Көмекші сөздер ( Қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларына, тіл мамандарына, студенттерге қосымша оқу құралы ретінде)



бет6/22
Дата14.12.2022
өлшемі245,77 Kb.
#57120
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22
Байланысты:
К мекші с здер ( аза тілі мен дебиеті о ытушыларына, тіл мама

КӨМЕКШІ СӨЗДЕРДІ ТОПТАСТЫРУ

Сөздердің күрделі құбылыс екендігін дәлелдеп жатудың қажеттілігі болмаса керек. Сонымен бірге сөздер бір-бірімен белгілі бір сипатымен өзара байланысып жатса, екінші бір қасиеттерімен бірі екіншісінен ажырасып жатады. Бірнеше cөздердегі ортақ белгілер оларды өзара байланыстырып, тіл элементтерінің белгілі бір жүйе ретінде өмір сүруіне жағдай жасаса. айырмашылықтары олардың өздерінің жеке тәуелсіздігінің, дербестігін бар екендігін көрсетеді. Тілші ғалымдар сөздің бұл екі қасиетінің бар екендігін, қатар өмір сүретіндігін мойындайды. Жалпы тіл білімінде сөз мағынасы, тұлғасы, сөйлемдегі қызметі туралы сөз болғанда, олардың айырмашылығын көрсетумен бірге жалпы жақтарын да көрсету мақсат етіледі. Сондай жалпы белгілері негізінде сөздерді топтастырудың бір үлгісі – сөз тобы болып табылады. Сөз тобы – сөздердің бір белгісіне қарай жинақталған тобы емес, ол сөздердің әрі грамматикалық, әрі лексикалық қасиеттерін негізге ала отырып жинақталған тобы. Сондықтан да сөздерді топтастырғанда олардың лексикалық мағынасын, морфологиялық белгісін (түрлену жүйесін) және сөйлемдегі синтаксистік қызметін есепке алу керек болады. Орыс тіл білімінде Л. Б. Шербадан, түркітанымда А. Қ. Боровковтан бастап (299;50) сөздерді топтастырғанда жоғарыдағы үш белгісіне сүйену үрдісі бар. Қазіргі қазақ тіл білімі өкілдері де осы принципке азын-аулақ өзгерістер енгізіп, пайдаланып жүр (101). Көмекші сөздерді топтастырғанда да осы принципке сүйенгеніміз жөн.


Жоғарыдағы принцип бойынша сөздерді топтастыру үшін, ең алдымен, оларды мағынасына қарай жіктеп алуымыз керек. Әрбір сөздің өздеріне тән жеке лексикалық мағыналары болғанымен, олардың бір-бірімен байланысып жататын ортақ мағыналық реңктері де болады. Денотаттық мағынасы негізінде топтастыру кезінде барлық кезде сәтті бола бермеуін осы әр сөздің лексикалық мағынасының дербестігінен, автономиялығын іздеген дұрыс. Семантикалық белгісіне қарай топтастырғанда олардың категориялық мағынасына сүйенеміз. Оған дейін біз сөздердің негізгі қызметі атау (номинация) болу қызметімен байланысты қасиетін анықтауымыз керек. Сөздердің барлығы да жеке тұрғанда заттардың не ұғымның атауы бола бермейді. Осы қасиетіне қарай сөздік құрамдағы сөздерді атауыш (толық мағыналы) және көмекші сөздер деп екі топқа бөлеміз. Атауыш сөздер жеке өздері тұрып белгілі бір зат не ұғым атауы ретінде қолданылып, белгілі бір сұрауға жауап береді де, сөйлемнің дербес мүшесі болады. Мысалы, ағаш сөзін алып көрелік. Жеке тұрғанда өсімдік атауы деген мағына білдіреді де, сөйлемнің кез келген мүшесі бола береді. Ал үшін ондай қасиетке ие емес, ол заттың да, белгілі бір ұғымның да атауы ретінде қолданылмайды; сөйлемде жеке өздері қолданылмайды. Осы қасиетіне қарай көмекші сөздерді топтастыруда семантикалық принцип керек пе деген сұраудың тууы заңды. Біздіңше, бұл принциптің қолданылуы қажет. Себебі, біріншіден, көмекші сөздер лексикалық мағынадан мүлде айырылған емес, оларда белгілі дәрежеде лексикалық мағына сақталынған. Екіншіден, көмекші сөздердің өздері де лексикалық мағына дербестігі жағынан бірдей емес. Олар да іштей мағыналары жағынан бөлініп, сараланып жатады. Мысалы, көмекші есімдер мен көмекші етістіктердің білдіретін мағыналарын бір өлшеммен өлшеуге мүлде болмайтындығы өзінен-өзі оқырман-тілші қауымға аян. Үшіншіден, жеке-жеке топ болған көмекші сөздердің өздері де мағынасы жағынан кіші топтарға бөлінеді. Мысалы, горизонталь бағытты білдіретін, вертикаль бағытты білдіретін көмекші есімдер; амал-әрекеттің дайындық фазасын, басталынуы фазасын, нормаль бара жатқан деңгейін және аяқтау деңгейін білдіретін көмекші етістіктер деп бөлуіміз пікірімізге дәлел.
Сөздерді топтастырғанда негізгі өлшем етіп алатынымыз жеке сөздердің лексикалық мағынасы ғана емес, олардың категориялық мағынасы болып саналады. Категориялық мағынаны тілшілеріміз бір түрлі анықтамайды. Мысалы, Ахманова О. С.: «Общение (абстракция) – значение, накладывающееся на конкретное лексическое значение», – десе (21, 162), тіл білімінің энциклопедиялық сөздігінде оны қосымшалардың мағынасымен байланыстырады. «Аффиксы выражают грамматические значение, которые, в свою очередь, распадаются на два типа: один, над категориальными, служат обобщение вещественных значений, подведение последних под наиболее общие категории», – деп грамматикалық категорияның мағынасы ретінде көрсетеді (152,438). Түркі тілін зерттеген ғалымдар да категориялық мағына деп есептесе (107,60), А. Хожиев оны грамматикалық мағынаның қатарына қосады (277, 42). Қанша дегенмен де категориалды мағыналық бір жағы лексикалық мағынамен, екінші жағы грамматикалық мағынамен байланысып жатқандығын естен шығаруға болмайды. Мысалы, оқулықтарда зат есімге анықтама бергенде заттардың, ұғымның атын, сын есімдерге анықтама бергенде заттың сын-сипатын, түрі мен түсін, ішкі қасиетін білдіретін сөздер деп анықтама береді. Осы анықтамаларда мағыналық түсініктеме категориалды мағына болып саналады. Біздің түсінігімізше, категориалды мағына қосымшаларда болмайды, түбір сөздерге тән болмайды, белгілі бір сөз тобына немесе бірнеше сөздерге ортақ болады. Салыстырыңыз, заттың атауы болуы – ағашқа да, құмға да, адамға да, бас пен алмаға да т.б. бірдей ортақ нәрсе. Ақ қара, көк, қоңыр, қызыл дегендер заттың ішкі қасиетін білдіреді. Сондықтан түс тек ақ сөзінің үлесіне тиіп қоймастан басқа сөздердің де семантикалық мағынасы құрамында бар элемент. Бұл жағынан ол грамматикалық мағынамен байланысып жатады. Категориялық мағынаны анықтағанда осы жалпылық мағынасы басым болғандықтан, грамматикалық мағына ретінде тән алынса жақсы болады (87,55). Көмекші сөздерге категориалды мағына негізінде анықтама бере алмаймыз. Бұл – оның атауыш сөздердің ажыралып жатаын белгісінің бірі.
Көмекші сөз өзінің лексикалық мағынасының дербестігін жоғалтқан нәтижеде екінші бір толық мағыналы сөздің жетегінде келіп, соның мағынасына ілесіп, толық мағыналы сөздің лексикалық, грамматикалық мағынасын нақтылайтын, толықтыратын немесе сөйлем құрамындағы сөздерді байланыстыратын, түрлі синтаксистік қызмет атқаратын сөздердің қатарына өткен. Осы көмекші сөздің мағынасының солғындау дәрежесіне қарай көмекші сөзді екіге бөлу бар: 1) функционалды (атауыш) көмекшілер, 2) шылау көмекшілер. Бұл екі топтың бірінің екіншісінен ажырасып жататын әрі лексикалық, әрі грамматикалық белгілері бар.
Функционалды көмекшілер деп өздерінің толық мағыналы сыңарларынан толық қол үзіп кете қоймаған, сөйлемді қызметтеріне қарай бірде көмекші сөз, бірде толық мағыналы сөз ретінде қолданылатын сөздерді айтамыз (282;94; 188; 303). Мысалы, қой етістігін алып көрелік. Қой өзі толық мағыналы етістік ретінде қолданылып, белгілі бір жерге не арнаулы бір орынға орналастыру мағынасын білдіреді (135;260,261). Қазақ тілі түсіндерме сөздігінде қой сөзінің жеті мағынасы бар екендігін көрсеткен. Сөздікте көрсетілген жеті мағынаның жетеуі де екінші бір сөзге тәуелді болмай, дербес қолданылған. Сөздіктің авторлары осы қой етістікке омонимдес сыңар ретінде шылау деген айдармен, екінші қой сөзін берген. Шылаулық мағынада тұр деп үш мысал берген. Шындығында берген мысалдың екеуі шылау мағынасында, біреуі көмекші етістік мағынасында қолданылып тұр. Салыстырыңыз. Колосов актыны жасап қойыпты (Тілепов). – Шакизат қой, жаным-ау, – деп қояды Сұлтанмахмұт (Әбілев). – Балаң келген күні күзетке тұрмай-ақ қой (М. Гумеров) (135, 264). Мысалымыздағы бірінші қой сөзі толық мағыналы етістікпен омонимдес сөз болып есептелінбейді, соның көп мағыналығы негізінде қалыптасқан көмекші етістік. Бұл екі сөздің арасында мағыналық байланыс сақталынған. Ал екінші, үшінші мысалымыздағы қой – демеулік шылау. Оның қой етістігімен этимологиялық байланысы болғанымен қазір ондай байланысын үзген, алдындағы сөздің мағынасы нақтылап, күшейтіп демеулік шылау қызметін атқарып тұр. Адамның дене мүшесінің атауы ретінде іш сөзі зат есім болады. Ал үйдің іші, орманның іші, қаланың іші дегенде іш жеке өзі тұрып зат атауы бола алмайды. Үй, орман, қала сөздерінің тіркесіп, сол сөз білдірген заттың орнын, бөлшегін білдіріп тұр. Демек көмекші сөз – көмекші есім қызметінде қолданылып тұр. Шылау көмекші сөздерде мұндай дербестілік байқалынбайды. Рас тарихы жағынан шылау көмекші сөздер де толық мағыналы сөздерден дамыған. Бірақ уақыттың өтуімен байланысты мағыналық сыбайластық жойылып өзінің түп-төркінінен қол үзіп кетеді, мысалы, біресе шылауын алып көрейік. Бұл жалғаулық шылауы бір сан есімі мен есе (мөлшер мәнде) сөзінің бірігуі арқылы жасалынған (26,25). Қазіргі қазақ тілінде қолданылатын біресе шылауының сан есімдік те, мөлшерлік те мағынасы жоқ; кезектестік мағына білдіреді. Далада ышқына соққан боран біресе қасқыр болып ұлиды, біресе қыз болып сыңсиды ( Т. Рамазанов)
Функционалды көмекші сөздердің де мағыналарын бір өлшеммен өлшеп, бір топқа топтастыруға болмайды. Егер функционалды көмекші сөздерге көмекші есім мен көмекші етістіктер жататындығын ескеретін болсақ, олардың арасындағы мағыналық айырмашылықтың бар екендігі онша дау туғызбайды. Бізді қазір қызықтыратын нәрсе бұл екі көмекші сөздердің тобының мағынаға дербестігінің деңгейі ғана. Бұл жерде мына жағдайды да есепке алу керек сияқты. Бұл екі топтағы көмекші сөздердің о бастағы түп-төркіні болған зат есім мен етістіктер де лексикалық мағынасы жағынан бір өлшеммен өлшенбеген. Зат есімдер заттың, ұғымның атауы болып сөздік құрамының басқа элементтері тәуелсіз тұрып-ақ лексикалық мағына білдірген. Ал етістікте болса (сын есім, сан есім, есімдіктер сияқты) заттың амал-әрекетін білдіріп (басқалары түрлі қасиетін), зат есімдермен семантикалық жағынан байланысып жатады. Нақ осындай көмекші есім мен көмекші етістіктердің мағыналарын да бір өлшеммен өлшеуге болмайды, бірақ оларды салыстыруға болады.
Индоевропа тіл білімінде болсын, түркітанымда болсын көмекші сөздердің білдіретін мағынасын грамматикалық мағынамен байланыстырып анықтаймыз. Жоғарыда біз де осыған жуық пікір айтқан болатынбыз, бірақ біз оны толығымен грамматикалық мағынаға ендірген жоқпыз. Дегенмен де грамматикалық мағына белгілі бір грамматикалық формалар арқылы берілетіндігін ескерсек, онда көмекші сөз арқылы берілген мағына формасын аналитикалық форма дейміз. К. Аханов аналитикалық формаға сөздердің семантикалық формасы негізі (атауыш) сөз бен көмекші сөздердің тіркесінен жасалынады», – деп түсініктеме беруі осыдан (20,320). Басқа тілшілер де осы пікірді қолдайды. Бірақ кей тілшілер атауыш сөздердің тіркесін аналитикалық форма деп тән алу үшін белгілі бір шарттар болу керек дейді. Мысалы. В. М. Жирмунский орыс тіліндегі в предлогының бірде аналитикалық форма құрайтындығын, бірде нақтылы кеңестік мағынаға ие болып аналитикалық форма құрамына енбейтіндігін көрсетеді. Оған өлшем ретінде нақтылы мағына білдіру, білдірмеуін алады. Осыған байланысты автор өзбек тіліндегі шахарға – «в город» (барыс септігі), шахарда – «в городе» (жатыс септігі) сөздерінің мағынасы грамматикалық мағына болады, ал столнинг ичинда – «внутри стола», столнинг ичиг – «внутрь стола» дегенде нақтылы мағына бар деп оны аналитикалық формаға қоспайды (84,121). Екінші бір топ ғалымдар атауыш сөз бен көмекші сөздің тіркесі аналитикалық форма болуы үшін олар белгілі бір грамматикалық категорияның құрамына енуі керек дейді (12). Аналитикалық форманың құрамына енген элементтер өздерінің дербестігін жоғалтып, мағына жағынан идиомаланып, бір бүтін грамматикалық форма ретінде қолданылуы керек. Жүріп ал, айтып ал, келіп ал дегендегі -ып ал форманты екеуі бірге ғана бір мағына дербестігі қаншалықты әлсіресе, қаншалықты абстаркциялау күшті болса, соншалықты аналитикалық форманың құрамында сіңісіп, бір бүтіндік деңгейі күшті бола береді. Мағыналық форма құрамында да өз мағынасын сақтайды. Салыстырыңыз, басы, қасы, етегі, көзі сөздері көмекші есім мағынасында қолданылғанда, олар септік жалғауының мағынасын нақтылап қана қоймайды, амал-әрекетіне байланысты болған кеңістік, мезгілдік мағынаны да анықтайды. Сондықтан да олардың сол мағынанасын басқа тіркестер де білдіреді. Қаратаудың басынан көш келеді (Ауыз әдебиеті) дегендегі басынан сөзі шығыс септігінің мағынасын нақтылап тұрған жоқ, керісінше Қаратаудың сөзімен байланысып, соның бір бөлшегін – жоғары жағын көрсетіп тұр. Шығыс септігі өзінің төл мағынасы – амал- әрекеттің басталынған, шыққан жері, орны деген мәнде жұмсалынып тұр. Етек сөзі көмекші есім қызметінде қолданылғанда бір нәрсенің аяқталатын, беретін жағы деген мағынаны білдіреді. Мысалы, таудың етегі, судың етегі т.б. Осы мағыналық тұрақтылығы, нақтылығына байланысты аналитикалық форма деп есептеп ғалымдар оны белгілі бір грамматикалық категорияның құрамына қоспайды.
Көмекші етістіктерде лексикалық мағынаның дерексіздену дәрежесі көмекші есімдерге қарағанда күштілеу, сондықтан да олар аналитикалық форманың құрамына түскенде мағынасын идиомаландырып, бір бүтін форма ретінде қолданылу мүмкіндігіне не болады. Мысалы, кітап оқып отыр, ән айтып жүр дегендегі отыр, жүр етістігі өз мағынасында қолданылып тұрған жоқ, осы шақ мағынасында көмекшінің -ып, -іп, -п аналитикалық формаларымен бірге қолданылып тұр. Сондықтан -ып отыр, -іп жүр осы шақтың аналитикалық формасы деп атаймыз. Егер етістіктің аналитикалық формаларын жоғарыдағы өлшемде саралап шығатын болсақ, оларды да екіге бөлуге тура келеді. Бір топ аналитикалық формалар өздерінің төл мағынасын жойып, екінші бір грамматикалық формамен идиомаланған түрде бір грамматикалық форма ретінде де қолданылады. Мысалы, -ып отырады, -а отырады, -ып жүр, -а жүр, -ып жатыр, -ып тұр, -а тұр, -а жөнел, -а сол, -ып таста, -ып қой т.б. екінші бір топ көмекші етістіктер өздерінің мағынасын толық жоғалтпай, аналитикалық формада да сақтайды. Мысалы, -а баста , -ып келеді, -ып барады, -ып біт т.б. Біз бұларды фазалық етістіктер деп атап, амалдың өту сипаты категориясына қосып жүрміз. Бұл сияқты толық идиомаланбаған аналитикалық формалар түркі тілдерінен басқа тілдер де бар сияқты. В. Г. Гак француз тіліндегі аналитикалық формаларды талдай отырып, 1) идиомаланған, 2) идиомаланбаған аналитикалық форманың бар екендігін ескерткен болатын (57, 47). Түркі тілдеріндегі аналитикалық форма туралы сөз болғанда да осы мағыналық бүтіндік бір өлшем болу қажет. Егер осы негізде қарайтын болсақ, онда барлық көмекші етістікті тіркес аналитикалық форма құрамына кіретіндігі дау туғызбайды.
Сөздерді лексикалық мағына дербестігіне қарай бөлгенде көмекші есім мен көмекші етістіктердің, шылаулардың көмекші сөз екендігі дау туғызбайды. Бірақ кей сөздердің мағынасын анықтауда түркі білімінде пікір дауы бар. Бұл модаль сөздер мен сын есімнің асырмалы шырай түрін жасайтын өте, тым, аса, ең, тіпті сияқты сөздермен байланысты айтылып жүр. Сын есімнің шырайлары грамматикалық категория екендігі анық. Бірақ оқу құралдарында асырмалы шырайлар сын есімдердің алдына өте, тым, аса, тіпті, нағыз, нақ, ең, орасан, керемет сияқты күшейткіш үстеулерді тіркеу арқылы жасалынады деп үйретеді (304, 279). Бірақ К. Аханов, Н. Оралбаева сияқты ғалымдар оларды көмекші сөз деп ескереді: «...өте қызыл, тым қара, аса биік, өте ащы, тіпті ынтық тәрізділер сөздердің тіркесінен жасалынып, мағына жағынан қып-қызыл, қап-қара, біп-биік, ап-ащы, ып-ынтық сияқы формалармен сәйкес келеді де, сын есімнің шырай категориясының аналитикалық формалары ретінде табылады (19,126). Осы кітаптың басқа беттерінде аналитикалық форма толық мағыналы сөз бен көмекші сөздің тіркесінен жасалынады деген қағида айтылған болатын. Н. Оралбаева оларды күшейткіш көмекшілер деп атайды. 1) ең жақсы 2) ең жұмсақ деген сөздер анықтауыш қызметін атқарады, олардың әрқайсысының құрамындағы ең деген элемент жеке лексикалық мағына бермейді, ол жақсы, жұмсақ деген сындық белгіні күшейтіп, оның заттың жоғарғы сапасы екенін білдіріп тұр. Сындық белгіні тіпті асыра көтеріп тұрған бұл күшейткіш көмекші – асырмалы шырайдың көрсеткіші, грамматикалық категорияның осындай көрсеткіштері оқулықтарда үстеуге жатқызылып жүр»,–деп жазады (142,169).
Түркітанымда, соның ішінде қазақ білімінде ең, тіпті, аса, сияқты сөздерді көмекші сөздердің қатарына қосу соңғы жылдардың жемісі емес, бұрын да бар болатын. Мысалы, түркмен тілінің сын есімдерін зерттеген К. Шомурадов, қазақ тілшісі Н. Г. Сауранбаевтар ең сөзін көмекші сөздердің қатарына қосқан (288; 214). Ал 1970 жылы жарық көрген түркмен тілінің академиялық грамматикасының авторлары (сын есімді жазған М. Сарыбаев) : «При образовании превосходной степени аналитическим способом перед прилагательными употребляются усилительные служебные слова: чув «лре», шар «очень», орән «очень», иң «самый», иңкән «очень», исключительно, хас «особенно», чым «ире» и т.д.», – деп жазады (67,147). Өзбек тілшілерінің ішінде де ең, аса, өте сияқты сөздерді көмекші сөз деп атаушылар бар (265). Бірақ өзбек тілі академ грамматикасының авторлары оларды үстеулердің қатарына қосады (261,539). Өзбек тіліндегі сөз формаларын арнайы зерттеген С. Усманов болатын. Ол сөздердің аналитикалық формасының теориялық жағын талдау жасай отырып, өзбек тілінде бірнеше аналитикалық формалардың бар екендігін көрсетіп, солардың қатарына энг яхши, энг гузал, жудо яхши, ғоят гузал, нихоятда оғир сияқты сын есімнің күшейтпелі шырай түрлерін де қосады (260,107). Бірақ автор неліктен оларды көмекші сөз деп атаймыз деген сұрауға жауап бермейді. Ф. Г. Исхақов татар тіліндегі чам қара, өр яңа, жете қызыл, дәкі сукыр, шыр ялангач сияқты сөздердегі чам, өр, жете, дәкі, шыр сөздерін демеулік (частица) деп атайды (102,168). Т. Қордабаев Қ. Жұбановтың еңбектеріне талдау жасай отырып: «Терминдік түрлігіне қарамастан автордың өте, аса, тым, тіпті т.б. дегендерді щылау құрамында қосуы дұрыс, өйткені бұлар негізгі сөзден бөлек қолданылмайды, сөйлемнің мүшесі бола алмайды», –деп байлам жасады (148,65).
Қазіргі түркі тілдерінің материалдарының көрсетуінше, өте, тым, аса, ең, тіпті, нағыз сияқты сын есімдердің алдында тұрып сын есімдердің сындық мәнін күшейтіп көрсетіндігі анық. Олардың сын мөлшері әр тілде әр түрлі болуы мүмкін. Дегенмен өте, тым, қас сияқты сөздердің көмекші сөз екендігін мойындауға мына жағдайлар сәл кедергі болады. Бірінші, олардың орналасқан орны, көмекші сөздер деп жүрген басқа сөздердің орнынан басқашалау. Екінші, бұлардың қолданылуы еркін. Себебі олар тек сын есіммен байланысты ғана қолданылмай, етістіктермен де байланыса алады. Салыстырыңыз, өте шаршадым, тіпті сілем құрыды, қатты ұрысты. Күшейту мағынасы толық мағыналы сөздердің тіркесуі арқылы да беріледі. Мысалы, жаман шаршадым, жігіттердің жігіт, қан қызыл, ашыған сары, шектен тыс сұлу.т.б. Өте, тым дегендерді осылармен салыстыруға, теңестіруге болмай ма? Төртінші, қатты, өте, аса сияқты сөздер еістікке қатысты болғанда қалай сұрауына жауап беріп сөйлемнің қимыл-сын пысықтауышы болады. Қазіргі қазақ, өзбек, қарақалпақ, азербайжан сияқты түркі тілдерінің барлығында да көмекші сөздер толық мағыналы сөздерден кейін келіп толық мағыналы сөздің мағынасын нақтылап, толықтырып тұрады. Асырмалы шырай формасы деп танылатын өте, аса, тым, тіпті сияқты сөздерді көмекші сөздер деп тән алатын болсақ, онда түркі тілдеріндегі көмекші сөздерді қолданылу орнына қарай екіге бөлеміз. Яғни бір топ көмекші сөздер жетекші сөздердің соғынан қолданылып, орыс тіліндегі послелогтармен сәйкес келсе, екінші тобы өздері қатысты сөзден бұрын қолданылып, орыс тіліндегі предлогтарға сәйкес келеді. Дәстүрлі грамматикаларымызда көмекші сөздер деп аталып жүрген сөздеріміздің кей біреулерінің орны еркін болатындағы, өздері қатысты болатын сөздің алдында тұрып қолданылуы мүмкін екендігі туралы бұрын да айтылып жүретін. Бұл жалғаулық шылаулармен байланысты сөз болатын. Бірде оны жарылқап, бірде мұны, Қуды ұнатты-ау, Семейдің бұл қаласы (Абай). Сүйісер жастар қата етпес. Мейлің илан, мейлің күл (Абай). Жоғарыдағы келтірілген мысалымызда бірде, мейлі сөздері жалғаулық шылау қызметінде қолданылып тұр. Бірақ жалғаулықты шылау қызметінде қолданылып тұр. Бірақ жалғаулықты шылау мен асырмалы шырайдың қызметі бірдей емес. Мейлі сөзі талғаулықты жалғаулық шылау қызметінде қолданылып сөз бен сөзді, не сөйлем мен сөйлемді байланыстырады. Демек ол бір сөзге қатысты болмайды. Мағынасы талғау, саралау болғандықтан да, жоғарғы мысалымызда қайталанып қолданылып тұр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   22




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет