Курстың мақсаты


Сезім түрлері мен қасиеттері



бет59/70
Дата19.12.2023
өлшемі296,11 Kb.
#140865
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   70
Байланысты:
ob4vToOUGJ78KD5vbwAkF92paZ2tUkcxOW9ZclUt

2. Сезім түрлері мен қасиеттері
Адам сезімі дара тұлғалық қасиет. Осыған орай әр адам нақты жағдайда бір зат не құбылысқа өзінше баға беріп, белгілі бір, екінші адамдағыға ұқсамайтын көңіл кейпіне беріледі. Әрқандай сезім жеке тұлғаның мәнді сипатын білдіреді.
Сезімдер адамның қоршаған дүниеге қатынасын ғана білдіріп қоймастан, ол жөніндегі ақпарат көзі де болып табылады. Бұл тұрғыдан нысан бейнесі эмоцияның танымдық тарапы болады да, ал сол мезеттегі адам кейпі сезімнің субъектив элементін танытады.
Сезімдер адамның қасиеттерімен тығыз баланысты. Субъект қажеттігі және сол қажеттікті қанағаттандыруға бағытталған ерекше қызметіне орай сезімдер екі ірі топқа бөлінеді. Біріншісі - қажет заттардың объектив мазмұнына жаңа, айрықша мән қосып, оларды қанағаттандыру әрекетінің сеп-түрткісіне (мотив) айналдырушы сезімдер. Бұл эмоциялар психологияда жетекші ниеттер аталған (В.К.Вилюнас).
Екінші эмоциялық құбылыстар тобына - жетекші ниет, яғни басталған ішкі не сыртқы іс-әрекет ізімен туындайтын сезімдер кіреді. Бұлар сол әрекеттердің орындалуына тиімді не кедергі болған жағдайларға (үміт, ыза), жетіскен нәтижелерге (қуаныш, өкініш) немесе қалыптасқан не мүмкін болар ситуацияларға (қатерлену, сенімді болу) субъекттің қатынасын сипаттайды. Мұндай сезімдік толғаныстар жетекші ниеттерге негізделгенінен әдейі немесе ырықты деп аталады. Сезім екі себептен пайда болады, бірін-шісі - адамның объектке қатынасын айқындайтын қажет-тіктер; екіншісі - адамның осы нысанның тиісті қасиеттерін түсініп, оны санада бейнелеу қабілеті.
Сезімдердің өзіндік ерекшелігі олардың қарама-қарсылықты (полярлы) сипатынан көрінеді. Мұндай сипат қарапайым әсерленуге де (рахаттану-қысылу), сондай-ақ күрделі толғаныстарға да (ұнату - жеккөру, қуаныш - мұң, көңілді - қайғылы, т.б.) тән.
Сезімдерге ғана тән аса маңызды сипат - олардың бірігімді (интегралды) келуі. Сезім бүкіл денені билеп, адам кейпін ерекше әсерге бөлейді. Барша дене қызметтерінің басын бір сәтте біріктірумен (интегрировать) сезім өздігінен организмге пайдалы не зиян әсердің хабаршы қызметін атқарады. Сезімдік сигнал әсер орны мен дененің жауап әрекеті айқындалмай жатып та санаға жетуі мүмкін.
Сезімдердің және бір маңызды ерекшелігі - олардың денедегі тіршілік әрекеттермен тікелей байланыста болуы. Сезім ықпалынан адамның ішкі тән қызметі өзге­ріске түседі: қорқыныш - жүрек ауруларына соқтырып, ашу - бауырды, жабырқау мен мұң - асқазанды бұзады (М.И.Аствацатуров).
Сезімдер тарихи-әлеуметтік негізге ие. Олар әртүрлі халықтарда, әртүрлі кезеңдерде мән-мағынасы мен көріну формасын ауыстырып отырған. Қоғам дамуымен сезімдер де өзгеріп барады.
Сезім ұдайы қозғалыста болып, тұрақты және ауыспалы элементтердің тұтастай бірлігінен құралады: пайда болу - өрбу - шыңына жету - сөну.
Көп түрлілігі мен күрделі болуынан сезімдерді жете танып, қалтқысыз басқару мүмкін емес. Бұл жағдай өз сезіміңді суреттеп, айтып беру үшін сөз жеткізе алмауда байқалады: қолданған сөздердің мәні бұлынғыр, көңіл-күй қалпына сәйкес болмай шығады.
Адам сезімдері ұзаққа созылған филогенетикалық даму тарихына байланысты көптеген ерекше сипаттағы қызметтерді атқаратын болды.
Сезімнің бейнелеу қызметі оқиғаларға жалпыланған баға беруде көрінеді. Көңіл-күйдің бүкіл ағзаны билеуінен, сезім арқылы біз қандай да әсердің пайдалы не зиянды екенін оның салдары денеге белгілі бір таңба түсірмей тұрып-ақ байқап, жауап не қорғаныс әрекетке келеміз. Мысалы, жолды кесіп, өтіп бара жатқан жолаушы көшедегі көлік қозғалысын барластырумен әртүрлі деңгейдегі қорқыныш сезімінде болуы мүмкін.
Сезімнің ақпараттық не бейнелеу мүмкіндігі ниеттеу немесе ынталандыру қызметімен тікелей байланысты. Мысалы, жолаушы алдына жақындап қалған транспортты көре, қауіп төнгенінен, қадамын жеделдете түседі. Затқа не одан кері бағытталған құмарлық, тілек, ұмтылыс эмоцияның өзіне тән, одан ажыралмас, бірлікті құбылыстар (С.Л.Рубинштейн). Алда тұрған мәселенің шешілу жолына бағыт беретін де осы сезімдер.
Оқу процесіне тікелей қатысына байланысты сезім қуаттау, қолдау қызметін де атқарады. Күшті эмоционалды көңіл-күйге себепші болған оқиғалар оқушы санасында жеңіл қабылданып, ұзақ уақыт есте сақталады. Табыс не сәтсіздік сезімдері баланың оқуға болған ынтасына күш, қуат беріп не оны тіпті өшіріп жіберуі мүмкін.
Белгілі сәтте маңыздылау қажеттікті таңдау барысында сол қажеттілікке негіз болар көп сеп-түрткілердің таласы туындайды. Осы жағдайда сезімнің ауысу қызметі іске қосылып, эмоция адамды қандай да талғамға бағыттайды. Мысалы, адам өзінің тума жан сақтау ниеті мен қоғамда қабылданған әлеуметтік талаптар арасындағы қарама-қарсылықты жеңе алмай, күйзеліске түсетіні белгілі, яғни қандай да әрекетті істейін десе - өз тіршілігіне зиян, істемесе - ұят, көпшіліктің сынына ұшырайды. Осындай қорқыныш және борыш, қорқыныш және ұят тайтала-сында сезім мәнін, оның өз талғам-талабына сай келу, келмеуін барластырумен адам көздеген іс-әрекетін сол сәттегі қажетті арнаға ауыстырады.
Жоғарыда аталған сезім қызметімен сыбайлас эмоцияның икемдесу қызметін да атап өткен жөн. Ч.Дарвиннің пікірінше, сезімдер тіршілік иелерінің өз қажеттігіне орай келген жағдайларды анықтау құралы ретінде пайда болған. Дер кезінде организмде пайда болған эмоциядан жануар қоршаған ортаға икемделу мүмкіндігіне келген.
Сезімнің коммуникативтік (ақпарат алмасу) қызметі де адам өмірінде үлкен маңызға ие. Ым-ишара, дене қозғалыстары сезімдік белгі ретінде адамның өз толғаныстарын, қоршаған орта заттары мен құбылыстары жөніндегі өз қатынас-талғамын басқаларға жеткізуге жәрдемін тигізетіні белгілі. Ым-ишара, қас-қабақ қимылдары, дене қалпы, үн ырғағы - бәрі де сезім "тілі" болуымен, адам ойынан гөрі, оның көңіл-күй кейпін айқындау танытады.
Коммуникативтік қызмет аймағында сезім арқылы адам өзін қоршаған сыртқы ортаға не ішкі жан дүниесіне ықпал жасау қабілетіне ие. Мысалы, әлі есейе қоймаған сәби шатқаяқтап жылауымен ата-анасын өз дегеніне көндіретінін сезе қояды да, бұдан былай осы әдісті жиі қолданып, мүддесіне жетуді әдетке айналдырады.
Адам сезімінің көріністері әрқилы: қарқынды да ұзаққа созылған, созылыңқы, бірақ әлсіз (қайғы); күшті, бірақ қысқа мерзімді (қуаныш) - болуы мүмкін. Сонымен бірге, сезімдер тереңдігі, саналылығы, тектілігі (генетически), пайда болу және сөну шарттары, денеге әсері, даму желісі, бағыты, көріну тәсілі ж.т.б. жағынан әрқилы сипатты келеді. Сезімнің ішкі жайылу аймағы мен сыртқы әрекеті де бірдей емес.
Субъектив толғаныстарға байланысты сезімдер екі топқа бөлінеді: тіршілік қажеттіктерді қанағаттандырып, рахатқа бөлеуші ұнамды сезімдер; тіршілік қажеттіктердің орындалмауынан қанағаттанбау кейпіне түсіретін жағымсыз сезімдер. Орындалып жатқан адам қажеттіктерінің деңгейіне орай сезімдер қарапайым және күрделі келеді. Қарапайымдары - ашу, қорқыныш, уайым, қызғаныш, күндеушілік ж.т.б.; күрделілері - моральдық, эстетикалық және отан сүйгіштік.
Көріну әлпетіне орай барша эмоционалдық қалыптар келесідей түрлерге жіктеледі: көңіл-күй, кейіп, эмоция, аффект, стресс, фрустрация, құмарлық, жоғары сезімдер.
Көңіл (чувственный тон) - субъектке қандай да эмоционалды реңкті сақтап қалуға не жоюға ықпал жасаушы психикалық процестің ерекше сигналдық түрі: кейбір түр-түс, дыбыстар, иістер өздерінің негізгі мәніне байланыссыз біздің есімізге түсуден жағымды не жағымсыз сезімдер тудырады. Мысалы, жақсы ән, тәтті тағамның өзі де ұнамай қалуы мүмкін. Мұның бәрі біздің сол сәттегі көңілімізге байланысты. Егер көңіл тұрақты жиіркенушілікпен ұштасса, бұл идиосинкразия сырқатының белгісі.
Кейіп (настроение) - біраз уақыт бойы адамның көңілін билеп, мінез-құлыққа әсер ететін жалпы эмоция-лық күй. Өмір тіршілігінде адамның сезімі бір объектіге бағытталып, оған қуанады не күйзеледі, біреуді сүйеді, бір нәрседен шошиды. Адам кейпінің көрінісі белгілі сезімге, себептерге байланысты. Мысалы, ұнамсыз хабар естіген адамның көңілі түсіңкі болып, оның бойын қобалжу, уайым билейді. Жүмысы сәтті болып, реттеле бастаса, оның кө­ңілі тасиды, шаттық лебі ұзаққа созылады.
Эмоция (сезім шарпуы) - сезімнің тікелей қатынастағы уақытша көрінісі. Мысалы, сахнадағы айтыскер ақындардың бір ауыз тапқыр сөзіне бола, көрермендердің бір мезет дүрілдете қол соғып, қошемет айқай салуы.
Іс-әрекетке ықпал жасау тұрғысынан эмоциялар стеникалық және астеникалық болып бөлінеді. Стеникалық эмоциялар адамға қуат беріп, іс-әрекетке ынталандырады. Бұл жағдайда адам "тау қопаруға" дайын тұрады. Керісінше, кейде толғаныстан адамның аяқ алысы байланады, енжарлық басады - бұл астеникалық эмоция көрінісі.
Қуаныш - орындалуы күмәнді болып тұрған қажеттіліктің толық қанағаттандырылуына байланысты туындайтын ұнамды эмоционалды күй.
Таңдану - күтілмеген оқиғаға байланысты пайда болатын эмоциялық белгі. Таңдану бұрыннан бар сезімдерді тежейді. Осыдан зейін толығымен таңдануға себеп болған нысанға ауысады, кейін ол қызығушылық ниетке жол ашады.
Қасірет - алғашында азда болса сенім күттірген маңызды өмір қажеттігінің орындалмауы не оның орын-далмайтыны жөнінде ақпарат алудан болатын жағымсыз эмоциялық күй.
Қаһар - субъектте өте маңызды қажеттіктің күшті кедергіге ұшырап, орындалу мүмкіндігінің кенеттен жойылуына байланысты пайда болып, дүлей көрініс беретін ұнамсыз эмоциялық қалып.
Жеркену - тікелей қатынаста болған объекттердің (заттар, адамдар, құбылыстар, оқиғалар ж.т.б.) жеке адам идеологиясына, адамгершілік не эстетикалық талғамына ымы­расыз қарама-қарсылықты болуынан туындайтын ұнам­сыз сезім түрі.
Жек көру - адам аралық қатынастарда субъекттің көзқарас, өмірлік салты мен сезім объекті қылықтарының бір-біріне сәйкес келмеуінен жүз беретін ұнамсыз көңіл-күй.
Қорқыныш - субъектте өз тіршілігіне шын немесе болуы мүмкін қатер жөнінде ақпарат алумен бірге пайда болатын сезімдік құбылыс.
Ұят - субъекттің өз қылық-әрекеттері, ниеттері және сырт келбетінің басқалар күткендей не өз принциптеріне орайлас болмағанын түсінуден келіп шығатын ұнам­сыз сезім түрі.
Эмоциялық толғаныстар бір текті болмайды. Бір объекттің өзі біріне бірі қайшы келген әрқилы сезімдік күйді пайда етеді. Бұл құбылыс амбивалентті (екі ұшты) деп аталады.
Өте күшті эмоциялық әрекет көрінісі - аффект қысқа да қарқынды өтуімен ерекшеленеді. Бұл сезім құбылысы субъект үшін өте қажетті болған өмір жағдайларының кенеттен өзгеріске түсуінен болады. Аффектте адамның қозғалыс әрекеттері ұстамсыз күйге келіп, іш­кі ағзалар қызметі күйзеліске ұшырайды: тілден қалады, жүрегі ұстайды, есінен танады ж.т.б. Бұл қорыққаннан да, қатты қуаныштан да болады.
Адамның көңіл-күйінің кейпін білдіретін жәйттің бірі психологияда фрустрация (көңілдің бұзылуы, межелі істің жүзеге аспай қалуы) деп аталады. Жоспарланған ісі мен мүдделі мақсаты түрлі себептер мен кедергілерге ұшырып, адам оған ренжиді, көңілі құлазып, қайғырып, күйзеледі, ашуға булығады. Қанағаттанбаушылық сезімінен жан дүниесі қиналады. Адамның сезімі мен эмоциясы жағымсыз күйге ұшырайды. Фрустрациялық жағдайда көңіл өшпенділік, кейіс пен қаһар тудыруға бейім келеді.
Эмпатия - қайғы-қасіретті жағдайлар мен қиын-шылықтарға ұшыраған өзгелерге жанашырлық білдіріп, со­лардың ауыр халі өз басыңа түскендей сезіну.
Қүмарлық. Құмарлық көрінісі анық, ұзақ уақытқа созылады. Ол әрқашан белгілі бір затқа бағытталады. Құмарлық - адамның белсенді іс-әрекетін оятатын күшті сезім.
Адам жан дүниесінің сыры қоршаған ортаға әсерленіп қана қоймай, оның құпияларын танып білуге ұмтылуында. Мұндай әрекет адам сезімінің жоғары деңгейдегі саналы әрекетін, эстетикалық талғамы мен адамгершілік-моральдық қасиеттерін сезіне білетін көңіл-күйіне байланысты. Жоғары деңгейдегі сезімдердің ақыл-ой (интеллектік), эстетикалық және моральдық-адамгершілік түрлері бар.
Ақыл-ой (интеллект) сезімі адамның таным әрекетімен байланысты. Сезімнің бұл түрі - балалардың оқып білім алуға, ересектердің өз қызметіне, шығармашылық пен өнерге деген көңіл-күй қатынасы. Адамның шындықты тануға деген ақыл-ой сезімі ең алдымен таңданудан басталады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   70




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет