3. Қиялдың физиологиялық негізі Барша психикалық процесстер секілді қиял да үлкен ми сыңарлары қабығының өнімі. Қиял бейнелері оң және сол ми сыңарының жұмысына байланысты пайда болады. Оң ми сыңары дүние көріністерін қарапайым түрге келтіріп, олардың біртұтастығы мен үйлесімділігінен, композициялық бірлестігінен хабар береді, осыдан адамда әрқилы бейнелер негізінде эстетикалық сезімдер өрістейді. Ал сол тараптағы ми сыңары келіп түскен ақпараттарды реттеп, оларды сөзбен өрнектеу қызметін атқарады, осыдан бейне мен ой ажырамас бірлікте екенін байқаймыз.
Қиялдың физиологиялық негізі - жүйке байланыс-тарының іске қосылуы, бұзылуы, қайта түзілуі мен жаңа жүйелерге бірігуі. Осының арқасында бұрынғы тәжірибеден өзгеше, бірақ одан мүлде ажырап кетпеген, жаңа бейнелер келіп шығады.
Сонымен бірге, мида пайда болған бейнелер шеткі (перифериялық) процестердің қызметтерін өзгертумен, оларға реттеу ықпалын жасайды. Бұл тұрғыдан барша психикалық процестердің арасында қиял денедегі органикалық процестермен аса тығыз байланысқан әрі оларды әсерлі өзгерістерге келтіріп отырады.
Кейде психологиялық ауытқудан сырқатқа шалдығудың себебі маман, өрнек тұтқан адамдардың сөзін дұрыс қабылдамаудан да болады. Ойланбай айтып салған дәрігердің бір ауыз сөзі шипа іздеп алдына келген адамда ауыр сырқат күмәнін туғызған жағдайлар болған. Осы күмәннің кесірінен кешегі сап-сау адамда сырқат белгілері қозып, ятрогендік деп аталатын науқас өршіп кеткен.
Осындай психикалық зақымдану кейбір ойсыз, педагогикалық мәдениеті кем мұғалімдердің оқушыға айтылған ескертулерінен де туындайды. Осының салдарынан жас шәкіртте дидактогендік ауру меңдейді, яғни бала мұғалімді көруден қорқып, қалтырай бастайды, тақтаға шықса күмілжіп, сөйлей алмайды, оқу жұмысын орындау қабілетінен айрылады.
Сонымен бірге, қиял бейнелерін орынды, дұрыс қолдану арқылы адам денесінде жүріп жатқан табиғи процестерді басқарып, дамытуға да болады. Қиял күшін арқау еткен француз аптекарі Эмиль Куэ "Саналы сендіру арқылы өзін өзі басқару мектебі" деп аталған жаңа емдеу әдісін ашқан. Сырқат адам өзіне қолайлы жағдайда жайғасып (жатып не отырған күйі), өзін ешқандай сырқаты жоқтай сезініп, 20-30 мәрте өзін өзі сендірудің келесідей формуласын қайталайды: "Мен тәуір боламын, мен тәуірмін... . Сырқат бәсеңдеді. Сырқат кетті...". Бірнеше минутқа созылған осындай сеанстер күніне 3-4 рет, әсіресе ұйқыға кетер алдындағы сабырға түсіп, босаңсыған күйде орындалады. Осы күндегі аутогендік емдеу әдісі осы Эмиль Куэ жаңалығына негізделген.
Адам өзінің ішкі дене мүшелерінің қалпын елес-тетумен қатар, қиял арқылы өз дене мүшелерінің қимылын да (қол, аяқ, асқазан, жүрек соғысы және т.б.) қажетті жағдайға келтіре алады. Зерттеулер барысында осындай қиял басқарымындағы бұлшық еттерде нақты әрекеттер жасалып жатқандағыдай импульстер пайда болатыны дәлелденген. Қиял негізінде бұлшық еттерде туындайтын мұндай әрекеттерді ғылымда идеомоторлық деп атау қабылданған.
№13 дәріс. Сезім. Ерік 1. Сезім және ерік туралы түсінік
2. Сезім түрлері мен қасиеттері
3. Ерік сапалары