Гормагониялылар (HORMOGONOPHYCEAE) класы. Бұл класқа табиғатта көп тараған, көп клеткалы, жіптесінді және қауымды балдырлар жатады. Жіптесінді түрлері төсемікке бекінбей бос, кейде бекініп жатады. Жіпшелері сирек жағдайда бүйірлері арқылы бір-бірімен жабысып өседі. Жіпшесінің басты бір ерекшелігі бір, сирек екі не бірнеше қатар клеткалардан құралған трихомаларының болуы, олардың бір бірінің арасында плазмадесмалық байланыстары болады. Мұның басты құралу себебі клетка қабықшасында целлюлоза болғанымен негізгі қызметі оның құрамындағы пектин затымен ондағы кілегейге байланысты. Бір түрлерінде клетка қабықшасы жақсы кілегейленеді, тіпті құрамында пигменті де болады. Екінші біреулерінде клетка маңына арнаулы кілегейлі қапшық құралады. Мұндай кілегейлі қапшықтар кейде жеке әр бір клетканы, көпшілік жағдайда кілегейлер бір-бірімен қосылып клеткалар тобын немесе барлық қатар клеткалар жиынтығын қаптайды. Мұндай жіптесінді формаларды трихома деп атайды. Трихоманың кілегейлі қапшығы қозғалғыш бөлігін гормогония деп атайды. Көпшілік көк-жасыл балдырларда трихомаларды нағыз кілегейлі қынаптар қаптап жатады. Кілегейлі қапшықтардың құрамы анағұрлым күрделі, олар бір-бірімен байланысып жатқан жіңішке талшықтардан тұрады. Трихомалар қынаптармен қосылып, жіптер құрайды. Жіптер жай тармақталмаған не болмаса тармақталып келеді. Ал олардың тармақталуы нағыз және жалған болуы мүмкін. Нағыз тармақталған уақытта трихомада тармақталады, ал жалған тармақталған уақытта трихома тармақталмайды да, кілегейлі қынаптар ғана тармақталады. Трихомаларында гетероцистері біреулерінде болса, екінші біреулерінде болмайды. Гетероцист құрылар алдында вегетативтік клетка іші бір текті затқа айналып түзсізденеді, не болмаса, сарғыштанып клетка қабықшасы қалыңдап, екі қабатқа айналады. Гетероцистер клетканың ортасында не шетінде түзілуі мүмкін, соған байланысты бір саңлаулы, екі саңлаулы болады. Қолайсыз жағдайларда гормогониялықтар акинеттерге ыдырайды. Акинеттер бір клеткалы, қалың қабықты кейде әр түсті болып келетін клетка. Жіптің өсуі вегетативтік клеткалардың көлденең бөлінуі арқылы болады. Клетка бойлай бөлінген жайдайда көп қатарлы нағыз тармақталған қатарлар түзіледі.
Гормогониялық балдырлар вегетативтік жолмен гормогониялар, акинеттер, фрагментациялар арқылы көбейеді. Эндоспора құруы кейбір өкілдерінде ғана болады. Эндоспоралар құруы табылған жоқ. Жынысты көбеюі, талшықты стадиясы болмайды. Бұл класқа гормогония арқылы көбею тән. Гормогония сырт пішінінің өзгеріске ұшырамаған трихома жіпшесінің ұзын бойының бөлшекке бөлінуі арқыл түзіледі.
Бұл класс Осцилляториялықтар, Ностокалықтар, Стигонемалықтар болып үш қатарға бөлінеді.