Қасында, жанында, қасына, жанына дегендегі н дыбысының қолданылусырын тек көмекші есімдермен байланыстыру дұрыс болмайды. Қазақ тіліндегі (басқа түркі тілдерінде де) на, -не, -нда, -нде қосымшасының қолданылуын тәуелдеулі септікпен байланыстыра қараған жөн сияқты. Екіншіден, -нда, -нде қосымшасы ең көне жазба ескерткіш болып саналатын орхон-енисей тілінде де қолданылатындықтан оның тарихын , орхон-енисейден бұрынғы дәуірден бастау керек. Сондықтан жорамал айтуға ғана мүмкіндігіміз бар. Қазіргі түркі тілдерінің материалдарының көрсетуінше, н тәуелдік жалғауының қалдығы (рудменті) бола алмайды, ол табыс септігінің қосымшасы сияқты. Бұл қазіргі қазақ тілінің материалынан да байқалынады. Қазіргі қазақ тілінде жатыс септігінің –да, -де (жай септеу үлгісінде) және -нда, -нде (тәуелдеулі формасында) жалғаулары бар. Байыптап қараған адамға бұл екі қосымшаның білдірген мағыналарында аздап айырмашылығы бар екендігін байқауына болады. Салыстырыңыз, қарда суық бар, қыстың қарында суық бар, үйде кітап бар, үйінде кітап бар, кітапта жазылған, кітабында жазылған т.б. Келтірген мысалымызда –нда, -нде қосымшасы қосылған сөздердің мағынасы –да, -де жалғауы жалғанған сөздерге қарағанда нақтылау, дәлдеу. Әрине бқл жердегі нақтылық тәуелдік жалғауы арқылы беріліп тұр десек те болады. Біздіңше, нақтылық тәуелдік жалғауы арқылы да, н арқылы да беріліп тұр. Осы мағыналық реңкке сүйеніп, тіл нормасындағы н элементінің мағынасын есепке ала отырып –ында, -інде қосымшасының құрамындағы ы элементін тәуелдік жалғауының қосымшасы, н – табыс септігінің қосымшасының қалдығы, да – жатыс септігінің қосымшасы деуімізге болады.
Жоғарыдағы пікірімізді жинақтайтын болсақ біріншіден, н – тәуелдік жалғауының қосымшасы бола алмайды. Екіншіден, -нда, -нде, -нға, -нге, -на, -не, -ны,-ні деген формалар тек тәуелді септеу үлгісінде ғана қолданылады. Жай септеу үлгісінде ол сақталынбаған. Н элементінің тәуелдік жалғауы бола алмайтындығын мынадай жағдаймен байланысты дәлелдеуге болады. Біріншіден, тіл тарихына тиісті материалдарда болсын, қазіргі түркі тілдерінде болсын атау септікте тұрған тәуелдік жалғауының формасы ын болғандығын дәлелдейтін тілдік факті жоқ. Ал табыс септігі тәуелдеулі септеліну үлгісінде ып, -ін қосымшасына ие болатындығын дәлелдеп жату қажет емес. Мысалы, Әкесін көріп ұлын ал, шешесін көріп қызын ал (Мақал) т.б. Екіншіден, қазіргі түркі тілдерінде ын қосымшасынан кейін табыс септігі қосылмайды. Яғни –нда, -нде, -на, -не үлгісімен –нды, -нді формасы қолданылмайды. Қазіргі қыпшақ , қорлуқ, оғыз тілдерінің заңдылығы негізінде бағалайтын болсақ, септік жалғауларының бірігуінің үстіне екіншісі үстемелеп жалғасу қасиеті жоқтығы байқалынады, рас , өзгеге, басқаға сөздерінде екі септік кездеседі. Бірақ бұл жерде бірінші барыс септігінің қосымшасы затқа өздерінің мағынасын, қызметін беріп өз мағынасын өзгерткен, оларды бір септік жалғауы деп есептейміз. Өзге, басқа қазіргі қазақ тілінде екі морфемадан құралған сөз деп есептелінбейді. Ал тіл тарихына тиісті материалдарда, аздап болса да, бір септіктің үстіне екінші бір септіктің қосылғандығын көрсететін мысалдарды кездестіруімізге болады. Мысалы, Қ.Ф.Благова «Қудатғу білік» дастанында қолданылатын бізіңа, бізіңда, кіміңдің формаларын морфемаға ажыратып біз, кім –түбір, ін – ілік септігінің қосымшасы, ал а, -да, -дін, барыс (септігі), шығыс септіктерінің қосымшасы, деп есептейді. (44,109). Үшіншіден, ы тәуелдік жалғауының қосымшасы, н, -де тәуелдік жалғауының қосымшасы дейтін болсақ, онда тәуелдік жалғауының үстемелей қолданылуынан мысал беру керек болады. Қазірше коллекцияда ондай дәлел жоқ.
Көмекші есімдер зат есім не зат есім қызметінде қолданылған екінші бір атауыш сөздің жетегінде қолданылатындығы анық. Бұл екі сөз бір-бірімен матасу (ғылыми тілде айтқанда изафеттік қатынаста) жолы арқылы ғана байланыса алады, Егістің басы, үйдің іші, ауылдың маңы, таудың етегі, мектептің айналасыдегендердегі іші, басы, маңы ,етегі ,айналасы деген көмекші есімдер тәуелдік жалғау формасында тұрып өзінің алдындағы егіс, үй, ауыл, тау, мектеп сөздерінің ілік септік формасында тұруын талап етіп тұр. Көмекші есімдер тек осы тәуелдік жалғау формасында тұрып септелінеді, көптелінгенде де тәуелдік жалғауын қабылдайды. Мысалы, алдына, басына, алдынан, басынан, алдын,басын, алдарынан, бастарынан, алдарында, бастарында т.б. Біздің топшылауымызша, көмекші сөздерге сөз тудырушы жұрнақ қосылып туынды түбір жасалынбайды. Бұл қағидадан тек дағы, -дегі жұрнағы ғана тыс жатады. Яғни сын есімнің дағы, -дегі жұрнағы көмекші есімдерге қосылып туынды түбір жасайды. Мысалы, алдындағы ер кісі, қасындағы жолдасы, тауыдың етегіндегі үй т.б. Бұл бүгін не кеше бола салған құбылыс емес сияқты, оның көне тарихы бар. Қасындағы, ішіндегі туынды түбір ХІІ ғасыр ескерткіші болып саналатын «Ат –тухфада» арнайы көрсетілген. Салыстырыңыз, қатымдағы, «находящийся возле меня», қатыңыздағы, қатыңдағы т.б. (95,193).
Көмекші есімдер өздерінің лексикалық мағына дербестігін жоғалтқандығы үшін де өзінің алдында тұрған зат есімдердің мағынасымен қосылып, солармен бірге сөйлемнің бір күрделі мүшесінің құрамына енеді. Көмекші есімдер, көбінесе, мекендік не мезгілдік мағыналы сөздермен тіркесіп сол мағынаны нақтылау үшін жұмсалынады. Ол мағына алдында тұрған толық мағыналы сөздің мағынасымен де байланысты болады. «Якутские служебные имена употребляются преимущественно в составе изофетном в каждом изофетном сочетаний служебные имена приобретает все новые лексические значения», - деп жазды. Н.Е.Петров (197,60). Н.Е.Петровтың бірінші пікіріне толық қосылуға болады, ал оның екінші пікіріне қосылуға болмайды. Себебі түркі тілдерінің материалдарының көрсетуінше, көмекші есімдердің құрамына енген сөздердің барлығы да, қандай тіркесте қолданылмасын, өз мағынасын сақтайды. Сондықтан да таудың басы, шөптің басы, ағаштың басы, төбенің басы,шоқының басы дегенде бас сөзі бірнеше мағынада қолданылып тұрған жоқ; белгілі бір заттың аспанға қарағанда ең жоғарғы бөлшегін білдіріп тұр. Мәселені сәл басқаша да қоюға болады. Мысалы, таудың басы, ауылдың басы, судың басы, құдықтың басы дегендегі бас сөзінің көп мағыналық қасиетімен байланысты сөз болуы керек.Сондықтан да көмекші есімдер әр тіркесте жаңа мағына білдіреді деу түркі тілдерінің материалдарына сәйкес келе бермейді. 1967 жылы жарық көрген қазақ тілінің академ. грамматикасында (көмекші есімдерге байланысты тарауды Р.Әміров жазған) «Көмекші есімдер басыңқы сөздермен ылғи изафеттік қатынаста келеді. Бірқатар көмекші есімдер изафеттен тыс тіркестерде де жұмсала алады.Олар мыналар: төіңрек, айнала, маң, жақ. Мұндайда бұл сөздер басыңқы сөздермен қабыса байланысады. Мысалы, қала жақта, осы төңіректе т.б. Төңірек,айнала атау сөздерге иск артпай дара, жеке тұрып, өз алдына сөйлем мүшесі ретіне жұмсалынады. Мысалы, «Төңірек тып-тыныш»- деген пікір жазылған(129,63). Егер байыптай қарайтын болсақ осы төңіректе, қала жақта дегендегі төңірек жақ сөздері толық мағынада, көмекші есім қызметінде қолданылып тұрған жоқ. Жақ сөзінің кеңістік мағынасы зат есім екендігі анық, бірақ сөйлем құрамында тұрып жақ жалпы бағыттық мағынаны білдіріп, шылау мағынасында қолданыла басталғандығын аңғаруға болады.Ал төңірек сөзі осы көңіректе тіркесінде атауыш сөз қызметінде қолданылып тұр. Тәуелдік жалғауынсыз ара сөзі де қолданылады. Мысалы, екеу арар, араға кірді т.б. Біз бұл жердегі ара сөзін көмекші сөз деп есептейміз. Сондықтан да көмекші есімдердің бірен-бір қолданылу формасы тәуелдік жалғауы форма деген пікірді ұсынамыз. Егер көмекші есім болатын сөздердің бірде толық мағыналы сөз бірде көмекші сөз қызметінде қолданылатындыған есепке алатын болсақ, онда жоғарыдаға құбылыстың түркі тілдері үшін жаттығы жоқ.Біздіңше кеңістік мағынада тәуелдік жалғауынсыз қолданыластын сөздер мыналар: айнала,төңірек, жаға, жан, жақ, ара, маң маңай т.б
Түркі тілдерінде қолданылатын көмекші есімдердің барығы да бірдей қасиетке ие болмауын, кей тілдерді өзіндік ерекшеліктер болатындығын да ескеру керек. Мысалы,чуваш тілінің маманы И.В.Павлов «Интересен и тот факт,что как в чувашском так и в других тюркских языках упстребление служебных имен с аффиксом множественного числа не наблюдается»,- деген пікір айтады (195, 321). И.В.Павловтың бұл пікірі чуваш тілінің материалына тура келуі мүмкін, бірақ бұл пікірді басқа түркі тілдеріне байланысты қолдануға болмайды. Қазіргі қазақ, өзбек,қарақалпақ, түркмен т.б. түркі тілдеріндегі көмекші есімдер тұлғалық жағынан көптік жалғауын қабылдайды, бірақ олар сол көмекші есім білдірген мағынамен байланысты көптік мән білдірмейді. Мысалы, Орал тауларының бойларында көп жері бар деседі (Ғ.Мүсірепов). Май айларының басында ғана мал тойына бастайды (Р.Тоқтаров). Ауыл аралары ат шаптырым жер. (С.Мұқанов). Жоғарыдағы мысалдарымызда көмекші есімдерге қосылған көптік жалғаулары белгісіздік мағына білдіріп тұрса төмендегі мысалдарымызда алдында тұрған өзі ұатынасты болған атауыш сөздермен сандық қиылысу жасап, соның көп екендігін білдіріп тұр.Салыстырыңыз, Кетіп бара жатса алдарынан бір мола кездесіпті (Қаз.ертегілері).Әрине кетіп бара жатұан адамның екі немесе бірнеше алды болмайды, бір ғана алды, бет қараған жағы болады.Бұл жердегі көптік жалғауы кетіп бара жатқандардың көп екендігін (ағайынды үшеуінің) көрсетіп тұр. Сендердің араларыңда бітім жоқ(Ғ.Мүсірепов). Бұл мысалда Жұман мен Игіліктің қатынасы туралы сөз болса, әрине бұл екі адамның бірнее аралары жоқ бір ғана арасы бар. Мысалымыздағы көптік жалғауы қатынасушылардың бірнешеу екендігі білдірумен бірге белгісіздің мән қосып тұр. Нақ осындай қасиетті басқа түркі тілдері материалдарынан да табуға болады. Салыстырыңыз, қарақалпақ тілінде: Алды- арты ойланылмаған бұл бұйрық хәмме жасты мәртлендирди,алдыларында кум толы қаптай сулап атырған өлкелерди теуип көрді(Т.Қайыпбергенов). Маман бий ауыл араларында жақсы қылықлары менен кеңнен мәлім болғаны үшін... (Т.Қайыпбергенов). Өзбек тілінде: Бойваччанинг олдиларига бора олмадим, курдуму кунгили ғаш булиб олдингизгачопдим(Ойбек). Бир лаган ошни қишлоқ оқсоқолларининг олдиларига куйди(П.Турсун). т.б. Түркмен тілінде: Гуйзуң башларында Таңырберди агроном билан эккен майданында айламаги гиптди(А.Аллабердиев). Буфта мекгежоын пәмәчипдир дүйбиндепоңлы битмәндир, аралары бир-биринден эп-эсли атық,херси бири чапыда гөгерип (Э.Вилкс) т.б. Көптік жалғауы, түркі тілдерінің материалдарының көрсетуінше, тек көптік мағына білдіру үшін ғана қолданылмай, белгісізлік, құрметтеу мағынасында қоланылатындығы дәлелденген.Сондықтан жоғарыда келтірілген мысалдарымызға көптік жалғауы формасында қолданылған көмекшіесімдерге белгісіздік мағына көптік жалғаулары үшін кездейсоқ мағына емес.
И.В.Павлов чуваш тіліндегі көмекші есімдердің салыстырмалы шырай қосымшасы -рақ,- рек жұрнағын қабылдай алатындығын да көрсетеді «Со служебными именами в чувашском языке может употребляться аффикс сравиения –рак (-трех): ум -е- ,пе -рек, ум-рех, ум-не-че-рех, ум-ен-чен-трех.Но больше всего аффикс сравнения употребляется со служебным именем в дательно-винительном и местном падежах.Оно выражает промстранство более близкое, чем обычным понимании» (195,322). Көмекші есімнің мұндай қасиеті басқа түркі тілдерінде байқалынбайды.