Көмекші сөздер ( Қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларына, тіл мамандарына, студенттерге қосымша оқу құралы ретінде)


КӨМЕКШІ СӨЗДЕР —СӨЗДІК ҚҰРАМНЫҢ ЭЛЕМЕНТІ



бет3/22
Дата14.12.2022
өлшемі245,77 Kb.
#57120
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
Байланысты:
К мекші с здер ( аза тілі мен дебиеті о ытушыларына, тіл мама

КӨМЕКШІ СӨЗДЕР —СӨЗДІК ҚҰРАМНЫҢ ЭЛЕМЕНТІ

Көмекшілердің сөз екендігіне дау жоқ, тым болмағанда барлық тілші ғалымдар түркі тілдеріндегі көмекші сөздердің тұлға жағынан тұрақты түбір морфема екендігін мойындайды. Ал қазіргі қазақ тілінде, сондай-ақ басқа түркі тілдерінде де, түбір морфемалар сөзге тең болады. Бірақ кез-келген дыбыс не дыбыстар тізбегінің сөз екендігін мойындау үшін оның құрылымдық элементтерін де мойындау керек. Екінші сөзбен айтқанда сөз екі элементтен тұрады: 1) мағынасы, 2) дыбысталуы. Сөздің мағынасы—оның ішкі жағы, яғни мазмұны болса, дыбысталуы—сыртқы жағы (189; 187). Бірақ тілшілеріміздің кейбіреулері көмекшілердің сөз екендігін мойындаса да, оның мағынасының бар екендігін мойындамайды. Дұрысы кей ғалымдар көмекші сөздерде лексикалық мағына жоқ деп есептейді. Жалпы сөз мағынасы дегенде, біз лексикалық мағынаны ойымызға аламыз, ал грамматикалық мағына дегенде лексикалық мағынаға ілесе жүретін, грамматикалық формалар арқылы берілетін мағынаны түсінеміз. Егер көмекші сөздерде лексикалық мағына жоқ дейтін болсақ, онда олардың сөз екендігін де мойындамаған болып шығамыз. Мағынасы жоқ, тек дыбысталудан тұратын сөз болады деген теорияны қолдаған боламыз.


Жалпы сөздік құрамындағы сөздерді лексикалық мағына дербестігіне қарай (бар, жоқтығына қарай емес) екіге бөлу—дәстүрлі грамматикамызда ертеден келе жатқан құбылыс. «По степени лексико-семантической полнозначности и самостоятельности и но способности выступать на уровне синтаксиса в качестве отдельного члена предложения или словосочетания части речи объединяются в два разряда: первые девять (зат есім, сын есім, есімдік, етістік, үстеу, еліктеуіш сөз, модаль сөз, одағай. —О.М.) частей речи составляют знаменательные слова, последние три—служебные слова (септеулік, жалғаулық, демеулік—О.М.)», —деп ажыратады башқұрт тілінің академграмматикасының авторлары (68, 95). Басқа түркі тілдерінің материалдары негізінде жазылған оқулықтарда атауыш (толық мағыналы) және көмекші сөздерді ажыратудың басқаша принципін ұсынады. Мысалы, қазақ тілінің академ грамматикасының авторлары (тарауды жазған проф. А.Ысқақов) «Қазақ тіліндегі сөздер семантикалық және морфологиялық (формальдік) белгілеріне қарай ең әуелі атауыш сөздер, көмекші сөздер және одағай сөздер деп аталынатын үш топқа бөлінеді», —дейді (129, 39). Сөздерді семантикалық және морфологиялық белгісіне қарай үшке бөлу А.Ысқақовтың басқа еңбектерінде де бар (304; 101; 305). Қазақ тілінің, сондай-ақ басқа түркі тілдерінің, материалдарының көрсетуінше, көмекші сөздердің морфологиялық түрлену үлгісі бірдей емес. Мысалы, көмекші сөздер тобына кіретін көмекші есімдер мен көмекші етістіктер зат есім не етістік үлгісінде түрленіп қосымшалар қабылдаса, шылау көмекшілер атымен топтастырылып жүрген септеулік, жалғаулық, демеуліктер қосымша қабылдамайды, түрленбейді. Демек кей түркі тілі грамматикасының авторлары септеуліктерді, демеуліктерді, жалғаулықтарды жеке-жеке сөз тобы ретінде бөліп алғанда (261, 123; 68, 95) осы грамматикалық сипатының сәйкес келмеуін негіз етеді. Нәтижеде олар 12 сөз тобы бар деген пікірді қолдайды.
Түркі тілі грамматикасының барлығында да басқа сөздерден көмекші сөздерді ажыратып бөліп алу бар. Бірақ ғалымдар арасында көмекші сөздерге қандай дәреже беру керек; атауыш сөздермен арақатынасын қалай ашу керек деген мәселеде пікір алалығы бар. Бұл тек түркітаным пәнінде ғана емес, жалпы тіл білімі көлемінде де бар. Мысалы, орыс тілшідерінің өздері көмекші сөздерде лексикалық мағына бар ма, жоқ па деген мәселеде аралары ашылып, бірнеше топқа бөлініп жатады. И.И.Мещанинов «Прежде всего ни предлоги, ни союзы не являются носителями выражений понятия или наименования предмета и поэтому самостоятельного лексического значения не имеют», —деп лексикалық мағынасы жоқтығын көрсетсе (166, 356). А.М.Пешковский көмекші сөздерді «бос сөз» деп атайды. (166,356). Екінші бір топ орыс тілшілері көмекші сөздерде тек грамматикалық мағына бар да лексикалық мағына жоқ деп есептейді. А.А.Шахматов «Некоторые слова имеют исключительно грамматическое значение: эти слова служебные», —деп ашық айтады (290, 432). Үшінші топ орыс тілшілері көмекші сөздерде әрі лексикалық, әрі грамматикалық мағына бар деген пікірді қолдайды. Мысалы, «В семантическом отношении служебные слова, например предлог в хотя оно и не употребляется самостоятельно, без имени обладает тем не менее помимо своей грамматической функции известным минимум лексического значения...», —деп В.М.Жирмунский көмекшілердің мағынасында аз болса да лексикалық мағынаның барлығын мойындайды. Түркі тілдерінің материалдары негізінде көмекші сөздермен байланысты айтылып жүрген пікірлерді де осындай үш топқа бөлуге болады. Біздіңше, бұл үш пікірдің біреуіне қосыла салу даулы мәселенің басын ашуға себебі тимейтіндігі анық. Бір пікірге қосылғандағы мақсат—ол пікірдің басқалардан дұрыстығын көрсету.
Азербайжан ғалымы Ф.Зейналов пен қазақ тілінің маманы Н.Оралбаева көмекші сөздерде лексикалық мағына жоқ деушілердің пікірін қолдайды. Мысалы, Н.Оралбаева «Көмекшілерде лексикалық мағына жоқ, бұл олардың бәріне ортақ...», «Лексикалық мағынасы жоқ көмекшілер—сөйлемде дербес сөзге түрлі мағына қосатын грамматикалық көрсеткіштерге ауысқан элемент», —деп қорытынды жасады (142, 147). Көмекші сөздерде лексикалық мағына жоқ деген пікірді Ф.Зейналов та айтады. Ф.Зейналов өз пікірін ғылыми негізде дәлелдеуге әрекет етіп, лексикалық мағынасы бар деушілерді грамматикалық мағынаның табиғатын түсінбейді деп айып тағады (93,31). Қазіргі тіл білімі пәнінде лексикалық мағына мен грамматикалық мағыналардың ара жігін ажыратуда қиындықтың бар екендігін, ғылымдардың арасындағы пікір саласының тамыры терминде екендігін біз басқа жұмысымызда айтқан болатынбыз (187, 46-62). Біз лексикалық мағынана түбір морфемалар арқылы берілген мағына, грамматикалық мағынаны грамматикалық формалар арқылы берілген мағына деген тезисті қолдаймыз.
Н.Оралбаеваның пікірінше көмекші сөздерде лексикалық мағына жоқ. Оның жоқ екендігін, біріншіден, сөз тіркесінің сыңары бола алмауынан, екіншіден сөйлемнің дербес мүшесі болмауынан, үшіншіден, грамматикалық дамудан өткендігінен білеміз дейді. (142, 136-142). Бұл үш қасиеттің де көмекші сөздердің табиғатында бар екендігі даусыз, бірақ авторға қарсы дау айтуға да болатын сияқты. Сөз тіркесінің дербес сыңары болмауы, өз алдына тұрып, белгілі бір сұрауға жауап беріп, сөйлемнің жеке мүшесі болмауының сыры көмекшілердің дербес лексикалық мағынасының болмауынан, мағынасының солғындауынан туған қасиет емес пе? Монғол тілінің маманы Т.Бертагаевтың көмекші сөз бен толық мағыналы сөздердің тіркесін сөз тіркесі деп есептеуі дұрыс деушілер де бар. Белгілі бір тілдің грамматикасының аясына түспеген, грамматикалық жақтан тұлғаланбаған сөз бола ма? Кез келген сөз белгілі бір тілдің грамматикасының аясына түсіп, лексикалық және грамматикалық мағыналардың бірлігі ретінде ғана өмір сүрмей ме? Бұны қазақ тілі материалы негізінде (нольдік формамен байланысты) автордың өзі де анықтаған болатын (142, 101-108).
Көмекші сөздерде лексикалық мағына бар ма, жоқ па деген сұрауға бір сөзбен жауап беру мүмкін емес. Оған себеп семантикалық категориялардың күрделігінде жатыр. Екінші нәрсе лексикалық мағына мен грамматикалық мағыналардың ара жігін ажыратып жататын белгілердің өте анық болмауында. Үшіншіден, лексикалық мағынаға да, грамматикалық мағынаға да барлық кезде бір өлшем негізінде баға беруге болмайды. Бір тілде грамматикалық мағына деп есептелінетін түсінік екінші бір тілде лексикалық мағына есебінен берілетіндігі тіл білімінде анықталған мәселелерден болып саналады. Мысалы, орыс тілінде жыныстық белгіні білдіретін род категориясы бар. Сондықтан жыныстық белгіні білдіретін оларда арнайы қосымшалар қолданылады. Қазақ тілінде жыныстық белгіні білдіретін арнайы қосымшалар жоқ: ондай грамматикалық категория жоқ. Рас, азын-аулақ кірме сөздердің құрамында ондай қосымшалар қолданылуы мүмкін. Мысалы, құнажын, дөнежін (құнан, дөнен), Сәлима (Сәлім), Мүслима (Мүслім) т.б. Бірақ қазақ тілшілері бұларды жеке грамматикалық категория деңгейіне көтермейді, оған негіз де жоқ. Дегенмен жыныстық мағынаны қазақ тілі материалы негізінде беруге болады. Салыстырыңыз, қаншық, қасқыр, мегежін, саулық, қошқар, әтеш т.б. Бірақ қазақ тілінде берілген жыныстық мағына грамматикалық мағына емес, сол сөздің лексикалық мағынасы болып саналады. Тіпті бір тілдің өзінде әрі лексикалық, әрі грамматикалық жолмен бір мағынаны беруге болады. Салыстырыңыз, көп бала үйге келді, балалар үйге келді, бірнеше бала үйге келді. Мысалымыздағы көптік мағынаның берілу жолы бірдей емес. Бірінші, үшінші сөйлемімізде көптік мағына лексикалық мағына ретінде, екінші мысалымызда лар жалғауы арқылы беріліп, грамматикалық мағына ретінде көрініп тұр. Көмекші сөздердің мағынасын анықтауда да осындай жағдайларды есепке алу керек.
Көмекші сөздердің лексикалық мағынасын анықтаудан бұрын олардың тілдегі орнын анықтау қажет сияқты. Немесе көмекшілерді сөз деп танимыз ба, жоқ әлде қосымшалардың бір түрі деп танимыз ба? Әрине, күні бүгінге дейін, біздің мәліметіміз бойынша, мәселені ешкім де бұлай қойған емес. Дегенмен де, кей ғалымдар көмекшілерді жартылай сөз, тек дыбысталу деген сияқты терминдермен алмастырып, не баламалап қолданып жүргендігі анық. Мысалы, Ғ.Мұсабаев сөз бен дыбысталудың ара қатынасына байланысты пікір айта отырып: «Үшін, сайын, гөрі дегендер сөз емес, бірақ мұнда жүйелі дыбысталу бар», —деген болатын (114, 14). Қазақ тілінде үшін, сайын, гөрі дегендер сөз және шылау болып саналады. Егер бұлар сөз болмаса онда оларды қосымшалардың қатарына қосамыз ба? К.Е.Майтинская фино-угор тілдеріндегі көмекші сөздерді релятив (относительное) сөздер деп есептемеген. Демек ол да көмекші сөздерді толық сөз деп есептемеген. Жоғарыда келтірілген екі пікірдің екеуіне де қосылғымыз келмейді. К.Е.Майтинскаяның пікірі фино-угор тіліне ғана қатысты, түркі тілдері негізінде сөз қылуға болмайды деушілер де болуы мүмкін. Бірақ ол фино-угор тілінің материалдарын түркі тілдерінің материалдарымен салыстырады, араларында ортақ белгілерінің көп екендігін көрсетеді, көмекшілерден мысалдар береді. Сондықтан да К.Е.Майтинская айтқан пікір, белгілі дәрежеде қазақ тіліне де қатысты.
Көмекшілерді сөз деп атау керек пе, жоқ қосымша морфемалардың қатарына қосу қажет пе деген мәселені анықтау үшін сөздерге қойылған талаптарды көмекшілерге де қойып, белгілерін анықтау керек. Сөзге анықтама бергенде тұлға жағынан тұрақты дейміз. Бұл белгі тіл-тілдердегі барлық сөздерге тән болмауы мүмкін, бірақ түркі тілдеріндегі барлық сөздер қосымша морфемалардан тұлғасы тұрақты болуымен ажыралып жатады. Сондықтан да кел, кет, бол, ағаш, сары, көк сияқты сөздер сөйлемнің басында келсе де, ортасында келсе де, соңында келсе де осы тұлғасын сақтайды. Рас, кей сөздер дыбыс үндестік заңына сәйкес дыбыстық өзгеріске түсуі мүмкін. Салыстырыңыз, ақ-ар—ағар, көк-ер—көгер, теп-іп—теуіп, сеп-іп—сеуіп, қап-ы—қабы, көп-і—көбі т.б. Бұл өзгерісті дыбыс заңдылығы негізінде түсіндіруге болады және бұлар санаулы дыбыстармен байланысты байқалатын құбылыстар. Сөздердің тұлғалық тұтастығы, сөйлеу кезінде сөздердің бөлініп тұру мүмкіндігі тілшілеріміздің пікірін ерте кезден-ақ өзіне тартқан болатын (198; 233; 150). Сөздердің тұлғалық тұрақтылығымен байланысты оның екінші белгісі—сөйлеу кезінде жалпы тізбектен (потоктан) жеке сөздердің бөлініп, өз дербестігін сақтап айтылуы. Түркітанымда сөздердің сөйлем құрамында бөлініп айтылғандығы дау туғызбайды, бірақ сөздердің тұлғалық бүтіндігін сақтап, басқа сөздерден жігін ашып тұратын нәрсе екпін бе, басқа элемент пе деген сұрауға жауап табу қиындылық туғызады. Үстіміздегі ғасырдың 80-жылдарына дейін сөзді сөздерден ажыратып тұратын екпін деп есептеп келгенбіз. Соңғы кездерде эксперименталды фонетика авторлары бқл пікірге сенімсіздікпен қарап, басқаша жоба ұсына бастады (242, 71-166). Қазірше қолымызда эксперименталды дерек болмағанымен, көмекші сөздердің сөйлем ішінде басқа сөздерден бөлініп жеке тұратындығын жай құлақпен де аңғартуға болады (демеуліктерден басқасын). Өзбек тілінің фонетикасын арнайы зерттеген К.Махмутов ора (ара) сөзінде екпін бар деп көрсеткен (162, 20). Кейбір шылау сөздердің, әсіресе демеуліктердің, жетекші сөздермен бірге айтылып, жазылуда сызықша арқылы жазылатындығын да мойындағанымыз жөн. Демеулік шылаулардың бұл қасиетін оның сөз белгісінен ажырай бастағандығынан, қосымшаларға жақындай бастағандығынан деп түсінген дұрыс. Сонымен бірге олар тұлға жағынан да өте тұрақты болмай бірнеше фонетикалық вариантты басатындығы да сыр емес. Сөздердің бұл белгісі күрделі сөздерде сақталынбайтындығы, оның басын құрап тұратын мағына тұтастығы болып саналады.
Сөздердің тұлғалық тұтастығымен байланысты түркі тілдеріндегі сөздер бір бүтін, бөліп-жаруға келмейтін тіл элементі болып саналады. Сондықтан қазақ тіліндегі сөздерді ортасынан бөліп, арасына қосымша қосып (инфикс) жаңа сөз, не жаңа форма жасауға мүмкіндік болмайды. Рас, кейде, қайталанған қос сөздермен байланысты қосымшалы қайталама қос сөз деген термин қолданады. А.Ысқақов «Қосымшалы қайталама қос сөздің бір сыңары жұрнақты (қолма-қол, он-ондап, өзінен-өзі) бір сыңары жалғаулы (үй-үйдің, үй-үйге, үй-үйді, өз-өзіміз, өз-өзінен, өз-өзіне) да бола береді дейді (303, 114). Қазіргі қазақ тілі негізінде қарайтын болсақ, онда қолма-қол, өзінен-өзі дегендерді қол және ма, өз түбірі тәуелдік жалғауы, -нен шығыс септігі деп ажыратып жатпаймыз, оларды бір бүтін сөз—қос деп атаймыз да, бір форма деп есептейміз. Сондықтан да негізгі түбір сөз ары қарай бөлшектеуге келмейтін бір форма деп есептелінеді.
Қазіргі тілшілер сөзді таңба деп есептейді. Ф. де Сосюрден бастап-ақ таңба екі элементтен тұратындығын—таңбаланушы мен таңбалаушы — анықтаған. Егер дәстүрлі грамматика терминімін айтатын болсақ, сөз мағына мен дыбысталудың бірлігінен тұрады. «Мы называем знаком соединение понятия и акустического образа...» —деп Ф. де Сосюр анық айтқан болатын (237, 100). Сөздің таңба екендігі, таңбаның таңбаланушы мен таңбалаушыдан тұратындығын көпшілік ғалымдарымыз мойындайды. Бірақ таңбалаушы мен таңбаланушы арасындағы байланыстың сипатына қатысты болған пікір дауы барлығы анық (39, 90-96; 41, 111, 121). Оны талдау біздің объектімізге кірмейді. Қазақ тілшісі Т.Қордабаев, В.Гумбольдт, Ф. де Сосюр, Водуэн де Куртенэ сияқты әйгілі ғалымдардың таңба екі жақты құбылыс: оның бір жағы — сыртқы материалдық, дыбыстық көрсеткіші де, екінші — ішкі мағыналық, идеялық жағы. Таңба дейтініміз осы екеуінің бірлігі дейтін тұжырымға толық сай келетін тілдік тұлғаның бірі — сөз», — деп көрсетеді (147, 154-155). Теориялық тіл білімінде мағынамен байланыспайтын дыбысталудың өзі таңба болып саналмайтындығы да сөз болады. Мысалы, «Однако тот или иной кусок материи» становятся знаком только после того как он наделен свойством указывать на что-то или обозначать что-то», — деп В.М.Солнцев дұрыс жазған болатын (238, 214). Егер сөз таңба қызметін атқарады дейтін болсақ, онда тек дыбысталуы мағынаға байланыспай, таңба қызметін атқара алмайды. Сондықтан мағынасы жоқ мағынамен байланыспаған дыбыстар тізбегі сөз болады деу дұрыс емес.
Ғ.Мұсабаев өз пікірінде мағынасыз, тек жүйелі дыбысталудан тұратын сөз болады деген. Мағына мен дыбысталу екі түрлі түсінік деп қорытынды жасайды. Біз де мағына мен дыбыстауды екі түрлі нәрсе, екі түрлі заңдылыққа ие болған тіл элементтері деп түсінеміз. Бірақ жүйелі дыбысталу дегеніміз не? деген сұрауға жауап беру қажет сияқты. Автор ондай сұрақ қоймаған, жауап та бермеген. Оның мысал ретінде көрсеткен сөздері: үшін, гөрі шылау болып саналады. Бұлардың айтылуында белгілі бір заңдылық барлығы анық. Мысалы, ү дыбысы сөз басында қолданылады, сөздің екінші буынында, сөз соңында қолданылмайды, ш,н,е,і дыбыстары, қазақ тілінің дыбыс заңдылыңы бойынша, буын талғамайтын дыбыстар болып саналады. Сондықтан үшін, дейін, гөрі сөздерінің құрамындағы дыбыстардың орын тәртібінде, қолданылуында қазақ тілінің дыбыс зыңдылығынан ауытқу жоқ. Сонымен бірге бұл типтес заңдылық басқа дыбыстардың қолданылуында да бар. Мысалы, қазақ тілінің дыбыс заңдылығы бойынша а,е,ы дауысты дыбыстары м,н,с,т,к,қ сияқты дауыссыз дыбыстар бұны талғамайды. Демек, нам, нем, сом, мат, мак сияқты дыбыстардың тіркесінде жүйелік, заңдылық бар. Бірақ бұлар қазақ тілі үшін сөз емес (187, 40-42). Сондықтан да мағынамен байланыспаған құр, жүйелі дыбысталу сөз болып саналмайды.
Тілшілеріміз арасында көмекші сөздерде лексикалық мағына жоқ, грамматикалық мағына бар деушілер де баршылық. Бұл жерде шешіп алатын теориялық мәселе бар. Ф.Зейпалов көмекші сөздерде аз болса да лексикалық мағына бар деушілер лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаны араластырады, екеуінің ара жігін ажырата алмаудан туған пікір деп айыптағанда, осы басы ашылмай жатқан теориялық мәселелерді айтып тұр. Біз де бұл екі мағынаның ара жігін ашудың қиындығын мойындаймыз. Тіпті лексикалық мағына мен грамматикалық мағынаны ажыратып тұратын семантикалық, грамматикалық белгілерінің жоқ екендігін де ашып айту керек сияқты. Себебі бірде лексикалық мағына деп есептелінген нәрсе, екінші бір жерде грамматикалық формалар арқылы беріліп, грамматикалық мағына болып келетіндігі жоғарыда айтылған. Ғалымдарымыз лексикалық мағына мен грамматикалық мағыналардың ара қатынасын салыстырып, негізгі белгілерін ажыратуға әрекет еткен (189, 42-62). Біз түбір морфема арқылы берілген мағынаны лексикалық мағына деп есептеушілердің пікірін қолдаймыз. Сондықтан көмекші сөздерді сөз деп есептеп, оларда әрі лексикалық, әрі грамматикалық мағына бар деп есептейміз.
Көмекші сөздерде лексикалық мағына жоқ деушілер олардың жеке тұрып зат не ұғым атауы бола алмауын дәлел ретінде көрсетеді. Шындығында да түркі тілдерінде көмекші сөздер деп аталынып жүрген сөздер жеке тұрып зат не ұғым атауы бола алмайды. Көмекші сөздердің бұл қасиетін дәлелдеу үшін өзбек ғалымы Т.Рустамов «Көмекші сөздердің лексикалық мағынасы өздері тіркесіп келген толық мағыналы сөздердің лексикалық мағынасымен байланысты болады», —дейді (209, 13). Т.Рустамовтың «Көмекші сөздердің лексикалық мағынасы жалпы не жеке сөздерге тән болады», —деген пікірі де даулы болып саналады. Жалпы бір сөздің лексикалық мағынасы екінші бір сөздің лексикалық мағынасымен байланысты болады дегенді қалай дәлелдеуге болады? Сөздердің мағынасы контексте пайда болады, сөздер жеке тұрғанда ешқандай мағынаға ие болмайды деген қағида тіл білімінде жаңалық емес. Прага тіл үйірмесінің тезистерінде: «Значение слова определяется прежде всего его отношением к другим словам т.е. его место в лексической системе: определение же места слоба в лексической системе возможно только после структуры данной системы», —деген жазу бар (252, 138). Бұл пікірді қазіргі орыс тілшілері де қолдайды. Мысалы, Д.Н.Шмилев «Любые значения не существуют в языке «сами по себе», вне связей с другими значениями», —деп жазады да, мысал ретінде өсімдіктер мен антонимдес сөздерді келтіреді (293, 135). Өзбек тіл білімінде бұл көмекші сөздермен байланысты, алғаш рет, Ш.Шаабдурахмановтың еңбектерінде айтылған болатын (287). Осыған жақын пікір М.Н.Хыдыровта да бар.
Түркі тілдерінің көмекші сөздерінде тек грамматикалық мағына бар деген пікірді (лексикалық мағына жоқ), теориялық грамматиканың авторлары да қолдайды. Мысалы, Н.А.Баскаков қарақалпақ тіліндегі сөздерді есімдер, етістіктер, көмекші сөздер деп үшке бөледі де: «Третью группу не наменательных частей речи составляют служебные слова потерявшие реальную семантику знаменательных слов и обладающие ныне формальным грамматическим значением», — деп анықтама береді (34,163). Н.А.Андреев чуваш тіліндегі көмекші сөздерге шолу жасай отырып, көмекші сөздерде тек грамматикалық мағына бар, олар септік жалғауының мағнасымен тең түседі, не оны толықтырып синтаксистік қызмет атқарады дейді (13, 629).
Н.Оралбаева бұл пікірді септеулік шылаулармен байланытырып айтады (142, 163-164). Көмекші сөздерді синтакистік форма немесе синтаксистік қарым-қатынасты білдіретін грамматикалық форма ретінде қарау жалпы тіл білімінің өкілдерінің еңбектерінде де кездеседі (252, 138).
Көмекші сөздердің толық сөз екендігін, не тек грамматикалық мағына білдіретін форма екендігін мойындаушы ғалымдардың үлкен тобы оны сөздердің аналитикалық формасымен байланыстырады. Орыс тіл білімінде болсын, индоевропа тіл білімінде болсын, түркітанымда болсын, сөздердің аналитикалық формасы біршама толық зерттелінген (12; 73; 309; 191; 192). Бірақ күні бүгінге дейін аналитикалық форманттың білдіретін мағынасына жалпы шолу ретінде ғана сөз айту, мағынасына терең бойламау традициясы бар. Сондықтан О.П.Суник сияқты ғалымдар «Аналитическая форма слова — это и сочетание слов и не словосочетание (тем более устойчивые, лексиколизованное и т.п.), так как состоит аналитическая форма не из слов (двух иди нескольких), а из слова и не-слова т.е. из слов и так называемого служебного слова — слова в кавычках» — деп аналитикалық форманың құрамындағы сөздерге баға берсе (287), В.М.Жирмунский сияқтылар «Будучи частью аналитическрй конструкции, служебные слова по своей грамматической функции эквивалентно словоизменительной (формообразующей) морфемы», — деп есептейді (83, 10). Аналитикалық форманыі басы ашылуы керекті болған мәселелері мол, ал олардың ең негізгісінің бірі — сол аналитикалық форманың құрамындағы көмекші сөздердің мағынасы.
Көмекші сөздердің лексикалық мағынасының бар екендігін мойындайтын тілшілердің саны да баршылық. Бірақ олар да көмекші сөздердің мағынасын анықтауда бір пікірде емес. Бір топ ғалымдар көмекші сөздің лексикалық мағынасы олардың грамматикалық мағынасының көлеңкесінде жүреді, соның жетегінде болады десе, екінші бір топ ғалымдар көмекші сөздердің лексикалық мағынасы мен грамматикалық мағынасы тең түседі деп есептейді. Үшінші бір топ ғалымдар көмекші сөздердің лексикалық, грамматикалық мағынасын салыстырмай-ақ оларда екі мағына да бар деп есептейді. Жоғарыда салыстырған авторлардың барлығына ортақ нәрсе — лексикалық мағынаның барлығын мойындау. Түркітанымда компромистік бағытты ұстайтын ғалымдарымыз да жоқ емес. Мысалы, А.Ысқақов көмекші сөздерге анықтама бергенде « Көмекші сөзер деп нақтылы лексикалық мағыналары я әртүрлі дәрежеде солғындап, я бүтіндей жоғалып, сөйлегенде (сөйлемде) жеке-дара тұлға есебінде қолданылмай тек толық мағынасы бар дербес (атауыш) сөздермен тіркесіп қана жұмсалып, оларға жәрдемші болып қызмет атқаратын сөздерді атаймыз», —деп олардың бір тобының мүлде лексикалық мағынасы болмайтындығын ескереді (304, 359).
Түркі тілін зерттеген ғалымдардың барлығы да көмекшілерді сөз деп есептейді. Бірде-біреуі оны қосымшалардың қатарына қоспайды. Ғалымдардың көмекшілерді сөз деп есептеуіне оның тұлғалық құрамының тұрақтылығы да себепші болған. Тек демеулік шылаулар ғана онда да барлығы емес, бірнеше фонемалық варианттарға ие болып, -ма, -ме, -па, -пе, -ба, -бе тұрғысына ие болады. Демеуліктердің бұл қасиеті тілшілеріміздің объектісінен тыс қалған емес. Мысалы, «Лексикалық мағынасынан гөрі грамматикалық мағыналары басым болғандықтандемеуліктер, өзге шылаулармен салыстырғанда, аффикстер сияқты грамматикалық көрсеткендерге жуықтау (жақындау) болады. Бірақ бұдан, әрине, олар аффикстер екен деген қорытынды шықпаса тиіс», —дейді А.Ысқақов (304, 387). Татар тілінің грамматикасының авторлары: «Частицами называются служебные слова, придающие отдельным словам или предложению в целом различные смысловые, модальные, модально-ролевые или эмоционально-экспрессивные оценки» —деп анықтама береді (236, 339). Демек олар да демеуліктерді ерекше топ деп танып, жеке сөз деп есептейді. Кей демеуліктердің мағынасын лексикалық мағына деп атауға келмейтіндігін, өте дерексіз екендігін мойындай отырып, олардың сөз екендігін, сөз болғандығы үшін де лексикалық мағынасы болатындығын якут тілі грамматикасының авторлары да көрсетеді. (Тарауды Н.Е.Петров жазған) (69, 431). Демеуліктердің бірнеше фонемалық варианттары болып, мағынасының өте дерексізденгендігі, жалпыланғандығы, олардың қосымшаларға өте жақын екендігін көрсетеді. Сондықтан да өзбек тілшілері демеуліктерді демеулік сөздер, демеулік қосымшалар деп те бөледі (279, 490; 261, 575).
Мағына мен сөздердің тқлғалық тұрақтылығы сөздердің негізгі белгісі болатындығы анық. Бірақ тілшілердің барлығы бұл принципті дұрыс деп түсіне бермейді. О.П.Суниктің «Попытки соединить при опредении слова признаки семантические с признаками фонетическими и т.п. представляются мне во многом сомнительными. Так, например, отдельные служебные слова с фонетической точки зрения, возможно, могут быть признаны словами. Но ни с грамматической, ни с лексической точки зрения они словами не являются», —деген сөзі (245, 39) пікірімізге дәлел бола алады. Бірақ автордың өзі нақтылы қай көмекші сөзді сөз деуге болмайтындығы, грамматикалық, лексикалық белгі дегенде нені түсінетініміз туралы пікірін ашып айтпаған. Н.Ю.Шведова болса, «В слова как единице языка слиты три структуры: звуковая, морфологическая, и структура значения», —деп сөздің негізгі белгісін көрсетеді (291, 7).
Сөздің күрделі категория екендігі анық. Оның мағынасы, тұлғасы, тұтастығы сияқты негізгі белгісінің болуымен бірге қосалқы бірнеше белгісі де бар. Н.Ю.Шведова көрсеткен морфологиялық белгі түркі тілдеріндегі сөздердің негізгі белгісінің бірі екендігі анық. Бұл қағида түркі тілдеріндегі түбір морфемаға да тиісті. Жалпы сөздер, тіл элементі ретінде, белгілі бір грамматикалық формада тұруы шарт. Грамматикалық форма қабылдамайтын сөздер бар, бірақ грамматикалық аясына түспеген, грамматикалық жақтан тұлғаланбаған сөз жоқ) 1.
Формасыз сөз түсінігі жалпы тіл білімінде бар О.С.Ахманозаның сөздігінде «бесформенные слова» деген термин қолданылып: 1. Служебные слова и частицы. 2. То же, аморфим слова» деп анықтама берген. (21, 66). Ал аморфты сөздерге «Слова не обладающие морфологическими, грамматическими категориями, которые назвали бы однозначно причислять их к определенной части речи», — деп анықтама береді де, на, есть, нет деген сөздерді мысал ретінде келтіреді (21-42). Егер орыс тілінің оқулықтарына назар салып қарайтын болсақ, жоғарыда формасыз делінген сөздердің барлығы қосымша қабылдамайтын, түрленбейтін, морфологиялық парадигмасы жоқ сөздер болып шығады, іштей өзінің төл грамматикасының категориясы жоқ, морфологиялық парадигмаға ие болмаған сөздер, тіпті сөз топтары, түркі тілдерінде де кездеседі.


  1. Индоевропа тілдерінде түбір морфема мен сөз тең түсінік емес, сондықтан сөздің белгісін түбір морфемалардан іздеу дұрыс болмайды. Түркі тілдерінде морфема мен сөз тең болғандықтан олардың белгілері де бірдей болады.

Л.Харитонов 1943 жылы жарық көрген еңбегінде-ақ саха тіліндегі сөздерді қосымша қабылдайтын, қабылдамайтын сөздер деп екіге бөлген болатын (269). Қазіргі қазақ тіліндегі сөздерді де осылай қосымша қабылдайтын (түрленетін), қосымша қабылдамайтын (түрленбейтін) сөздер деп бөлуге болады. Бірақ бұл жерде түрлену, түрленбеу грамматикалық категория аясында қаралуы керек. Екінші сөзбен айтқанда сөз түрлендіруші (форма жасаушы) қосымшаларды қабылдау, қабылдамаумен байланысты болу керек. Қазақ тілінде зат есім, сын есім, есімдік, етістік сияқты сөз топтары іштей грамматикалық категория жасайтын септік, көптік, жіктік, тәуелдік жалғауларын, шырай, шақ, рай, есімше, көсемше сияқты жұрнақтар жалғап, сол сөз тобының аясында қалады. Ал одағай, еліктеу, бейнелеу, шылау сөздердің сөз түрлендіруші жұрнақтары жоқ. Олар түрленбейтін сөздер болып есептелінеді. Бірақ бұларды формасыз деп атауға бола ма? Әрине, кей сөздер түбір тұлғада тұрып, ешқндай қосымшасыз, грамматикалық мағынаға ие болып сөйлем құрамында қолданыла береді. В.В.Виноградов, А.В.Шербаның сөз формасы туралы айтқан пікіріне талдау жасай отырып: «В связи с этими лингвистическими теориями развиваются понимание формы слов, сопровождающих основное (лексическое) его значение. С этой точки зрения уже нельзя говорить не только о языках, не имеющих формы, но в применении к языкам такого строя, как русский, и о словах, не имеющих формы или бесформенных. Всякое слово оформлено, уже тем, что оно есть известные грамматические функции, занимает определенное место в грамматической системе языка», — деген болатын (54, 33-34).
Ол өз пікірін ары қарай жалғастырып: «В русском языке нет бесформенных слов», — деп қорытынды жасайды (54, 34-бет).
Сөздердің лексикалық және грамматикалық мағыналары қатар өмір сүретіндігі анық. Кез келген лексикалық мағына грамматикалық мағына аясына түспесе, онда ол тілдік тикалық мағынамен байланысады. Егер лексикалық мағына грамматикалық мағына аясына түспесе онда ол тілдік категория болып саналмай, не толық аяқталмаған процестің аясында қалып қойған болар еді, не ұғым элементі ретінде қалыптасар еді; жарты жолда қалған, аяқталмаған процесс болар еді. Сондықтан да кез келген сөз грамматикалық жақтан тұлғаланған, грамматикалық және лексикалық мағынаның бірлігінен тұратын мағынаға ие болады. Адам деген сөзді зат есім, деректі, жалпы есім дегенде осы грамматикалық мағынасына негізделіп айтып тұрмыз. Сары сөзін сын есім, сапалық сын есім, жай шырай дегенде де сын есімдердің грамматикалық мағынасына қарай айтып тұрғанымыз рас. Ал олардың жеке лексикалық мағынасы барлығы да даусыз.
Сөздердің бір белгісі ретінде олардың сөйлемде, сөйлеу кезінде өз тұлғасын сақтап, басқа сөздерден бөлініп тұру мүмкіндігі болып саналады. Бұл мәселеде соңғы сөз эксперименталды фонетика өкілдерінің еңбектерінде айтылады, бірақ түркітанымда ондай ғылыми зерттеу жасалына қойған жоқ. Дегенмен де сөйлеу (лебіз) кезінде тексте кездесетін көмекші сөздер өзінің алдындағы жетекші сөзден бөлініп айтылғандығы анық. Мысалы, Есіктің алды ағын су, Ерте тұр да жас сұлу (Аманжанов) деген мысалымызда алды, да дегендер — көмекші сөздер. Оларды айтқанда басқа сөздерден бөліп алып, өз алдына жеке айтамыз. Жазуда да олар бөлек жазылады. Тіпті кейде шылау сөздер мен омонимдес келетін қосымшаларды ажыратудың бір жолы ретінде де осы жазылуын аламыз.
Жоғарыда айтылған пікірімізді жинақтайтын болсақ мынадай қорытындыға келеміз. Біріншіден, көмекшілер дербес сөз болып есептелінеді. Екіншіден, көмекшілердің барлығы да әрі лексикалық, әрі грамматикалық мағыналарға ие болады. Үшіншіден, көмекші сөздердің көпшілігі (демеуліктерден басқалары) сөздердің тұлғалық тұтастығын сақтайды. Төртіншіден, сөйлемде, сөйлеген кезде олар өз алдына бөлініп тұрады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет