Әдеби KZ
екеуін де орындар едік. Ал қазір бұл өтініштеріңді орындайтын мүмкіндігіміз
жоқ...
— Қалайша?
— Қазір Россия үлкен соғыс үстінде. Әр солдат есепте. Мұндай жағдайда
қазақтың екі ханы бірін-бірі мұқату үшін Елизавета Петровна үш мың солдат бере
алмайды. Әрине, қазақ даласында Россияға жамандық келтірердей шын қиын
жағдай туып тұрса, онда бір сәрі... Үш мыңнан да көп солдат табуға болады...
Неплюев ақырғы сөзімен Әбілқайырдың қомақтап айтқан себептерін жоққа
шығарды. Бұны ұққан Әбілқайыр:
— Бәрі түсінікті, — деді қабағын сәл шытып, — ал Қожахмет жайында не
айтасыз?
— Бұл ойланатын мәселе. Түбі мәртебелі Россия патшасы Елизавета
Петровнаға хат жазу қажет шығар. Аманатты ауыстыру үшін патша ағзамның указы
керек...
— Солай деңіз.
— Ал енді үшінші тілегіңізді айтыңыз.
Әбілқайыр қаншама өзін-өзі ұстағысы келгенмен де, тамағына тығыла қалған
ашуын баса алмады.
— Үшінші тілегім. Көптен бері Қалден Церен менің қарындасым Қарашашты
сұрап жүр еді, — деді даусы сәл қырылдап шығып. — Біздің ойымыз Қалден
Церенді өшіктіре бермеу... Артымда бәлендей сүйенер тірегім болмағандықтан,
Жоңғар қонтайшысымен үнемі жауласа беруден пайда шықпас деймін. Мәртебелі
Елизавета Петровна бұған қарсы болмас.
«әһе, — деді ішінен Неплюев, — тырнағыңды сен де көрсете бастадың ба?
Бұның: сендер мені қолдағыларың келмесе, мен былай шығам, — деген қоқан-
лоқың ғой... Қарайық бұдан не табар екенсің?».
— Жоңғар тайпасымен Бірінші Петр патшаның кезінен достық бітіміміз бар.
Бізбен дос елмен достасамын дегенің теріс емес, — Әбілқайыр Неплюевтің
кекетіп, не шынын айтып тұрғанын түсінбейді. Жайбарақат пішінмен генералдың
187
Әдеби KZ
бетіне қарап еді, қатып қалған тас мүсін тәрізді, шикіл сары бетінің бір тамыры
бүлк еткен жоқ. Неплюев сөзін жалғай түсті, — әйткенмен сәл қоя тұралық, арғы
күнгі келіс сөзден не шығар екен, соны күтіңіз. Қыз болса күйеу табылар...
Әбілқайыр бұл өтінішімен де ештеңе ұтпағанын сезді. Өкпелеймін деп бір
сырын ашып алғанына өзі де өкінді. Сөйтсе де бұл ойын Неплюев Нұралы арқылы
бұрыннан да білетіні есіне түсіп, «оқасы жоқ, ең болмаса менің бұлардан
жасырын ісімнің жоқ екенін ұқты ғой, бұған да шүкір» деп далбасалады.
Нұралы туралы сөзді енді Неплюевтің өзі қозғады.
— Өзге балаларыңызға қарағанда, Нұралы қазіргі жағдайды анағұрлым жақсы
түсінеді, — деді генерал. — Сіз ол туралы бұрынғы пікіріңіздемісіз?
Әбілқайырдың зығырданы қайнады. Нұралы туралы әкесінен бұрын
Неплюевтің сөз қозғауы оның күдігінің дұрыс екенін анықтады. Сонда да сыр
бермей:
— Нұралы менің тірегім, менің ісімнің жалғаушысы, — деді. — Ол туралы
ойымды өзгертпеймін.
Неплюев те Нұралының әкесі жайында ақпар беріп жүретінін Әбілқайырдың
білетінін түсінді. Бірақ оның сөзін бөлген жоқ. Хан сәл ойланды да:
— Жаман айтпай жақсы жоқ, мен алда-жалда қаза таба қалсам, ақ патшадан
жалғыз тілегім: менің орныма Кіші жүздің ханы етіп Нұралыны бекітсін.
— Бұл тілегіңізді патша ағзам мақұлдар деймін, — Неплюевтің лып етіп көне
қалғанына Әбілқайыр іштей қатты ренжіді. «Осы иттер менің тез өлгенімді күтіп
жүр ме, қалай?» Неплюев те өзінің тым тез жауап бергенін сезді. Ол күліп:
— Бірақ, сіз әлі ұзақ жасайсыз. Нұралы қанша жақсы болғанымен сіздің
жолыңыз бөлек. Россия өзінің адал достарынан айрылғысы келмейді.
Неплюевтің бұл сөзді саясат үшін айтып келе жатқанын түсініп тұрса да, хан
көңілі көтеріліп қалды. Жылы сөзге кім жібімесін:
— Иә, Нұралы жақсы хан болуы мүмкін...
— Нұралының тағы бір артықшылығы — ол Қарақалпақ елімен жақсы. Тіпті бір
рет қарақалпақтарды өзіңіз шаппақшы болғаныңызда оларға араша түсіпті.
188
Әдеби KZ
Нұралыны қарақалпақтар сыйлайды. Ал бізге қазір олардың Россия қол астына
кіргені шарт. Өйткені, Хиуаны Россияға қарату үшін, орта жолдағы Қарақалпақ
жерінен өтуіміз керек.
— Сөз жоқ, қарақалпақтарды Россияға қаратуда Нұралы таптырмайтын адам.
Ал бірақ Хиуа туралы оның өз ойы бар... Нұралы жақында Хиуадан қайтты. Ондағы
бар жағдайды көзімен көріп келді. Егер маған әскер берсеңдер, өзім барып
Хиуаны Надир шахтың қойған адамынан тартып аламын дейді.
«Әбілқайыр қулықпен орыс әскерлерін тағы қолына түсіргісі келіп тұр-ау» деп
тұжырған Неплюев;
— Қандай әскерді айтады Нұралы сұлтан? — деді елең етіп.
— әңгіме қазақ әскерлері жайында. Хиуаға орыс әскерін енгізудің керегі жоқ.
Діншіл жұрт, кәпір әскері келді деп, бүкіл халқы боп қарсы тұруы мүмкін. Ал қазақ
жауынгерлері оларға өз қосындарымен бірдей. Хиуаны біздің бабаларымыз
бұрын да талай алған. Әрине, басып кірген Қызылбас елінің патшасы Надир
шахтан көрі қазақ сұлтаны Нұралыны жергілікті ел құшағын жая қарсы алады.
— Бұл еске алатын жәйт екен, — деді Неплюев ойлана, — бірақ дәл қазір
Надир шахқа қарсы соғыс ашу мүмкін бе? Россия жеті жылдан бері Түркиямен
соғысып жатыр. Азов төңірегінде жеңгенмен, Очаковоны алғанмен, біз әлі
түріктерді мүлдем тізе бүктірген жоқпыз. Оның үстіне Персиямен соғыс ашсақ...
— Сіздер емес. Хиуадағы Надир шах әскерімен біз соғысамыз ғой. «Надир шах
туралы әңгімені бұл неге бастады, деп ойлады Неплюев, — бізді тағы бір үлкен
соғысқа арандатпақ қой. Сөйтіп лай суға қармақ сап, пайда таппақ...»
— «Біз» дегеніңіз кім? Кіші жүз хандығын айтасыз ба? әлде сіз, Әбілқайыр
мырза, Кіші жүздің Россия қол астындағы ел екенін білмейсіз бе? Сіз білмегенмен
мұны Надир шах жақсы түсінеді ғой. Хиуа мен Үргенішті алған Надир шах енді
қазақ жеріне кірмек болғанда, кім тоқтатып еді оны? Сіз бе? әлде Ұлы Россия
патшасы ма? Жоқ, мұндай елмен қазір соғыс ашудың қажеті болмас. Ал соғыс аша
қалар жағдай туса, бұған Петербургтың рұқсаты керек. Онсыз қимылдауға
қақымыз жоқ.
189
Әдеби KZ
Әбілқайыр ақырын басын изеді, Россия қол астына еніп, Жоңғардан аман
қалғаны үшін, Әбілқайыр өзінің билігін құрбан етті. Енді ол бұрынғыдай қалаған
уақытында сау етіп Хиуа қақпасының алдына бара алмайды. Оған Россия
патшасының рұқсаты керек! Иә, мұндай бағыныштылыққа болашақ ұрпақтары
қалай қарар екен?
— Жөн екен айтқаныңыз, губернатор мырза, — деді Әбілқайыр сыр бермей —
Петербург не айтады, соны күтейік. Надир шахтың әскері Хиуаны бүгін-ертең
тастап кеткелі тұрған жоқ қой. Әлі уақыт бар...
Неплюев Әбілқайырдың көңілі жүдеп қалғанын білсе де, оны жұбатқысы
келмеді. «Қанша дегенмен де бізге бағынышты адам ғой. Бәрібір, бүгін болмаса,
ертең осылай сөйлесуге тура келеді, еті үйрене берсін» деді генерал ішінен.
— Бірімізбен біріміз ұғынысып алғанымыз қандай жақсы болды, — деді
Неплюев, қалтасынан шынжырлы алтын сағатын алып. — Біраз уақыт болып
қалыпты. Қалған шаруаны ертең кеңесте талқылармыз. Қайталық. Әлі маған
Жәнібек мырзамен де ақылдасу керек.
Әбілқайыр бұған елең ете қалды, бірақ үндеген жоқ.
Арғынның бір тарауы Шақшақтан шыққан Қошқарұлы Жәнібек «Ақтабан
шұбырынды» басталып, Абылайдың атағы үш жүзге тарағанға шейін, Орта жүздің
ықпалды, ең әйгілі адамының бірі еді. Әбілқайырдың қарындасына үйленгеннен
бері, ол Кіші жүз ханының оң қолына айналған, Кіші жүз ханына Орта жүздің де
кей руларының бағынуына көптеген себебі тиген. Егер Әбілқайырдан дабыл
шықса, әскерін ертіп ең алдыменен хан ордасына жетіп келетін осы Жәнібек.
Сондай қылықтың бірі бір мың жеті жүз отыз сегізінші жылы болған. «Ақтабан
шұбырындыдан» бұрын-ақ Жайық пен Еділ арасындағы жер үшін таласып келген
Еділ қалмақтары Кіші жүздің Жоңғар әскерінен күйреп Россия патшалығының
қанатының астына әлі кіре алмай жүрген шағында, аулын шауып малдарын айдап
әкетіп, маза бермеген. Жайықтың арғы бетінен жайылым бер деген Әбілқайырға
Еділ қалмақтарының сол кездегі ханы Дондук Омба «әлі өз жеріңнен айырылып
қалма» деп жауап қайырған. Әбілқайыр «жыланның үш кессе де кесерткелік әлі
190
Әдеби KZ
бар, Қалден Церенге күшім жетпесе де, дәл саған күшім жетер, Дондук Омба» деп
жиырма екі мың сойылмен екі қол болып Еділ бойындағы қалмақтарға қарсы
аттанған. Соның бір қолын, он мың сарбаздан құрылған Орта жүз әскерін осы
Жәнібек батыр басқарып барған. Әбілқайырдың осы екі қолы Еділ жағасындағы
Қызылжар деген жерде Қалмақ әскерімен кездескен. Қазақтардың келе
жатқанынан хабарсыз отырған Қалмақ әскерін Әбілқайыр мен Жәнібек осы жолы
қан-жоса етіп жеңген. Көп ауылдарын шауып, мал-мүлкін талап, екі мың
шаңырағын өздерімен бірге айдап әкелген. Бұл қорлыққа шыдай алмаған Дондук
Омба іле-шала қол жинап, бір мың жеті жүз қырқыншы жылы жиырма мың
әскермен қазақ даласына аттанбақ боп тұрғанда, Балдан Норбидың әкесіне
істеген опасыздығының кесірінен бұл жорық болмай қалған. Сонан кейін Орынбор
экспедициясының бастығы генерал-лейтенант Урусов екі елдің хандарын
шақырып алып, кек алу мәселесін тоқтатқан, Бірақ қарамағындағы елдердің тату-
тәтті тұруын көздемейтін патша саясатын мықты ұстанған Орынбор
губернаторлары Кіші жүз бен Еділ бойындағы қалмақтардың хандарын түбегейлі
келісімге келтірмеген. Кейде араларына шоқ тастап та қоятын. Осындай жағдайда
Әбілқайыр үнемі Жәнібекке арқа сүйеуші еді.
Жәнібек батырдың қазақ руларының Россия патшалығының қол астына
кіруінде де еңбегі бар. Ол басқа хан, сұлтандар сияқты Россия мен Жоңғар
арасында ауытқымай, бастан аяқ Россияға қосылу жағында болған адам.
Сондықтан Орынбор комиссиясының екі бірдей бастығы, алдымен белгіленген
Урусов та, кейін оның орнына келген Неплюев те «Жәнібек батырдың абыройы
қазақ еліне ешбір ханнан кем емес» деп, онымен үнемі санасып отыратын. Екеуі
де Анна Иоанновнадан Жәнібек батырға, Россия патшасының бұратана ұлттардан
шыққан еңбегі сіңген әскери адамдарына берілетін тархан атағын сұраған. Бұны
Әбілқайыр да қолдаған.
Жәнібектің көптен аңсап күткен сол атағы жайлы патша указы кеше ғана келіп
еді. Бұны әзірше Неплюевтен басқа жан білмейді. Ол бұл указды губернатор
кеңесі біткеннен кейін қонақтарын тағы жинап, солардың көзінше оқымақ, адал
191
Әдеби KZ
қызмет істейтін адамды Россия патшасы қалай жоғары бағалайтынын айтып,
мақтап өтпек.
Жәнібектің аты аталған шақта Әбілқайырдың әлденеге секем алғанын аңғарып
қалған Неплюев:
— Жәнібек батырды мен сіздің жекжатыңыз ғана емес, одақтас досыңыз деп
қадірлеймін, — деді.
— Оған шек келтірмеңіз.
— Орта жүздің ханы Әбілмәмбет пен Абылай сұлтан келе жатып, кейін қайтып
кетті. Ал Орта жүзден келген басқа ақсақал би, батырлар көп. Біреу соларды
басқармаса, біздің кеңесіміз Орта жүздің пікірінсіз өтеді. Мұндай мәжіліске
олардың қатысқаны жөн.
— әлбетте.
— Оның үстіне Жоңғар елшілері Орта жүз өз тағдырын Әбілмәмбет пен
Абылайсыз да шеше алатынын көрсін.
— Дұрыс айтасыз, генерал мырза, — деді бұл шешімге қуанып қалған
Әбілқайыр, — менің де айтып жүргенім осы ғой. Орта жүздің тағдырын тек
Әбілмәмбетке беріп қоюға болмайды. Жас болса да қазір билік Абылайға көшіп
бара жатқан секілді...
Бұл жолы Неплюев пен Әбілқайырдың ойы бір жерден шықты. Орта жүз елінің
ішінен Әбілмәмбет пен Абылайға қарсы қоюға жарайтын бір адам болса — ол
Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек батыр.
Әбілқайыр мен Неплюев стол басына қайта келгенде, жұрт азан-қазан екен.
Хан мен генерал жоқ деп, ешкім күтіп отырмапты. Арақ, шарапқа тойғаны мас боп,
көгал үстінде қорылдап ұйықтап жатыр. Көпшілігі арақ араластырған сары
қымызға лықия тойып ап, шеке тамырлары білеудей боп жапанды жалпағынан
басып, гу-гу етеді. Орыс офицерлері де есесін жібермеген тәрізді. Орыспын,
қазақпын демей, бірін-бірі құшақтап, әлденені айтып, қарқылдап күліседі...
192
Әдеби KZ
Жұрттың мұндай күйін көрген Неплюев қонақтарын дастарқан басына бұдан
ары ұстауға қорықты. Мас болып қалған біреуі әлдеқалай шатақ шығармай
тұрғанында, бұл жиынды дер кезінде таратуды жөн көрді.
Ол арақ толы бокалын қолына алып:
— Құрметті қонақтарым, мен соңғы тосты сіздердің құрметтеріңізге ішемін, —
деді. Сосын үлкен бокалдағы арақты аяғына дейін қағып салды. «Браво! Браво!»
деген офицерлердің айқайы естілді. — Келгендеріңе көп рақмет! Бүгінгі бас
қосуымыз осымен бітсін. Таңертең сағат онда ресми мәжілісіміз басталады.
— Көп рақмет!
— Көп жаса, генерал мырза!
— Бір бас қосып қалдық қой... — деген сөздермен жұрт опыр-топыр түрегеліп,
тарай бастады...
Жиырма үшінші август күні басталған мәжіліс жетінші сентябрьге дейін
созылды. Жоңғар елшілері қатынасып отырғандықтан, ең күрделі мәселе Россия
қол астына қазақ елінің кіргендігін Жоңғар хандығының мойындауы еді. Сол
себептен кеңестің біраз күні Россия, Жоңғария және Қазақ елі арасында қандай
байланыстар, келісімдер болатынын анықтауға кетті. Россия патшасының өкілдері
Жоңғар елшілерінің қазақ жеріне не үшін келгендерін, қандай талап қоятындарын
білгісі келді. Оған Кошка мен Бұрун:
— Қазақ елі біздің Қытаймен ұзақ уақыттар бойы соғысып жатқанымызды
пайдаланып, талай шапты. Сол үшін біз олардың көп жерін басып алдық. Қазақ елі
енді бізге салық төлеуге, аманат беруге тиісті, — деген пікір айтты.
Оған Неплюев:
— Біздің қол астымыздағы елдің бөтен жұртқа салық төлеуі не аманат беруі
Россия империясының заңына қайшы келеді, — деген жауап қайырды.
— Біздің қастарымыз арамызға қандай от жақса да, қазақ елі қолына құран
алып, Ұлы Россия патшасына берген антында тұрады, — десті Орта жүз бен Кіші
жүздің атынан сөйлеген Әбілқайыр мен Жәнібек, — Россиямен мәңгі біргеміз. Ал
Жоңғар елін шапсақ, ол ғасырлар бойы бітпей келе жатқан арамыздағы ұрыстың
193
Әдеби KZ
жалғасы еді. Егер Жоңғар елі бізге тыныштық беретін болса, біз де оларға қол
көтермеуге, ұлы мәртебелі губернатордың алдында уәде етеміз.
— Қазақ хандары жаратылғалы уәделерін орындап көрген жоқ, — деді Жоңғар
елшілері, — бұл біз талай естіген көкек әні, антын ертең-ақ бұзады.
— Бұл жолы олардың антын бұзбайтынына біз кепілміз, — деді Неплюев.
— Олай болса, біздің ұлы қонтайшымыз Қалден Церенге елші жіберіңдер, —
деді Кошка мен Бұрун, — қалған келісім сөзді сонда бітірелік...
Осылай келісті, бірақ Жоңғар елшілері бірден жүріп кетпеді. Олар үш жүздің
ақсақал биі, батыры қолдарына құран ұстап: «Россия қол астына кірдік» деп
губернатор алдында ант бергенін көздерімен көрді. «Игі жақсыларға» рақмет
айтып, әсіресе Ұлы жүздің басшыларына ризашылығын білдіріп сөйлеген
Неплюевтің сөзін естіді. Бұл Жоңғарларға қатты батты. Өйткені Жетісу олар үшін
Жоңғар қонтайшысы басып алған өлке боп саналатын. Ұлы жүз бұл кезге дейін
қонтайшысына салық төлеп, аманатын беріп келген.
Орыс патшасының қазақ жеріне ішкерілеп кіре бастағанын көрген Жоңғар
елшілері, өздерімен одақтас Қарақалпақ батырларын ертіп, дым бітіре алмай,
елдеріне қайтып кетті.
Бұлар кеткеннен кейін Неплюев тағы екі мәселе қарады, бірі Орта жүз бен Кіші
жүз хандарының арасындағы қайшылық болса, екінші Еділ қалмақтары мен қазақ
елінің арасындағы өшпей келе жатқан қастық еді.
Қазақ хандарының өзара жау болуы Россияға қаншама тиімді болғаныменен
де, Әбілқайырды біржолата шошытып алмайын деп, Неплюев оған «қандай қиын
істі болса да татулықпен шешуге тырыс» деп ақыл берді. Оның үстіне Әбілқайырға
өз қарамағындағы орыс қарашекпендерімен жақынырақ отыру үшін, Елек пен
Берді өзендерінің бойында көшіп жүруге рұқсат етті. Бұл соңынан қазақ еліне
деген үлкен жақсылық боп табылды. Осы арада Кіші жүздің ең алғашқы егінші
жұрты пайда болды. Ал ханның өзіне «орыс бекіністерінің қайсысына болса да
кіріп жүруге еріктісің» деді. Сондай-ақ Кіші жүздің ханын қазынаның астығымен
қамтамасыз етуді орыс әкімшілігі өз міндетіне алды. Неплюев осы болмашы істің
194
Әдеби KZ
бәрін патша ағзамның Әбілқайырға ерекше көрсеткен құрметі деп ұғындырды.
Бұның бәрі жылаған баланың қолына бір үзім нан ұстатқанмен бірдей, Орынбор
губернаторының шығарып салма саясаты екенін Әбілқайыр түсінсе де, қарсы
ештеңе айта алмады.
Еділ қалмақтары мен қазақ елінің таласын да Неплюев оңай шешті.
Достастырып, бірімен бірі қарым-қатынасын жөндеп, ел боп араласып тұратын
келісімге келтірудің орнына, «Еділ қалмақтары, сен Жайықтың бергі бетіне өтпе,
ал қазақ елі, сен Жайықтың арғы жағасына шықпа» деп үкім айтты.
«Тұтқындарымызды қайтарып берсін» деген Еділ қалмақтарының өтінішіне,
Жәнібек: «оларды қайтару мүмкін емес, біз сол жылы-ақ қалмақ тұтқындарын
Хиуа, Бұхар базарларына сатып жібергенбіз» — дегеннен кейін, Неплюев бұл
мәселені соңынан қарамақ болды. Осылай тынымды ештеңе өндіре алмаған Еділ
қалмақтарының елшісі де іштей тынып еліне жүріп кетті.
Бұл мәжілісте тікелей өз басына олжа тапқан тек Жәнібек болды.
Келісім сөз қызу жүріп жатқан кезде, қалт еткен бір үзілісте Неплюев
қонақтардың басты адамдарын өзінің шатырына жинап, қазақтың, қалмақтың,
башқұрттың сұлтандары мен батырларының алдында тамаша бір шабытты үнмен
Елизавета Петровнаның указын оқып шықты.
Бұл указда патша азғамға көрсеткен адал қызметі үшін Жәнібекке қырғыз-
қазақ халқының бірінші тарханы деген атақ берілді. (Бұл Россиядағы
фельдмаршал дәрежесімен тең еді). Егер патша ағзамға адал қызмет істесе,
тархан атағы оның балаларына, ұрпақтарына дейін мирас етіледі делінген.
Указды оқып шыққаннан кейін жаңа тарханның құрметіне барабан соғылып,
зеңбіректерден салют берілді.
Қошамет көрсеткен жұрт гуілдесіп кетті.
— Уа, Шақшақ, атың бәйгеден келді!
— Даңқың аса берсін, Жәнібек!
— Тархан дегені хан дегені ме екен? Қарадан да хан шығады екен-ау!
— Шап ауылға, сүйінші сұра!
195
Әдеби KZ
— Уа, Арғын атам, бір көтердің ғой аруағымды! — десіп, бүкіл дала шуға толып
кетті.
Тархан? Бұл қай халықтың тіліндегі сөз. Дәрежесі қандай болмақ? Жәнібекке
бұл атты сұрағалы қашан! Патша ағзам указын әне берем, міне берем деп,
Жәнібектің алдына оны қызыл түлкінің құйрығындай бұлаңдатты да қойды.
Ақыры берді-ау әйтеуір. Бұрын өзі тілектес боп жүрген Әбілқайырдың қиялы қазір
алай-түлей. Бұл не? Қызғаншақтық, әлде көре алмастық па? Ағайынды екі адам
бәйгеге ат қосып, ағасының аты келсе, қызғаншақ болса, інісінің жаны күйінеді. Бұ
да сондай бірдеңе... Әйтпесе Әбілқайырға Жәнібектен жақын кім бар? Туған
балалары да ханға бұдан артық жақсылық ойлаған емес.
Жәнібекке тархан аты берілгенде шаттанғандары көп, жанына қызғаныш шоғы
түсіп, күндестік сезім билегендер де аз емес. Ондайлар құр күлген, қуанған
болады. Бірақ, көздерінде ызғар, еріндерінде кекесін ізі байқалады.
Ал, Неплюевтің өз есебі өзінде, «Бала секілді, бұлардың қуануы да, ренжуі де
оп-оңай. Мұндай елді басқару қиынға түспейді. Егер біреуді мерт еткің келсе,
өзгеден оның дәрежесін жоғары көтере қойсаң болғаны».
... Жалпы келіссөздер бітіп, қонақтар тарқардан бір күн бұрын Неплюев
Құдабайды тағы шақырды.
— Әбілқайыр хан көптен бері Сырдарияның етегіндегі құлап қалған көне қала
Жанкентті қайтадан жөндеуді сұрап жүргенін білесің бе? — деді.
— Білем...
— Не үшін екенін де білесің бе?
— Мүмкін Жоңғарға таяу тұрғысы келетін шығар.
Қу тілмаш осылай деп губернатордың бетіне күлімсірей қарады.
Губернатормен соңғы кездерде жиі кездесіп жүрген тілмаш Неплюевтің ызғарлы
түріне де, орынсыз айқайына да үйреніп алған-ды.
Неплюев өз ойын онан ары сабақтады.
— Ол күйреп қалған қаланы қайта тұрғызу үшін, қанша қаржы керек екенін
білуге геодезистер жіберуге тиістіміз. Жақында хан ордасына прапорщик-
196
Әдеби KZ
геодезист Илья Муравин барады. — Неплюев Құдабайға түксие қарады. — Оның
қызметі тек көне қаланың орнын зерттеу ғана болмайды. Бар хабарды соған
жеткізіп тұрасың...
— Құп, тақсыр, сеніміңізді ақтауға бармын.
— Әбілқайыр Муравинді өзіне патша үкіметінің атынан келген кеңесші деп
санайды. Солай деп онымен келісілген. — Генерал күлімсіреген болды. — Кеңесші
тілмаш емес, ханның ішінде не жатқанын да біліп тұруға міндетті. Ал осы
прапорщик барғанша оның міндеті саған жүктеледі...
Неплюевтің өзіне сенбей Муравинді жіберіп отырғанына іштей наразы болып
қалған Құдабай:
— Ол міндетті мен бұрын да атқарып келе жатқан жоқ па едім? — деді төмен
қарап. — Және жаман да атқармаған секілді едім.
Неплюев өз тыңшысының көңілін тақа жүдеткісі келмеді.
— Сен жаман жұмыс істеп жүрген жоқсың. Адал еңбегің үшін дәрежеден де
құр қалмассың... Прапорщиктен саған келер зиян жоқ. Бар!
— Құп, тақсыр.
Жарты сағаттан кейін Құдабай Әбілқайырдан көптен бері қолы жетпей жүрген
сусар бөрік пен оқалы шапан киді. Бірақ хан одан жақында өзінің Ордасына
Жанкентті тексеруге прапорщик Муравин келетінін, ал оның негізгі қызметі ханды
аңду екенін білді. Ал сол күні түнде Неплюев Петербургке, сыртқы істер
коллегиясына: «Әбілқайыр туған баласын аманатқа беріп отырып, Россияға қарсы
шыға алмайды, бірақ оған сенуге де болмайды, өйткені ол екі жүзді және
тәкаппар адам» деп хат жазды.
... Ал бұл кезде Әбілқайырдың орыс патшасының алдында тек өзім ғана адал
болып көрінсем деген саясатының арқасында, Россия әкімдеріне өкпелеген Орта
жүз ханы Әбілмәмбет Түркістан шаһары мен оның төңірегіндегі Қарнақ, Сукент,
Сауран, Сығанақ секілді тағы отыз екі қаланы қайтарып берем деген Жоңғар
қонтайшысының сөзіне сеніп, бір мың жеті жүз қырық екінші жылы Боқыраудың
басында Қалден Церенге аманат етіп, өзінің кіші баласы әбілфейізді жіберді.
197
Әдеби KZ
Кешегі жауына бас иген бұл қылығын ол бір жағынан, осы кезде Жоңғар
қонтайшысының қолына тұтқынға түскен Абылай сұлтанды босатып алу үшін
істеген боп көрінді.
Бұрын өзіне қарсы кеп, әр басқан адымын аңдып отырған Орта жүз ханының өз
жағына шығатын құлқынын сезген Қалден Церен қырық бесінші жылы орыс
бекіністері мен қазақ жерінің іргелеріне жиырма мың қарулы әскері мен жол
салуға арналған жеті мыңдай адамын әкеп қойды. Бұның бәрі бүгін болмаса,
ертең қазақ жерінің дәл ортасына басып кірудің дайындығы еді. Үлкен айқас
басталғанша олар жақын тұрған қазақ ауылдарын дүркін-дүркін шауып, мазасын
ала берді.
Мұндай қиын жағдайда Орынбор әкімдерінің алдында екі түрлі міндет тұрды.
Бірі, осы уақытқа дейін қазақ даласынан жырып алған жерлерін, салған
бекіністерін сақтап қалу болса, екіншісі, қазақ даласына Жоңғар әскерін кіргізбеу.
Бұнымен қатар Орынбор губернаторы Кіші жүздің еліне Жайық өзенінің арғы
бетіне мал жаюды тоқтатуды бұйырды, Жайық пен Еділдің ортасында бұрыннан
көшіп жүрген кейбір рулар енді бұл араны тастап, Жайықтың бергі бетіне қуып
шығарылсын деді. Ал бұған қазақ ауылдары көнбейтіндей ниет көрсетсе, осы
маңдағы казак-орыстардың қарулы күштерінің бас қолбасшысы подполковник
Ртищевке қалмақтың қарулы әскерлерін қазақтарға қарсы қолдануына рұқсат
етілді. Және қалмақтарға қазақтардан талап алған мал-мүлік, тартып алған
жерінің бәрі өздерінің қарамағында қалатынын айтты. Ал бұндай шараларға
көнбей қарсылық істейтін қазақ ауылдарының басшыларын, сенат өзінің бір мың
жеті жүз қырық төртінші жылғы бесінші марттағы указы бойынша «ұстап алып,
Орынбордағы Роговик, Сібірдегі Нерчинскийдің күміс шығаратын заводтарына
жер аударылсын» деп жарлық етті. Бұл шара аз болғандай, бір мың жеті жүз
қырық жетінші жылы Сыртқы істер коллегиясы қазақ елі Жайық өзенінің оң
жағына малдарын айдамас үшін, бұл өзеннің сол жағасы Каспий теңізіне дейін
күзді күні өртелсін деп бұйырды. Бұнымен қатар орыс бекіністерін қазақ
ереуілшілерінен сақтау үшін қазақ жеріне қарулы әскер шығаруға указ берді. Бұл
198
Әдеби KZ
указ бойынша, қарулы әскер қызметін Жайық бойының казак-орыстарына
міндеттеді. Оларға қазақтардың жылқыларын ғана айдап алу емес, өздерін де
тұтқын етіп, жер аударуға рұқсат етілді. «Шаш ал десе бас алатын» казак-орыстар
енді ойларына келгенін істеуге еркіндік алды.
Мұндай жағдай тек қана Жайық бойында емес, Сібір губернаторының
қарамағындағы қазақтарға да қарсы пайдалануға бұйырылды.
Бұл қысым жалғыз қазақ кедейлеріне ғана емес, жақында ғана кеп, жаңа
жерге қоныс тепкен орыс шаруаларына да түсті. Патша қанауына шыдай алмаған
бұқара арасында Пугачев бастаған көтеріліс белгі бере бастады. Бұған қазақ,
башқұрт секілді ұлттардың кедей тобы да қосылды.
Неплюев қазақ елі мен патша үкіметінің арасындағы қырғи-қабақтықты
бәсеңдетудің бір айласы бітім сөз жүргізумен қатар, қазақ даласымен сауда-
саттықты кеңейте түсуде деп ойлады. Ол, тіпті, бір мың жеті жүз қырық жетінші
жылы Сыртқы істер коллегиясына берген рапортында: «Бұл халықты құр
қорқытумен ғана емес, көбірек сауда-саттық секілді жақсылық істер арқылы да
бағындыру жолын ойлауымыз керек» деп жазды. Егер бұған қазақ елі көнбейтін
болса, оларды күшпен бағындыру үшін, өзіне және Ойыл жолындағы әскердің
бастығы генерал-майор Штокманға Жайық қазақ-орыстарынан екі мың, Орынбор
мен Ор бекіністеріндегі әскерден бес мың солдат берілуін сұраған. Түбі бұл әскер
аз бола қалса, тағы қалмақ, башқұрт, шоқынған татарлар мен мешерлер секілді
Россия патшалығына бағынышты бұратана ұлттардан он мыңға тарта қарулы адам
қосылсын деген. Әрине, осыншама әскерді Неплюев неге сұрап отырғаны Сыртқы
істер коллегиясына да айқын еді.
Осындай жағдайда қазақ елінің өз тәуелсіздігін сақтап қалуы екіталай шаруа.
Бір жағынан жиырма мың әскерін жалақтатып жоңғар қонтайшысы Қалден
Церен, екінші жағынан дәл осындай әскерін қазақ жеріне кіргізе бастаған орыс
патшасы. Жан алқымға енді келді. Хан мен сұлтандар өздерінің жолын тауып
жатты: бірі орыс патшасына қызметке кірді, бірі Жоңғар қонтайшысымен ауыз
199
Әдеби KZ
жаласпақ болды. Ал қара халық ше? Жерінен, бостандығынан айрылуға жақын
қалғанын сезіп, жанталасты.
Орыс патшасы арқылы «жұмақ орнатам» деген Әбілқайырдан да, Жоңғар
қонтайшысы арқылы тыныштық әкелем, атамекен Түркістаныңды қайтып әперем
деген Әбілмәмбеттен де халық суий бастады. Білегін сыбанып жіберіп, ол енді
батыр жігіттерінің соңына ерді. Орыс патшасы салдырған бекіністерді шапты,
керуендерін тонады, патша солдатының қолынан бір шаруа өлсе, оның құнын екі
есе қайтаруға тырысты. Осылай Кіші жүздің көп рулары атқа қонса, Орта жүздің
жігіттері де бос қалмады. Әбілмәмбет ханнан көрі, енді олар өз араларынан
шыққан Баян, Малайсары, Бөгенбай, Бұқарбай, Олжабай, Елшібек секілді
батырларының жасағы боп, тұс-тұстан Жоңғар қонтайшысының үстемдігіне қарсы
шықты.
Орыс патшалығынан не әскер, не Жайықтың арғы бетінен жайлы қоныс, не
аманатқа берген баласы Қожахметті қайтып ала алмаған Әбілқайыр өзінің
қадірінің шын түсе бастағанын енді айқын сезінді. Бұл Әбілқайырдың емес,
Орынбор губернаторы Неплюевтің қатесі еді. Әбілқайыр қазақ елін Россияға қосу
жолындағы алғашқы қайраткерлерінің ең табандысы екені даусыз болатын, ел
көзінде оның қадірін көтере білу керек еді.
Соңынан ерген жұртының өзінен алыстай бастағанын ұққан Әбілқайыр қатты
састы. Біресе қарамағындағы елді Орта Азия хандарының жеріне көшуге, не
болмаса Иран шахының қол астына кіруге үгіттеді. Ондағы ойы егер қазақ рулары
солай қарай ауар болса, орыс патшасы қарамағыма өзіме керек әскер беріп, қазақ
елін біріктіруге тағы шақырар деген үміт. Бұдан да ештеңе шықпады. Қазақ жұрты
жат ел хандарына жалынышты болғаннан гөрі, қандай қиындық көрсе де өз
жерінде қалғанын артық көрді. Бұл бір ерекше өкініш еді. Нәдір шах әскері келмей
тұрып, 1744 жылы Әбілқайыр Хиуаны басып алған. Соңынан тұрғын елдің
бүліншілігі арқылы аз уақыт бұл араға Нұралы да хан болған. Нәдір шах мұны да
қуып жіберген. Хиуа хандығынан айрылып қалған Әбілқайырдың жүрегін өкініш
жегідей жеген. Халық болса жолын өзі тауып кете ме деп қорыққан Әбілқайыр,
200
Әдеби KZ
сасқанынан орыс патшалығына қарсы қимыл көрсете бастады. Сондай әрекеттің
бірі қырық жетінші жылы болды. Әбілқайырдың ақылымен қазақтың екі мықты
қолы Үйшіктің төменгі жағындағы мұз боп қатып қалған Жайық өзенінің үстімен
өтіп, Қызылжар деген жерде қалмақтардың ұлысы мен орыс балықшыларының
қалашықтарын шапты. Көп малын, табын-табын жылқыларын айдап алды. Алты
жүзден астам қалмақ пен орыс адамдарын тұтқын етіп өздерімен бірге әкетті. Осы
жылы тағы да қазақтың бес жүз адамнан құрылған жасағы Үйшікті айнала өтіп,
үстірт арқылы Еділдің жағасына шықты. Тағы тыныш жатқан жұртты шауып, мал-
мүліктерін олжа етті. Бірақ жолай өздерін аңдып жатқан казак-орыс жасағына
душар болып, әзер қашып құтылды. Әбілқайыр Россия бекіністеріне қарсы басқа
да жорықтар ұйымдастыра бастады. Әбілқайырдың бұндай қылығын көрген Кіші
жүздің кей рулары оның маңына қайтадан шоғырлана түсті.
Алайда Әбілқайыр Россия секілді ұлы мемлекетті аз қолмен қарсы шығып,
мұқата алмайтынын жақсы білетін. Сол себептен де ол баласы Қожахметті
босатып аламын ба деген үмітпен, тұтқынға түскен орыс адамдарын қайтарып
бергізуге бірталай әрекет істеді. Бірақ орыс әкімдері оның бұл ойын тағы теріс
ұқты. «Бізге қарсы әрекеттерінен ештеңе шықпайтынын білгендіктен, Әбілқайыр
бұрынғысынан көрі жуасыды» деп жазды Неплюев Сыртқы істер коллегиясына.
Ал бұл кезде Жоңғармен тіл табам деген Әбілмәмбеттің де басқыншы елмен
дос бола алмайтынына көзі жеткен. Қалден Цереннің бар көздегені қазақ елін
бүтіндей өзіне бағындыру екенін Орта жүздің ханы түсінді. Россия патшалығы
алдында Әбілқайырдың беделінің түсе бастағанын білген Әбілмәмбет енді орыс
әкімдерімен тіл табуға тырысты.
Демек, орыс әкімдері Әбілмәмбеттің және оған ерген Абылай секілді
сұлтандардың мұндай ықыласын пайдаланғысы келді. Енді Орынбор губернаторы
Неплюев өзінің ескі әдеті — қазақ хандарын, сұлтандарын бір-біріне айдап
салатын әдісіне қайта көшті. Ол енді Әбілқайырға қарсы Барақ сұлтанды
пайдалануды ойлады. Бұл кезде Әбілқайыр мен Барақтың арасы әбден
шиеленісіп болған. Осыдан жарты жыл бұрын ғана Барақтың баласы Ханбабайдың
201
Әдеби KZ
Созақты билеп тұрған әкесіне Хиуадан Сырдария арқылы жіберген жетпіс түйелі
керуенін Әбілқайырдың жасақтары талап алған, осы керуен жайында хабар
берген Неплюевтің өзі еді.
Бұл кезде Орта жүздің ханы Әбілмәмбет Түркістанды беремін деп алдаған
Қалден Цереннен мүлде ат құйрығын үзген. Жоңғар қонтайшысының
шақырғанына, ақсақалдармен ақылдасып бармай қойған. Бұған ашуланған
Қалден Церен қолындағы Әбілмәмбеттің аманат баласы әбілфейізді, Барақтың
ұлы, Шағайды өздеріне қайтарып, қазақ даласындағы елшілерін, саудагерлерінің
бәрін жинап алған. Бұнысы Қалден Цереннің тағы соғысамын дегені еді. Бұндай
жағдайда Орта жүздің ханы Әбілмәмбет те, батырлары Барақ, Абылай, Жәнібек,
Бөгенбай, Күшік те, Кіші жүздің белді адамдары Бұғыбай, Бөкембай, Алтай,
Тайман, тіпті хан балалары Нұралы, Ералы, Айшуақ та Россия жағына шығып, соны
паналауды ұйғарған. Бұны біреуі ел қамын ойлап істесе, енді біреулері
қорыққандығынан мақұлдады. Барақ секілділері Россия патшасына бағынуды
түпкі ойы ұнатпаса да, басқа лажы болмай, амалсыз көнді.
Бүкіл Орта жүз бен Кіші жүз басшыларының бұлай Россия жағына күрт
құлауына тек Жоңғар қонтайшысымен араларының қиындап кетуі ғана себеп
болған жоқ. Халық бұл кезде соғыстан, алыс-жұлыстан әбден шаршаған еді. Енді
ол аз уақыт болса да тыныштық іздеп, өзінің азып-тозып бара жатқан шаруасын
жөндегісі келген. Мұндай аласапыран кезеңде халық тыныштық тек орыс
патшалығы арқылы ғана келеді деген сенімде еді. Өйткені Россия патшалығы
кеше қазақ жеріне бекініс ретінде салған: Орск, Елецк, Троицк, Үйшік, Ямшенев,
Семейпалат, Тобольскілердің бәрінде де сауда-саттық жүргізе бастаған. Қазақ
еліне керегі де осы. Енді олар бұл қалалардағы орыс саудагерлеріне малын,
терісін, жүн-жұрқасын сатса, өзіне керек астығын, матасын, қазан-ошақ, ыдыс-
аяғын, кетпен-балтасын алды. Орыс әкімдері қазақ еліне тек мылтық, күкірт
секілді қауіпті заттарды көп сатуға рұқсат етпеді.
Россияда сауда қалаларының күшейе бастағаны соншалық, ондағы болатын
жәрмеңкелерге қазақ жерін басып Орта Азия хандарының сауда керуендері де
202
Әдеби KZ
келді. Ал қалың бұқара орыс қара шекпендерімен таяу танысып, олардан егін
салу, балық аулау секілді өнегелерді үйренуге кірісті. Көбі өзі секілді шаруалармен
тамыр-таныс боп алды. Орыс әкімдері де бос жатпады. Біресе Әбілмәмбетке,
біресе Абылай, Барақ, Жәнібектерге бір кезде Россия қол астына кіргендерін
құлаққағыс етіп, кісі жіберумен болды.
Осы тұста Кіші жүз ханы Әбілқайырдың күйі бұрынғысынан да нашарлай түсті.
Екі жүзділік саясатының салдарынан ол не қазақ елінің, не орыс патшалығының
сеніміне кіре алмады. Ал Орынбор губернаторы Неплюев өз жұртының алдында
қадірі кеткен Әбілқайырдан мүлдем құтылуды қарастыра бастады. Бұл жолы ол
Әбілқайырды сенат, не Сыртқы істер коллегиясы арқылы емес, Кіші жүз ханының
Орта жүз сұлтандарымен бәз баяғы бас араздығын пайдалану арқылы-ақ құртпақ
болды.
Ал Әбілқайыр енді тікелей Петербургпен тілдеспекке қол созды. Ол өзінің
Неплюевпен қырғи-қабақ екенін айтып, жәрдем сұрап Тевкелевке хат жазды.
Орынборға бұл хатты алып келген Құдабайды ертеңіне Неплюев шақырып алды.
— Орынборға неге келдің? — деді амандықтан кейін.
Құдабай жасырған жоқ.
— Әбілқайыр ханның генерал Тевкелевке жазған хатын әкелдім. Осы жерден
Петербургке баратын біреу арқылы беріп жібермекшімін.
— Хат не жайында?
әрине, дворян тәрбиесімен өскен Неплюев бірудің хатын ашып оқудан аулақ
еді. Ал тілмаш, ханның өтінішімен өзі жазған хаттың дымын да жасырмай бәрін
айтып берді. Хаттың түпкі мәні Кіші жүздің ханын Орынбор губернаторымен
татуластыру жайында және Неплюевтің өзі сенатқа жазған Әбілқайыр екеуінің
арасындағы қайшылықтар туралы болғандықтан, Неплюев Әбілқайырдың
аңқаулығына езу тартып күлді де:
— Жақсы, хатыңды ертең біздің почта арқылы жібер, — деді. Сосын кетіп бара
жатқан Құдабайды тоқтатып, — Кіші жүз ханы мен Орта жүз сұлтандарының
арасындағы бақ таластықты, қайсымыз орыс патшасына көбірек жағынып, атақ-
203
Әдеби KZ
дәреже аламыз деуден туған өшпендікті өзім де жақсы білемін. Бірақ мәселе қазір
онда емес... Басқада. Россия патшалығы енді Әбілқайырға арқа сүйей алмайды...
Құдабай сәл басын көтерді.
— Әбілқайыр хан райынан мүлдем қайтып, біржола Россия патшалығына арқа
сүйегісі келсе де ме?
— Бәрібір, — деді Неплюев. — Енді Әбілқайыр райынан қайта ма, қайтпай ма,
маңызы жоқ. Өзінен ақылды жас шықса, кәрінің оған жол беруі жаратылыс заңы...
«Ол жасың Әбілқайырдың баласы Нұралы ғой! — деді ішінен Құдабай. —
Нұралы шу бастан өзін дұрыс ұстап келеді. Бірақ Әбілқайыр тәрізді көкжалдар бір
бұлқынғанында жоқ қылғалы тұрған арыстан ашуланса, Нұралы секілді көжектің
несін қалдырады?»
— Сонда... Біздің ханымызды орнынан түсірмексіздер ме? — деді тәуекелге
бел буған Құдабай, — сенат ол туралы указ берді ме?..
— Өйте қояр ма екен... — Неплюев енді Құдабайға ызғарлана қарады.— Патша
үкіметінің Әбілқайырда енді шаруасы жоқ. Қазақ сұлтандарын өзіне қарсы қойған
екен, жауабын да өзі берсін...
«Сонда Әбілқайырды о дүниеге қай сұлтан жөнелтуге тиісті? — Құдабай тіпті
терлеп кетті. — Губернаторы қайда бастап барады?»
— Меніңше қазақ еліндегі оның қас жауы Орта жүздің ханы Әбілмәмбет, —
деді Құдабай. — Екеуінің арасындағы бақ таластық...
— Жоқ, Орта жүздің ханы бұл іске жарамайды. Әбілмәмбет Әбілқайырды
өлтіріп, бүкіл Кіші жүзді өзіне қарсы қояр ақымақ емес. Басқа қайсысы бар?
— Барақ сұлтан... Екеуінің арасындағы өшпенділік бірін-бірі нағыз өлімге
қиярлық жағдайда. Оның үстіне Барақ сұлтан орыс қалаларының қазақ жеріне
салына бастауының бас айыпкері Әбілқайыр хан деп санайды, Кек алуға ол
тайынбас...
— Иә, Барақ сұлтан бізге де дос емес, «қол астына кірдік» деген анты құр
шығарып салма сөз. Шын беріліп жүрген ол жоқ. Міне, осы Барақ сұлтанды
пайдалану керек...
204
Әдеби KZ
— Сонда маған не бұйырмақсыз?
— Барақтан жоңғар қонтайшысы құнын сұрамайды. Рақметін айтады, сенің
міндетің — Бараққа біздің ойымызды сездіру... Және Россия патшалығының да
қуғын салмайтындығына сендіру.
— Жоңғар мен орыс патшасы Әбілқайыр үшін, Барақты дарға асып, оққа
байламайды делік. Бірақ мұндайда жайшылықта жек көргенмен, хан құнын
жоқтар Кіші жүздің рулары бар емес пе? Барақ олардан сескенбей ме? Қанша
көкжал дегенмен, оған да жан керек қой.
— Кіші жүз руларын Нұралыға жібер. Болашақ хан өзіне бағынышты елімен тіл
табысар...
— Ал өзім жайында...
— Өзің жайында қам жеме... Россия империясы өз адамын қашан да қорғай
білген.
Қанша сұм болғанмен, Құдабай осынау бір алыста жатқан сұмдықтың
ызғарынан өзін тоңып кеткендей, бозара қалды. Тыңшысының мұндай халін
алғашқы рет көрген Неплюев оның көңілін ашқысы келді.
— Орынборға көптен бері келген жоқсың ғой, — деді сөзді басқа жаққа бұрып.
— Губернатор кассасында бірталай еңбек ақың жатыр. Соны ала кет.
Жаңа ғана салы суға кетіп тұрған Құдабайдың түрі енді жайнап сала берді.
— Менің еңбегімді ұмытпағаныңызға мың да бір рақмет! — деді Құдабай
басын иіп. — Жаңағы тапсырғандарыңыз бұлжытпай орындалады.
Елге қайтқаннан кейін Құдабай Хиуа ханының қол астында жүрген Барақтың
үлкен баласы Ханбаба арқылы сұлтан Неплюевтің ойын жеткізді. Ханбабадан да
шапан киіп, ат мінді. Енді ол Әбілқайырға да Орынбор губернаторының бар сырын
жайып салды. Тек Ханбабамен сөйлескенін ашқан жоқ. Ханнан да камшат ішік
киіп, жорға мінді.
Неплюевтің ойы бұнсыз да күтпеген жерден тез орындалды. Бір мың жеті жүз
қырық сегізінші жылы шілде айының аяғында Әбілқайырмен сөйлесуге
Петербургтен генерал-майор Тевкелев келді. Бұл хабарды естісімен бүкіл
205
Әдеби KZ
балаларын және Кіші жүздің басты адамдарын ертіп Әбілқайыр Орға жетуге
асықты. Он күндік жерге, ат ауыстырып отырып бес күнде келді. Екі аптадай
болған әңгімеде Әбілқайыр орыс патшалығына, әсіресе Орынбор губернаторына
деген бар өкпесін айтты. «Келіннің бетін кім бұрын ашса, сол ыстық» дегендей,
Кіші жүздің ханы «Россия қол астына кіруіне» себепкер болған Тевкелевтен еш
сырын жасырған жоқ, бар ой-құпиясын жайып салды. Өз заманының бір ақылды,
берік адамы және Россия мен қазақ даласының қосылуына көп еңбек сіңірген
Тевкелев бұ жолы да Россия патшасының отаршылық саясатын жүргізуші адал
уәкілі екенін ақтады. Тіл тауып, Әбілқайырдың ашуын тарата білді. Әбілқайыр шын
жүректен бұдан былай да ақ патшаға адал қызмет етуге уәдесін берді.
Тевкелевпен келісіп, жеті жылдан бері қайтара алмай жүрген Қожахметін
қайтарды. Орнына ел ағаларының балаларымен бірге өзінің ортаншы ұлы Айшуақ
сұлтанды аманатқа қалдыратын болды. Бір жыл өткеннен кейін Айшуақтың
орнына ең кенжесі әбілді жіберетін боп уәделесті. Ал Неплюев пен Әбілқайырдың
арасын жөндеуді Тевкелев өз міндетіне алды.
Осылай ақ патшаға адал қызмет істемек боп, Әбілқайыр еліне қайтты.
Құдабайдың айтқан құпия сырынан қорқып, жолай Орынборға соғып Неплюевке
жолықпай, тікелей Ырғыз өзенінің бойында отырған Ордасына беттеді.
Әбілқайыр жоңғар жағына шығып кеттіңдер деп көршілес қарақалпақ елін
оқта-текте шабумен болатын. Әсіресе, Әбілқайырдың сойылы «Ақтабан
шұбырынды» кезінде осы қарақалпақ тайпасына келіп қосылған Ұлы жүздің бір
бөлегі Жалайыр ауылдарына қатты тиген. Бұл ел құрып кете ме деп қорыққан
Жалайырдың басты адамдары, екі мың шаңырағын және олармен араласып
кеткен екі-үш қарақалпақ аулын Кіші жүздің шекарасынан Торғай бойына
көшірмек болған. Осы бір тайпа елі көшіп келе жатқанда «Сендер Әбілқайыр
ауылысыңдар» деп, жақында ғана өзін Орта жүздің біраз жұртына хан көтерткен
Көшек сұлтан екі жүз сойылымен қапыда кеп тиіскен. Көшектің қолына Барақ та
206
Әдеби KZ
келіп қосылды. Олар қарусыз көшті басып қалғанда, тек жүз үй қарақалпақтар
ғана қашып құтылған. Осы құтылған жүз үйге Ор қаласынан қайтып келе жатқан
Әбілқайыр кездесті.
Қарақалпақтар айыптарын мойындарына алып, Кіші жүз ханының қолына
берілді. Енді Әбілқайыр Барақтан анау екі мың шаңырақты тартып алмаққа бел
байлады. «Өзіміз бар болғаны жүз елу ғана сойылмыз, Бараққа төтеп бере
алмаймыз» деген серіктеріне: «Барақтан қорыққан сендер — қатынсыңдар.
Әйтпесе еркектен еркек қорқа ма екен» деп болмай, сол жүз елу адамымен, ұзап
кеткен көшті қуып берген. Мүмкін Кіші жүз ханы жасағының жеткіліксіз екенін
ойлаған да шығар, бірақ нартәуекел етті. Баяғы Нұрбике оқиғасынан кейін Бараққа
әбден өшігіп алған намысқой Әбілқайыр, бұл айқастың қауіпті екенін ақылға сала
алмады, бар арманы Барақты өз қолымен өлтіру болды да тұрды. Осы жолы қас
жауының қанын ішпесе, оған Барақ екінші рет кездеспейтіндей көрінді. Сол
себептен де атына қамшыны асыға басты. Екі қол Торғайдан бір күндік жердегі
Улкаяқ өзенінің жағасында кездесті.
Қарамағына енген Жалайыр жігіттерімен жасағы көбейіп қалған Барақ,
Әбілқайырдың жүз елу адамына бет бақтырмады. Тықсырып, қоршап алып,
біреуін қалдырмай қыруға айналды. Әбілқайырға әбден өшігіп алған Жалайыр
мен қарақалпақ жігіттері енді Барақ жағына шығып, жан аяспай соғысты. Бірақ
жаратылысынан батыр Әбілқайыр «тағдырдың жазғаны осы болса көріп алайын»
деп, кейін шегінбеді. Бірінші адамды ат үстінен ұрып түсірді. Өзі де Барақтың
баласы Шағайдың қолынан ат жалын құшып құлады. Жерде сұлап жатқан ханның
жанына шапқылап жеткен Барақ беліндегі ұзын сапты, сүйір ұшты Хиуа
қанжарымен жүрек тұсынан сәл төмендеу жерден құлаштап ұрды. Әбілқайыр
ышқынып барып демін алды. Көгілдір аспан заматта қанға малынғандай қып-
қызыл боп, шыр көбелек айнала жөнелді.
— Міне енді алыс-жұлыс, үміт-арман... бәрі-бәрі бітті, — деді ол үнсіз күбірлеп.
Кенет ғажайып бір ой ең ақырғы ақыл-сезімін шарпып өтті. — Қандай данышпан
едің, байғұс қазақ?! Сенен басқа бірде-бір халық дүние шіркінге «жалған» деген ат
207
Әдеби KZ
қоймаған болар. Қалай тауып қойғансың. Қу дүние, шын жалған екенсің... Өттің
де, кеттің ғой...
Барақ алабұртып қабындап кеткен жүрегін зорға басып:
— Өз қолыммен өлтірдім! Өз қолыммен қаныңды іштім! — деді айдалада
насаттана дауыстап. — Енді арманым жоқ. Қолыммен істегенімді мойныммен
көтеруге бармын.
Сонан кейін ол артына қарамастан, атына мініп, күншығыс жаққа қарай жорта
жөнелді.
... Бір жылдан кейін Кіші жүздің ханы етіп, Елизавета Петровна Нұралыға указ
берді.
Әбілқайыр өлгенде, оның артында көптеген ұлы-қызы, үрім-бұтақтары қалды.
Олардың ішінен патша үкіметінен шен-шекпен киген правительдер де, жұртын
ағарту жұмысына ат салысқан ғалымдар да шықты.
Әбілқайырдың өз аты да тарихтан орын алады. Бірақ ол хандық, жаугершілік,
ерлік істерімен емес, сан қиындықтары, қайшылықтары болса да, түбі тарих өзі
ақтаған, қазақ елінің Ұлы Россия қол астына кірсек деген ғасырлар бойы келе
жатқан тілегін ресми түрде мемлекеттік саясат сатысына көтерген алғашқы ханы
болып танылды.
208
Әдеби KZ
Достарыңызбен бөлісу: |