Дәріс-визуализациякөрнекілік принципін жүзеге асырудың жаңа мүмкіншіліктерін іздеудің нәтижесі ретінде пайда болды. Бұл дәріс визуальды формаға өзгертілген ауызша ақпарат болып табылады. Бұнда оқытушы мазмұндық ақпарат беретін демонстрацилау материалдарын, көрнекіліктер (слайдтар, пленкалар, планшеттер, сызбалар, суреттер, кестелер, т.б.) даярлау қажет. Дәріс визуальды материал бойынша біріктірілген, толық комментарий беру болып табылады. Визуальды материал:
бар білімнің жүйеленуін қамтамасыз етуі керек;
жаңа ақпараттың меңгерілуін қамтамасыз етуі керек;
проблемалық ситуацияларды тудыру және шешуді қамтамасыз етуі керек;
көрсетудің түрлі тәсілдерін қамтамасыз етуі керек.
Оқу материалына байланысты көрнекілік түрлері: табиғи (минералдар, реактивтер, машиналардың бөлшектері), бейнелі (слайдтар, суреттер, фотолар), символдық (сызбалар, кестелер).
Визуальдық дәрісте материалдың белгілі бір визуальдық қисыны және жылдамдығы, оның мөлшері, оқытушының аудиториямен қарым-қатынас жасау шеберлігі және стилі. Бұндай дәрістің басты қиындығы – визуальдық құралдарды жасау және дәрісті оқу үрдісін даярлау. Мына жағдайларды есепке алған жөн:
- аудиторияның даярлық және білімділік деңгейлерін;
- кәсіби бағытталуын;
- нақты тақырыптың ерекшеліктерін.
Кез-келген материал және кез-келген пән бұл формада баяндалуға келмейді. Бірақ бұл дәрістің элементтерін кез-келген пәнде қолдануға болады (мысалы, мәдениеттану, дизайн және т.б.).
Екі адам оқитын дәріс– бұл екі оқытушының диалогы барысында материалды проблемалық жолмен ұсынудың түрі. Теориялық және практикалық сұрақтарды талқылаудың шынайы көрінісін екі оқытушы (мысалы, түрлі ғылыми мектептердің өкілдері, теоретик және практик, қорғаушы немесе қарсы шығушы) модельдейді. Оқытушылардың диалогы пікірталас жүргізу мәдениетін көрсететіндей болуы керек, пікірталасқа студенттерді қатысуға, өз пікірін дәлелдеуге, сұрақ қоюға итермелейтіндей болуы керек. Артықшылықтары:
диалогты түсініп, оған қатысу үшін студенттерде бар білім өзектілікке иеленеді;
екі ақпарат көзінің болуы түрлі пікірлерді салыстыруға, таңдау жасауға, өз көзқарасын қалыптастыруға мүмкіндік береді;
пікірталасты жүргізу мәдениеті жайында көрнекі түсінігі қалыптасады;
педагогтың кәсібилігі айқындалады түседі, оның тұлғасы танылады.
Алдын-ала жоспарланған қателері бар дәрісстуденттердің зейінін шоғырландыруға, олардың ақыл-ой әрекетін дамытуға, сарапшы, сыншы рольдерінде сөз сөйлеу іскерліктерін қалыптастыруға бағытталған. Дәріске алдын-ала жоспарланған қателер (мазмұндық, әдістемелік, әрекеттік сипаттағы) енгізіледі де, оларды оқытушы дәріс соңында студенттерге ұсынады. Типтік қателер таңдалып алынады, бұнда студенттердің міндеті дәрісті оқу барысында қателерді тауып, оларды шығарып отыру. Қателерді талдауға 10-15 минут уақыт бөлінеді. Дұрыс жауапты тек оқытушы емес, студенттер де атап отырады. Дәріс ынталандырушы, бақылау, диагностикалық міндеттерді атқарады.
Дәріс-пресс-конференция. Дәріс тақырыбын айтқаннан кейін оқытушы білім алушыларға тақырып бойынша жазбаша түрде өзіне сұрақтар қоюын сұрайды. 2-3 минут ішінде студенттер өздерін толғандырған сұрақтарды жазып, оқытушыға береді. Оқытушы 3-5 минут ішінде сұрақтарды мазмұны бойынша сұрыптайды. Бұнда дәріс сұрақтарға жауап ретінде емес, тұтас мәтін түрінде оқылады. Оны баяндау барысында берілген сұрақтарға жауаптар құрылады. Дәріс соңында оқытушы берілген жауаптарды талдайды. Бұл дәрісті мына жағдайларда өткізген қолайлы: тақырыптың басында топтың қажеттіліктерін, қызығушылықтарын, мүмкіндіктерін, мақсаттарын анықтау үшін; ортасында курстың негізгі мәселелері қаралған жағдайда студенттерді тарту үшін; соңында – меңгерілген білімнің даму перспективасын анықтау үшін.
Колледж және ЖОО-ның білім беру жүйесінің оқу үрдісін ұйымдастырудың келесі түрі – семинарлар мен практикалық сабақтар болып табылады.
Колледж және ЖОО-ның оқу үрдісіндегі практикалық сабақтардың қызметі – пәнді терең зерттеу, субъективті тәжірибемен ұштастыру. Білім алушылардың практикалық міндеттерді шешу үшін алынған білімін қолдану дағдысын қалыптастыруда практикалық сабақтар ерекше орынға ие. Практикалық сабақтардың формалары әртүрлі болып келеді: тіл сабақтары, бақылу жұмысы, тест, шығарма мен мазмұндама жазу сабақтары, практикумдар.
Практикалық сабақтардың мақсаты – дәрісте жалпыланған формада алынған білімді тереңдету, кеңейту, бөлшектеу және кәсіби іс-әрекеттің дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасау. Олар ғылыми ой мен тілді дамытады, білім алушылардың білімін тексеруге мүмкіндік береді және кері байланыс құралы болып табылады.
Практикалық сабақтардың жоспары дәріс курсының жалпы идеяларына және бағытына сәйкес құрылады. Практикалық сабақтардың әдістемесі әртүрлі, ол оқытушының жеке ерекшелігіне байланысты болып келеді. Дәріс пен практикалық сабақтардың аралығында білім алушылардың өздік жұмысы жоспарланады.
Барлық практикалық сабақтардың құрылымы көбінесе ортақ болып келеді:
- оқытушының кіріспе сөзі;
- белгісіз, анық емес материал бойынша білім алушылардың сұрақтарына жауап беру;
- практикалық бөлімі (реферат талдау, пікірталас, есеп шығару, баяндамалар, жаттығу жұмыстары, бақылау, эксперимент және т.б.);
- оқытушының қорытынды сөзі.
Бұнда жеке тұрғыдан келу және педагогикалық қарым-қатынас ерекше мәнге ие ьолады. Білім алушылар өз мүмкіндіктерін, қабілеттерін, тұлғалық әлеуетін ашуға мүмкіндік алуы тиіс.
Біріккен топтық әрекет – ең тиімді формалардың бірі. Оның бағыты оқытушыға байланысты. Оқытушы практикалық міндеттерді студенттердің әрі қарай өз бетімен ізденуіне мүмкіндік беретіндей, студенттердің ақыл-ойын белсендендіретіндей, практикалық жұмыстың әдістерімен қаруландыратындай қойылуы тиіс.