Тамақтану мөлшері. Тамақтану мөлшері астың қуаттылығына негізделеді. Бірақ тіршілік үшін бұл жеткіліксіз. Организмнің қажеттілігін толық қамтамасыз етуге белок, май, көмірсу, су, витаминдер және минерал тұздары міндетті түрде жеткілікті мөлшерде болу керек. Олардың қатынас мөлшері де есте болуы керек, әсіресе бұл балалардың тәулік мәзірінде ескеріледі. Бастауыш сынып оқушылары үшін органикалық заттардың қатынас мөлшері мынадай: белок - 1, май - 1, көмірсу - 6 есе. Ал мектепке дейінгі балаларда бұл көрсеткіштер 1:2:3 (1-кесте).
Балалардың тәулік азығында витаминдер мен амин қышқылдары мол болғаны жақсы. Тәуліктік азыктың барлық мөлшері жасына қарай 2000-2600 г шамасында болуы шарт. Піскен ас буы шығып, иісі аңқып, дәмді және көрер көзге жағымды болса, сілекей шұбырып, қарын сөлі көбірек бөлініп, тағам жағымды болып, бойға жақсы сіңеді.
Тәуліктік азықта минерал тұздары, әсіресе кальций мен фосфор тұздарының мөлшері жеткілікті болуы тиіс, себебі балалардың сүйегінің өсіп жетілуіне бұл минералдар аса қажетті. Егер кальций, фосфор және Д витамині жеткіліксіз болса, сүйек ұлпасының өсіп, жетілуі нашарлайды да, баланың бойы еркін өспейді, нәрестелер ауруға шалдығады. Кальций мен фосфордың өзара қатынасы мектеп жасына дейінгі балаларда 1:1,5, бастауыш сыныптағыларға 1:1,7, жоғары сынып оқушыларына 1:1,4 болуы керек.
Балалардың тамағында сүт, айран, көкөніс, жеміс жеткілікті мөлшерде болса, олардың организміне қажетті минерал заттары мен витаминдер толық мөлшерде болып, жастардың жақсы өсіп, денсаулықтары дұрыс қалыптасады.