28 ЛЕКЦИЯ.
1. ТАҚЫРЫБЫ : Классицизим және сентиметализм әдісі
2. Лекцияның жоспары:
1. Ағымның тууы.
2. Өзіне тән ерекшелігі.
3. Шектеулілігі.
XVII ғасырдың аяқ жағында туып, XVIII ғасырдың орта тұсына дейін өнер атаулының бәрінде ,әсіресе Еуропа әдебиетінде орасан кеңөріс алған жұртқа мәлім ағымклассицизим (латынша cassicys-үлгілі,өнегелі бағыт).
Сөз өнеріндегі әрбір ағымның тууында таза әдеби “құпиялармен” қатар ,қоғамдық сыр мен себеп болатынын да айттық. Классицизимнің де туған тұсы –Еуропа елдерінде абсолютизм дәуірлеген кез.Ол тұста елдегі барлық үстемдік дворяндар сословиесінде,барлық билік монарх қолында болатын; солардың ықпалымен жұрт назары сарайға ауған,жұрттың бәрі сарай маңындағы ат төбеліндей “асыл нәсілдер” (ақсүйектер) аузына қараған кез еді.Қоғам өміріндегі осы хал өз кезінің әдебиетіне де әсер етіп ,оның дамуында өзгеше бір өнегелі бағыт атанған классицизим ағымын белгіледі.
Классицистер қаламынан туған шығармалардың негізгі тақырыбы,ежелгі грек әдебиетіндегі сияқты ,ел өмірінің елеулі ,ірі оқиғалары ; негізгі идеясы –елдің елдігін қорғаушы “ессіз ерлердің” қанды жорықтары мен дүрбелең саясаты; негізгі қаһармандары –қарапаймдар емес, қастерлілер –қолбасылар, корольдар,патшалар.
Классицизмге тән негізгі ерекшелік –көркем шығарманың құрылысын бір тәртіпке бағындыру.Мысалы ,драмалық шығармаларды “үш бірлікті” сақтай отырып жазу керек .Бұл, “үш бірлікті” сақтамаса,жоғарғы ережеден шетке шыққан болып саналады. “Үш бірлік” дегеніміз: уақыт бірлігі (оқиға бір тәулік ішінде ғана болуы керек), орын бірлігі (оқиға бір орында ғана болуы керек), оқиға бірлігі (бұнда оқиға тек бір ғана сюжеттік желінің бойында болуы керек).
Жалпы алғанда.классицизмнің өмір шындығынан алшақ жатқан жақтары көп,әрине, классицизм жазушылары да суреттелген нәрселерін өмір шындығынан алғаны сөзсіз.Әйтсе де сол өмір шындығын олар өз електерінен өткізіп және өз табының көзқарасынан көрсетті.Қандай өмір шындығын суреттесе де ,патша, корльдің,солардың маңындағылардың сәйкестендіріліп, солардың тілегіне бағындырылды.
Осы тұста ( XVIII ғасырдың орта кезінде ) өмірдегі абсолютизммен күрес идеясынан туған сентиментализм (французша sentimentalisme –сезімталдық) өмірде классицизмді ауыстырар тың ағым болып қалыптасты.
Сентименталистердің идеялық тұрғысы –елде енді-енді орнығып ,нығая бастаған жас буржуазияның идеологиясы;творчестволық объектісі –сарай маңындағы ақсүйектер емес,кәдімгі “орта қол” адамдардың күнделік тіршілігі, солардың көңіл-күйлері, жеке бастарына тән күйініш-сүйініштері, қуаныш-реніштері; негізгі тақырыбы классицистердегідей тарихи оқиғалар емес,әдеттегі семья тұрмысы; негізгі қаһармандар –қолбасылар,корольдер мен патшалар емес, - алпауыттар, қолөнершілер мен қарапайым шаруалар. Көркем шығармаларға мазмұн болған оқиғалар енді сарай маңынан аулақ, ашық –мөлдір аспан астына, көктемле құлпырған көк майса шөп үстіне, өзен жағасына, жасыл төбе баурайына көшірілді.Адамдардың көңіл күилерін сентименталистер осынау сұлу табиғат көркімен ұштастырып ,бір алуан сезімдер мен сырлар қозғау –“жан тебіренту” тәсілдерін тапты.Олар оқырман көңілін оңай босататын иен дала ,иесіз жұрт, жас қабір ,құлаған қыстау... секілді көріністерді сипаттауға әсіре құштар болатын.Ағымға тән осы ерекшеліктер енді әдеби жанрлардың да бұрын көп өріс алмаған (элегия,психологиялық роман,мещандық драма, “жылауық комедия” атанған) жаңа түрлерін туғызды.
Сентиментализм ағымы әдеби шығармаларға көл-көсір лиризм дарытты; классицизм тұсында тым аспандап кеткен асыңқы әуенді жерге түсірді;жұрт назарын арсы - гүрсі сырт әректтерден гөрі адамның ішкі сырына аударыңқырады; әдеби шығармалардың классицизм тұсында ұмыт болған прозалық түрлерін туғызып, оларға әжептеуір табиғи , шыншыл сипат берді.Сөйте тұра сентиментализм классицизммен күресте біраз қажет нәрседен айрылып та қалды; әдебиетті ірі тақырыптардан аулақ әкетті; тіршіліктегі ұсақ-түйек, күйкі жайлармен көбірек әуестенді;адамның жеке қара басына ден қойыңқырап, қоғамдағы халықтық мәні бар келелі мәселелерден сырт қалып қойды. Сөйтіп, бұл ағымның да ғұмыры онша ұзаққа бармады.
Реализм –искусство мен көркем әдебиеттің негізгі методының бірі. Реализмнің негізі - өмір шындығы. Жазушы ақындардың бір алуаны шындықты көрсетуді негізгі нысанасы етеді де,өздеріндегі бар мүмкіншілікті пайдаланып, шығармаларында өмірді толық ,кең түрде суреттеуге күш салады.Өмір, өмірдегі күрес, тартыс,іс-амал,қарым-қатыстар шығармада айнаға түскен сәуледей әрі толық, әрі жанды болса деген тілек қояды.Бұл идея, әдіс бір ақын не бір жазушы емес, әлденеше жазушы , ақындарға тән. Осыдан келіп, олардың пікірлестік, әдістестігі, шындық өмір құбылысын әдебиетте творчестволық жолмен іске асыру мәселесі туады.Міне, осындай методпен жазудыреализм әдісі деп атайды.
Реализмнің элементі ауыз әдебиетінде де ,классицизм, романтизм методымен жазылған шығармаларда да кездеседі. Романтизм методымен жазылған шығармалардың кейбіреуінде реализм элементтері мидай араласып, жігін ашу қиынға түсетін жайттар кездеседі. Әйтсе де айыруға, негізінде қай методқа жататындығын білуге болады.
Реализмнің дамыған ,толысқан кезі XIX ғасыр. Қай елдің әдебиетінде болсын реализм методының XIX ғасырда дамуы кездейсоқ емес, қоғам өмірінің даму жолдарымен нық байланысты.
Қазақ әдебиетінің тарихында біз Абайды ең үлкен реалист ақын деп танимыз. Бұдан Абайға шейін бізде реализм болмады деген ұғым тумаса керек .Болды. Махамбет, Алтынсарин сықылды талантты ақын ,жазушылар да өз кезіндегі өмір шындығын шебер көрсете білді.Бірақ Абай өмірге реалистік көзқарасты олардан гөрі де тереңдете түсті.Өмірдің әр алуан жағына көз тігіп ,типтік мінезді,типтік жағдайға дәл,сайма-сай етіп іскерлікпен суреттей білді.Ол басқалар аңғармастай, адамдардың іс-әрекеттері,психологиялық жағдайларды көрсетуі ,тіпті жеке сөз образдары –
бәрі де өмір шындығына дәл, соның бір жанды бөлшегі тәрізденді.
XIX ғасыр әдебиетіндегі сыншыл реалистердің қатарына Абайды қосуға болады.Абай типтік жағдайға тән типтік әдеби мінез жасап қана қойған жоқ және оларды өткір сықақпен ,мысқылдап ,күлкі етті.Абай шығармасындағы болыс ,би ,ел билеушілердің образдарын алсақ ,баққаны қулық пен сұмдық, өз құлқынын ғана ойлайтын,мейлінше өзімшіл және өз басы ,кісілігі еш нәрсеге арзымайтын ,ісіне де ,сөзіне де кермек күлкің келерлік адамдар .
Социалистік реализм.
Искусство мен әдебиеттің өмірге қатынас ,байланысын белгілеуде, оның әр алуан құбылысын дұрыс көрсетуде ең негізгі, ең биік сатыдағы әдеби метод –социалистік реализм.
Социалистік релизмге тән кейбір ерекшеліктер марксизм классиктерінің ұлы еңбектерінде ерте кезде-ақ айтылған.Пролетариат революциясы жеңіп, жұмысшы табы өкімет тізгінін өз қолына алғанда, ол қандай әдебиеттік принциптерді ұсынуы жайлы Ф.Энгельс әлденеше құнды пікірлер айтқаны бізге мәлім десек, В.И.Ленин өзінің «Партиялық ұйым және партиялық әдебиет» атты мақаласында социалистік реализмнің негізгі принциптерін айқын көрсетеді.
Социалистік реализм әдісінің тууына негіз болған тарихи -әлеуметтік жағдай – Россияда пролетариаттың революциялық қозғалысы өрістеп ,революцияның негізгі күші –жұмысшылардың таптық санасы ояну,ұлы күреске белсене, саналы түрде араласу дәуірі болды.Өйткені революцияшыл жұмысшы табы қожалық етушілермен белдесерлік ұлы күшке айналуымен байланысты өзінің жыршыларын да тарих сахнасына ала шықты.
Социалистік реализмнің негізін салушы А.М. Горький Ұлы Октябрь революциясына шейін «Мещане», «Жаулар» , «Ана» шығармаларын жазды. Горькийдің бұл шығармалары орыс әдебиеті және дүние жүзіндегі әдебиеттің даму жолындағы жаңа кезең болды.Тақырыбы да ,идеясы да, қатысушылардың араларындағы тартыстар да бұрынғы әдебиеттерде кездезпеген жаңалықтар еді.
А.М.Горькийдің ізін баса шыққан совет ақын ,жазушылары өмір құбылысын социалистік ой –сана тұрғысынан түсініп,жаңаша суреттеді.Совет әдебиеті коммунистік қоғамның жалпы халықтың идеалын ұсынды.Әдемілік иделының биік шыңы халық мүддесін жырлау, социализм,коммунизм құру ісіне ат салысу деп ұқты.Жұртшылыққа осы идеяны насихаттады.
Социалистік реализм методы қанатын тез жайып , бірден –ақ тамырын тереңге жіберді. Ұлы Октябрь социалистік революциясының жеңіс жылдарынан бастап , СССР халықтарының әдебиетінде социалистік реализм методын қолдаушы ақын, жазушылардың тобы күн санап көбейе бастады.Халықтар әдебиетінің кейбір ірі өкілдері жалпы совет әдебиетіне келіп қосылды. Олар әрбір республикалардағы мазмұны социалистік , түрі ұлттық әдебиеттерде социалистік реализм методының ұйтқысы болып саналды.
Достарыңызбен бөлісу: |