1 СЫР СҮЛЕЙЛЕРІ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ «ӘДЕБИ БЕЙНЕ»
ЖӘНЕ «БЕЙНЕЛІЛІК» МӘСЕЛЕСІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
1.1
Көркем мәтіндегі «әдеби бейне», «бейнелілік» генезисі және
көркем образ жасау тәсілдері
Өнердің мəні мен ішкі-сыртқы табиғатын түсінуге деген талпыныс
антикалық дəуірден бастау алады. Ежелгі дəуірден бері классикалық əдебиет
үлгілерінде барлық оқиға адамға қатысты айтылатыны байқалады. Аристотель:
«Поэзия тарихтан гөрі философияшылдау: поэзия неғұрлым жалпы жайында,
тарих - жеке жайында айтады», – [28] дегендей, сөз өнеріндегі өмір шындығы
тек адам арқылы, адам образы арқылы жинақталып, адам образы арқылы
танылатынын жеткізген. Көркемдік дүниесінің жалпы сипатын Аристотель
адамның танымдық жəне еліктеушілік қасиетімен байланыстырған. Аристотель
мен Платонның ойлары кейіннен қаншама теориялардың тууына негіз болды.
Көркем шығармадағы əдеби бейне мен бейнелілік туралы өз ойларымен оң баға
берген орыс ғалымдары: Л.И. Тимофеев [29], Г.Л. Абрамович [30],
А.А. Потебня [31], Л.В. Шепилова [32], В.М. Жирмунский [33], В.В. Кожинов
[34], В.И. Сорокин [35], ал бұл мəселені қазақ ғалымдары А. Байтұрсынов [36],
Қ. Жұмалиев [37], З. Қабдолов [38], З. Ахметов [39] т.б. кезең, уақыт талабы
тұрғысынан дамытып отырған.
Жалпы ғалымдар өнердің сипатын екі түрлі ойлау жүйесімен
байланыстыратыны белгілі. Бірі – көркем ойлау да, екіншісі – ғылыми ойлау.
Осы екі ойлау жүйесінің түбі де, мақсаты да бір. Ғалым А.С. Козлов бұл пікірді
қолдай бермейді. «Ғылым мен өнерді мүлдем қарама-қарсы ұғымдар ретінде
қарастырып, өнердің өзі жасайтын жеке «шындық əлемі бар», [40] – деген ой
білдіреді. Қалай дегенде де өнердің өз тілі бар екені рас. Бəлкім, сондықтан да
болар, бүгінге дейін ғылым үшін «өнер дегеніміз не?» – деген қарапайым
сұраққа мардымды жауап табылмай келеді.
Бұл мəселе жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш»
еңбегінде көркем өнерді жүйелей келе, сөз өнеріне қатысты: «Алдыңғы өнердің
бəрінің де қызметін шама-қадірінше сөз өнері атқара алады, қандай сымбатты,
кескінді суреттер болсын, қандай əдемі əн-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп
көрсетуге, таныстыруға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» [41] – деп
түйіндейді.
Қазақ əдебиеттану ғылымында Қ. Жұмалиевтің «Әдебиет теориясы» [42]
атты еңбегінде əдеби бейне мен бейнелілікті творчестволықпен шешкен.
«Стиль – өнер ерекшелігі» атты еңбегінде С. Сейфуллин, Б. Майлин,
І. Жансүгіров, С. Мұқанов поэзиясындағы бейнелілік пен поэтикалық тілінің
көркемдігі де шебер талданған. Қ. Жұмалиев еңбектерінде ақын-
жазушылардың өзіне тəн əдеби бейне жасаудағы ерекшеліктері жайлы салмағы
мол салиқалы пікір айтқан. «Әдебиет теориясы» еңбегінің 3-тарауында образ,
тип, көркем шығарманың тілі қарастырылған. Есмағамбет Ысмайылов
«Әдебиет теориясының негіздері» [43], З. Қабдоловтың «Сөз өнері» [9, б. 83]
атты еңбектерінде Аристотель тұжырымына сүйене отырып, əдебиеттану
15
ғылымындағы ең өзекті мəселелерді теориялық тұрғыдан негіздеген. Образ
жəне образдылық, əдебиеттегі адам, сөздегі сурет деп айқындап берген.
Әдебиет теоретигі З. Ахметовтің «Өлең сөздің теориясы» [44], «Қазақтың
өлеңінің құрылысы» [45] атты еңбектері əдебиеттану ғылымынан өзінің орнын
алды. Зерттеушінің бұл еңбектерінде кең ауқымды ойлау қабілеті тəн. Бүгінгі
əдебиеттанудағы «бейне», «əдеби бейне», «көркем бейне», «кейіпкер», «тип»,
«суретті сөз» деген мəселелер туралы А. Байтұрсынұлы былай дейді: «Асыл
сөздің сипаттарын білу тыңдаушыға да қажет, Абайдан кейінгі сөзге талғау
кіреді: айтушы да, тыңдаушы да сөзді талғайтын болады. Олай болғаны – Абай
асыл сөздің нұсқаларын айқындап көрсеткеннің үстіне, аз да болса, асыл сөз
сипаттарын айтып та, жұртты хабардар қылды» [46]. А. Байтұрсынұлы
көркемдік заңдылығы біреу ғана жəне ол барлық тілдегі əдебиеттерге ортақ деп
пайымдайды.
Көркем бейненің идеялық-эстетикалық мəні, түрлері, мағынасы туралы
айту үшін алдымен əдеби бейне, оның түрлері жалпы адамзат мəдениетінен
алатын орнын белгілеп алу қажет. Әдебиет – сөз өнері адамға өмірді танытып,
дүниетанымын кеңейтіп, көзқарасын қалыптастырады. Көркемөнердің айрықша
түрі ретінде əдебиеттің ұлттық жəне жалпы адамзаттық сипаттарын танимыз.
Әдебиет өнеріне тəн көркем бейне жəне бейнелілік деген ұғым бар десек, адам
тұлғасын көркем бейнемен беретін болса, көркем сөз құдіретін танытатын оның
тілі, яғни суретті сөз, айшықты тілі болып отырады. Көркем бейне мен
бейнелілік арқылы суреткер өмір көріністерін, адамның қасиеттерін образды
тілмен өрнектеп береді. Демек, бейнелілік ақын не жазушының сөз құдіреті
арқылы айтар ойын айшықтап беруі, танытуы.
Әдеби шығармада оның идеялық-эстетикалық рөліне сай бейнеленетін
тұлғалар болады. Олар қатардағы адамдар, персонаждар, бас кейіпкерлер болып
келеді. Әрбір қаһарман шығармада өзіне тəн рухани жəне қоғамдық қызмет
атқаруда көрінеді. Автор идеясын жүзеге асыруда əдеби бейне өз ерекшелігімен
көзге түседі. Ол заманның бағыт-бағдарын, арман-мұратын танытушы бейне
ретінде көрінеді. Яғни, автор əдеби бейнені суреттеу арқылы өмір көріністерін
береді, соны ашу үшін образды тілмен жеткізеді. Міне, əдеби бейне мен
бейнелілікті осылай ұғыну орынды болар еді.
Ал əдебиеттегі көркем бейне – адам, ол сөйлейді, əрекет арқылы
танылады, күледі, ренжиді. Сондықтан ол жанды тірі тұлға, өзгеріп отырады,
əрекет үстінде көрінеді. Қаламгер адам бейнесін жасау үшін өзіне үлкен
жауапкершілік алады, соны шынайы жеткізуге тырысады. Сөйтіп, алуан
мінезді, түрлі тағдырлы адамдар бейнесін жасау арқылы қаламгер көркем бейне
жасайды. Сан қилы тағдыр иелерінің əрекеттерін суреттей отырып, өмір сырын
танытып, көркем бейне сомдайды.
Адамның бейнесін жасау үшін өмірлік материалдарды жинақтап,
суреткер образ бітімін жасайды, мінезін даралайды. Жазушының шеберлігі,
қолданған амал-тəсілдері арқылы образдың қалай ашылғаны көрініс береді.
Адамның ішкі бітімі, сырт келбетін (потретін) суреттейді. Кейіпкердің мінезі,
характері тартыс үстінде танылады. Сол сияқты кейіпкердің сөйлеу мəнерін
16
əсерлі бейнелеуге мəн беріледі. Көркем шығармада суреттелетін табиғат
көрінісі (пейзаж) образды толықтырады. Әдебиеттегі бейне сөзі екі түрлі
мағынада қолданылады.
1)
Көркем бейне, кейіпкер, тип.
2)
Суретті сөз.
Көркем əдіс тұрғысынан образ романтикалық, реалистік деп бөлінсе,
əдеби тек тарапынан: эпикалық, лирикалық, драмалық образ деп жіктеледі.
Образ, яғни бейне жасалу тəсіліне қарай: юморлық, сатиралық, фантастикалық,
трагедиялық, геройлық образ болып бөліне береді. Сонымен əдебиеттегі
суреткер жасаған образ адамнан тыс жасалуы мүмкін емес.
Көркем бейнені эпизоттық, типтік, кезектегі бейне ретінде таныту
олардың деңгейіне байланысты жазушы шеберлігімен беріледі. Көркем бейнені
жекелік жəне жалпылық деп бөліп қарастыру қаламгер танымымен
ерекшеленеді.
Жалпылық бейне əр уақыт өзінің тобы, ортасымен көрінеді. Ол ерекше
дара тұлға болғанмен өзінің əлеуметтік тобымен бірге сипат алады. Мəселен,
Құнанбай топ көсемі, ақылды би болғанмен, мақсат мүддесі өз тобымен үндес.
Сөз өнерінің ұлттық ерекшелігі дегеніміз – ұлттардың тарихы, мəдениет
дəстүрі мен қоғамдық ерекшеліктерінің көркем бейнеленуі. Ол ұзақ уақыттық
жасампаздық жолы арқылы қалыптасып, дамиды. Н.В. Гоголь «көркем
шығармада ұлттық рухты көрсету үшін автор сезімімен, əсерлі, бейнелі образ
жасауында», – дей келе, «шығарма ұлттық сипат алады», – деген ойлар айтады.
Жазушының осы пікірін сыншы В.Г. Белинский: «Пушкиннің көңіл-күйлік
өлеңдерінің көбі, мазмұны мен формасы жағынан нағыз Европа стилінде
жазылған. Бірақ ол өз ұлтының, рухының өкілі болғандықтан өз ұлтының
таңбасын басады. Ешкім оның шығармаларын Байрон, Гете шығармаларымен
шатастырған емес», – дейді [47].
Оқырман ақын-жазушылардың шығармаларының көркемдік қуатын,
əсерін сезінеді. Соның ішінде көркемдік шындық, өмір шындығының бейнелі
көрінісін өзіндік көзқараспен суреттеуін ұғынады. Көркемдік шындықты
қаламгер образ, бейне арқылы жасайды. Көркем бейне жасауда суреткер
танымдық жəне шығармашылық сипатты байланыстырады. Қарапайым тілмен
айтқанда нақты шындық пен ойлау қатар жүреді. Өмір шындығын бере отырып,
елестеу, қиялдау, болжау сияқты сипатта болып, образ көркемдігі ойдан
шығарылған жаңа дүние болумен айқындалады. Сол себепті де көркем образда
өмір шындығымен қатар қиялдан алынған ойлар да кездесуі мүмкін.
Л.И. Тимофеевтің: «Образ – эстетикалық мəні бар, ойдан шығару арқылы
əрі нақты, əрі жинақты жасалған адам өмірінің əсем суреті» [48] – деген
пікіріне сүйенсек əдеби шығармада суреттелетін өмір құбылыстары мен
кейіпкердің бейнесі екен. Әдеби бейне бейнелі сөз арқылы өмір шындығынан
жасалған суреткердің танымдық шығармашылығының жемісі болатыны сөзсіз.
Әдеби бейне, яғни, көркем образдың өзіне тəн ерекшеліктері де бар:
- оқырманға эмоциялық əсерлігі мен танымдық маңыздылығы;
- оқырманға ой-сезім тудыру, танымын тереңдетуге ықпал ету.
17
Әдебиеттің басты өлшемі – көркемдік. Олай болса, əдеби бейнені
жасайтын адамның өзі көркем бейнені құрайды. Сол сияқты «əдеби қаһарман»
термині бар. Ол дегеніңіз жеке адамның табиғи болмыс-бітімінде айқындалады.
Әдебиет теоретигі М.М. Бахтин пікірі бойынша автордың өз қаһарманына
қатысты ұстанған позициясы мен шығарманың жанры кейіпкер сипатына ықпал
етуімен негізделетінін айтады [49]. Қаламгер ұстанымы кейіпкер жасауға ықпал
етіп, көркем бейнені құрайтынын М.М. Бахтин осылай тұжырымдайды.
Қаламгер шығармаларындағы əдеби бейне мен бейнелілік сөз болғанда
стильге тоқталмай кетуге болмайды. Ойды ашу үшін, образ жасау, дүниеге
көзқарасты ашатын, жазушының даралық ерекшелігін бейнелейтін дара қасиеті.
Академик З. Қабдолов: «Стиль – адам. Адамның сəбилік шағы, жастық кезі,
кемеліне келіп толықсыған тұсы болатыны сияқты, стильдің де тұтасқан
ғұмыры бар» [50] – дейді. Ғалымның осы пікіріне орай əрбір жазушының стилі
қалыптасатын үш кезеңі болады: өзінен бұрынғы үлгіге еліктеу, өзгеден бөлек
машықтану, ешкімге ұқсамайтын жеке стиль қалыптастыру мезгілі болады.
Мысалы, гректің Гомері, ағылшынның Шекспирі, немістің Гетесі,
француздың Бальзагі, орыстың Толстойы, қазақтың Мұхтары. Бұлардың образ
жасау, тіл қолдану, бейнелілік дағдылары бір-біріне ұқсамайды. Осыдан барып
қаламгердің көркемдік стилі қалыптасады. Көркемдік стиль қалыптастыруда
жазушы таңдаған тақырыбында кейіпкер мінездемесін жасау тəсілдерінде
дағды болады. Сондықтан əр жазушының сөз талғау, бейнелеу дағдысын
қолдану, көркемдегіш сөздерді орнын тауып қолдану, сөйлем құрау, шешендік
мəнерлігі, даралық дағдысы қалыптасады, дамиды.
- Көркемдік стильдің алуан түрлі болуы оқырман қажеттілігінен туады;
- Қоғамдық өмірдің жазушы санасындағы образды сəулесі күрделі, əр
алуан;
- Жазушының шыққан ортасы, тəрбиесі, танымы қандай болса, стилі де əр
түрлі болады.
Осыдан барып көркемдік ағым, көркемдік дағды деген, яғни, белгілі бір
тарихи дəуірде өмір сүріп талғамы ұқсас, дағдысы бір, көзқарастары ұқсас
топтар қалыптасады. Бірі - даралық дағды, бірнеше жазушының дағдыластығы,
енді бірі - ұстаным. Міне, бұл үш нəрсе бір жазушы шығармасында
бейнеленетін қасиет болғанымен өзара қажет нəрсе.
З. Қабдолов дағды мен ағымның ара қатынасын былай түсіндіреді:
«Стиль бір жазушыға тəн творчестволық ерекшелік болса, ағым – бірнеше
жазушыға тəн творчестволық бірлік; стиль – əр жазушының дара қасиеті болса,
ағым – əр алуан жазушының ортақ сипаты; стиль жалқыға тəн ұғым болса, ағым
– жалпыға тəн ұғым; стиль – əр жазушының көркемдік беті болса, ағым – əр
жазушының көркемдік бағыты. Әрбір көркемдік ағымды əр қоғамдағы таптық
жағдай туғызады. Әрбір көркемдік ағым - əр дəуірдегі идеологиялық күрестің
сөз өнеріндегі көрінісі» [51], – дейді. Ғалымның осы пікіріне сүйенер болсақ,
жалпы қоғамдық дамудың белгілі кезеңінде туып, дамып, жойылып отыратын
көркемдік ағымдар болатынын байқаймыз. Олай болса көркемдік ағымның
ерекшелігі мен маңызы неде?
18
Белгілі бір тарихи дəуірде туатын көркемдік ағым сол дəуір сипатын
береді. Сөз өнерінде ой-пікір бейнесі сол кезеңде өмір сүрген таптың мүддесі
мен эстетикалық талабын бейнелейді. Содан барып көркемдік образы
бейнеленеді, суреттеледі.
Көркемдік образ, яғни, əдеби бейне туралы сөз қозғамас бұрын «образ»,
«бейне» туралы айтқан жөн. Образ сөзі – бейне, кейіп, сурет деген ұғымды
береді. Образ екі түрлі жəйтте айтылады. Бірі – саяси, ғылыми сөз өнерінде
қолданылса, яғни, көріктеу тəсілдері (теңеу, айқындау, балау, кейіптеу,
алмастыру, астарлау), екіншісі – тіл образдылығы. Әртүрлі балау сөздер,
көрініс суреттері, табиғат суреті, жеке адам суретінен образ жасауға болады.
Тілде образды сөйлеу, тіл суреткерлігін мына сөйлемнен көруге болады.
Мысалы, «Төңкеріс анасының бүйірін білкілдетіп жатқан, тез арада жарық
көрер бөбек сияқты» [52], – бұл балау сөз, бірақ көркем бейне емес.
Олай болса «бейне», «бейнелілік» көрінісінің көркем шығармада
берілуінің өзіндік нысаны бар. Сондықтан да, көркем шығармадағы əдеби
бейне əдебиеттану ғылымында ең өзекті мəселе екені сөзсіз.
Қазақ əдебиетін зерттеуші ғалымдар көркемдік бейне туралы ой-
тұжырым жасай келе, образдың сыры өмір сүру ортасына қатысты екенін
айтады. Көркем шығармада адам бейнесі алуан түрлі жолдармен жасалады.
Сурет жасау үшін материал жинап, одан адам тұлғасын даралайды. Әлем
əдебиетінде қалыптасқан əдебиет өнеріне тəн көркем бейне мен бейнелілік
қазақ əдебиетінде сол ұғымда танылады.
Поэзия тілін зерттеушілердің бəрі де адам баласының ой-санасы, əсіресе,
поэзия тілінде өзінің ізін қалдырады. Адамдар алғашқы дəуірде өз ойын басқаға
жеткізу үшін, образ арқылы айтуға дағдыланған. Сондықтан қазақ əдебиеттану
ғылымының мамандары тек көркем образдың шығу тегін зерттеушілер үшін
ғана емес, жалпы əдебиетті зерттеушілер үшін де көркемдік бейне, оның
түрлерінің мəні зор.
Қ. Жұмалиев: «Адам баласының ой-санасы дамып, жоғары сатыға
көтерілуімен байланысты поэтик тілде символ, теңеу, метафора, метонимия,
антитеза қолданылады» [53] – дейді. Ғалым поэтик тілдің мəні мен стилі оның
көркем бейне жасаудағы ерекшелігін айтып, қазақ əдебиеті теориясын белгілі
бір белеске шығарды. Ол қазақ əдебиетінің стилі, сөз өнеріндегі ерекшеліктерін
саралап берді, яғни, қазақ əдебиетіндегі бейнелілік мəселесіне ғылыми байлам
жасады.
Қазақ əдебиетін зерттеуші теоретиктер Аристотель белгілеген негізгі үш
тек, яғни жанр (эпос, лирика, драма) грек тілінен аударып алып, өзіміздің төл
əдебиетімізден іздеді. Сөйтіп, əдебиет теориясына ұлттық сипат дарытудың
жолын, əдісі мен амалын, бейнеліліктің түрін осылай тапты. Ғалымдар
теориялық толғамдарын жазушылық шеберлік мəселесімен, бейнелілікпен
осылай ұштастырған.
Әдебиеттану ғылымында образды көркемдік əдіс тұрғысынан екіге
(реалистік, романтикалық) деп бөледі де, тек тұрғысынан үшке (эпикалық,
лирикалық, драмалық образ) бөледі. Ал жасалу тəсіліне қарай (юморлық,
19
сатиралық, фантастикалық, трагедиялық, комедиялық, қаһармандық, геройлық)
т.б. болып жіктеледі.
Қазақ əдебиетіндегі осы образдардың көрінісін көркемдік бейне мен
бейнелілікті ғылыми түрде терең зерттеудің, жалпы қазақ əдебиетінің даму
жолдарын айқындауда маңызы зор, орны ерекше. Ұлт əдебиетіндегі бейнелілік
мəселесінің көрінісін зерттеп, даму жолдарын, жалпы əдебиет теориясына не
қосты, осылардың ғылыми негізділігін айқындау - қазіргі кезеңнің туғызып
отырған толғағы жеткен өзекті мəселе. Әрине, бұл оңай жұмыс емес, көп
зерттеуді, көп талдауларды, əлем əдебиетіндегі ой-пікірлермен салыстыруды
қажет етеді.
Сыр сүлейлері шығармаларының поэтикасын тану үшін, жалпы сөз өнері,
қазақ əдебиетіндегі орнын белгілеу үшін оларға дербес тоқталып, салыстыра
отырып талдау жасау маңызды.
Қазақ əдебиетіндегі көркем бейнені тану көркем өнер құдіреті арқылы
көпшілікке ұғынықты суреткер, ақын не жазушы өмір, қоғам, адамдар сырын
бейнелеу арқылы белгілі бір тұжырым жасайды. Олай болса, өмірді əдебиет
арқылы бейнелеп, көркем сөзді бейнелеу құралына айналдыруға болады. Ал
көркем шығармадағы бейнелілік – жазушының кейіпкерін тартысқа түсіру үшін
тудыратын бейнесі. Адамның қоғамдық өміріндегі жанды, əсерлі, эстетикалық
мəнге ие суреті, жазушының соны көркем шығармада бейнелеу тəсілі. Өмірді
образ арқылы ойлау, танып, бейнелеп берудегі жазушының сөз қолданысы.
М. Әуезовтің «Абай жолы» романында жүзге тарта əйел кейіпкерлер бар.
Әуезов характер жасау арқылы əрбір образын даралап жинақтаған. Қазақ
əйелдеріне тəн небір жақсы қасиеттерді жинақтап берген. З. Қабдолов: «Зере –
əжелердің үлгісі, сарабдал, сабырлы, ақыл иесі. Ұлжан – аналардың үлгісі,
сылдырлаған шолпысы, былдыраған тілімен, бар сыры мен назын Абайға ғана
құпия баян ететін, ақ еті таңдай аппақ Тоғжан – алыстан арайлайтын қол жетпес
арман секілді махаббат таңының үлгісі, əні сəніне, сəні əніне астасқан асыл,
аяулы Әйгерім – жас жігіттің нақ сүйер сұлу жарының үлгісі», [54] – деп
таниды. Қазақ əйелдеріне тəн небір аяулы қасиеттерді Әуезовтің осылай
беруіндегі суреткерлік, яғни, көркем бейнені типтендіріп, нақтылы, бейнелі,
көрініс түрінде суреттеген деп таниды. Бұдан шығатын қорытынды əдеби бейне
мен бейнеліліктің ерекшелігі сонда көркем бейне нақтылы, жанды, əсерлі
болады. Әуезов жасаған əйелдер образында жалпылық та, даралық та бар.
Кейіпкер сипатына ықпал ету үшін бейне, суреттен шыққан əр сөз өзара
қатар түзеп, тіркес құрғанда, өзгеше айшық өрнек пайда болады. Әр сөзді нақты
суретке айналдыруда автордың ұстанған ұстанымы болуы шарт. Қазақ
лингвистикасын зерттеушілер, академик Р. Сыздықова: «Қазақтың жалпы
түркі-моңғол тілдерінің бір құдіреті бейнелігінде» [55] – десе, Ә. Қайдар:
«Қазақ тілінің ерке-бұлан қасиеті, бейнелеуіштік, образдық табиғаты кез-келген
сөзді термин етіп қолдана беруге көне бермейтіндігінде» – деп ой түйген [56].
Ғалымдардың осы пікіріне сүйенсек, өзге тілдерге қарағанда қазақ тілі
бейнелеуіштік қасиетімен өзгелерден ерекшеленеді.
20
Әдеби бейне – бір бүтін адам өмірінің картинасы. Жазушы əдеби бейнені
өмір құбылыстарынан жинақтап, типтендіріп, нақтылы, бейнелі көрініс түрінде
суреттеп береді. Жалқылықпен жалпылықтың бірлігі тип болса, осы екеуінің
бірігуінен өмірдің көркемдігі мен адамның тіршілігі үстіндегі күрес туады.
Адам – көркем образ ұйытқысы. Сондықтан адам сөз өнерінде бейнелеудің
негізі болады. Жазушы адамды (кейіпкерді) қоғамдық ортада суреттеп, оның
тұрмыс-тіршілігін көрсету арқылы образын ашады. Кейіпкер бейнесін ашу үшін
оның түр-тұлғасы, əдеп-салты, киім-кешегі, тұтыну бұйымдарына дейін
суреттеуге мəн береді. Мысалы, жазушы О. Бөкей шығармасында: «Тортай
мінген ақ боз ат», «Қар қызындағы» табиғат пен адам арасындағы байланыс –
кейіпкер образын даярлауда, характер беруде ерекше маңызды роль атқарған.
Сайып келгенде, көркемдік бейне дегеніміз – адамның қоғамдық өмірінің
оқырмандарына ашып көрсетілген эстетикалық мəнге ие суреті, оның жаратылу
ерекшелігі.
Әдебиеттану ғылымында образдың басты шартын құрайтын – көркемдік
тип, яғни типтік əдеби бейне айқындалады. Типтік образ – қазақтың өмірдегі
адамдарды жалпылық жəне жалқылық сипатқа сай бейнелейтін көркем
шығармадағы əдеби бейне. Әлемге əйгілі сыншы В.Г. Белинский тип туралы
былай деген: «Ақындарға қарата айтқанда, ұсақ-түйек кездейсоқ құбылыс емес,
типте екі пульс – жалқылық пен даралықтың органикалық кірігуі болу шарт»,
[57] – дейді.
Қазақ ұлттық энциклопедиясында тип туралы: «Типтілік қоғамдық
құбылыстардың, оқиғалардың, идеялық ағымдардың, топтардың əлеуметтік
маңызы бар өзіне тəн ерекшеліктерін білдіретін эстетикалық категория» [58].
Осы пікірді түйіндей келе, өмірдегі мыңның қасиетін бірдің басына
жинақтауды тип деп танимыз. Ал жазушы қоғам қасиетін бойына жинаған
образ жасау барысымен типтік бейне жасайды. Мысалы: М. Әуезов «Абай
жолы» роман-эпопеясындағы Құнанбай, Абай, Зере т.б. – типтік бейнелер.
Ғ. Мүсіреповтың «Оянған өлке» романындағы Жұман бейнесі – заманы өтіп
бара жатқан байлардың типтік образы болса, Игілік бейнесі жаңа туып келе
жатқан заманға лайық типтік образ. Бұлар бір романдағы образ болғанымен
дара-дара, кейіпкер даралығы бар образдар. Типтік бейне əртүрлі əдістермен
жасалады. Олар:
- жалпының қасиетін жалқыдан көрсету;
- прототип түп тұлға арқылы жасау (Абай образы);
- фантазиялық тип жасау əдісі (Ежелгі гректердегі Прометей образы).
Жазушы кейіпкерді типтендіру үшін, əуелі кейіпкер характерін
типтендіреді. Сөйтіп кейіпкерінің қоғамдық жағдайы, ұстанымы, наным-сенімі,
ақыл-ойы, білімі, мəдениеті, тəрбиесі, дағдысын суреттеу арқылы характер
жасайды.
Сыр сүлейі Т. Ізтілеуов «ару» бейнесіне қатысты жеке авторлық
теңеулерді өте көп қолданады. Мысалы:
Уылжып өне бойы отырасың,
Күмістей сымға тартқан саусақтарың –
21
Сүйріктей судан шыққан бəрі мүсін.
«Сұлу қыздың кескіні», «Құлпы қыз», «Ақжібек», «Сымбатты сұлу»
өлеңдерінде суретті бейнелі сөздермен сұлу қыздың түр-тұлғасын, пішінін
суреттейді. Арудың бетін, көзін, қасын, мұрнын, шашын, тісін, саусақтарын,
суреттеу үшін тың теңеулер мен эпитеттерді орынды қолдана білген. Арудың
көзін, шашын, мойнын, мұрнын, қасын, аузын, саусақтарын ақын:
Күндей ақ, шығып келе жатқан түсің.
Көзің – гауһар, маржан - тісің
Маржандай тізіліп тұр отыз тісің?...
Пісте мұрын, жарқын жүз, түлкі тамақ...
Жарқын жүз, түлкі тамақ, құралай көз,
Қиғаш қас,оймақ ауыз, анық ернін [59].
Келтірілген үзінділерде өмірге ажар беріп тұрған эпитеттер «жарқын»,
«гауһар», «құралай», «түлкі тамақ» т.б. күрделі эпитеттер заттың өзгеше
белгілерін аңғартады, сұлу қыздың бейнесін жасайды.
Ақындардың өмірді бейне арқылы ойлауы, тануы, бейнелеп бере
алатынында деуге болады. Шораяқтың Омарының «Жарлы Тəліп» атты
шығармасында сұлу қыздың өзгеше белгілерін «нұр сипат», «сыр мінез» деген
эпитеттер арқылы образдық бейне жасаған.
Нұр сипат ханның қызы - Гүлайымша,
Сыр мінез, сынық дертің мұнайынша [60].
Қаңлы Жүсіп:
Қалайда өз елінің мықты иесі,
Пысықтың мысын басар зор киесі [61].
Міне, осылай тізе беруге болады, ақындардың сөз қолдануына қарай ой
құбылып, кейіпкерлер бейнесі кейіпкер характерін аша түседі. Адам
психологиясында болатын өзгерістерді суреттеу немесе астарлап сөйлеу
арқылы да образ жасау үлгісін береді. Тіл құдіретін жетік меңгерген Сыр
сүлейлері өлең құрылысына да өзіндік ажар, көрік берген.
Сыр сүлейлерінің образ, яғни əдеби бейне жасаудағы шеберлігі, ақындық
даралығы ерекше байқалады. Ұлттық əдебиетімізде ой тереңдігі мен
мазмұндылығы, тіл құнарлылығы өзіндік сөз саптауымен ерекшеленеді.
Бейнелі сөздерді құбылту, көркемдік бейнелеу құралдары арқылы аймақты
орамдар, айқындау сөздер, теңеу, эпитет, метафара, қайталау мағыналы
сөздерді қолданып əдеби бейне жасап, өлеңмен өрнектеген.
Сыр сүлейлері шығармаларын ғылыми талдау үшін қазақ əдеби тілінің
жүйесін жетік білген орынды. Ол үшін əдеби тілдің нормалық құрылысы,
тарихы, болашағын білу керек. Сөз арқылы жасалатын көркем əдебиетті тілдік
жəне тілдік-стилистикалық талдаулар барысында «образ», «бейнелілік» деген
ұғымды дұрыс түсіне білген жөн.
«Образ» дегенде көз алдымызға адам образы келеді, бірақ сөз образын да
естен шығармауымыз орынды.
Академик З. Қабдолов: «Образдың жасалу тəсілдеріне лайық образдың
түрлері туады. Образдың жасалу тəсілдерінің əр алуандығы сияқты, оның
22
түрлері де əр алуан», - деген тұжырым жасаған. Олай болса, образдардың əр
алуандылығын Сыр сүлейлері шығармаларынан іздестірейік [9, б. 156].
Мəселен, Т. Ізтілеуовтің «Тұтқын қыз» дастанының басты кейіпкері
«Самұрық» жаратылыс заңын бұзамын деген өзімшіл құс. Сүлеймен
Пайғамбардың қызметінде жүрген көмекшілерінің бірі. Дастан соңында өз
дегені болмай ұятты болып, Қап тауына ұшып кетіп, содан бері ешкімге
көрінбегенін ақын:
«Жол табам жалғыз өзім», – дегендердің,
Өшпесе өсірмейді оның бойын, –
деп ойын түйіндеген. Самұрық құс – қиялдан туған фантастикалық бейне.
Адамдар бойындағы қасиеттерді құс бойынан көріп тұр, жырда қиял- ғажайып
сипат басым. Бұл жерде самұрықтың басты қасиеті – ожар, қара күш пен қимыл
айласы басым, өзімшіл. Дастандағы образ ретінде тоқталатын тұтқын қызға
келсек, оның бойындағы асыл қасиеті – жан сұлулығы, махаббат мөлдірлігі,
досқа берік, арманына жету үшін қиындыққа мойымайтын – романтикалық
кейіпкер
.
Сүйген жігітіне қосылу үшін барлық қиыншылықты басынан өткізеді.
Самұрық құсты ағаштың басынан жерге түсіртіп, жігітке берген уəдесінде
тұрады.
Қосылып екі ғашық бір-біріне,
Ойдағы уайымның бəрін жойды, –
деп арманға асыққан қыз қиялы да алға ұмтылады. Оқиға дағдыдан тыс
жағдайда пайда болып, өрбиді, армандар орындалады.
Реалистік образ – əдебиеттегі адам бейнесінің ең шынайы түрі десек,
өмірде болған бар адамдардың бейнесін жасауда Сыр сүлейлері өзіндік
ізденімпаздықпен ұштастырған. Мысалы, Базар жыраудың «Мақпал - Сегіз»
дастанында Жабы – қарақалпақ батыры, Мақпал мен Сегіз – Сыр елінің қыз-
жігіттері. Жырда халықтың тұрмыс-тіршілігі суреттеледі. Басты кейіпкерлер
Жабы батыр қалыңдық төлеп Мақпалды алмақшы болады. Мақпалдың Сегіз
деген жігітпен сөз байласқан уəдесі болады. Соңында Мақпал мен Сегіз
қосылады. Шығармадағы образдар нанымды, мінез-құлқы, іс-əрекеті, қоршаған
ортаға қатысы бəрі шынайы болып суреттелген. Базар жырау образ жасауда
шындық шеңберінен шықпайды. Реалистік образ жасауда типтендіріп отырған.
Бірнеше адамдардың жиынтық бейнесін Мақпал мен Сегіз арқылы берген.
Эпикалық образ (қаһармандық) – адамның кескін-келбетін, мінез-
құлқын, іс-əрекетін жинақтап, даралап көрсететін бейне. Портрет пен мінез,
диалог пен монолог, түрлі сезімдерді суреттеу арқылы көркем бейне жасауда да
Сыр сүлейлері өзіндік ерекшелігімен танылады.
Т. Ізтілеуов Иранның 50 патшасының тарихын 120 мың жолдан тұратын
көлемді шығармасы «Шахнамада» тарихи тұлғалар Сал, Зал, Рүстем, Сүһрат
т.б. батырлардың ел үшін күрестегі ерлігін дəріптеп көрсеткен. Батыр портретін
беруде даралық бар. Мысалы,
Құлағы – киіз үйге үзік болар,
Түктері – болатұғын тартса желі [62].
Саусақтары – шынардың ағашындай,
23
Тырнағы – тұлпарлардың тағасындай.
Аузы – үңгіріндей асқар таудың,
Мұрны – үйген шақат шамасындай.
«Шахнамаға» арқау болған екі желі бар. Бірі – батырлық, ерлік əрекеттер
Сам, Зал, Рүстем, Сүһрат, Бишан т.б. Екіншісі – патшалардың қызметі
Апрасиап, Қаһарман, Жəмшит, Кіршаш, Придон, Кей Қысырау т.б. Осы
кейіпкерлердің прототиптері – тарихи тұлғалар. Мəселен, Апрасиап – тарихи
тұлға, түркі-қазақ тарихындағы «Алып Ер Тұңғаны жоқтау» өлеңімен
жырланып, бүгінгі заманға жеткен. Сондықтан оның бейнесін ұлттық
қаһармандық рухта бағалаймыз.
Комедиялық образ – күлкілі кейіпкер арқылы қоғамдық сипат береді.
Шораяқтың Омарының «Қара Шекпен» атты шығармасында адамның қасқырға
еткен жақсылығы өзіне пəле болып жабысады. Төрелікті түлкіге шештіреді.
Түлкі қасқырды қапқа алдап салады да:
– Тоқпақпен бидай піссе, соғам, – дейді,
Соғуға бұл тоқпағым, «қоғам», – дейді.
Түрленіп түлкі сонда күлімсіреп,
Соққанды көрсетсейші бұған! – дейді.
Сатиралық образда – ызалы күлкі, мазақ, сықақ, мысқыл, кекесін болады.
Жорықбай жыраудың «Мыңбайға» деген арнауында Мыңбайдың сатиралық
бейнесін:
Бұл Мыңбай секілді көруге тоқ,
Еті май, сүйегі жасық, ішінде боқ.
Әр жерде бір көрініп көшіп жүрсің,
Сабандай қайқақтаған салмағы жоқ, –
деп оны өткір тілмен əжуалайды.
Сыр сүлейлерінің сатиралық образ жасауда алдына əшкерелеушілік
мақсат қойғаны байқалады. Адам бойындағы жағымсыз əрекеттерді
əшкерелеуде сықақ əртүрлі қызмет атқарады. Т.Ізтілеуов «Құрбанға» атты
өлеңінде Құрбанның мінезін:
Болғанмен асылың – адам, атың – Құрбан,
Екенсің ес-ақылың тіпті құрыған, –
деп надандығын жұртқа əшкерелейді.
Дүр Оңғар Дырқайұлының Тобжан биге арнаған өлеңінде əділетсіз, өтірік
сөйлейтін биді:
Қанекей қатарыңа тең келгенің,
Көп айтып өтірікті өнерледің.
Кісімсіп құр кеудеңді көтерсең де,
Қалған жоқ, халқыңа еш сенер жерің [63] –
деп баяны жоқ жылпос адамдардың ұнамсыз əрекеттеріне жирене отырып,
адамдықты танытатын жақсы қасиеттерді ұсынады. Өлеңде ащы ирония бар.
Тобжан арқылы даңғой, өзімшіл адамның оқшау мінезі дараланған. Би əрекетін
астарлап тəлкек еткен. Өмірдегі кісі күлерлік құбылыстарды Сыр сүлейлері
шығармаларына арқау еткен, əзіл-оспақ арқылы юморлық образ берген.
24
Трагедиялық образ көп жағдайда драмалық шығармаларда мол кездеседі.
Сыр сүлейлерінің көркемдік əдіс пен образ түрлерінің көрінісін осылай тізе
беруге болады. Десек те, қазақ өркениетіне өзіндік үлес қосқан осынау өнер
иелерінің шығармалары қазақ сөз өнерінің мұраларына сай жырланғандығында.
Қазақтың ұлттық дүниетанымы, мінез-құлқы, психологиясы, көркемдік
ойлауын сүлейлер көркем шындықпен өрнектеген. Ұлттық өнеріміздің
сақталуында Сыр сүлейлері жасаған образдар, бейнелі сөздер қазақ əдебиетіне
қосылған бай мұра болып отыр. Бұл айтылып отырған жəйт – Сыр сүлейлерінің
образ жасаудағы ерекшеліктеріне дəлел екенін көрсетеді.
Сыр сүлейлерінің əрқайсысының ақындық құдіретін танытатын оның
көркемдеу тəсілі, көркемдік бейнелеу құралдары болып табылады. Осы тұста
Т. Ізтілеуов, Базар жырау, Қаңлы Жүсіп, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары т.с.с.
ақындар шығармаларынан көркемдік өрнек, бейнелі сөз қолданыстарын айқын
көреміз. Аталмыш ақындар поэзиясы өзіндік поэтик образға бай, қазақ
халқының небір шұрайлы сөздерін қолдана білген. Әсіресе, халықтық
əсірелеулер, ауыстырулар, салыстырмалар, небір балама сөздер, анықтағыштар
мол кездеседі. Зерттеу барысында бұл ақындар поэзиясының түрі, стильдік
қорын осы бір екі арнадан ажырату мүмкін емес. Жаһандану кезеңінде
халқымыздың осындай асыл қасиеттерін білім беру үрдісіне ендіру арқылы
білім алушының өзіндік ұлттық қасиетін сақтап қаларымыз анық.
Осы орайда аталмыш мəселені шешудің бірден-бір жолы – ұлттық
құндылықтарымыздың кең қазынасы сақталған, алаштың анасы атанған Сыр
бойындағы ақын-жыраулардың шығармашылығын егжей-тегжейлі зерттеу
арқылы, қазіргі жастардың бойына адами, қазақи қасиеттерді сіңіру, ұлтжанды,
ізгілікті, иманды, адамгершілігі мол тұлғаны қалыптастыру.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезі аралығында
бұл өңірде жүзден аса ақын, жыраулар өмір сүрген. Олардың тəлімдік-
тəрбиелік мəні орасан зор көркем туындылары, өзекті жəне гуманистік
мəселелерді көтеретін жырлары, адамгершілік, адалдыққа насихаттайтын
нақылдары, жас ұрпаққа мирас етіп қалдырған ғибраттары, өсиеттері зерделі
зерттеу
жүргізуді
қажет
етеді.
Сыр
бойы
ақын-жыраулары
шығармашылығының басты лейтмотиві – адами құндылықтар. Олар көркем
туындыларымен, шұрайлы тілімен жастарды өзін-өзі танып білуге,
жамандықтан
жирендіріп,
жақсылыққа
ұмтылдыруға,
мейірімділікке,
сүйіспеншілікке баулиды.
Сонымен қазақ əдебиетіндегі көркемдік бейне жəне бейнелілік туралы
З. Ахметов: «Бейнелі сөздер ақындық эстетикалық сезімнің дүниені образды
бейнелі түрде танып білетін жəне танытатын, көрсететін көркем ойдың ұрығы
іспетті. Әрбір бейнелі сөз – бүтіннің бөлшегі. Ол сөз кестесіндегі көркемдік
жасаушы көп əшекейдің бір айшығы ғана», – [44, б. 121] деп жазған.
Жоғарыдағы айтылған пікірлерді жинақтап айтқанда, бейнелілік, əдеби
бейне əр халықтың табиғатына, көзқарасына, салт-санасы мен əдет-ғұрпына,
мəдени өмірі, ұлттық болмысына, ойлау жүйесіне сай жасалады. Сондықтан да
25
қазақ əдебиетінде көркемдік бейне мен бейнелілік түрлері ақындық үн жəне
дарынмен өрнектеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |