Сөйлеу тілінің дыбыстық жағының кемістіктеріне әсер ететін факторлардың ішінде – сөйлеу тілі кеш дамып бастағаны жатыр. Тіл шыққанға дейінгі вокализация кезеңдегі кешеуілдеу байқалады. Егер қалыпты жағдайда шыққан былдыр баланың 5-6 айында пайда болса, көп балаларда 12 айда, немесе одан да кеш пайда болады. Алғашқы сөздері айтарлықтай кешеуілдеп шығады (2,5 жаста, кейде одан да кеш), фразалық сөйлеу тілі де кеш пайда болады.
Көмекші мектептің бастауыш сынып оқушыларының дыбыс айту бұзылыстарының ауыр түрлерінің жиі кездесетін себептерінің бірі – артикуляциялық моториканың бұзылуы (Н. А. Шарапановская, 1986). Артикуляциялық моторикамен қол саусақтарының ұсақ дифференциалді моторикасының бұзылыстары арасында коррекциялық байланыс белгіленген.
Балалардың сөйлеу тілінің дыбыстау жағы бұзылыстарының фонологиялық белгілері көбірек, ал дыбыстық талдау және жинақтау дағдыларының қалыптасуымен байланысты. Қазақстандық зерттеуші Қ.Қ.Өмірбекованың мәліметтері бойынша зияты зақымдалған қазақ тілді оқушылардың арасындағы фонетикалық ақаулардың таралуы 1-ші сыныпта -64%, 2-ші сыныпта-33,3%, 3-ші сыныпта -31,7%, 4-ші сынпта -22,2% құрайды.
Бұзылыстар дыбыстардың барлық фонетикалық топтарында кездеседі, бірақ жиі кездесетіні ысқырық (33-34 %), ызың (31-32%) дыбыстар топтарының бұзылыстары (себебі, оларды акустикалық ұқсастығы біріктіреді), артикуляциялық жағынан күрделі дыбыстар («Р», «Л») (23 %) бұзылады. Таңдай дыбыстарының бұзылуы сирек кездеседі.
Балалар ысқырық дыбыстарды алмастырады, ал сонор дыбыстары мүлдем жоқ немесе бұрмаланып алмастырылады.
Қазақ тіліне тән дыбыстырдың бұзылуы туралы автордың зерттеулері бойынша мынаны байқадық: а, ө, ү, ұ, ң, ғ, қ дыбыстарының айтылуы бұзылады. ү, ұ-дыбыстарының орнына – у; ө -дыбысының орнына -о айтылады.
Интеллектісі зақымдалған балалардың дыбыс айту ерекшеліктері болып дыбыстар бұзылысының вариативтілігі табылады.
Бір дыбыс кейде дұрыс айтылғанымен, сөздердің дыбыстық-буындық құрамына қарай кейде қате айтылады.
Интеллектісі бұзылған балаларда дыбыс айту кемістіктері, әсіресе дыбыстарды алмастыруы, зияты қалыпты балаларға қарағанда, жазуында көрініс алады.
Сөйлеу тілінің фонетикалық жағының бұзылыстары симптоматикасы бойынша да, патогенез, себебі күрделілігі бойынша полиморфты болып келеді. Бір балада бір уақытта сөйлеу тілі моторикасының жетілмеуімен қатар дыбыстарды естіп ажырату бұзылыстарыда кездесуі мүмкін. Дыбыс айту бұзылыстары симптоматикалық тұрақтылығымен де сипатталады.