Эйдеттік (грек. eidos – бейне) елес – ырықсыз бір көрінгеннен есте қаларлық толық та жарқын елес.
Персевераттық (лат. Perseveratio – табандылық) елес – бұл қандай да елес бейненің ырықсыз, ойдан шықпай, қайталана еске түсе беруі.
Елестер – ес қалыптасуы мен дамуының басты шарттарының бірі.
2. Естің түрлері Есте қалдыру және қайта жаңғырту үшін жұмсалатын әрекеттердің сипатына орай естің әр түрі келесі негізгі үш өлшемге (критерий) сәйкес болуы шарт: 1) әрекеттегі басымдау болған психикалық белсенділіктің сипаты бойынша ес - қозғалысты, сезімдіқ, бейнелі және сөз-логикалы болып бөлінеді; 2) іс-әрекет мақсатына орай ес - ырықты және ырықсыз болуы мүмкін; 3) дүниелік іс-әрекеттегі ролі мен орнына тәуелді жатталып, сақталу мерзімінің мөлшеріне байланысты - қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді және нақты қызметтік (оперативная) естер ажыралады.
Қозғалысты ес - әрқилы қимыл-қозғалыстар мен олардың бірлікті жүйесін есте қалдырып, сақтап және қайта жаңғырту. Қозғалысты ес болмағанда, біз қажетті әрекет пен қимылдарымызды әрдайым жаңадан үйреніп баруымызға тура келер еді. Жақсы дамыған қозғалысты ес адамның әрекет ептілігінен, еңбектегі ұқыптылығы мен "бармағынан өнер тамғанынан" көрінеді.
Эмоционалды ес – сезімге негізделген ес. Әдетте, қажеттеріміз бен қызығуларымыздың, қоршаған ортамен қатынасымыздың қаншалықты тиімді не зиянды, ұнамды не жағымсыз орындалып жатқанын көңіл-күйімізбен танытамыз. Есімізде сақталған сезімдер әрқашан бізді әрекетке ынталандырады немесе жағымсыз оқиғалардан сақтандырады. Адам көңілін аулау, оқыған кітабыңыздың кейіпкерімен қосылып, толғанысқа түсуіңіз осы сезімдік еске негізделген.
Бейнелі ес - елестерге, табиғат көріністеріне, сонымен бірге дыбыстар, дәмге негізделген жад іздері. Ол көру, есіту, сипай сезу, иістік және дәмдік болып бөлінеді. Егер көру, есіту естері әрбір жете дамыған адамның өмірлік бағыт-бағдарында қалыптасатын болса, онда сезімдік, иістік пен дәмдік естер адамның кәсіптік қасиеттеріне жатады. Сәйкес түйсіктер сияқты мұндай ес түрлері іс-әрекет шарттарына орай қарқынды дамып, кейде кемістігі болған ес түрлерінің орнын толықтырады.
Сөздік-логикалы (мағыналы) ес мазмұнына біз-дің ой-өрісіміз кіреді. Ой тілсіз өрнектелмейді, сондықтан ой тек мағыналық ғана болмай, сөзді-логикалы болатыны осыдан. Біздің ойымыз әртүрлі тіл формаларымен берілетіндіктен, оны қайта жаңғырту материалдың тек негізгі мазмұнын жеткізумен (мағыналы) не сөзбесөз қалтқысыз қайталануымен (механикалы) жүзеге асуы мүмкін.
Сөзді-логикалық, мағыналы есте басты мән екінші сигналдық жүйеде. Бул ес түрі адамға ғана тән қасиет. Сөзді-логикалы ес басқа ес түрлерінің дамуына арқа сүйей отырып, оларға жетекшілік етеді және өз дамуымен олардың жоғары деңгейге көтерілуіне ықпалын тигізеді.
Іс-әрекет мақсатына байланысты ес - ырықты, ырықсыз болып бөлінеді. Арнайы есте қалдыру не еске түсіру мақсаты болмаған психикалық процесс - ырықсыз көрініс беріп, ал егер бұл процесс мақсатты бағдарланған болса, ырықты сипатқа ие. Кейінгі жағдайда есте қалдыру мен қайта жаңғырту арнайы мнемикалық (жаттау, еске түсіру) әрекеттерге орай жүзеге келеді.
Ырықсыз не ырықты болудан ес дамуының бірізді, кезекпен келетін 2 деңгейі құралады. Адам өмір тәжіри-бесінің көбі ырықсыз ес жәрдемімен жинақталып, соның арқасында арнайы дайындықсыз-ақ қажетті болған тұрмыстық біліктеріміздің қоры қалыптасады. Бірақ іс-әрекет барысында адамның өз іс-әрекеттерін басшылыққа алу қажеттігі де туындап қалады. Бұл жағдайда іске ырықты ес қосылады да, осыдан бізге керекті болған материалды алға ниет қып белгілеумен жаттаймыз немесе еске түсіреміз.
Нақты қызметтік ес (оперативная память) адамның нақты іс-әрекет мезеті мен қажетіне орай қозғалыстар және қимылдарды орындауына байланысты іске қосылады. Қандай да бір күрделі әрекетті орындау үшін оны бөлшектеп алуымыз керек, кейін әрекеттің әр бөлігі бойынша нәтижеге келіп, екіншісіне өтеміз. Осы екі арадағы нәтиже сол мезеттегі қажеттігімен есімізде тұрады, ал ақырғы көзделген мақсатқа жақындаған сайын есіміздегі алдыңғы бөлік нәтижелері әрқайсысы өз кезегімен ұмытылып, естен шығып, келесі әрекет бөлігінің ақпаратына орын босатқандай болады. Орындалатын әрекет бөліктерінің көлемі мен аумағы әртүрлі, мысалы, балақай жеке әріпті қинала танудан бастаса, ересек адам, тіпті маман болса, кітап беті мазмұнын тұтастай қабылдауы мүмкін. Қызметтік естің жоғары деңгейде, нәтижелі болуы адамның ниетті жаттығуларына байланысты.