Солтүстік Қазақстан. Етке деген ыстық ықыласы ерекше сезілетін бұл өңір халқы етті кез-келген күйде, кез-келген түрде жақсы көреді.
Соғым – қысқа арнайы жемделіп, семіртілген жылқы не сиыр еті. Солтүстік тұрғындары еттің дұрыс сақталуына аса мән берген, соның арқасында етті ыстау тәсілі пайда болған. Еттің сақтау мерзімін ұзарту үшін шырынды әрі дәмді бөліктерін тұтатылған жас қайың қыртысына ыстап, қақтайды. Ысталған ет өте жұмсақ және дәмді болады.
Шелпек – жұма күні пісірілетін шелпектерді елдің кез-келген өңірінде дайындайды. Ата-бабаларды еске ала отырып, жақындарға жақсы тілек тілеп, көрші-қолаңға тарату жоралғысы қалыптасқан. Бірақ әзірлеу түрлері әр аймақта әрқалай: солтүстікте (еліміздің орталығы мен шығысында да) жұма күндері әйел адамдар қатты қамырдан жеті шелпек жайып, майға қуырады. Ал оңтүстікте шелпекті ашытылған қамырдан дайындағанды ұнатады, содан олар қалың және үлпілдек болып шығады.
Қазы. Бұл үй шұжығы Қазақстанның барлық аймағында дайындалғанмен, солтүстік-шығыста, яғни Семей және Павлодар өңірінде ерекше дәмді болып шығады. Қайталанбас дәмнің құпиясы ашылмаған, сондықтан егер ең дәмді қазыдан дәм татқыңыз келсе, бірден сол жаққа барыңыз!
Солтүстіктегі қазақша етке тоқталсақ, мұнда бұл тағамды дәстүрлі ыдыс – астабақпен (астаумен) ұсынады. Астабақтың түбін бір қабат қамырмен жауып, оның үстіне жұмсақ ет кесектерін салады.
Батысқазақстандық теңіз сарыны: ұлттық асхана «эксклюзиві»
Барлығы қазақша етті көшпенділер заманынан бері келе жатқан Қазақстанның беткеұстар тағамы деген ұғымға үйреніп қалған. Десек те, Каспийдің жағасында қазақша етті бағзы замандардан-ақ балықтан жасайтыны көпшілікке жаңалық. Астауда төрт түлік етінің орнында сазан балық жайғасады. Бұрынырақта ақсеркенің еті де пайдаланылған, әйтсе де қазір балықтың бұл түрі Қызыл кітапқа енгізілген. Жұмсақ қамырдан иленген жаймаға, картоп және пиязбен қайнатылған сорпаны қосады. Осындай баламасыз қазақша еттің дәмін татқан адам, тағамның талғампаздығы мен нәзіктігіне қайран қалады. Сонымен қатар, бұл диеталық тағам асқазанда еш ауырлық тудырмайды.
Сонымен, біз елдің барлық өңірінде дайындалатын әр түрлі ұлттық тағамдар жайлы айттық. Бірақ жоғарыда айтылғанның бәріне қосымша, бір мақалаға сыймайтын көптеген таңғажайып дәмдердің бар екенін айта кету керек. Сондай тағамдар жайлы бөлісер біліміңіз болса, біз әрқашан байланыстамыз!
«Тағам тану» үшін саяхаттау
Пайда болуы еліміздің белгілі аймақтарымен байланысты мұндай әр түрлі тағамдардың көптігі, Қазақстандағы саяхаттаудың жаңа бағыты – гастрономиялық туризмнің дамуына алғышарт болмақ.
Шетелдік туристер елімізге таңғажайып табиғатпен тілдесіп, көшпенділердің дастарханынан ауыз тиіп, жалпы Ұлы Дала мәдениетімен таныспақ мақсат-мұраттарын арқалап келеді. Оның есесіне қонақжай жеріміз шетелдік қонақтарға ұмытылмас әсер, қайталанбас сәттер сыйлап, дархандығымызды бар әлемге танытуда.
Өз жерлестеріміздің дастарханынан дәм татамыз деп, отандастарымыз да ұшы-қиыры жоқ еліміздің ауыл-қалаларын аралап, туған жері, тарихы, дәстүрі мен халқының жаңа қырларын тануға деген талпыныстары да айтарлықтай артып келеді. Себебі дастарханымызды жайнатып тұрған әр тағам – азық-түліктің қоспасы ғана емес, тұтас халықтардың мәдениетін сіңірген баға жетпес құндылық.