Таңданукісіні әрбір нәрсенің, құбылыстың, оқиғаның мән-жайын жан-жақты танып, оларды тереңірек түсінуге жетелейді, оның ізденімпаздық әрекетін тудырады. Іздену барысында адам түрлі жорамалдардан бастап, теориялық тұжырымдар жасайды. Ақыл-ой сезімі - адамның кез-келген іс-әрекетіндегі рухтандырушылық маңызы зор көңіл-күй.
Эстетикалық сезім - объектив шындықты бейнелеп, оның әсемдігі мен сұлулығын, жарасымдылығы мен сенімділігін қабылдап, оған әсерленудегі көңіл-күй. Әсемдікті қабылдап, оған сүйсіну, ләззаттанып, рухани күшін арттыру сезімі - адамның өмір тіршілігінде біртіндеп қалыптасатын жағдай.
Эстетикалық сезім - мазмұны мен мағынасы және түр-сипаты жағынан ауқымы кең ұғым. Психология эстетикалық сезімді табиғат пен адам қоғамындағы әсемдіктің адамның жан дүниесінде бейнеленіп, оның мінез-құлқына, дүниетанымына ықпал етіп отыратын жағымды құбылыс, сонымен қатар көңіл-күйін шалқытып, іс-әрекеттерін өрістетуші ықпал ретінде қарастырады.
Адамгершілік-моральдық сезімдер қоғам талабына орай адамның өз мінезінің лайық не лайық еместігін сезінген көңіл-күйін білдіреді. Адамгершілік сезімі моральдық сезім деп те айтылады. "Мораль" - "морале" деген француз сөзі. Мағынасы - адамгершілік. Адамгершілік сезім қоғамның тарихи дамуына байланысты. Қоғамның экономикалық жағдайы, саяси-идеялық бағдары, ондағы таптар мен топтардың әлеуметтік жағдайы - мұның бәрі адамгершілік сезім көрінісінен байқалып тұрады.
Адамгершілік сезімінің принципі мен жалпы негізі - белгілі бір қоғамдық-экономикалық сатыларда әлеумет мүшесінде қалыптасып отыратын мінез-құлық көріністері. Гуманистік және демократия үстемдік ететін қоғамдағы адамгершілік сезімдер - борыш сезімі, әркімнің өз халқы алдындағы азаматтық қасиеттерін құрмет тұтуы, әрбір адамның жеке-даралық қасиеттерін сыйлау, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық, отбасындағы өзара сыйластық және әр түрлі ұлттар мен ұлыстардың, этностардың өкілдеріне деген жалпы гуманистік қарым-қатынас. Адамның жоғары деңгейдегі сезімдерінің қалыптасып, дамып отыруы ең алдымен өзінің жеке басына деген жауапкершілікті сезінуінде жатыр. Екіншіден, ол отбасындағы тағылым-тәрбиеге, мектеп пен қоғамдық ұйымдардың қамқорлығына орай өрістейді.
Психиканың басқа да көріністері сияқты ерік те мидің жүйкелік процестеріне негізделген заттасқан құбылыс.
Ырықты әрекеттердің негізі алдыңғы орталық жүйке сайларындағы (извилины) ми қабықтарының бірінде орналасқан аумақты пирамидалы жасушалар (клетка-лар) қызметінде көрінеді. Әрекетке келтіретін импульстер осы жасушаларда пайда болады, осы арадан түйдектел-ген жүйке талшықтары бастауын алып, миға тереңдейді, одан төмен түсіп, жұлынды (арқа ми) бойлай отырып, дененің қарсы тарапындағы бұлшық еттерге жетеді, яғни пирамидалы жол жүреді. Осы жасушалардың қай бірі жарақаттанса, адамның оларға сәйкес бір қозғалыс мүшесі істен шығады (паралич).
Алайда, ырықты әрекеттер бір-біріне байланысты өзара ықпалды әрі ниеттелген қимылдардың күрделі жүйесінде пайда болады. Бұл процесте қозғалыс түйсіктерінің маңызы үлкен. Егер алдыңғы орталық жүйке сайларының артына жайғасқан бөліктердің бірі зақым алса, адам өз әрекеттерін сезбей, қарапайым қимылдардан қалады, қалаған қозғалысын таңдап, реттей алмайды.
Аталған ми аймақтарынан басқа, еріктік әрекеттердің бағыты мен қуатын қолдап барушы құрылымдарды да ескерген жөн. Мидің маңдай профронталь бөлігі істен шығуынан қимыл-әрекеттер ырықты реттелуден ауып, қажетті бағдарламаға көнбей, ерік жоспарына икемдесуден қалады. Мұндай аппраксия жағдайында адам қандай да ісін бастағанымен, аяқтай алмайды, бастамай жатып, доғарып та қоюы мүмкін немесе еленбес себептерден-ақ жұмысын басқа арнаға бұрып жібереді.
Ми сырқаты негізінде адам абулия (зақымды еріксіздік) ауруына ұшырайды. Мұндайда әрекет иесі өз қадамының қажеттігін біле тұра, оны іске асыруға ерік күші жетпей, керекті шешім мен әрекетке келе алмай, жан күйзелісіне түседі. Ерік әрекеттерін орындауда адамның саналы әрі мақсатты қимыл-қозғалыстарын реттеуші екінші сигналдық жүйенің маңызы орасан. Екінші сигналдық жүйе адамның қозғалыс (моторная) қуатын арттырумен бірге, барша психикалық процестерінің: ойлау, қиял, ес, зейін, сезім - бастау көзі.
Тұтастай алғанда ерік шартты рефлекстік сипатқа ие. Уақытша жүйке байланыстарының негізінде әрқилы ассоциациялар жинақталып, бекиді. Енді келіп түскен ақпарат бұрыннан бар біліктермен салыстырылады. Ерікті реттестірудің рефлекторлық негізі бас миындағы қажетті қозу ошағының пайда болуына тәуелді. Бүл жүйкелік қозу ұдайы энергиялық қуатты керек етеді. Мұндай ми қажетін ерекше аккумлятор сипатты ретикулярлы формация қамтамасыз етеді. Осы ретикулярлы формация қажетті қозу ошағының қуатын қолдауынан, адам қандай да жұмыс орындауда үлкен жігерлілік танытып, көздеген мақсатына жетуге батыл қадам жасайды.
Әрқандай ерік әрекеті өзінің күрделігімен ерекшеленеді. Ниеттелген мақсат анық болып, орындалу жағдайларына сәйкес әрі тікелей іс-әрекетке өтетін болса, әнгіме қарапайым ерік әрекеті жөнінде болғаны. Ал күрделі ерік әрекетінде ықпал жасаушы импульстер мен нақты әрекеттер арасына қосымша ерік бірліктері енеді. Ерік процесінің мәнді кезеңдері мен бөліктерінің құрамы келесідей: 1) ниеттің туындауы мен мақсат белгілеу; 2) талдау, талқылау кезеңі мен сеп-түрткілер (мотивы) таласы; 3) шешім қабылдау; 4) орындау.
Ниет белгілеу мен мақсат қою. Ниеттің бәрі бірдей саналы болып келе бермейді. Қандай да қажеттік өз түсінім денгейіне орай құмарлық (влечение) немесе тілек сипатын алады. Егер тұлға өз жағдайына қанағаттанбаса, сонымен бірге, осыған байланысты қажеттік толығымен өзіне әлі түсініксіз болса, оның мақсатқа жету жолы мен шараларының күңгірт болғаны. Бұл жағдайда оны іске итермелейтін әшиін құмарлық, көрсеқызарлық. Құмарлықта адам өзіне бірдеңенің керектігін сезінеді, бірақ сол нәрсенің не екеніне көзі қанық жетпейді, қажеттігін нақты түсінбейді.
Тілеу - бұл алдымен әрекетке келтіруші себепті түсіну кезеңі. Әрқандай қылықтың сеп-түрткісіне, кейін мақсатына айналудан бұрын тілік сарапталып, бағаланады; оның орындалуына кедергі не қолдау беретін шарттар өлшестіріледі. Тілек іс-әрекет сеп-түрткісі сияқты өзінің туындауына себепші болған қажеттіктің айқындығымен ерекшеленеді. Ынталандырушы күшке негізделген тілек адам санасын болашақ мақсатқа ойыстырып, жоспар түздіреді, сонымен бірге ол мақсаттың орындалу жолдары мен құрал-жабдықтарын ақылға сай нақтылайды.
Сеп-түрткілер (мотивы) күресі - бұл әлі бастамаған әртүрлі әрекеттердің оң не теріс тараптарын, қай жағдайда қандай әрекетке кірісу қажеттігін таңдауға бағышталған адамның талқылау ісінің жүруі. Сеп-түрткілер таласы жағдайында адам үлкен толғанысқа келіп, өз санасы мен сезімінің, қара басы мен қоғам мүдделері арасындағы қарама-қарсылықтарды жеңе алмай, өз "қалауы" мен сырттан қойылған міндет "талауына" түседі.
Шешімқабылдау - бір сеп-түрткіні қалаумен нақты мақсатқа жүгіну. Шешім қабылдай отырып, адам бұдан былайғы әрекеттің бәрі оның өзіне тәуелді екенін сезеді, бұл өз кезегінде онда еріктік әрекеттің ерекше сипаты - жауапкершілік сезімін оятады. Шешімге (решимость) келудің бірнеше жолы белгілі:
1. Саналы шешім - сеп-түрткілер қарсыластығы бірте-бірте семіп, арасындағы бір мәнділеу баламаға аса зорлықсыз-ақ жол беруден пайда болады.
2. Таңдау толғанысы мен батылсыздық ұзаққа созылып, тереңдей түссе, адам дағдарысқа келіп, ештеңеге кіріспегеннен гөрі, бірін бастай салайын деп, қателікке ұрынуы мүмкін. Мұндайда қандай да бір кездейсоқ әсердің ықпалында қалып, "не болса, сол болсын" деумен, адам өз басын "тағдырдың жазғанына" көндіреді.
3. Ықпалды-ынталандырушы күштердің жоқтығынан, өз батылсыздығынан іштей күйініп, адам қалай болса, солай, ойланбай, іске құлайды, тап осы мезетте істің ақыры не болатыны оны қызықтырмайды. Мұндай көзсіз батылдық өте әрекетшең, күшті эмоционалды темперамент иелерінде болады.
4. Ішкі толғаныстардың байыпқа келуі - алғашқы сеп-түрткілер құндылығының өзгеріске келуіне де байланысты. Мұндайда шешім адамгершілік көзқарас, намыс араласумен қабылданады. Адам "маған осы не болды" деумен, өзін жинақтап, қажетті бағыттағы әрекетке батыл кіріседі.
5. Кейде өз қалауын қонымды ақылға сыйғыза алмай, адам белгілі бір әрекет түрін таңдайды, яғни ерік күшімен өз көңілінде бұрын еленбей келген бір сеп-түрткіге қуат береді, осыдан жаңағы сеп-түрткі басқаларын басып, әрекет көзіне айналады. Қазақтың "Көз қорқақ, қол батыр" мәтелі осының айғағы.
Еріктік әрекеттің орындалу кезеңі өзінің күрделі құрылымына ие. Шешімнің орындалуы қандай да мерзіммен байланысты. Егер шешімнің орындалуы ұзақ мерзімге кейін қалдырылса, онда ол ниет қана. Ниет соңға ысырылған әрекетке дайындық ретінде танылып, шешімге байланысты көзделген мақсатты білдіреді.