Зерттеуші-ғалым А.Е.Мамаева «Қазақ тіліндегі дисфемистік синекдохалар» атты мақаласында қазақ тіл білімін зерттеген ғалымдардың синекдохаға қатысты білдірген пікірлеріне тоқталып өтеді.
Ана тілімізде дисфемистік мағына тудыра алатын троптардың бірі – синекдоха. Тіл білімінде бұл құбылыс туралы анықтамалар жеткілікті.
Көрнекті тілші Ә.Хасенов: «Синекдоха (гректің synecdoche бірге жобалап, нобайлап, шамалап түсіну мағыналы сөзі) – бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны (дараны), үлкеннің орнына кішіні немесе, керісінше, жалқының орнына жалпыны, бөлшектің орнына бүтінді қолдану негізінде сөз мағынасын алмастыру амалы. Кейбір лингвистер, синекдоха – метонимияның ең көп тараған түрінің бірі...» - дейді.
Бұл пікірді қазақ тілі еңбегінің авторлары да растайды: «Бұл да метонимияға жақын, өйткені синекдоха да екі ұғыымның іргелестігі арқылы жасалады. Мұның метонимиядан айырмасы мынада: метонимияда сандық айырмашылық болмайды; ал синекдохада сандық айырмашылық болады. Егер сан жағынан айырма болмаса, синекдоха болмайды.
Синекдоха бір ұғымды екінші ұғымға ауыстырғанда: бірі-үлкен, екіншісі – кіші, бірі – жалпы, екіншісі – жалқы; бірі – бүтін, екіншісі – бөлшек болуы қажет. Әрине, үлкені-кішінің орнына қолданылғанда, мағынасы тараяды да, кішісі үлкенінің орнына қолданылса мағынасы зораяды, кеңиді» - деген.
Ғалым Л.Нұржекеева «Метонимияның лингвистикалық табиғаты» атты еңбегінде «синекдоханы метонимияның бір түрі деп қана қарау дұрыс» деп есептейді.
Қысқасы, тілші-ғалымдарымыздың синекдоха туралы тұжырымдары осылайша бір арнаға келіп тоғысады [А.Е.Мамаева «Қазақ тіліндегі дисфемистік синекдохалар», 92 бет].
‟Бір заттың орнына екінші затты, не бөлшегін, не көпше, жекешесін айтса да, ең керектісін айтқандықтан сол заттың бүтін кескінін суреттеуден артық түспесе, кем түспейді... Бұларды шеберлікпен тауып қолданса, сөйлем тым ширақ, өткір болып келеді”, - деп тұжырымдайды Қ.Жұмалиев.
Орыс әдебиетінің теоретиктері де Б.Томашевский, Л.И.Тимофеев, Г.Н.Поспелов синекдоханы метонимияның бір түрі деп қарайды.
Б.Томашевский ‟Метонимияның ерекше бір тобы - синекдоха” десе, Л.И.Тимофеев ‟Дағдыда синекдоха метонимияның ерекше бір түрі деп танылады, бірақ мазмұнына қарағанда, метонимия мен синекдоханың арасында үлкен айырма бар деп айта қоюға болар ма екен”. Ал Г.Н.Поспелов метонимия мен синекдохалардың айырмашылық және бірліктерін айта келіп, қорытындысында: ‟Демек, синекдоха – метонимияның бір түрі ғана”, - дейді [47,75].
Синекдоха (гректің synecdoche – ара қатысын ашу, мегзеу) – лебізде болмыстағы заттар мен құбылыстардың бүтін сипатын бөлшек мәнді, керісінше, бөлшек сипатын бүтін мәнді сөздерді қолдану арқылы алмастырып пайдаланып, сөздің көп мағыналылығын туғызу тәсілі. Қазақ тіл білімінде синекдоха туралы пікір айтқан ғалымдар біршама: К.Аханов, Ә.Хасенов, Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев т.б.
Ә.Болғанбаев, Ғ.Қалиев ‟Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы” атты оқулығында: ‟Сөздерді ауыстырып қолдану арқылы көп мағыналы сөздер тудырудың бір тәсілі – синекдоха. Зат пен құбылыстың іргелес, шектес келіп, бір атауға ортақтасып ауысып қолданылуы жағынан синекдоха метонимияға бір табан жақын тұрады” – деп жазады. Бүтіннің орнына бөлшекті, жалпының орнына жалқыны, үлкеннің орнына кішіні немесе бөлшектің орнына бүтінді, жалқының орнына жалпыны, кішінің орнына үлкенді қолдану арқылы тұлғаның ауыспалы мағынада жұмсалуы синекдоха деп танылатыны, көптеген зерттеулерде оның құрылымдық табиғатының негізгі ерекшелігі ретінде көрсетіледі (К.Аханов).
Лебізде синекдоха біршама кездесіп отырады. Көркем шығармаларда ішкі сезімнің бір иірімін бейнелеу үшін, салыстырылып отырған нысандардың халықтық дүниетаныммен сәйкес келуіне ерекше мән бере отырып, сөздерді ұғымдық жағынан үйлесімді етіп қолданады.
Синекдохалық қолданыстар арқылы ой орамды көрініс тауып, жинақы да нақты, дәл таңбаланып, әсерлілігі күшейе түседі.
1.Мына кәрі текені бақ еткізсем бе екен әлде,-деп сол ашудың құтыртуымен сүзіле қарады ол жақындап келе жатқан Құланға, -егер атын алып ,тартып отырсам...
2.-Бара жатырмын, тақсыр, десе де текесақалдың жүрісі тым сылбы, өнімсіз, аяғын бір басып, екі басып әрең қыбырлап келеді.