өрістету жəне басқа да ұйымдастыру
шаралары қаралған көрінеді. Естіп-
білуімізше, жаңа облысқа бірінші хат-
шы болып Андрей Браун, ал, облыстық
атқару
комитетінің
төрағалығына
Мақтай
Сағдиев
тағайындалатын
көрінеді. Сөйтіп, еліміздегі облыстардың
саны жиырмаға жетпек. Бұл дегеніңіз
үлкен жетістік, керемет жаңалық емес
пе?! Бұған қеңес халқы түсіністікпен
қарау керек!
Бағанадан бері іштерінен тынып, үн-
түнсіз тыңдап отырған студенттер осы
тұсқа келгенде бір-бірлеріне қарасып,
орындарынан қозғалақтап кетті.
– Бұл қалай?
– Оның қандай қажеттілігі болды
екен?
– Ашпас бұрын, ақылдасып-кеңесу
деген болмаушы ма еді?! – деп шуласа
кетті. – Орталық комитет қашанға бел-
ден баса береді?!
– Бұл немістердің шет елге жаппай
қоныс аударуын тоқтата алатын бірден-
бір шешім. Көші-қон қарқыны үдей бер-
се, Қазақстанның тың жəне тыңайған
жерлерінде жұмыс істейтін адамдар
қалмай қалуы мүмкін. – деді лектор беті
бүлк етпей.
– Осы уақытқа дейін тұрып келгенде,
енді түп қотарыла көшіп кетеді дегенге
сену қиын, – деді Қазақбай шыдай алмай
орнынан атып тұрып. – Сонда нақты
қай жерде құрылмақ?
– Неміс автономиялық облысының
орталығы Ерейментау қаласы болмақ,
оған Қарағанды, Көкшетау, Павло-
дар жəне Целиноград облыстарының
құрамындағы бес ауданның территори-
ясы кірмек. Нақтылап айтар болсақ, Це-
линоград облысының Ерейментау жəне
Сілеті аудандары, Павлодар облысының
Ертіс ауданы, Көкшетау облысының
Уəлиханов ауданы, Қарағанды облысын-
дағы Молодежный ауданының Моло-
дежный поселкелік кеңесі, Дальненский,
Пролетарский, Родниковский, Тельман
жəне Шідерті селолық кеңестері. Сонда,
оның аумағы шамамен 46 мың шаршы
шақырымға жетіп, халқы 200 мыңнан
асып түспек, оның 30 мыңы немістер,
ал, партия ұйымының құрамы 10 мың
коммунистен артық болар еді.
– Бұл əділ шешім емес! – деді Қазақбай
түтігіп, – Түсіндіріңізші, басқа жерде
емес, неге неміс автономиялық облысы
Қазақстанда құрылуы керек?
– Қазір елімізде 1 миллион 800
мыңнан астам неміс тұрады. Соғыстан
кейінгі
жылдары
олар
негізінен
Қазақстан, Қырғызстан, кейбір Сібір
облыстарының аумағына қоныстанып,
сіңісіп кетті. Кеңестік немістердің
жартысынан көбі – 936 мың адам
Қазақстанда тұрады. Олар республика
халқының 6,6 пайызын құрайды, ал,
Қарағанды, Көкшетау, Павлодар жəне
Целиноград сияқты облыстарда – 10-13
пайыз. Республикада неміс халқы сан
жағынан көп болатын 230-ға жуық елді
мекен бар. Қазақстанның таңдалғаны
да сондықтан.
Қазақбай көмейіне келіп кептелген
кесімді сөзін айтып тастауға оқталды да,
бір сəт бойын кернеген ашуын ақылға
жеңдіріп:
– Автономияны Қазақстанда емес,
Думан РАМАЗАН. Алаң
№2 2015 А И АТ
65
65
Ресейде құру керек. Құрғыш болса,
соғыс жылдары таратылған Еділ жаға-
лауындағы Неміс автономиясын қай-
тадан қалпына келтірсін! – деді ойын
жұптап.
– Еділ жағалауында құруға еш
мүмкіндік жоқ, өйткені, онда немістер
жоққа тəн. Тағы да қайталап айта-
мын, Кеңес еліндегі немістердің жар-
тысына жуығы қазақ жерінде тұрады,
мұнда əбден сіңіскен, кетіп қалса ауыл
шаруашылығы тоқырауға ұшырайды,
құрдымға кетеді... – Шапров бетін тағы
бір мəрте сипап қойды.
– Ел мен жер біздікі. Сол үшін ата-
бабаларымыз жан алып, жан берісті,
қан мен тер төкті. Қасиетті қазақ жерінде
неміс автономиясы құрылады дегені
не сұмдық! Біз бұған мүлде қарсымыз!
– деді Ерлік те орнынан атып тұрып. –
Ойбай-ау, Ерейментау халқымыздың қа-
сиетті қонысы емес пе?!
Шапровтың көзі шапыраштанып, шара-
сынан шыға адырайып кетті. Студенттердің
шамырқанған жантолқыныстарын байқап,
тастай түйілген қас-қабақтарынан қаймы-
ғып, бір сəт лəм-мим деп жауап қатуға да
шамасы келмей, безірейіп отырып қалды.
«Орталық Комитеттің шешіміне қарсы
шығатындай сендер кімсіңдер?» деген-
дей, іштей менсінбеушілік те жоқ емес. Өңі
бұзылып, сұр жыландай сұрланып шыға
келді. Абырой болғанда осы кезде дəрістің
аяқталғанын ескертіп, қоңырау үні сыңғыр
ете қалды. «Күткенім осы еді!» дегендей,
Шапров алдындағы қағаздарды тез-тез
жиыстырып, қара портфеліне сала салды
да, аяғын асыға басып шығып кетті. Оның
қарасы көрінбей кетісімен Қазақбай
ортаға атып шығып:
– Жігіттер, қыздар, бұдан өткен
сорақылық болмас! Бұл – етімізден ет
кесіп бергенмен бірдей! Қарсы шығып,
тосқауыл қоймасақ болмайды! – деді
дауысын көтеріп, – Тышқақ лақ құрлы
жоқпыз ба, тым болмағанда бауыздар
кезде мал екеш мал да тұяқ серпиді ғой!
Егер, осыны қолдасаңдар, сағат үште
біздің бөлмеге жиналыңдар. Жеріміз
жатқа кетіп бара жатқанда қарап
қалғанымыз жарамас!
– Дұрыс!
– Қолдаймыз!
– Қостаймыз! – деген дауыстар жа-
рыса шықты.
Облыстық партия комитетінің лек-
торы жеткізген жайсыз хабар ашық күні
жай түскендей əсер етті. Көңілдеріне
алаң кіріп, жандары жабырқау тартқан
жастар іштей бір қадамға тас-түйін
бекінгендей түнеріп бара жатты.
***
Уəделескен уақытта жатақханадағы
Қазақбайдың
бөлмесіне
курстастар
біртіндеп келе бастады. Əне-міне деген-
ше, бір сағаттай уақыт зыр етіп өте шықты.
Сонда да студенттер толық жинала қойған
жоқ. Санасы саққа жүгіріп, ойы онға
бөлінген Қазақбай түскі асын да ішкен жоқ,
институттан келе сала қолына қалам мен
қағаз алып, жоспар жасауға кіріскен. Содан
əлі басын көтерер емес, курстастарының
күбір-сыбырына да көңіл бөле қоймады.
Қойын дəптерінің біраз бетін шимайлап
тас тапты. Бұдан əрі күтудің мəні жоқтығын
сезді ме, бір кезде есіне əлдене түскендей
басын көтеріп, баппен сөз бастады:
– Біздің халық не көрмеді десеңізші,
бəріне төздік, шыдадық! Енді, міне,
елдігіміз тағы бір мəрте сыналатын кез
келді. Ырғалып-жырғалып жүруге уақыт
жоқ, қазірден бастап қимылдамасақ бол-
майды. Ертең кеш қаламыз!
– Сонда не істе дейсің? – деді Батыр
айбаттанып, – Тоқетерін айтсаңшы, ая-
нып қалар жайымыз жоқ!
– Иə, еліміз бен жеріміз үшін жан
құрбан! – деді Талап та қатуланып, –
Неміс облысы ашылса, ұйғырлар мен
кəрістер де, шешен-ингуштар мен орыс-
тар да автономия талап етеді. Сөйтіп,
жеріміз жырымдалып, ту талақайы
шықпай ма?! Онсыз да өзбек акалары-
мыз айлаларын асырып талай жерімізді
тақымдарына қысып кетті емес пе?!
Бұлай үнсіз қала берсек, кең байтақ
жерімізден тулақтай да қалмайтын
шығар!.. «Бұға берсең, сұға береді» емес
пе?! Қашанғы бұға береміз?..
– Расында да бұған жол беріп қойсақ,
құрылғалы жатқан облыс территория-
сына немістер жаппай қоныстанады
да, болашақта жаттың жеріне айналып,
ол маңнан қазақтар қуылады! – деді
Қайрат зілденіп, – Ендеше, бұның алдын
алмаса болмайды!
Курстастарының сөзі дем берген Қа-
Ащы да болса...
№2 2015 А И АТ
66
66
зақбай жөткірініп алды да, қағазына бір
қарап қойып:
– Ендеше, былай: осы сəттен бастап
автономияға қарсы күресіміз бастал-
ды деп есептеңдер! Ақылмен, кеңінен
кеңесіп іс істесек, шешілмейтін мəселе
болмайды! Осыған сенейік!.. – деп
азырақ дем алды да, сөзін ары қарай
жалғастыра берді, – Мен ең алдымен
Коммунистік Партияның Орталық
комитетінің бас хатшысы Брежнев
пен Қазақстан Ком партиясының бас-
шысы Қонаев жолдастардың атына
Қазақстанда неміс автономиялық облы-
сын құруға болмайтыны жөнінде үндеу
жаздым. Бұған кем дегенде жүз, əйтпесе,
мың адамға қол қойдырып, ертеңнен
қалдырмай Москва мен Алматыға по-
шта арқылы салып жіберу керек!
– Меніңше оны бүкіл қазақстан-
дықтардың атынан жазу керек! Əсіресе,
орыс ағайындарды ісімізге тарта алсақ,
сөзіміз салмақтырақ болады. Тек қазақ
десек, ұтыламыз! – деді Мақсат ой
қосып, – Орыстардың, тіпті, немістердің
атынан да автономияның құрылуына
қарсылық білдірген хаттар мен теле-
граммаларды Орталық комитет пен
Қа зақстан компартиясының атына
қарша борату қажет! Бірақ, білініп қал-
майтындай, өте сауатты жазылсын.
Шын мəнінде орыс пен неміс жазып
отыр ғандай тиянақталатын болсын!
Сонда қай жағынан болсын ұтамыз!
– Мынау бір көңілге қонатын сөз
екен! – деді Қазақбай қойын дəптеріне
түртіп алып, – Кəне, тағы кімде қандай
ұсыныс бар?
– Бұнымен шектеліп қалуға бол-
майды, шынайы қам-қаракет керек.
Мақсат дұрыс айтады, қолымыздан
келсе,
ұлтына
қарамай,
кəрі-жас
деп бөліп-жармай, барша ел-жұртты
көтеріп, көшеге алып шығу керек! –
деді Мұрат та екпіндей сөйлеп, – Керек
болса, соғысқа қатысқан ардагерлерді
де қатарымызға тартудың жолдарын
қарастырайық. Бізге қарағанда, қан
кешкен ақсақалдардың сөзі өтімдірек
болады. Жалпы, бұған жүрдім-бардым
қарамай,
тыңғылықты
дайындалу
қажет. Сонда ғана алдымызға қойған
мақсатымызға қол жеткізе аламыз.
– Естуімше, 18 маусым күні Қазақстан
басшылары
неміс
автономиялық
облы сының ашылғаны туралы рес-
ми түрде мəлімдейтін көрінеді. Енде-
ше, санаулы-ақ күндер қалды. Алды-
мен шеруге шығатын күнді белгілеп
алайық! – деді Жігер де жігерін жанып,
– 16-сы күні Ленин атындағы орталық
алаңда облыстық білім басқармасының
ұйымдастыруымен оқу-ағарту саласы
мамандарының байқауы өтеді. Оған
Целиноградтағы ғана емес, облыстағы,
атап айтқанда, қаланың маңайындағы
оқу орындарының ұжымдары да
қатысады. Кəсіптік-техникалық учили-
ще лерді бітіруші түлектерге салтанат-
ты түрде куəлік тапсырылады. Міне,
біз осыны өз пайдамызға жаратып,
қосақабат қарсылық шарасын өткізсек,
ұтамыз. Біріншіден сонда адамдардың
алаңға жиналғанынан бастапқыда еш-
кім күдіктене қоймайды, екіншіден
адам қарасы көбірек болады. Қазақша
айтқанда, екі жеп, биге шығамыз!
– Бұл да бір табылған ақыл екен! – деді
Қазақбай маңдайының тырысы жазылып, –
Ендеше, былай: Орталық алаңға 16-шы мау-
сым күні шығамыз. Өйткені, шынында да
уақыт тым тығыз. Сəл кешіксек, сан соғып
қаламыз! Сол үшін бүгіннен бастап қала
тұрғындарына үгіт-насихат жұмыстарын
жүргізіп, ұйымдастыру шараларын тездетіп
қолға алған жөн. Өзіміздің институтпен
ғана шектеліп қалмай, қаладағы барлық
жоғары оқу орындарының студенттерін,
кəсіптік училищелер мен техникумдардың
оқушыларын да қатарымызға тарту ке-
рек. Бұл бір. Екіншіден қазірден бастап
қазақ жерінде неміс автономиясының
құрылуына қарсылық білдіретін жəне
осыған байланыс ты бойында намысы бар
азаматтардың барлығын алаңға шығуға
шақыратын листовкалар жазып, қаланың
көрнекті жер леріне жапсырып, тіпті, əр
үйдің есігіне іліп шығу керек. Сендердің
сөздеріңнен маған мынандай ой туып отыр:
листовкаларды да тек қазақтардың ғана
емес, орыстар пен немістердің атынан да
жазу керек!
– Ендеше, уақыт соза бермей, бірден
іске кірісейік!.. – деді Елжан да белсеніп, –
Мен немістердің арасында өскем, олардың
психологиясын жақсы білем. Хаттар мен
листовкаларды неміс болып мен жазайын!
– Ой, Елжаным-ай! – деді Қазақбай
Думан РАМАЗАН. Алаң
№2 2015 А И АТ
67
67
көңілі көтеріліп, – Сен қазақтың немісісің
ғой! Немісті неміс қана түсінеді ғой. Сен
олардың атынан хат жазып қана қойма,
алаңға алып шық!
– Алаң түгіл, керек болса, ол тамырла-
рымды Москваға ертіп апарамын.
– Ой, жарайсың, немісім! Бірақ,
енді қазақылыққа салынбай, немісше
қимылдап, соларша іс тындыр! Ал, орыс
болып орысша сауатты жаза алатындарың
бар ма?
– Атаңа нəлет, орыс болуды мен
қатырам, – деді Ерлік күжілдеп, – Орыс
өзіміз ғой, еш қиындық тудыра қоймас!
Мен орыстардың арасында өскем, жора-
жолдастарым да жетерлік, солардың бəрін
айдап салуға шамам келеді, атаңа нəлет!
– Ата-анаң атыңды тегін Ерлік қоймаған
шығар, онда орыс болып хат дайындау
мен орыс таныстарыңды көтеруді саған
тапсырамыз! Бірақ, оларға қосылам деп
ағарғанның əкесін танытып, басыңның
қайда қалғанын білмей қалып жүрме! –
деді Қазақбай əзіл-шынын араластырып.
Ерліктің арақ-шарапқа үйір екенін
біле тін курстастар ду күлді.
– Əй, мен өлетін жерімді білемін, – деп
гүр ете қалды Ерлік шамданып, – Бұндай
кезде ішуге бола ма?!
– Қалжың ғой, соны да түсінбейсің
бе?! – Қазақбай оның арқасынан қағып
қойды, – Ал, қазақшаны өзім қатырамын!
Өйткені, мен қазақтардың арасында өстім!
– деп сөзін əзілмен тұздықтап алды да, –
Онда «неміс», «орыс», «қазақ» үшеуміз
осында қалып, хат пен листовкалар жа-
замыз! Ал, қалғандарың жоғары оқу
орындары мен техникум-училищелерді
аралап, адамдар көп жүретін жерлер-
ге барып, үгіт-насихат жұмыстарын
жүргізесіңдер! Сонымен, 16-сы күні Ле-
нин алаңында қарсылық митингісін
ұйымдастырып, шеруге шығамыз! Ал,
іске сəт, жігіттер, жортқанда жолдарың
болсын! Кім қайда барады, алдын-ала
ақылдасып алыңдар. Уақытты тиімді
пайдаланыңдар, бір барған жерге қайта-
қайта барып, елдің мазасын алып,
берекесін қашырып жүрмеңдер! Ертең,
сағат үште осы жерде тағы бас қосып,
кімнің не бітіргенін талқыға салып,
шеруді қалай өткізу жөнінде жоспар
жасаймыз! Біздің еншімізде бір жарым-
ақ тəулік бар. Сондықтан, жыбырлап-
қыбырлап жүріп алмай, едел-жедел іске
кірісіңдер, жігіттер!
– Жақсы! – Дауыстар жамырай
шықты! – Келістік!
Елжан, Ерлік, Қазақбай үшеуі қалды
да, қалғандары тындырар істерін тағы
бір мəрте пысықтап алып, жедел-қабыл
шығып кетті.
***
Шынында да студенттер аса белсенділік
танытты. Қаладағы жоғары оқу орында-
ры мен техникум-училищелерде білім
алып жатқан қазақ жастарының арасына
қызу үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
Көптеген жанашырлар мен қолдаушылар
тапты. Қатарларына қазақ жерінде
тағдырлары тоғысқан өзге ұлт өкілдері
мен соғыс жəне еңбек ардагерлерін де
тарта білді. Коммунистік Партияның
Орталық Ко митеті мен Қазақстан
Компартиясына қазақ жерінде неміс
автономиясының құ рылуына қарсылық
білдірген хаттар мен телеграммалар
бірінен соң бірі жөнелтіліп жатты.
Алдын-ала келісілгендей, маусымның
15-сі күні сағат үште студенттер ертеңгі
шеру жайында ақылдасу үшін тағы бас
қосты. Бұл жолы жастардың қарасы
көбірек, жатақхананың аядай бөлмесі
тарлық ететіндіктен, оқу залына жиналды.
Əркім өзінің не істеп, нені тындырғаны
жөнінде есеп берді.
– Əрине, біраз шаруаның басы қайрылған
сияқты, енді, оны одан əрі езіп, құр босқа
уақыт өлтірмейік. Одан да ертеңгі шеруді
қалай өткізу жайында ақылдасайық! – деді
Қазақбай жиналған жастарды жағалай
бір шолып шығып, – Əскен Нəбиев де-
ген жерлес жазушы ағаларыңды білетін
шығарсыңдар!
– Білеміз!
– Əрине, білеміз! – деп шулап қоя берді
жастар.
– Білсеңдер, ол кісі жай ғана қаламгер
емес, соғыс жəне еңбек ардагері. Сондай
тектінің тұяғы мына тұрған Ерікке рах-
мет, – деп Қазақбай қарсы алдында тұрған
орта бойлы, бидай өңді, келбетті бозбаланы
қолымен нұсқай көрсетіп, – бізді қолдап
əкесінің жазу мəшіңкесіне дейін алып келді.
Листовкалардың көбі Еріктің қолымен жа-
Ащы да болса...
№2 2015 А И АТ
68
68
зылды, өзі мəшіңкенің құлағында ойнайды
екен. Жалғыз-жарым келмей, өзі оқитын
пединституттың бір топ студентін ерте
келіпті. Міне, азамат!
– Ел басына күн туған шақта қалай
қарап жата аламыз! – деп қостап қойды
Ерік. – Қазақ жерінің тұтастығын сақ-
тап қалуға қолымыздан келгенше күш
саламыз! Керек болса, ертең инсти-
тутымыздың студенттерін алаңға алып
шығамыз!
– Рахмет, Ерік! Елім дейтін ерлер
сендей-ақ болсын! Қазақтың өзіңдей жү-
ректі ер-азаматтары тұрғанда, ешкім де
жерімізді бөлшектей алмайды! Ал, мына
Барқыт қарындасымыз, – деп оң жа-
ғында тұрған аққұба бойжеткенге мой-
нын бұрып, – өзімен бірге істейтін жұ-
мысшыларды тік көтеріп алаңға алып
шықпақ! Осындай қаракөз қарын дас та-
рымыздан айналып қана кетпейсің бе?
– Бастаушылар болса, қостаушылар
табылады! – деді Барқыт өзіне қадала
қалған көздерге жауап ретінде, – Киелі
жеріміздің талан-таражға түсуіне біз де
қарсымыз! Əріптестерімнің бəрі шеруге
шығуға тас-түйін дайын отыр. Тек қай
жерге, қашан жиналу керектігін айт-
саңдар болды. Өзім бастап барамын!
– Əп, бəрекелді!
– Қазақтың қыздары шетінен батыр,
жаужүрек қой!
– Жасасын, қазақ қыздары! – Дауыс-
тар əр тұстан шықты.
Жиналған жұрт Ерік пен Барқытқа
ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жа-
удырып жатты. Жастар шеруге қалай шығу-
дың жоспарын тағы бір қайтара пысықтап
алды да, ертең таңмен таласа тұрып,
жатақхана жанындағы саябаққа жиналуға
уағдаласты.
– Бірақ, іс бұнымен бітпейді, əлі де
үгіт-насихат жұмыстарын жалғастыра
бе ре міз, кейбіріміз листовкалар тарата-
мыз, енді, біреулеріміз қалалық телефон
анықтамалығын қолымызға алып, қала
тұрғындарының үйлеріне қоңырау шалып,
ұлтымыздың болашағы үшін ертеңгі ше-
руге қатысуға шақырамыз. Ал, біз Еркін,
Алмас, Махаббат, Айсана, Гүлсезім алтау-
мыз осында қалып, ертеңгі демонстрацияға
арнап ұрандар мен плакаттар жазып, транс-
паранттар дайындаймыз. Ал, іске сəт! Ата-
баба аруағы қолдасын! – деп сөзін аяқтады
Қазақбай ауыр дем алып. – Түн өзіміздікі,
бүгін ұйқыны қоя тұрыңдар!
Сенімдері бойларына күш-қуат дары-
тып, үміттері алға жетелеген жалынды жа-
стар осы бір жүйелі сөзге үнсіз келіскендей
орындарынан қозғала бастады.
***
Ертеңінде, яғни, маусымның 16-
шы жұлдызында таң атысымен Қазақ
ауыл шаруашылығы институты жатақ-
ханасының жанындағы саябаққа сту-
денттер мен жұмысшылар біртіндеп жи-
нала бастады.
Ұясынан қылтиып шығып келе
жатқан күміс күн шуағын молынан
шашып, төңіректі əп-сəтте жап-жарық
қып жіберді. Таңғы таза ауа бозбала-
лар мен бойжеткендердің шаршауын
басып, ұйқысын қашырып, бойларын
сергіте түседі. Салқын самал жандарын
желпіп, жүздерін аймалап, жігерлерін
жанығандай ерекше сезімге бөлейді.
Бас-аяғы жиналған кезде жастар ал-
дын ала жасаған жоспарлары бойынша
сарбаздардай сап түзеп алды да, орында-
рынан жайлап қозғала берді. Саябақтан
тура шығып, Бейбітшілік көшесіне
түсті де, Целиноград облыстық пар-
тия комитеті ғимаратының алдыңғы
жағындағы Ленин атындағы орталық
алаңға қарай бет алды. Қолдарында
орысша һəм қазақша жазылған ұрандар
мен транспаранттар, кейбіреулер, тіпті,
Кеңес Одағы мен Қазақстанның мем-
лекеттік туларын көтеріп алған. Ара-
ларында дыбыс күшейткіш микрофон
ұстағандар да бар, ащы дауыстарымен
барынша айғайлап, ұрандатып келеді:
– Халықтар достығы жасасын!
– Неміс автономиясы құрыл масын!
– Қазақстан халқы ішкі шекарасыз
өмір сүреді!
– Қазақстан аумағын халқының
келісімінсіз өзгертуге болмайды!
– Қазақ жерін бөлшектеуге қарсы-
Достарыңызбен бөлісу: |