1.2 Сыр сүлейлері шығармаларындағы суреткерлік дүниетаным
және көркемдік ойлау
ХІХ – ХХ ғасырда Сыр елінде өмір сүріп, халық ауыз əдебиетін жете
меңгеріп, шығыстық мектеп-медреселерінде оқып, шығыстың əдебиетіне еркін
сусындаған ақындарда поэтикалық заңдылықтар жүйесі сараланып көрінеді.
Көркем шығармада əр дəуірдің тілдік суреткері өзінше қолтаңба қалдырып
отыратыны белгілі. Қазақтың жыраулық өнері мен Қорқыт сарынын үндестіре
ғасырлар бойы жалғап келе жатқан Сыр сүлейлері деп аталатын өнер
тарландарының орны ерекше. Ежелгі Тұран ойпаты мен оғыз-қыпшақ ұлыстары
мекендеген Сыр елінде небір таланттар өмір сүріп, əдеби мол мұралары
ұлтымыздың жадында ғасырдан-ғасырға жалғасып келеді. Сондықтан Сыр
сүлейлері шығармашылығының ерекшелігін айқындайтын белгілердің бірі
ретінде жырау, жыршы, импровизаторлық өнер туралы да қатар айтылады. Сыр
сүлейлері ұлтымыздың тіл мəдениетіне өзіндік үлес қосып, тілдік
ерекшеліктерін шебер қолданып, əдеби бейне жасай білгені анық. Өздері өмір
сүрген ортаның тынысын бейнелеп, сөз құпиясын образдылықпен ашу, сөйлеу
мəнерінің еркіндігі, шеберлігі суреткерлікпен ұғындырады. Біздіңше, Сыр
сүлейлері небір образды айшықтау, тың теңеу, эпитеттер мен көркем
алмастыруларды еркін қолданады. Әдеби бейне жасап, көркемдік құралдарды
орнымен қолдану, ойды бейнелі жəне түйіндеп жеткізу, яғни, образдылық
бейнелеу мен кейіпкер іс-əрекетін бейнелеп беруде ақындық қолтаңба
қалдырған.
Сыр бойы ақындарының туындыларында өз дəуірінің үні мен сол
кезеңнің көкейтесті мəселелерінің сөз етілуі заңдылық. Өйткені ешқандай
қаламгер өз қоғамынан тыс өмір сүре алмайды. Сыр сүлейлері
шығармаларында əділетсіздік, рухани жұтаңдық, дінсіздік мəселелері кеңінен
сөз етіледі. Бұл айтылған мəселелердің бəрі де бүгінгі күнге дейін өз маңызын
жоймай келе жатыр десек артық айтқандық емес [64].
Сыр сүлейлері шығамаларындағы дүниетаным, пəлсапалық ой-толғамдар
мəселесін қазақ пəлсапалық ой-толғамдарының бастау бұлағы қайдан деген
сұрақтарсыз айта алмайтынымыз анық. Сондықтан жалпы дүниетаным, оның
суреткер туындысына əсер ықпалы деген мəселе туралы сөз қозғауымыз -
ғылыми қажеттілік.
Дүниетаным ұғымы туралы көптеген ғалымдар маңызды пікірлер
айтқаны белгілі. Бұл ұғым, əсіресе философ ғалымдардың назарына кеңінен
алынған. Түсіндірме сөздіктерде дүниетануды «дүниенің даму заңдылығын білу
қабілеті,
жалпы
ой-өріс»
деп
түсіндіреді.
«Қазақстан»
Ұлттық
энциклопедиясында: «Дүниеге көзқарас, дүниетаным – қоғамдық сана мен жеке
адам санасының ең жоғарғы деңгейі. Ол өзінің қызметі мен мəдени міндеті
бойынша адамның біртұтас дүниедегі бағдарлар кешені болып табылады», -
[58, б. 64] делінген. Ал, Ғ. Тұрғынбаев: «Адамның дүниетанымы дамып,
26
тереңдеген сайын ақиқат деген не, оны жалғаннан, қателесуден қалай айыруға
болады, ар, намыс, борыш, жауапкершілік, əділеттілік пен əділетсіздік,
зұлымдық пен қайырымдылық дегеніміз не деген сияқты əлеуметтік сұрақтар
да қалыптаса бастайды», - [58, б. 8] дейді.
Дүниетаным ұғымы əдебиет зерттеушілері тарапынан да сырт қалған
емес. Мəселен, белгілі ғалым Р. Бердібай: «Дүниетаным – белгілі, санаулы
қағидалардың қосындысы емес, оны меңгеру, бойға сіңіру процесі де күрделі
жол», – [65] дейді. Ал белгілі педагог, əдебиетші-ғалым Т. Ақшолақов көркем
əдебиетке тəн ерекшелікті саралай келе: «... Ол жазушының өз
дүниетанымынан туған. Онда оның жүрек лүпілі, өз ой-сезімі бар, көргені,
тоқығаны бар. Өнер адамы өмір жайлы өз толғанысын, ой-сезім түсінігін
бейнелейді. Шығармада жазушының бүкіл жан дүниесі ашылады, сүйініш-
күйініші көрінеді, – [66] деп атап көрсетеді. Осы тұрғыдан қарағанда, дүниені
тану құбылысының шығармашылықпен тікелей байланысты екендігін де естен
шығармағанымыз
дұрыс.
Шығармашылық
дүниетаным
кез-келген
шығармашылық адамдарында болатын өзіне ғана тəн дүниетанымы, дүниеге
көзқарасы жəне оның төл туындыдағы көрінісін білдіреді. Көркем шығарма
жазу үшін дүниетаныммен қоса суреткерлік, шығармашылық қиял қажет. Ал
публицистикалық жанрдың бір ерекшелігі – өмірде болып жатқан нақты
фактілерге негізделетіндігінде. Осы дүниетаным арқылы суреткердің
айналадағы болып жатқан оқиғаларды, құбылыстарды көру мен бағалаудағы
өзіндік тұлғасын танимыз. Кез-келген туынды жазушы басында туған жаңа ой,
көптеген жылдар бойына жинаған түсінік пайымын білдіреді. Белгілі оқиғаға
автор өз пайымы арқылы, таным таразысына сала отырып баға береді. Оның
дəлелді немесе жəй ғана айтыла салған сөз болып шығуы жазушы
дүниетанымының сонылығына байланысты. Екінші бір мəселе, дүниетаным тек
көркем шығармада ғана емес, публицистикалық шығармаларда, ғылыми-
зерттеу еңбектерінде де көрініс табады. Бұл əсіресе, гуманитарлық-қоғамдық
ғылымдар саласына тікелей қатысты. Дүниетаным ұғымы белгілі бір
шеңбермен шектеліп қалмайды. Ол əрдайым жаңа өзгерістер ағымына орай
жаңаша сипат алып отырады, дүниетанымның толыға түсуінен кейбір көзқарас
түбірімен өзгеруі де мүмкін.
Әдебиеттану ғылымында дүниетаным мəселесі көбіне көркем шығармаға
қатысты зерттеліп келеді. Көркем шығарма идеясы, образдар характері, тіптен
əрбір деталь мен композициялық құрылым – бəрі-бəрі суреткер
дүниетанымының көрінісі екендігіне дау жоқ. Дүниетаным туралы жоғарыда
келтірілген пікірлерден мынадай түйін жасауға болар еді: биік дүние тану
тұрғысы жоқ жерде, шындықты терең, дұрыс тану мүмкін емес.
Дүниетаным негізінде дүниеге көзқарас қалыптасады дедік. Ол туралы:
«Дүниеге көзқарас – бұл, адамның əлемге деген тұтас көзқарасы жəне оның осы
əлемге қатынасы жəне сол көзқарастарға негізделген сенім, сезімдер жəне адам
өмірінің бағыт-бағдарын айқындайтын идеялар, жүріс-тұрысының қағидалары
жəне құндылықтары», – делінген. Ғалым Саят Ыбырай: «... ұлттық
дұниетанымымызда адамды тану, табиғатты тану, Құдайды тану- ауқымы кең,
27
ажырамас бүтін мəселе» – дейді. Екіншіден, адамның табиғатында хайуандық,
нəфсəни табиғаттан басқа рухани қуат бар, міне, осы екі қуатты ажыратып,
танымай тұрып, адамшылық орнына келмейді» [67] – деп ата-бабаларымыздың
дүниетанымындағы рухани құндылықтарға деген құрметті білдіріп өтеді.
Дүниетаным немесе дүниеге көзқарас, адамның сыртқы дүние, қоршаған
ортаға, өзіне-өзінің, басқаларға қарым-қатынасы туралы мəліметтердің
жиынтығы. Сонымен қатар, ол адамның бағыт-бағдарын, сенімі мен
идеалдарын, принциптерін, ұмтылыстарын білдіреді.
Дүниетаным адамның өзі жəне қоршаған орта туралы білімімен ғана
шектелмейді. Өйткені, ол дүниенің бейнесі ғана емес, ең алдымен, дүниеге
деген қатынас. Адам дүниеге бейжай, немқұрайлы немесе қызығушылықпен
қарайды, оны не ізгілік, не зұлымдық тұрғысынан бағалайды. Осы қатынастар
төңірегінде сыртқы материалдық əлем мен ішкі рухани дүние туралы түсініктер
жинақталып, тиянақталады. Сөйтіп, əлем, табиғат, адам, олардың бірлігі мен
адамның дүниедегі орны, болмыс пен болашақ туралы түсінік қалыптасады.
Ғылымда ұғымдық дүниетаным болса, қарапайым дүниетаным халық
даналығына сүйенеді.
Ақындар шығармаларында ұлттық сипаттың эстетикалық қуатын
күшейту қызметін атқаратын психо-философиялық ерекшелік – көркемдік
ойлау. Ол қазақ халқының сан ғасырлық тарихында қалыптасып, дамып,
халықтың дүниетанымымен айқындалып, халқымыздың кемел ойы,
дүниетанымын көрсетеді. Жалпы қай халық болсын оның əдебиетінде
байқалатын адамзатқа ортақ көркемдік тану, көркемдік ойлау болатыны мəлім.
Ал ұлттық өнерімізде көркемдік ойлау жүйесі ойшылдық-даналық тереңдіктер
арқылы байқалады. Ғалым С. Негимов: «Көркемдік ойлау – өнер туындысын
жарататын жəне одан эстетикалық нəр алып, қабылдайтын ақыл-ой қызметінің
ерекше бір түрі. Мұның ғылыми-теориялық ойлау жүйесінен өзгешелігі бар.
Көркемдік ойлаудың табиғаты мен мəні – дүниені көркемдік тұрғыдан
игерудегі рухани қабілет екендігімен анықталады. Образдылық - сезімдік
тұрғыдан əлемді тану, адам болмысына үңілу, тіршілік-тұрмыс мəнісін бағалау,
көңіл-күй құбылыстары жəне қиял ырқымен жүзеге асатын суретті бейнелі
ұғымдар синтезі көркемдік ойлаудың ерекшелігі болып табылады» [68] – деп
көрсетеді.
Жалпы, ұлттық ойлау жүйесі, ұлттық дəстүрдің тамырын анықтау
мəселесіне келгенде, сол халықтың салт-дəстүрі, əдет-ғұрпына назар аударған
жөн [69].
Ақын Бұдабайдың айтыс өнеріндегі өзіндік сөз қолданысы, айрықша
тапқыр, дəл, өткір ой көркемдігімен ерекшеленеді. Бұл айтыс дəстүрлі сөз
қағыстыруға құрылған. Су алуға келе жатқан Қарлығаш пен жеңгесіне ойда
жоқта кездескен Бұдабай:
Қамысы айдын көлдің буын-буын,
Арқаның атып алдым қаз бен қуын.
Қолында екі шелек, бір тобатай,
Келеді құртайын деп көлдің суын.
28
Сөз арқауындағы мəселені əсерлі жеткізу үшін ажарлау, құбылту,
айшықтаудың алуан түрін қолданған.
Бұдабай айтыста Қарлығаштың портретін өзінің ақындық болмысын
берумен қатар ұлттық сипатты даралайтын тілдік-бейнелілік үлгілерін
көрсеткен. Айтыста қазақтың сөз өнеріндегі көркемдік ойлау жалғастығы
анықталған. Ұлттық мінез-құлық (психология) көркемдік шешіммен
қолданылған. Ақын бейнелеу-көріктеу өрнектерді де халқымыздың тұрмыстық-
əлеуметтік қатынастарындағы дүниетаным аясында береді.
Ұлттық-этнографиялық дəстүр мен көркемдік таным əлемі рухани өсуіміз
бен əдебиетімізде ықпалды орын алып келеді. Бұдабай Қарлығаштың дене
пішімін ұлтымыздың сусын, шұбат, қымыз, май шайқайтын ағаштан жасалған
ыдысқа теңейді. Ұлы көшпенділердің ұрпағы ретінде малдан алынатын сүт
өнімдерін өңдейтін ыдысты ұлтымыздың тіршілік болмысы табиғатпен біте
қайнасып отыратынын танып, теңестіруге, пайдалануға машықтанған. Содан
ұлттық ұғымдар, түсініктер екшеленіп, жаңа мазмұнға ие болған.
Ақындық поэзиядағы айтыстар адамдардың дүниетанымындағы уақыт
пен кеңістікті тұтас қамтуымен ерекшеленеді. Жеке адамдардан құрылатын
мыңдаған, миллиондаған, миллиардтаған саны бар адамзат қауымы
материалдық жəне рухани мəдениет салаларындағы құбылыстарды, қасиеттерді
қамтиды. Адамдардың шығармашылық танымына негіз болған кемел ақыл-ой
дамуының көрсеткіші – ойлау.
«Психология»
ғылымындағы «ой», «ойлау сезімі» атауларының
жаратылыстағы жанды тіршілік иелерінде болатындығы ғылыми байыпталған.
Бұл орайда ақындар айтыстарындағы көркемдік ойлау болмысының
психологиялық негіздеріне байланысты ғылыми жүйелеулер қажет.
Шығармашылық тұлғаның дүниетанымы кеңістігіндегі ұғымдарды,
логикалық пайымдауларды, тарихи сана желілерін көркемдік жинақтаумен
өлеңге айналдырып жырлау – табиғи қабілет-дарынның жемісі. Бұл арада ойлау
мен түйсінулерді, түйіндеулерді көркем шындықпен бейнелеу ақынның тілдік
қорындағы сөздермен, сөз тіркестерімен орындалады.
Ақындардың айтыс өлеңдері - психологиялық сипаты күрделі
шығармашылықпен ойлаудың жемісі. Бұл арада профессор С. Негимовтің
ғылыми тұжырымына сүйенсек: «Көркемдік сананың эмоциялық белсенділігі,
эстетикалық сезімнің кемелдігі, сергектігі, тез, шапшаң, шабыттану,
болжағыштық, тұтанғыштық қасиеттер көркемдік ойлаудың тегеурін қуатын
танытады. Эстетикалық талғам – қиыннан қиыстыру, метафоралық талғам –
көркемдік ойлаудан туындайды. Ал осының негізінде идея, концепция
жасалады» [70].
Ақындар айтыстарындағы өмір сырлары, тіршілік құбылыстары
хақындағы үлгілерін біз көркемдік ойлау психологиясы аясында танып
бағалаймыз. «Бұдабайдың байдың қызымен жұмбақ айтысы», «Бұдабай мен
құдаша қыз», «Сапарғали мен Нұржан айтыстары», «Алты ақынның өмір
туралы айтысы», «Ырысты мен он алты ақын» жəне т.б. осы тектес айтыстар
жатады. Айтыс өлеңдерінің арғы тегі мен дамуын зерттеуші ғалым
29
М. Жармұхамедұлы осы мəселені былайша жіктеп қарастырған: «Айтыстың
көркемдік жүйесіндегі жұмбақтың алатын орны да елеулі. Сондықтан бұл
күрделі мəселе айтыс бейнелеу тəсілі ретінде арнайы тоқталуды қажет етеді
[71].
Қазақ əдебиетінің тарихына «Ақындардың жұмбақ айтысы» болып енген
бұл əдеби мұралар ұлттық сөз өнеріндегі көркемдік ойлаумен көрнекті
туындылар жазудың шынайы үлгілері болып халықтың жүрегінен орын алды.
Сыр сүлейлері «Ырысты мен он алты ақын», «Шəкей сал мен алты ақын»,
«Кете Жүсіп пен Қуаныш», «Қарасақал Ерімбет пен Шораяқтың Омары»,
«Шораяқтың Омары мен қызы», «Тұрмағамбет пен Шəді төре», «Тұрмағамбет
пен Ермұрат», «Керейт Даңмұрын мен Қаңлы Жүсіп», «Қаңлы Жүсіп пен
Төлеген» айтыстары академиялық басылымында жарық көрді [72].
Демек, ақындардың жұмбақ айтулары мен шешулерінен құралатын
көркемдік ойлау деңгейлерін салыстыра жырлауды арнайы қарастырудың
өзектілігі дəлелденді.
Бұдабай Қабылұлының жұмбақтарды өлеңмен жырлап шешкендері –
ақындық дүниетанымдағы көркемдік қиялдың нанымды шешімдері. «Бұдабай
мен құдаша қыз» атты айтыстағы қыздың ақыннан сұрайтыны – əйел
жынысына еркектердің не себепті құмар болатыны. Бұл – Адам Ата мен Хауа
Ананың жұптасуынан басталған адамзат ұрпақтарының өсіп-өнуінің,
өркендеуінің жолы. Ақынның уақыт пен кеңістіктегі адамзаттың еркек пен əйел
жынысы ұрпақтарына негіз-өнеге болған осы адамгершілік – имандылық
қарым-қатынастарының тарихнамалық жолын жүйелей жырлауы саналы
тіршілік иелеріне тəн шынайылық тағылымын түсінуге, меңгеруге, ұрпақтарын
ұмытпауына бағдарлайды:
...Сол уақта Хауа – Ананың жанып түрі,
Ұялып беттен шықты иман, нұры.
«Екеуін бір-біріңе адалсың» деп,
Айтылды сол уақытта ақтық сыры.
Жабрайыл бұл хабарды əкелгенде,
Тұрыпты білмегенсіп Һауа мұны,
Жабрайыл неке қиып, құтпа оқып,
Жұптылық мұрат болды ошал күні [73].
Сұрақ-жауап түрінде өткен бұл жұмбақ айтысында Адам Ата мен Хауа
Ана жайлы ғибратты ұғыммен жауап берген. Әңгіме желісіне арқау етіп, нақыл
сөз, жұмбақ шартына орай қысқа да, нұсқа айтылуы да шеберлік тəсілдің елеулі
бір қыры екені байқалады.
Бұдабайдың ұсынған жұмбақтары ақын ойының тұрмыс, тіршілік
заңдылықтарымен негізделген болмысын дəлелдейді:
...Халық жүрер күндіз болып мəлім,
Күндіз дос, түн болғанда сондай залым.
Түн болса дұшпандықты ол ойланып,
Түнімен əр ауылдың ұрлар малын [74].
30
Бұны қыз шеше алмады. Осы айтыс арқылы біз сайысушылардың
ақындық өнері мен дүниетаным тереңдігі сəйкес келуі керектігін түсінеміз. Ал
қыздың ұсынған жұмбағы да ақынның өмір сырын көру, қабылдау, түйсіну,
тану, бағалау, т.б. күрделі қайшылықты мəселелерді қамтитын жинақтаушылық
болмысымен ерекшеленген:
Жұмбағым кіп-кішкентай тарыдай-ды,
Оған айдай бар əлем сыяр жайлы.
Өзі сондай кішкентай болса-дағы,
Өз бетімен еш нəрсе іс қылмайды [75].
Бұдабайдың шешуі («Ол айтқан көзінің қарашығы») де аясына тіршілік
қозғалыстарын мол сыйғызатын дене мүшесінің поэтикалық болмысын толық
бейнелейді.
«Бұдабайдың сиырымен айтысқаны» атты шығармада иесі мен малдың
сайысы жырланған.
Жылқың мен қойың қашан көп боп еді?
Бар еді жалғыз түйең «ойсылқара».
Оны да жоғалтып ап іздеп жүрсің,
Бишара, бір бəлеге ұшырама.
...Шашасың мырза болып тапқаныңды,
Ісіріп қойғаның не қапталымды.
...Шиелі, Ақмешіт пен Тəшкен, Бұхар,
Аралап осыларға болдың мəлім.
Халқына Хорезмнің тағы барып,
Ел кезген жалаң аяқ – сен бір зəлім
Бар екен бір қатының ерге серік
Ер кісі бұзылмайды серті берік [76].
Біреуін тірідей – ақ көрер көзге,
Қасқырдың жеген жері албар іші.
...Жау шығып жақын жерден қарға деген,
Қуады жайылдырмай шықсақ түзге.
Ағызып жанымызды шығарады,
Қонып ап арқамызды шұқып лезде.
Тойған соң жылы қанға қарқылдасып,
Шақырад туысқанын түскен көзге [77].
Мысал-айтыстар – ақындық поэзиядағы көркемдік ойлаудың шынайы
көрсеткіші. Өмір шындығының жағымды жəне жағымсыз жақтарын салыстыра,
шендестіре бейнелеп жырлау арқылы қарама-қайшылықтардың бірлігі мен
күресінен құралатын тіршілік қозғалыстарының заңдылығын саралайды. Сөз
бен саз тоғысқанда туындайтын шығармашылық буырқанысы, домбырамен
ғана дараланып халыққа танымал болған ақын тұлғасы да, сол үшін
домбырасын қастерлеген ақын тағдыры да танылады.
...Домбыра: - Менсіз сен барып па едің ұлы тойға?
Сөйлеуім менің саған ұнамай ма?
...Шек тағып, бетім түзеп, əдемілеп,
31
Тартсаңыз онан кейін болмайды ма? [78].
Домбыраның күмбірлеген үнімен, əн-өлеңдердің орындалуында да жаңа
шығармалардың суырып салмамен (импровизациялық) тыңдауында да – жалпы
шығармашылық толғаныстардың немесе көңіл-күй құбылыстарының барлық
сəттерінде домбырасымен сырласатын қазақтың ұлттық діл əлемін де
айтыстағы домбыра атынан жырлаған шумақтардан аңғарамыз:
Болғанда мойным қайын, бетім тақтай,
Жұмеке, жөн айтылған сөзге тоқта-ай!
«Ақыл - дос, ашу - пышақ» деген сөз бар,
Ашушаң жан көрмедім сен сияқты- ай!
Нəрсеге арзымайтын шырт етесің,
Ақылың қатарыңнан кем сияқты-ай!
Алжыған қара айғырдай тарпаң басып,
Сырдағы шытырлайсың сең сияқты-ай!
Сөйлеуің зорлық қылып лайық па,
Қатының қойныңдағы мен сияқты-ай! [79].
Ақындардың мысал-айтыстары – этностық əдеби тек жанры үлгісімен
жазылған туындылар. Сондықтан, бұл шығармалардың композициясында
авторлық кіріспе-арнаулар, негізгі сюжеттік бөлім жəне қорытынды авторлық
түйіндеулер құрылымы болады. Сөз арқауындағы Омар Шораяқұлының
«Қарашекпен мен қасқыр», Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Көкқұтан мен
шымшық», басқа ақындардағы «Жұманазар мен домбыра», «Тоқты мен
қасқыр», «Темірбай жырау мен сиыр», «Бабақбай мен қасқыр», «Салпақ пен
ат», «Бұдабайдың сиырымен айтысқаны», «Бұдабайдың атымен айтысқаны»,
Молдахмет Дабылұлының «Көргенімді жаздым хатқа» жəне т.б. мысал-
айтыстар осындай поэтикалық құрылыммен жырланған.
Тайлақтың бодауына түк таба алмай,
Еріксіз, көп ойланып, қисса жаздым.
Мен болдым кедейліктен үлкен ғарып,
Төленбей тайлақ түгіл жазыр салық,
Тайлақтың иесінен кешірім сұрай,
Өлеңмен барғым келді тарту алып.
Мысал-айтыстың сюжеттік байланысы – Төлебай деген кісіден ақынның
тайлақ сұрап алғаны; сюжеттік дамуы – тайлақтың қашып кеткені, оны іздеуі,
табуы («Тайлағым басы жатыр, кеудесі жоқ», «Жегенін анық қасқыр көрді
көзім»; сюжеттік шиеленіс – ақынның тайлақтың өлімтігімен тілдесуі, одан
жеті қасқырдың жегенін естуі, өзін дұрыс баға алмағанына байланысты
өлімтіктен сөгіс естуі).
Сюжеттік шиеленіскен тұсында тайлақтың өлген соң қоштасып жатқан
Ыдырыс ақынның жеті қасқырға жолығып, олармен айтысқаны айтылады.
Сюжеттің шарықтау шегінде ашулы ақынның соңынан ергені айтылады. Жеті
қасқырды əлі де ұстай алмаған. Ол одан тай беруін өтінді. Ал, ақын ағалары
бірігіп, тай мен түйенің құнын төлеп, аман алып қалуымен сюжеттік шешім
аяқталды.
32
Айтыстағы осындай эпикалық баяндаулардан адам мен түлік, аң
аттарынан адамгершілік сапасын ұлықтаған халық даналығын аңғарамыз.
Шығарманың түйіні ретінде əлеуметтік дүниетаным деңгейлері əртүрлі
қасиет иелерінің өзара жуысуының, байланысуының күрделілігі ұсынылған:
Қосылмас кедей менен бай сорпасы,
Ант іштім жоламан деп жатсам да өліп,
Өмірде бай мен кедей жараспас, – деп
Осыған көзім жетті əбден сеніп.
Қазақтың жазба айтыстарында ұлттық мінез, ұлттық бояу, ұлттық
құндылық саналған: киіз үй, домбыра, шаңырақ, күбі, дала, аспан шырағы, ай
мен күн, жұлдыздар, төрт түлік: жылқы, тұлпар, түйе, қой, салт-дəстүр: құда
түсу, базарлық, кəде, қонақасы, достық, қонақжайлылық, кеңпейілділік,
жомарттық, аңқаулық, ару қыз т.с.с. ұғымдар өлең жүйесінде айқындалып,
ақындардың көркем ойлау ұшқырлығын анықтайды. Аталған ұғымдардың
символдық бейне қызметінде тұрғанын көреміз. Ұлттық сипатты сөз еткенде,
символдық бейнені бөлек алып қарау мүмкін емес. Профессор Б. Кəрібозұлы:
«Поэзияның ұлттық сипаты мен мінезін символдық бейнелерден тыс
əңгімелеудің дұрыс болмайтын, себебі символдық образдар жүйесінде ұлттың
бірнеше ғасырлар бойында қалыптасқан наным-сенімдері, ой-қиялы, сезім
сырлары, арманы т.б. тұтастай көрінеді. Қазақ поэзиясының арғы-бергі
тарихындағы символдық образдар қатарына: дала, тау, теңіз, тұлпар, домбыра,
бесік т.б. жатады. Символдық образдардың қазіргі əдебиеттегі, өлеңдегі өміріне
тереңірек үңілу поэзия парасатын, жеткен жетістіктерімізді бажайлауға, ең
бастысы ұлттық сипат пен мінезіміздің тағы да бір қырынан танылуына жағдай
жасайды» [80].
Олай болса біз сөз етіп отырған Сыр сүлейлерінің жазба айтысындағы
ұлттық мінез бен көркемдік ойлаудың көрінісі əрбір ақынның даралығын
көрсетпек.
Түйіндей келгенде мынандай тұжырым жасадық:
- сыр сүлейлерінің жазба айтысында ұлттық мінез, ұлттық сипат жəне
көркемдік ойлау мəселесінің көрінісі анықталды;
- айтыс ақындарының дүниетанымы, өзіндік көзқарасы, көркемдік ойлауы
ұлттық мінезді қалыптастырды;
- əдеби бейне мен бейнелілік ақындар тұлғасымен байланысты берілді;
- айтыстарда ұлттық құндылықтар саналатын атауларды жиі кездестіруге
болады;
- ұлтымыздың əлеуметтік-мəдени сипатын таныта отырып, ұлттық мінез
айқындала түскен;
- ұлттық символға айналған «домбыра», «киіз үй», «шаңырақ», «асау»,
«тұлпар», «қара нар» т.б. ұғымдар бейнелік қызмет атқарып тұр.
Академик З. Қабдолов «Сөз өнерінде» [9, б.156] көркемдік тілдің
тəсілдерін айқындау, теңеу, троп, метафора, кейіптеу, астарлау, алмастыру,
меңзеу, кекесін, ұлғайту, əсірелеу, айшықтау деп бөліп көрсетеді. Біздің
байқауымызша, Сыр сүлейлері поэзиясында аталған көркемдік тəсілдің барлық
33
түрлерін қолданылғаны аңғарылады. Бейнелеу тəсілін əрбір сөз иесі өзінше
сомдайды. Адамзатқа ортақ таным дүниесі үздіксіз дамуда болады. Сондықтан,
əрбір ақынның ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы болатыны белгілі.
Сүлейлер поэзиясының образ сомдау тəсілдерін зерделеу барысында
туындаған мəселенің бірі əдеби бейне жəне оның бейнелену мүмкіндіктеріне
қатысы еді. Зерттеп отырған нысанымыздың негізгі сипаттары тіл арқылы
берілетіндіктен, сөз саптауда жеке ақындардың ерекшеліктеріне тоқталып
өткен орынды болмақ. Сыр сүлейлері түрлі əдеби ағымдардың ықпалын көріп,
олардың лирикалық образ сомдау əдістерімен де таныс болған. Десек те, қанша
ықпалдастық, əдеби үндестік болғанмен, туған жұрттың ежелден қалыптасқан
дəстүрлі өзіне ғана тəн ерекшеліктерін де сақтап қалған.
Әдеби бейне, образды сөз, яғни, көркем бейне мен бейнелілік арқылы
суреткер өмірді бейнелейді. Адам оның өмірін көркем тілмен жеткізе отырып,
образ, яғни бейне жасалады.
Сыр сүлейлерінің бай мұраларындағы бейнелілік мəселесін шартты түрде
болса да былайша қарастырған жөн:
- поэзиялық айшықты орамдармен берілетін мағыналы сөздер;
- теңеулік бейне жасайтын қолданыстар;
- эпитеттік бейне;
- əсірелеу (гипербола, литота);
- нақыл-ғибрат, бейнелі ойлы, қанатты сөздер;
- сөз қайталау арқылы өлеңге реңк беру;
- дыбыстық үндестік (аллитерация мен ассонанс).
- эпикалық бейне;
- лирикалық бейне.
Сонымен, Сыр сүлейлері шығармаларында ұлттық поэзияның ұлттық
сырын аңғартатын, өзгермейтін, тұрақты элементтер де мол. Мұның негізгі
төркінін тілден, табиғилығынан іздеген орынды. Тілдің стильдік, бедер,
бейнелік қасиеттері белгілі бір уақыт мөлшерінде бір қалыпта көрінеді.
Халықтың көзқарасы, өмірді түсінуі, сананың өзгеруі, жетіліп кемелденуінен
бейнеленіп, өзгереді. Суреттеу, бейнелеу, көркемдеу тəсілдері бірден емес,
бірте-бірте өзгеріп отыратыны белгілі. Зерттеліп отырған Сыр сүлейлері
шығармашылығында сыр, бояу, ұлт сипатын білдіретін өрнек, нақыштар
жеткілікті.
Поэзия – өз дəуірінің жемісі, сондықтан адам тағдырын образбен
байқататын ақын күнделікті тіршіліктегі көріністер арқылы нанымды ой-түйін
жасайды. «Ат басына күн түссе, ауыздықпен су ішер, ер басына күн түссе,
етігімен су кешер» – деген сөз бар. Бұл поэзияда да, ауызекі сөзде де жиі
ұшырайды. Ер жігіт пен жүйрік ат бейнесі көп жағдайда қатар жүреді.
Ақындардың өз талантын жүйрік атқа баламағаны кемде-кем болар.
Әлім менен Шөменнің,
Мен едім даңқты шайыры.
Екі енені тел емген,
Күпшек санды күреңмін.
34
Төсімнен тартса жетпейтін –
Жуандықтан айылы, [81] –
деп Базар жырау жүйрік ат, тұлпар бейнесін əсерлі жеткізеді.
Сүлейлер шоғырындағы көрнекті тұлға –Балқы Базар Оңдасұлы. Ол қазақ
поэзиясының тарихындағы ауызша дəстүрлі жыраулық жəне жазбаша
шайырлық-ақындық əдебиетімізде ортақ тұрған ірі тұлға. Он бес мың жолға
жуық өлең-жырлары мен бес дастаны сақталған.
Базар жырау – сөзге қанат бітіріп, сөзбен сөзді жалғастырып, қарым -
қайратын қосып, ойды тербейтін, бойды билейтін поэзиялық образ жасаудың
шебері. Оның ақындық тəжірибесінде əріден келе жатқан дəстүрлі өрнектер,
символдық бейнелер, мифологиялық образдар мол. Ойға берік, сөзге жүйрік,
талғампаз жырау туралы əдебиет зерттеушісі Ы. Дүйсенбаев: «Ең əуелі ол
көркемсөздің шебері, жыраудың толғаулары құйылып тұрса, тілінде де мін жоқ,
сөзі саф алтындай таза, кестелі өрнектер, орамды сөйлемдер көп кездеседі.
Сонымен бірге ақын адам баласына ортақ ізгілік, адамгершілік, ата-ананы
құрметтеу, жар мен перзентті сүю, досты бағалау, еңбек пен өнерді қастерлеп,
қадір тұту сияқты асыл дүниелерді зор шабытпен жырлай білген» – [82] деп
баға берген.
Базар жыраудың суреткерлік шеберлігіне М. Жұмабаев: «Қолымда
Базардың 4-5 ақ өлеңі бар. Мұндай өлеңмен ақынды өлшеуге болмайды ғой.
Бірақ осы төрт-бес өлеңде-ақ Базардың сөзге жүйрік, ойлы ақын екендігі
сезілетін сықылды» [83] – дей келе, көркемдік тұрғыдан талдап, өнеріне жоғары
баға береді де: «Шынында Базардың көр-жерді өлең қылып, көрінгенді
мақтайтын құр малтапқыш болмас. Елдің қамын ойлаған, қалса, өзінің ойына
терең бойлаған «кеңесі кеңінен келетін» ақын екендігі өлеңінен байқалады», –
деп байлам жасайды.
Базардың Сыр сүлейлерінің ішінде ел-жұртқа көбірек танымал болуы
терең ойға жетелейтін термелері мен əдеби бейне, образ жасаудағы ерекшілігін
М. Әуезов: «Бұл дəуірге аты белгілі ақындар арғы заманнан Сыпыра жырау,
Қазтуған, бергінің Алаша Байтөқ жырауы, Базар жырауы, Досқожасы болсын –
барлығы да зар заман дəуірінен үлкен орын алатын ақындар» – [84] деп
тұжырымдайды. Базар жырау туралы зерттеуші ғалымдар: Ә. Диваев,
С. Сейфуллин, Ә. Марғұлан, М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаев, Б. Алдамжаров,
М. Жармұхамедов, Б. Кəрбозұлы, С. Қосан еңбектерінде Базар толғаулары
толық ғылыми мақсатқа сай талданып, тиісті бағасын алған.
Зерттеу жұмысымыздың басты мақсаты ең алдымен Базар жыраудың
əдеби бейне жасаудағы суреткерлік шеберлігін айқындау жəне өзіндік
ерекшелігін сараптай отырып, ғылыми оралымға қосу. Көркем шығармада
автор бейнесі – болмыс пен оқырманды байланыстырушы категория. Базар
жырау осындай аралық байланыстырушы қызметті атқару үшін, өмірдегі
оқиғаларды белгілі бір көзқарас тұрғысынан баяндай отырып, өрнектейді.
Мəселен,
Сөйле, десең сөйлейін,
Көңіліңді сөзбен делбейін.
35
Жез бұйдамы мен наршаң,
Қосыңды артсаң жетелеп –
Елпеңдеп неге ермейін.
Көптен бері сағынып,
Бас қосқан соң сағынып,
Барымды бүгін сермейін [81, б. 41].
Келтірілген үзіндіден авторлық позиция мен автор бейнесін шатыстырмау
керек. Автор бейнесі бейнелену ерекшіліктеріне сай екені аңғарылады. Өлеңде
жырау мен тыңдарман аралығындағы уақыт бейнеленген.
Докторант К.Т. Құдайбергенова ақын туралы ойын былай сабақтайды:
«Базар жыраудың қай өлең-толғауларын алмайық, бəрінен ақын өмір сүрген
кезеңнің тыныс лебі еседі. Сол кездегі қоғамдық ортаның түсінік-танымы,
мінез-құлқы диалектикалық тұрғыдан ашылады. Өмір мен заман жайлы терең
ой қозғаған жырау шығармаларының тақырыбы да əр алуан. Ол елдің жай-
күйін, адам басындағы мұң-зарды, халықтың өткені мен болашағын шебер
жырлаған» [85].
Сондай-ақ мұндағы басты кейіпкер – автордың өзі екені байқалады.
Өлеңнің өн бойында «автор бейнесі» жетіліп қана қоймайды, өзгеріп отырады.
Айтатын ойын бейнелі түрде еселеп арттырып, ағыл-тегіл төгіп тастайды. Адам
сезіміне əсер етерліктей бейнелі түрде көз алдыңа елестете алатын эпитеттер
мол.
Не жақсылар өткен жоқ,
Заманында шалқыған.
Не батырлар өткен жоқ,
Жер жаңғыртқан даңқынан.
Не жүйріктер өткен жоқ,
Суырылып озған шаршыдан [81, б. 28].
«Шалқыған жақсылар», «жер жаңғыртқан даңқы», «суырылған жүйрік», –
деген сөздер арқылы өзі теңеліп тұрған зат есімнің тұлғасын, ерекше сапалық
белгілерін айқындап тұр, яғни эпитеттік бейне жасалған. Өмірді терең барлауға
баулитын ақын поэзиясында образдың əр қырынан танытар өрісін кеңейтетін
көріктеу құралы эпитет арқылы ойды көркем бейнелі етіп береді.
Образ табиғатын ашу үшін əсерлі, сұлу теңеулерді молынан пайдаланып,
суреткерлік қабілетінің қуаттылығын аңғаратын өлеңдері мол. Мəселен,
Жақсы менен жаманның,
Арасы жер мен аспандай.
Мырза менен сараңды,
Өлшестіріп қарасаң,
Ылди мен зəулім асқардай!
Жақсы мен жаманды салыстыра отырып, образды қуат пен бейнелі
суреттің сұлу ырғағы мен төгілмелі ұйқасына құрған. Жырау толғауларында
эпитеттік бейне ой-қиялға əсер етеді. Эпитеттің қызыл, ақ, көк, қара түр-түске
байланысты берілуі мол т.б. Мысалы:
Ақ берен мылтық сыналмас,
36
Сығанай көздеп сұр мерген
Асырымын атпаса.
Қызыл тілді сайратып,
Халқым көрген қызығын.
Базар шығармашылығында метономия алмастырудың түрлері мол ұшырасады.
Балдағы алтын ай болат,
Барымды бүгін сермейін, – деп ұғымдардың бірінің орнына бірін
қолданып образды ой толғайды. «Ай болат», өткір сапты «балта» мен өзінің
ақындық қуатын ауыстыра суреттеу арқылы болмыстың келбетін шынайы
қалпында шебер суреткерлікпен бере білген. Құбылысты жаңаша сипаттап,
оның ішкі табиғатын көрсетуде танымдық қабілеті мейлінше терең екені
байқалады. Жоғарыда келтірілген бейнелі сөздерге назар аударсақ, жақсы адам
туралы халықтың түсінігі дəстүрлі бояу суреттермен бейнеленген. Сонымен
қатар теңеу, эпитеттер халық жадына сіңген, сөйлеу тілінде жиі айтылатын сөз
өрнектері екенін аңғарамыз.
Метафоралық бейне – бір нəрсені екінші нəрсеге баспа-бас мағыналық
жақындық бойынша ауыстырып ұқсату. Базар шығармаларында,
Кереге жалды сендерсің –
Сақтаулы жүрген сезімім [81, б. 41].
Түбір сөзге «сің» жіктік жалғауы мен «ім» тəуелдік жалғауы жалғанып,
«сендерсің – сезімім» метафоралық бейне жасалған.
Ажал – бүркіт, адам – жан,
Жылжуға келмес əл-шамаң [81, б. 47].
Ал «ажал – бүркіт», «адам – жан» екі нəрсені бір-біріне баспа-бас балау
арқылы берілген.
Ер қаруы – бес қару,
Екі талай жерлерде,
Сілтей алмайсың сасқанда[81, б. 60].
Міне, осындай көркемдік тəсіл арқылы көз алдыңа қанатымен жер
сабалап ұшқан аққу, ақырған тарпаң асау, ор қоян, алтайы қызыл түлкі, төрт
түлік бəрін-бəрін баламалап жеткізген. Базар поэзиясының метафоралық жүйесі
ойды көрікті жеткізудің, өмір құбылыстарын көз алдыңа елестететіндей етіп
суреттеген. Оның өлеңді түрліше сəндендіріп, сөздің ішкі иірімдерін безендіруі
образ тудыратын көркемдік, баламалы түрде метафоралық образдармен
беріледі. Мысалға жүгінер болсақ,
Ажал – бүркіт,
Адам – жан
Осынау образ-символ өзінің көркемдік-эстетикалық қызметін бұлжытпай
орындап, белгілі бір ойды, сезімді шебер жеткізген.
Ұлттық тілдегі метафоралық сөз тіркестігін жүйрік білген Базар жырау
зерлі тіркестермен бейнелі ойдың көркемдік əсерлігін күшейткен. Базар
айшықты сөз үлгілері арқылы образды өрнек жасап, халықтық мақал -
мəтелдерді де орынды қолдана білген.
Алмас қылыш сыналмас,
37
Қиядай тартып шаппаса.
Еңбексіз тапқан дүниенің,
Қадірі болмас кісіге [81, б. 25].
Ер көгерер алғыспен [81, б. 20].
Өнбейтін даудың ізінен
Өспейтін жігіт қуалар.
Жесірдің қамын ойласаң,
Жетімнің көңілі жұбанар.
Ажарсыз сөздің əсері,
Көп кеуіліне қонымсыз.
Ақылсыз кейбір ақымақтар,
Алдағанға мəз болар [81, б. 38].
Халықтық
мақал-мəтелдердің
синтаксистік
құрылысын
өзгертіп
түрлендіріп отырған. Базар ойды көркем өрнектеуде ойды түйдек-түйдек мақал
арқылы түйеді. «Ел жақсыларына», «Не артық?», «Халқы үшін туған қайратты
ер» т.с.с. өлеңдерін тек мақал-мəтелмен əрлеп отырады. Сондай-ақ, өзіне тəн
ажарлы, астарлы сөз қолданыстары да кездеседі, сөйтіп қанатты сөздер тобын
құраған. Мəселен,
«Дүние – киік, адам – ит»,
«Тағдыр құйын, адам – қаңбақ».
Өлім – күзет, өмір – жол.
Бірте бірте күн санап
Көнерген сайын төзе алмай,
Солқылдайтын басқанға.
Базардың ақындық табиғатындағы ерекшелік сол лирикалық кейіпкерлік
өлеңдерінде сөзге қанат бітіріп, ойды тербейтін поэзиялық образ жасауында
халқымыздың бай тілін, рухани қазынасын образдылықпен өрнектеп,
лирикалық сезім иірімдерінің жырлануы. Мысалы, Базардың «Дүниені қудым»,
«Әлі де сенде арман жоқ», «Тездетіп жігіт күнім өтіп кеттің!», «Бір кезде Базар
едім...», «Бай да өткен, патша да өткен» деген лирикалық толғау жырларынан
оның мың сан толғаныстарды жырлаған сезімге толы ішкі жан дүниесін
танимыз. Лирикалық кейіпкердің үні – көпшілік айтар сыр. Сол себепті де
жырау əдеби бейне, яғни, қиял сұлулығы мен сезім сұлулығы ұштасып, сөзсіз
ақындық шабыт тудырады. «Дүниені қудым» жырында күнделікті
пендешілікпен өтетін өмірге сипаттама бере отырып:
Өткіздім нəлет дүниенің,
Алдағанын шын көріп,
Дүниенің əлегі
38
Қалды көңіл кірленіп
Талма түс болғанда,
Талықсығанға ұқсаймыз
Дүние – киік, адам – ит
Қуа-қуа ізденіп.
Қазақтың жыраулық-ақындық поэзиясындағы ежелден келе жатқан
дəстүрдің бірі – жыраулардың өз тұлғасын даралап көрсетуі десек, Базар
шығармаларында образды сурет ойға негізделгенін көреміз. Күнделікті күйбең
тірлікте ғана өмір сүрмей ұлы даладағы ұлтымыздың бірлігі мен татулығын
ойлаған азамат жыраудың биік парасатты тұлғасы сомдалады. «Халық үшін
туған қайратты ер» толғауында осы ойлар суреткерлік тілмен өрнектелген:
Халық үшін туған қайратты ер,
Айырмайды жақынын.
Бірдей көріп жырақпен,
Аңдасаң ақыл тең болмас.
Тəңір берген жігіттің
Өтеді күні мұратпен, – деген жолдардан Базардың өзіндік жан сырын
ақтаруынан азаматтық парасаты, көңіл-күй əуендерінің құбылуларына өзіндік
тұлғасын аласартпаған салауаттылық келбеті танылады.
Базардың осы дəстүрдің өлеңдерімен ұқсас шығармалары бар. Солардың
ішіндегісі – «Бір кезде Базар едім» атты өлеңі. Өлеңнің композициялық
құрылымында ол өзінің жастық шағынан осы күнге дейінгі аралықта халық
арасындағы беделі мен биігін, сондай-ақ өзінің жақсы да, ақындық азаматтық
істерімен жырлайды. Жиырма бестен басталып, қарттыққа жеткенге дейінгі
кезеңдерді көркемдік жағынан сипаттауда дəстүрлі жыраулық-ақындық
əдебиетте орныққан образдар мен бейнелілік сипаттамалар жиі қолданылады.
Мысалы, «Тоқсанда сары аяздай сартылған», «қалың едік тоғайдағы»,
«арналған бедеу аттай Базар едім», «халықтың бағлан бақпасы едік», «Бір туған
қырғыздан кер құмайдай», «халықтың алтын жүзігі едік», «мен едім қара
алтайы қалыңдағы», «бұлбұлдай гүлстанның бағындағы», «мұнардай
жауһарланған сағымдағы», «жүйріктей жүзден озған жұма сайын», «көңіл ит
шаршамайтын шабандоздай» жəне т.б.
Ақын өз өмірінің сұлу өрнекті, мағыналы мазмұнын осындай бейнелі,
терең сөздермен жырлай келіп, кəрілікке жеткен қалпында мұңдана сөз
арнайды:
Килігіп жас жетпіске толығып тұр,
Өр көңілі жеңбес жауға жолығып тұр.
Талпынған əр тарапқа таудай көңілім,
Жабығып осы бүгін торығып тұр...
Дүние бір қорқыттың, бір толқыттың,
Әманның аждаһандай бəрін жұттың.
Болғанда бізбен жолдас сертің қайда,
Бұл күнде ол достықты неге ұмыттың?
39
Құлаштап, дүние сені қармансам да
Кезі келген шығар ер Қорқыттың.
Базардың осындай дəстүрлі тақырыпқа жырлаумен үндес шығармаларды
қазақ поэзиясының тарихындағы ақындар мұраларынан да кездестіре аламыз.
Мысалы, Махамбеттің «Мен, мен едім, мен едім», Тұрмағанбеттің «Назым»,
«Кейінге нені тастап кетемін» деп, Қ. Аманжоловтың Нартайдың «Өздерің
білер Нартаймын», «Өзім туралы», М. Мақатаевтың «Автограф» жəне т.б.
шығармалар. Бұны ұлы ақындардың бəрі де тұтынады. Егер Сыр бойындағы
жыраулық, ақындық мектептің көш басшысы Базардың шəкірті Тұрмағанбет:
Дүниеден өмір бітіп өтсем де өзім,
Аралап жердің жүзін жүрер сөзім.
Көре алмай кейінгіні кеттім-ау деп,
Арманда болмай-ақ қой екі көзім – деп ақындық сөз мұраларының халық
жүрегінде мəңгілік сақталатынын мегзеген. Базар жырау поэзиясының осы
секілді ерекшеліктерін ескерер болсақ, оның əдеби мұрасы мен стилін терең
зерттей түскен жөн. Өйткені өзінің əдеби əдісі жағынан Базар Шортанбай,
Дулаттарға ұқсайды. Бірақ стилі бөлек. Шортанбайда реалистік-сатиралық арна
аса елеулі. Оның романтизмі əдеби тілінде емес, идеясында. Ал Базар жырауда
романтикалық образдау мен идея бірлескен. Тілі мейлінше тартымды, ұғымды,
көпшіл.
Метафоралары
халық
поэзиясына
жақын.
Ақын
замана
қайшылықтарын жинақтай отырып, үлкен образ жасайды. Онысы заманды
шенеу ғана емес, іздену, күрес сарынымен де байланысты. Осы сипаттарына
қарап біз Базар поэзиясы романтикалық толғаудың ХІХ ғасырдың аяғындағы
өзгеше бір көрінісі дейміз. Мұның басы – Бұқар жырау болса, ортасы –
Махамбет, соңы – Балқы Базар. Әрине, бұлардың заманы мен шығармаларының
мазмұны бірдей емес.
Идея жағынан Базар жырау кейбір ескішіл бағыттағы ақындар секілді
пайғамбар заманын аңсамайды. Өз дəуірінің үлкен аңғарын танып, сол
қайшылықтан шығудың жолын іздейді, тулайды, бұлқынады. Тапқаны уақытты
сынау, үздіксіз серпілу, кешегі бір күрестерді мегзеу ғана.
Романтикалық толғаудың тіл мен мазмұн бірлігіне негізделген Базар
шығармаларының шынайлығы, көркемдігі, образдылығы оның поэзиясының
басты ерекшеліктерінің бірі. Ол екі жақты езгіге түскен шаруа
психологиясының ақыны болған. Халық поэзиясы салтын жеке айтушылық
дəстүрмен жалғап, толғаудың биік өрнегін жасаған.
Адамдық бітім болмысқа, адамгершілік қасиеттерге қатысты нысанаға
алынған, мысалға келтірілген кісі аттары, толғау кейіпкерлері бір қарағанда
екінші жоспарда, негізгі мəселенің фонында ғана жырланып өтетіндей болып
көрінгенімен, шынтуайтында бұндай ерекшелік толғау жанрының уақыт пен
кеңістік алдында мүмкіншілігін молайта түсіп өлең өміріне, адам кейпі
бейнесінің дендей түсуіне жағдай жасап отыр. Базар жырау өзі көтерген
мəселенің мəні мен маңызын осы кейіпкерлерінің адамдық мінез-құлқы мен
адамгершілік қасиеттерін ашу арқылы дəлелдеп берді. Дəл осындай жанрлық
сипат толғаудың əдебиет туындысы тұрғысынан негізгі қызметі өмір мен адам
40
танытушылық функциясын толық атқарып шығуына мүмкіншілік жасайды.
Толғау өлең өміріне əдеби кейіпкерлерді молынан енгізе отырып, жанр жүгін
деректі, нақтылы тарихи адамдар туралы айтумен ауырлата түсу Базар
жыраудың суреткерлік тұрғыдағы қазақ өлеңіне қосқан үлес жаңалығы. Демек,
Базар жырау толғауларына лирикалық сазды əуен, сырлы мұңмен бірге
эпикалық қарқын қуат та тəн. Осындай сипаттар толғау жанрының мазмұндық
жағынан молайып, тақырыптық аясын кеңейткеніне, өмір мен уақытпен
үндестігінің артуына дəлел бола алады. Әрине, Базар жырау толғауларындағы
аты аталған адамдар əдеби бейнелер емес, теориялық тұрғыдан бұндай
кейіпкерлерді көркем шығарманың нысанындағы персонаждар десек те болады.
Осы персонаждар арқылы Сыр өңірінің тарихынан, əдеби-мəдени өмірінен аз
кем хабары бар адам Базар жырау толғауларын естіп оқығаннан кейін, біліміне
білім, білігіне білік қосары даусыз. Демек, Базар жырау туындылары өз кезі
үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де көркем шығарма ретіндегі қызметін мінсіз
атқарған құнды дүниелер.
Толғау жанрының үздік үлгілері күйінде əдебиет тарихына үлкен үлес
болып қосылған Базар жырау толғаулары өз кезіндегі əдебиет өкілдерінің
шығармашылықтарының дамуына игілікті əсер етті, бұл бағытта жетекші роль
атқарды.
Толғау шығармалары арқылы өлең өміріне əдеби бейне мен бейнелілікті
молынан енгізе отырып, Базар жыраудың суреткерлік тұрғыдан қазақ өлеңіне
қосқан үлкен үлесі бар [86].
Сыр сүлейлерінің белді өкілі, Базар жыраудың шəкірті атанған –
Тұрмағанбет Ізтілеуов. Ол туралы М. Әуезов, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Тəжібаев,
Б. Кенжебаев, Р. Бердібай, Ө. Күмісбаев, Ұ. Жанбершиева, Е. Кəрбозов,
Л. Құндақбай, Ф. Қожахметова т.с.с. əдебиетші-тілші ғалымдар зерттеу
жүргізіп, ой-пікірлерін айтқан. Десек те, ақынның көркемдік кестесі,
суреткерлік шеберлігі, өзіндік қолтаңбасын арнайы қарастыру қажет. Ақын
поэзиясындағы даралық сипат, жаңа салыстырулар, көркем тіркестер, сөз
ұғымын меңгеру, яғни, образдылық, таным деңгейін танытатын қасиеттері
оның ақындық бейнесін ашып береді. Шығыс поэзиясы мен халықтық поэзияға
тəн небір образды айшықтар, классикалық теңеу, эпитеттер, əсірелеулер мен
алмастырулар Тұрмағанбет поэзиясында мол ұшырасады. Ақын тілінің өзіндік
өзгешілігі сөзінің табиғилығында, айшықты ораммен беруінде жатыр. Ақын
поэзиясы дидактикалық, гуманистік сарында болып келеді. «Дидактикалық
поэзия – творчестволық бояуы шектеліп, таза ақыл, өсиет тілі алға шығатын
өлеңнің көркемдігінен гөрі сөзшендігі мен ақылгөйлігі оның ерекшілігі ретінде
көрінетін поэзиялық түр» [87]. Бұл келтірілген анықтамадан дидактикалық
поэзияның көне замандардан бастау алып, бертінге дейін өзінің құндылығын
жоғалтпағанын көреміз. Сол дəстүр Сыр сүлейлерінде де байқалады.
Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуов – қазақ əдебиеті тарихында өзіндік
орны бар, ерекше ақын. Оның дидактикалық ағартушылық бағыттағы үгіт-
насихат, өсиет өлеңдерінен бастап барлық шығармаларында ұрпақ, ұлт
41
тəрбиесіне көңіл бөлгенін өз алдында сөз етуге тұрарлық дүние. Оның
ақындық, азаматтық позициясы да ұлттық тəрбие, ұрпақ тəрбиесі болған [88].
Т. Ізтілеуов өлең өлкесінде ерекше өзіндік үнімен, өзіне тəн жүректі
қозғайтын терең ойымен, тыңдаушысын өзіне баурап алып, рухани дүниеңді
кеңейтетін қазыналы жырларымен қалың оқырманның есінде қалған сөз зергері
екені анық. Өлең бойында бейнеленген ақындық таным мен сезімдік танымның
оқырман ойында əсер тудыратындығы оның айқын дəлелі. Осылай
бейнеленудің өзі өлеңдегі танымның қалай орналасқандығына келіп саятын
салмақты түйін.
Т. Ізтілеуов өлеңдері ұлттық нақыш пен көркемдік танымды шебер
үйлестірумен ерекшеленеді. Сондай-ақ бірсыпыра өлеңдерінде ойды
бейнелеудің өзгеше бағытын ұстағанын аңғаруға болады. «Сұлу қыздың
кескіні» өлеңінде:
Жайдары жатық мінез, сөзің шырын,
Боламын хат сияқты баспадағы.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақ дидарың,
Көңілімде ғашық отын басқарады.
Адамның ең қастерлі махаббат сезімін жырлауда ақын қыз сипатын,
образға сай мүсіндеген əдеби бейне, лирикалық образ, нəзік сезім көріністерін
тап басып, тамаша бейнелеген. Табиғатты адам өмірімен байланысты жырлап,
көктемді, қасын керген, күлім көз, ақық ерін, алтын тұлымды сұлу бейнесінде
əсем сурет жасайды.
Күлімдеп, қасын керіп, келді жылым,
Сұлудай ақық ерін, алтын тұлым, –
деген жолдарда жаратылыстың көркемдігін, əсем бейнесін жырға қосады.
Теңеу – адамдардың бейнелі ойының жемісі, ойды жеткізу құралы. Ақын
өлеңдерінде теңеу жасаушы амал-тəсілдердің мол болып келуі – ақын
дүниетанымының кеңдігін көрсетеді. Ұлттық сана мен халықтық таным
негізінде қалыптасып, ұлттық болмысты білдіруде ақын қолданған теңеулер
құнды болып отыр.
Образ табиғатын терең ашу үшін Тұрмағанбет əсерлі, сұлу теңеулерді
молынан пайдаланған. Мысалы, «Шаһнама» дастанында Залдың дүниеге келуін
тамаша портрет жасап, көркем өрнекпен өреді.
Қара емес, қардай аппақ шыққан шашы, (теңеу, эпитет)
Сап-сары, салпы ерін, жік-жік басы, (эпитет)
Әрмен көз, бермен маңдай, бірақ оның (эпитет)
Көзінің жанған шамдай шұғыласы (теңеу) [89].
«Данышпан қарт» дастанында:
- Жігіттей жиырма жасар екен епті,
«Назым» өлеңінде:
- Қаз тұтып қатарына келгендерді,
Асаудай ұсталмаған тебер еді...
«Адамдық іс» өлеңінде:
Кейбіреу сəл бақытқа мас болады,
42
Шабақтай шалпылдаған қайраңдағы.
«Мəрді дихан» дастанында:
- Алмасша «ə» дегеннен алып түсер,
Тас пенен темірге сал үшкірінді.
немесе:
Сүйікті шырағымсың шырын жанша,
Тасаттық тəпсі – тақтым бəрі саған,
Іркілмес іс өтеді бір раданша.
Үзіндідегі өткір теңеулер ақын бойындағы суреткерлік қабілетінің
қуаттылығын аңғартады. «Сымбатты сұлу» өлеңінде кейбір бұрын белгілі
сөздерге жаңаша мəн беріп, өзіндік жаңа ұғымды теңеу жасап отырғаны да
байқалады.
Сүйріктей судан шыққан бəрі мүсін,
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақық ерін.
Сұлу жас əйелдің бейнесін ақын судан шыққан сүйрікке теңеген.
«Сүйрік» сөзін əйел бейнесінде қолдану да ақынның өзіндік ерекшелігі. Тіл
қорына қосқан жаңа теңеулеріне мына өлең жолдарын да жатқызуға болады.
«Тұтқын қыз» дастанының бір жерінде:
Көктегі көркейді қыз толған айдай,
Бедеудей көзі ойнап, қойған байлай.
Халық ауыз əдебиетінде «бедеудей» деген теңеу бар болғанымен
ақынның қолданысында мүлде басқа мағына береді. Сұлудың өзін емес, көзін
«бедеудей» деп теңеу тек Тұрмағанбетке ғана тəн қолданыс десек болады.
Ақынның сөзді көркемдеуде қолданған теңеулерінен шығыстық
сипаттарды сөз ететін болсақ, біраз шығармаларында бейнелеу, көріктеу
құралдарын, образ жасау тəсілдерін, əдеби теңеулерді, сөздерді құбылтып,
айшықтау əдістерін, өлең жүйесін, өлең құбылысын, ырғақ пен ұйқас
заңдылықтарын Шығыс əдебиетінің үлгісінде қолданған. Шығыста ғашықтар
арасындағы сүйіспеншілікті гүл, бұлбұл теңеуімен байланысты суреттейді.
Шығыстық асыл сөздерді ақын жай өз мағынасында қолданбайды, оған
барынша мəн беріп отырады.
Мысалы, «Ақ Жібек» өлеңінде:
– Құлпырып бəйшешектей түрленесің,
Берген соң лайықтап құдай пішін.
Жайқалып қызыл гүлдей сен тұрғанда,
Менің де басқаменен жоқ жұмысым!
«Сұлу қыздың кескіні» өлеңінің бір жерінде:
Қол создым, құштар болып, құлаш жайып,
Миуадай дақ түспеген аспандағы
[90].
Миуа – ағаш басындағы дəмді жеміс екенін көрсету үшін қолданылатын
сөз. Ал бұл өлеңде Тұрмағанбет қол жетпейтін биіктегі сұлусың деген
мағынада қолданған. Бұл да сөз қолданысындағы өзіндік жаңалығы. Өлеңде
жігіттің асқақ арманына айналған сұлу қыздың бейнесін, ажар-сымбатын
суреттеуге асқан шеберлік таныта отырып, алуан түрлі теңеулермен əсерлі
43
сипаттайды. Шығыс поэзиясында махаббаттың шынайлығы «Лəйлі - Мəжнүн»,
«Хұсрау мен Шырын», «Жүсіп пен Зылиха» т.б. ғашықтармен өлшенеді.
Тұрмағанбет қыз сұлулығын осылармен қатар қойып, олардың үлгілі істерін
паш етеді.
«Көңіліме гүлі егілді махаббаттың» атты өлеңінде Лəйлі-Мəжнүн
шынайы ғашықтар ретінде бағаланып:
Тұрғанмен төбемде ай, алдымда күн,
Бұл жаһан сенсіз көзге көрінбес-ақ.
Ізденер бұлбұл – бақша, байлар – ақша,
Ғашыққа дидар əркез, патшаға тақ,
Мəжнүннің мысында болып жүрмін,
Лəйлінің ұқсасында өзіңсің нақ [91].
Ақын өлеңдері образдылық – метафоралық мағынаға ие сөздерге бай.
Рауа ортада отыр болып һүрдей,
Жарқырап екі көзі гауһар, дүрдей.
Бұндағы һүр – сұлу, көрікті, дүр – асыл тас (янтарь) деген мағынаны
білдіреді. Сұлудай деген теңеу мен көзді гауһарға теңеу бар, ал «һүрдей» деген
теңеулерге Шығыстық əдебиеттің əсері болса керек.
Тұрмағамбет дастандарда халық ауыз əдебиетіне тəн теңеулер мол.
Сұлулықты толған айға, күнге балау, қыпша бел, құралай көз сияқты тіркестер
ауыз əдебиетінде дəстүрге айналған. Тілдің осындай көркемдегіш элементтерін
ақын жиі қолданған, яғни, фольклор мен Шығыстық дəстүр тұтасып, эпикалық
туындыға айналған.
Ішінде жатыр қатын көркі күндей,
Қан болып тұла бойы, есін білмей.
Алдымнан шығар-ау, деп келді ойлап, –
Киіктің баласындай көзі ойнап.
Қыпша бел, құралай көз, жазық маңдай [91, б. 177].
Теңеулер мен эпитеттерді дастандарынан көптеп тізе беруге болады.
Теңеудің сөзді ажарлауда, көркемдікті бұрынғыдан да ұштай түсетінін
ескерсек, жоғарыдағы мысалдар дастанның көркемдігін арттырып тұр.
Сонымен қатар, Тұрмағанбет өлеңдерінде сөзді зерттеу мағынасындағы
қолданым екі нəрсенің ұқсастығына қарай бірі-бірімен ауыстырып суреттеп
беру, яғни метафоралар жиі ұшырайды.
Тұрмағанбет поэзиясының метафоралық жүйесіне ой-көзімізбен
үңілмесек болмайды. Өзінің ой-пікірін көрікті жеткізу мақсатында метафораны
орынды қолданған.
Ақыл – тон аңдағанда тозбайтұғын,
Ғылым – кен, күнде өніп қоздайтұғын.
(«Арқаның ауруы не қозбайтұғын»).
Ой – терең, ойнар – нəһан теңізден де,
Тың тұрған тіл – сүзеген өгізден де.
(«Ой»).
Бұл өлең жолдарында метафоралар ақыл-тон, ғылым-кең, ой-терең
сөздері ешбір жалғаулықсыз, жұрнақсыз бір нəрсені екінші нəрсеге балау
44
арқылы жасалып тұр. Ақылды тозбайтын тон бейнесінде суреттеу де
Тұрмағанбетке ғана тəн сияқты. Сондай-ақ, Тұрмағанбет өлеңдерінде көмекші
етістіктердің жəрдемімен жасалған метафоралар да бар.
Жасымнан назым сөзге шебер едім,
«Өзімнен шебер кім?» – деп кебер едім.
Әр түрлі хикая мен дастандардың
Ширатқан шым жібектей көгені едім. («Назым»).
Бұл жыр жолдарында ақын өзінің күшін «Шым жібектің көгенімен»
байланыстыруын экспрессивтік мəні бар əсерлі ауыстырулар деуге болады.
Назым асыл дүр едің
Жəннəттің айни ұр едің.
Қиядағы сен сұңқар,
Қол жетпес жерде жүр едің. («Құлпы қыз»).
Қиғаш қас, оймақ ауыз, ақ дидарың,
Жайдары жатық мінез, сөзің шырын, [91, б. 78], – деп
кісінің келбетін,
мінезін ақ көңіл, ашық жүзді деп ұтымды суреттеген. Бұл – айқындау теңеудің
дəстүрлі қазақ сөз өнеріндегі «ақ» сөзін қолдану арқылы жасалатын эпитеттер.
«Ақ» түстің адалдық, пəк, кіршіксіз сияқты баламалық мағынасы бар. Ақ сəуле,
ақ ерке, ақ сұңқар, ақ кептер, ақ иық, ақ жүрек, ақ дидар т.б. «Жүсіпбайға хат»
өлеңінде суреткер заттың ерекше белгілерін көрсетпей-ақ, оны басқа
нəрселермен салыстыра отырып, эпитет жасаған.
Қадырдан хат жолдадым Жүсіпбайға,
Ер едің ойы – терең, тілі – майда.
Айтылған өтінішің орындалар,
Болатын бола қойса бұл маңайда [91, б. 171].
Ал Шораяқтың Омарының баласы Шайхыға жазған хатында:
Жұмсақ бол шитысы жоқ ақ мақтадай,
Шыңылтыр болма, балам, шылғи көндей.
Темірдей тілің қатты болғанменен,
Жүр едім жұқарар деп өңдей-өңдей [94, б. 36].
Өлеңдегі эпитет пен теңеулер ақынның ой-пікірін суреткер арқылы беру
əдетімен жазылған. Міне, тұрмыс-салтқа, тұтыну бұйымдарына қатысты да
айқындау эпитеті жасалған. Теңеудің сан алуан түрін молынан қолданған
ақындар екі нəрсені ұқсатып, салыстырып шамалай теңеген. Теңеу жасауда
қазақ ұлтының кəсіптік шаруашылығына сай, ботадай боздап, лақтай секіріп,
айғырдай ақырып, қара нардай, жүйрік аттай, байлаудағы бедеудей, т.б. төрт
түліктің барлық ерекшеліктерін молынан қолдана білген.
Тұрмағанбеттің «Топ жарған төрт ақынға» атты өлеңінде Бейімбет,
Сəкен, Сəбит, Ілиясқа арнап сəлем жолдап, ақындарды бабындағы бедеу аттай
жарамды деп бағалайды:
Бейімбет, Сəкен, Сəбит, Ілиястар,
Қайткенмен кемеңгерлер көпті бастар.
Бедеудей барлығы да бабындағы,
Ортаға озып келіп олжа тастар [91, б. 192].
45
Образ табиғатын ашу үшін «бедеу» атқа теңеп, суреткерлік қабілетінің
қуаттылығын көрсеткен.
Керейт Даңмұрынның Кете Жүсіпке хатында:
Достарыңызбен бөлісу: |