Лимфа жүйесінің маңызы, қызметі және құрамы. Лимфа жүйесі (лат. лимфа - таза су, ылғал) лимфа сұйығынан, лимфа тамырларынан және лимфа түйіндерінен тұрады.
Лимфаның жалпы мөлшері 2 л, ол құрамы жағынан қанға ұқсас, бірақ эритроциттері болмайды, лейкоциттері, әсіресе лимфоциттері көп (бір мл-де 2000 лейкоцит), белоктары
не бары 3-4 % қана. Лимфаның құрамында көптеген гормондар, пептидтер мен зат алмасуынан пайда болған органикалық және бейорганикалық заттар болады, әсіресе
дәрі заттары алдымен лимфаға өтеді. Лимфаның түсі бозғылт, бірақ тамақ ішкеннен кейін сарғыштау болады, себебі ішек қабырғаларының капиллярларынан май мен липопротеидтер лимфаға өтеді де, лимфаның құрамындағы лимфоциттер веналық капиллярларға ауысады.
Лимфаның түзілуі клеткааралық сұйықтықтың лимфа капиллярларына өтуінен басталады. Су, еріген химиялық түрлі заттар, зат алмасуынан пайда болған метаболиттер т.б. лимфа капиллярларына өтеді. Жалпы алғанда лимфаның түзілуі тек қана сүзілу арқылы болатын сұйық емес, ол физикалық және химиялық заңдылықтар бойынша атқарылатын күрделі физиологиялық функция. Толығырақ айтсақ, оның түзілуі қан мен лимфа капиллярларындағы, ұлпааралық гидростатикалық қысым айырмашылығына, осмостық және онкоқысымға, қан мен лимфа капиллярларының эндотелиінің өткізгіш қасиетіне байланысты.
Лимфаның мөлшері тұрақты емес, денедегі мүшелердің жағдайына байланысты.
Лимфа айналысы бір жағы тұйық өте ұсақ тамырлар - лимфа капиллярларынан басталады. Олардың қабырғалары клеткааралығынан ұлпаның артық мөлшерлі сұйықтығын сорып алады. Лимфа капиллярлары ірілеу лимфа тамырларына айналады. Олардың ішкі қабырғаларында қақпақшалары бар. Қақпақшалар бір ғана бағытқа
ашылып, лимфаның жүрекке қарай ағуына мүмкіндік тудырады. Жүрекке жақындағанда көкірек немесе негізгі және жоғарғы лимфа өзектері арқылы жиналған лимфа бұғана венасы арқылы жүрекке құйылады. Лимфа жүйесі зат алмасуына қатысудан басқа организмнің иммундық жүйесінің қызметіне қатысады. Оның ерекше биологиялық
“сүзгіші” - лимфа түйіндері болады.
Лимфа түйіндерінен өткенде лимфа сұйығындағы микробтар және басқа зиянды заттар тазартылады, содан соң оның тамыр өзектері қайта бірігіп лимфаны негізгі
көкірек өзегіне құяды.
Лимфаның қозғалуына, тамырларының бойымен жүрекке қарай бағытталып ағуына, дененің бұлшық еттерінің жиырылуы және демді сыртқа шығарған кездегі кеуде қуысындағы қысымның төмендеуі себеп болады. Бұған қоса, лимфа тамырларының бойындағы лимфангиондардың еттерінің әлсін-әлсін жиырылып және босауы да себеп болады.