, аттың басындай бақ, бармақтай жора, үш елі қазы, бір қарыс жер, бір құшақ отын т.б. Екіншіден, адамның дене мүше атаулары тек адамға байланысты ғана қолданылмай жан-жануарларға байланысты да қолданылады. Мысалы, қойдың басы, иттің басы т.б. Демек олардың о бастан-ақ лексикалық мағынасының құрамы мағынаны дерексіздендіруге,кең көлемдегі абстракция жасауға негіз болған. Үшіншіден, дене мүше атауларының өте ерте дәуірден бері қолданылып келе жатқандығы, көп қолданылуы және мағына шеңберінің кеңеюі олардың өздерінің түп (номинативтік) мағынасынан алшақтап, түрлі грамматикалық мағына білдіру үшін қолданылуына жағдай жасаған. Көмекші есімдермен байланысты айтылып жүрген этимологиялық зерттеулер осындай қлрытындыға келуімізге итермелейді. Сондай-ақ, шылау сөздердің құрамында да этимологиялық жақтан адамның дене мүше атауларымен байланысы бар сөздердің бар екендігін көрсетеді (125,122). Бірақ бұдан акад. Н.Я.Марр айтқандай , барлық көмекші сөздер дене мүше атауларынан өрбіген деген (160,99-100) қорытынды шығаруға негіз болмайды. Себебі көмекші сөздер арасында кездесетін дейін, кейін, қорап сияқты сөздердің адамның дене мүше атауларымен байланысы жоқ.
Көмекші сөздердің нақтылы лексикалық мағынасының дерексізденгендігін олардың жеке өздері тұрып заттық мағынаны білдірмей, мағынасының әлсірегенінен байқауға болады. Деректі зат есімдер тек мағына дербестігін әлсіретіп барып қана көмекші сөздердің қатырына өте алады. Мысалы, бас сөзінің ағаштың басы, судың басы, айдың басы, жұмыстың басы дегендегі мағынасы мен адамның дене мүше атауы болғандағы мағынасы тең емес. Кез- келген басқа адамның дене мүше атаулары да осындай жалқылық мағына шеңберін кеңейткен жағдайда ғана көмекші сөздердің қатарына өте алады. Сондықтан А.С.Боркударовтың « Любое конкретное слово, чтобы стать служебным, надо прежде получить абстрактное значение»,-дегені шындыққа жақын(37,10). Сөздер мағына шеңберін кеңейтіп, абстракты мағынаға ие болу үшін де бірнеше шарттар керек. Осындай шаттардың біреуі- олардың көп қолданылартын сөз болуы болса, екіншісі- тіркеу қабілетінің кеңеюі.
Көмекші сөз қызметінде қолданылатын сөздер көп қолданылатын сөз болу керек, пассив лексика құрамындағы сөздер көмекші сөз қатарына өте алмайды. Кейбір деректі зат есімдер екінші бір атауыш сөздермен тіркесіп келіп, белгілі бір жағдайларда көмекші сөз қызметіне жуық деңгейде қолданылады.Мысалы, Талдың көлеңкесінде отыр деген мысалдағы көлеңке сөзінің мағынасы көмекші есімдерге жуық, бірақ көмекші есім емес. Көмекші есім болу үшін бір типтегі тіркестерде көп қолданылмаса, өзі көмекші есңм болса да, сондай тіркестерде қалыптасып қолданылмаса, олар тұрақты тіркестің аясында қалып қояды не өтпелі кезеғдегі сөздердің бір көрінісі ретінде қолданылады. Мысалы, жең ұшынан жалғасу, аяқ ұшымен жүру, алдына жан салмау, көз алдынан өту т.б. Мысалымыздағы көмекші есімдердің тұрақты өз тіркесінің аясындақалуына,біздіңше көп қолданылмай, керекті жерінде, әсерлі жеткізетін ойларды білдіруде ғана қолданылуы әсер еткен. Сол сияқты кейбір сөз туысқан, бір- біріне гениологиялық жағынан өте жақын тілдерде көп,аз қолданылуынс қарай көмекші сөздің құрамына енуі де, енбеуі де мүмкін.Мысалы, із сөзін алып қарайық. Із сөзі қазіргі қарақалпақ, түркмен тілдерінде көмекші есім қызметінде қолданылады.Жоғарыда мысал ретінде көрсетілген екі сөздің екеуі де қазақ тілінде қолданылады. Салыстырыңыз: Машинаның ізі, адамның ізі, жердің жүзі, дүние жүзі т.б. Бұл жердегі ізі, жүзі сөздерін көмекші есім деп қарастырмаймыз.Олар көмекші есім қызметінде қолданылу үшін а) сондай сөздердің бірнешеуімен тіркесуі керек; ә) дағдылы тіркес схемасына түсіп көп қолданылуы керек; б) мағынасын дәрексіздендіріп, абстракты, жайылыңқы мағынада қолданылуы шарт. Із сөзі өзінің нақтылы мағынасын дерексіздендіре алмаған, азын –аулақ сөздермен ғана тіркесетін болғандықтан көмекші сөз болып есептелінбейді. Жүр сөзі туралы ғана айтуға болады. Бірақ өзбек тілінде ол, қазақ тіліне қарағанда, жиірек қолданылады да, қазақ тіліндегі бет сөзімен – мағыналас болады. Мысалы, Кеча кулганда назли Вояга юзи Эгилиб жилмайнб, гузал куринар (Х.Олимжан). Тусатдан жойимдан пастда кучанинг нариги юзида Муқаддасни куриб қолдим (О.Еқубов). Түркмен тілінде: Асманның үйзүнден гара булут бадабат сырлана донди(Г.Кулиев). Вагт гечмәнди, сөз сөзе, сетире сетире уланынып, ики бейтлер бейниде пейда болупды, галам енлик била нагыз иұзүнде гузмәлзәшди (Г.Кулиев). Жоғарыдағы мысалдарымызда жүз сөзі белгілі бір заттың үстіңгі қабаты, жоғарғы беті деген мағынада қолданылып, өзінің заттық мағынасынан (адамның дене мүшесінің атауы) алшақтап, көмекші сөз ретінде жұмсалып тұр.
Зат есімдер, жалпы толық мағыналы сөздер, көмекші сөз мағынасында қолданылу үшін өздерінің мағына шеңберін кеңейтіп, контестпен байланысты анықталатын мағынада қолданылуы қажет. Нақтылы заттың, амал – әрекеттің мағынасы сөздердің мағынасының дерексізденуінде, дербестігінің әлсіреуінде сөздердің көп мағыналық сипаты көп мағынаға ие болуы шешуші қызметінің бірі ретінде көрінеді. Біздіңше, сөздердің көп мағынада қолданыла бастауының өзі сөздердің нақтылы лексикалық мағынасының дерексіздене бастағандығынан хабар беретін бір белгі болу керек. Бір мағынада, тар мағыналық шеңберде қолданылатын сөздедің көмекші сөз қызметінде қолданылуы түркі тілдерінде байқалынбайды. Мысалы, ара, оң (бояуы кету), ойын, меже, мезгіл, масыл, лепір, ош, тарка, тес, уыс сияқты сөздер сирек қолданылатын не мағына шеңбері тар болғандықтан да көмекші сөз қызметінде қолданыла алмайды. Рас, көмекші есімдердің барлығының да лексикалық мағынасының дерексізденуі бірдей емес. Ертеден келе жатқан бас, арт, аст,үст, орта сияқты көмекші есімдердің білдіретін мағыналары кейінгі кезде көмекші сөз қызметінде қолданыла бастаған соң, аяқ, қас сияқты сөздерге қарағанда кең , соңғыларының мағына шеңбері тар. Олардың қолданылу өрісі ед, жиілігі де бірдей емес. Зат есімдердің көмекші есім ретінде қолданыла бастаған дәуірдегі мағынасын салыстырып қарайтын болсақ, соңғы кездегі мағынасының кең, бай екендігіне көз жеткізу оңай. Мысалы, М. Қашғари сөздігінде етек (этак) бір ғана мағынада (подол) қолданылған. Ал қазіргі қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде етек үш түрлі мағына бар деп (132,467), өзбек тілі түсіндірме сөздігінде де 6 мағына (263, 455), татар тілінің түсіндірме сөздігінде де 6 мағына (248, 433) бар деп көрсеткен.
Толық мағыналы сөздің көмекші сөз қызметінде қолданылуы ұзақ уақытты қамтитын процесс болып есептелінеді де алғашқы кездерде олар осы екі қызметте де қатар қолданылады. Олардың атауыш сөз қызметі мен көмекші сөз қызметінде қолданылғандығын контексттен ғана ажыратуымызға болады. Мысалы, қазіргі күнде көмекші есім деп жүрген сөздеріміз осындай қасиетке ие. Уақыт өтуімен байланысты толық мағыналы сөздердің көмекші мағынада қолданылған сыңарларымен арасындағы байланысы үзіліп, оның толық мағыналы сыңары ұмытылып кетуі де ықтимал. Мысалы аст, үст, үшін, дейін т.б. Адам ойының абстракциялануының нәтижесінде кей сөздер тек грамматикалық қарым – қатынастарды білдіру үшін ғана қолданылатын дәрежеге жетеді. Бұған мысал ретінде қазақ тіліндегі көмектес септігінің – мен, - пен, - бен қосымшаларын келтіруге болады. Олар бір кездерде бірлесу тұлғасында қолданылып, қазір қосымша дәрежесіне дейін жеткен.(40;172). Жоғарыда айтылған пікіріміз дәлелді болуы үшін екі – үш көмекші есімдердің түп – төркіндеріне талдау жасап көрейік.