Жоспарлау - күрделі ой әрекетімен ұштасқан, қабылданған шешімнің тиімді әдістері мен құрал-жабдығын іздестіру кезеңі.
Жоспарланған әрекет өздігінен бола қалмайды, ол үшін ерік күші араласуы қажет. Ерік күші - бұл адамның қажыр-жігерін жинақтап, мақсатқа жетуге керек болған қосымша қуат, септүрткілердің көзін ашатын, мақсатты белгілеу мен істің орындалуына дейінгі ерік процесінің барша бөліктеріне ықпалды фактор.
Ерік күшінің қарқындылығы (интенсивность) төмендегі жағдайларға тәуелді:
1.Жеке адамның көзқарасы (жапон самурайы, жахид жариялаған мұсылман).
2.Моральдық тұрақтылық (жауапкерлік, немқұрайлық).
3.Қоғамдық мәнді мақсаттар.
4.Іс-әрекетке деген көрсетпе-талап (установка) (мұғалімнің оқушыға тапсырмасы: "тек оқып кел", "бірін қалдырмай көшіріп ал" - әрқайсысы әртүрлі ерік күшін керек етеді).
5.Жеке адамның өз басын жұмысқа бұрып, басқара алуы. (Өзін жетілдіре алмаған адам, қиыншылықтарға төзімсіз келеді).
Борыш сезімі - моральдық талаптардың адамның ішкі жан дүниелік қасиетіне айналып (интериоризование), "мендік" пен қоғамдық мүдделер тоғысында таңдалатын тиімді әрекет-қылықтың жол көрсеткіші.
Көп жағдайда адам ерік күшімен өзінің мінез-қылығындағы ырықсыз белсенділігін ноқталап, тоқтамға келтіруіне тура келеді, бұрыннан бекіген әдеттері, бойға сіңген келеңсіз қылықтарына қарсы шайқасқа түседі, яғни, ерік - адамның өзболмысынбилейалуқабілеті, өзұмтылыстары, сезімдеріменқұмарлықтарынатоқтамберуқасиеті. Ерік әрекеттерін іске асыру барысында, әсіресе орындаудан соң бағалау кезеңі келеді. Баға түрлі әлеу-меттік-саяси, моральдық, эстетикалық ж.т.б. бағыттардан беріледі, ал кей жағдайда аталған талғамдардың басы бірігіп, бір бағаға арқау болуы ықтимал. Баға тек жеке адамның өлшемінен емес, іске қатысы бар көпшіліктің пікіріне де телінуі мүмкін. Осыдан, ұжымдық баға әрбір дара тұлға әрекет-қылығының шын өлшемі бола алады. Орындалған іс-әрекеттің бағамы қабылданған шешімдер мен іс әдістерін қолдау, ақтау не кінәлау сипатта көрінеді. Әрқандай баға көңіл-күй толғанысын тудырып, іс нәтижесінен қанағаттану не қанағаттанбау сезіміне бөлейді.