Лекиця 4 Минералдық шикізатты термиялық өңдеумен алынатын материалдар.
1. Жалпы мәліметтер Керамикалық деп минералдық және органикалық үстемелер қосылған саздан немесе олардың қоспасынан қалыптау және күйдіру арқылы жасалатын қолтума тас материалдарды айтады. Ежелгі грек тілінде «керамас» құмырашы сазын, күйдірілген саздан жасалған бұйым дегенді білдіреді. Кейінірек «керамика» деген ат саз балшықтан жасалған заттардың бәріне тараған.
Күйдірілгеннен кейінгі керамикалық бұйымды құрайтын материалдарды керамика технологиясында керамикалық сүйекшелер деп атайды.
Құрылымы бойынша керамикалық бұйымдарды бос қуысты және піскен (тығыз) сүйекшелі деп бөледі. Сүйекшелінің су сіңіруі массасы бойынша 5%-тен асатын (орташа 8-20%) бұйымдарды шартты түрде бос қуысты деп атайды: кәдімгі іші бос және жеңіл кірпіш іші бос тастар, черепица, қаптама плиталар, құбырлар (су сіңіруі 5%-тен аспайтын, көп жағдайда 2-4%) сүйекшелерді піскен деп атайды, әдетте ол су өткізбейді. Тығыз бұйымдарға жол кірпішін, еденге арналған плиткаларды, санитарлық фарфорды жатқызады.
Саздың табиғатта кең таралуы сондай-ақ керамиканың көптеген түрлерінің үлкен беріктігі, елеулі түрде шыдамдылығы, сыртқы түрінің тартымдылығы керамикалық материалдардың үй мен құрылыстың барлық дерлік конструктивті элементтерінде қолдануға мүмкіндік береді.
Конструктивті міндеті бойынша мынадай керамикалық бұйымдарды ажыратады: қабырғалық (кірпіш пен керамикалық тас), фасадтарды қаптауға (бет кірпіш және тастар пен плиталар), жабдықтар үшін (іші бос тастар), шатырға (черепица), санитарлық коммуникацияларға (жол кірпіші, құбырлар), жол оқшаулағыштарға (жеңіл кірпіш, сәнді бұйымдар) арналған, сондай-ақ жеңіл бетонды толтырғыштар деп бөледі (керамзит, аглопорит).
2. Керамикалық материалдар мен бұйымдарды өндіруге арналған шикізат Керамикалық бұйымдар жасайтын шикізат массасы әдетте пластикалық (саз, каолин) және пластикалы емес материалдардан (азайып немесе күйіп кететін үстемелер, балқитындар) құрайды. Саздар мен каолиндерді сазды материалдар деген бір атпен біріктіреді. Бір қатар қолтума күйдірме материалдарды өндіруге диатомиттерді, трепелдерді, сондай-ақ таза немесе саз қосылған сланцыларды, енін өзгертуші және т.б. үстемелерді пайдаланады.
Сазды материалдар және олардың керамикалық қасиеттері. Саздар жұқа жерлік құрылымдағы шөгінді тау жынысы болып табылады. Олар сумен араласқанда, өздерінің минералогиялық және химиялық құрамына тәуелсіз, иілмелі созылмалы қамыр түзе алады, күйдірген соң суға төзімді және беріктік тас түріндегі денеге айналады. Негізінен дала шпаты жыныстарын желдетудің нәтижесінде түзілген саздар қатпарлы кристалды құрылымдағы сулы алюмосиликаттар түріндегі түрлі сазды минералдардың тығыз қоспасынан тұрады. Олардың ішінде кең таралғандарды каолиниттілер (каолинит және галлуазит ), монтмориллониттілер (монтмориллонит- ), бейделлит - (және гидрослюдалылар негізінен слюданың түрлі дәрежедегі гидратациялану өнімі) болып табылады.
Саз түзуші материалдарымен қатар саздарда кварц, дала шпаты, күкіртті колчедан, темір тотығының гидраттары, кальций мен магний карбонаттары, титанның, ванадий құрамалары, сондай-ақ органикалық қоспалар кездеседі. Аталмыш қоспалар керамикалық бұйымдардың технологиясына да, қасиетттеріне де әсер етеді. Мәселен, ұнтақтап таратылған көмір қышқыл кальций мен темір тотықтары саздың отқа төзімділігін төмендетеді. Егер сазда көмір қышқылды кальцийдің ірі түйірлері болса, күйдіру кезінде олардан ауада аумағының ұлғаюымен («үрнемелер») гидраттанатын әк қоспасы пайда болады да, ол бұйымда жарықшақ пайда болуына немесе оның бұзылуына әкеліп соғады.
Негізінен каолиниттен тұратын барынша таза саздарды каолиндер деп атайды.
Саздың құрамына көлемі әр түрлі түйірлер енеді, бірақ сазға тән жоғары майысқақтық пен байланыстырғыш қабілет оның құрамында көлемі 0,005 мм-ден аспайтын пластинка тәріздес өте майда бөлшектердің болуына байланысты. Бұл бөлшектер сазды заттар деп аталады. Бөлшектердің көлемінің шағындығы, сондықтан да жиынтық бетінің үлкендігі, әрі пластинка тәріздес түрлі бөлшектердің байланысуын қамтамасыз етеді, олардың бір-біріне қатысты байланысты жоғалтпастан жылжуына мүмкіндік береді. Саз құрамындағы сазды заттар қаншалықты көп болса, олардың иілгіштігі да соншалықты жоғары болады. Көптеген сазда иілгіштік қасиеті жоқ барынша ірі бөлшектерде де бар. Түйіршіктердің көлемі 0,005-тен 0,05мм-ге дейін болса – тозаң, 0,005-ден 2 мм-ге дейін – құм, ал 2 мм-ден жоғары болса – қоспалар деп аталады.
Саздардың керамикалық қасиеттері, иілгіштігі мен байланысқандығымен және байланыстырғыш қабілетімен, кептіру мен жоғары температура әсеріне қатынасымен сипатталады.
Саздың иілгіштігі деп саз қамырының сыртқы механикалық күштерінің әсерінен тұтастығын бұзбай (үзілмей және жарықшақсыз) деформациялануға және бұл күштердің әсері тоқтаған соң, түскен қалпын сақтауға қабілеттілігін айтады. Саз бұйымдарын қалыптау мүмкіндігі міне осы қасиетіне негізделген.
Иілгіштікті түрлі тәсілдермен айқындайды. Иілгіштікті ыңғайлы қалыптасатын масса алуға қажетті су мөлшері және сазды қамырдың кебініп азаюы мәні бойынша анықтау тәсілі кеңінен таралған. Саздың иілгіштігі жоғары болған сайын ол ыңғайлы қалыптасатын масса алуға қажетті суды соғұрлым көп қажет етеді және ауада кебініп тұлғасының азаюы соғұрлым жоғары болады. Жоғары иілгіштікті саздардың су қажеттілігі 28%- тен жоғары, ауа шөгінуі – 10-15%. Орташа иілгіштікті саздар 20-28% су қажеттілігімен және 7-10% ауада шөгілуімен сипатталады. Иілгіштігі төмен саздардың су жұту қажеттігі 20%- тен аз, ал ауада шөгілуі 5-7%- ке тең.
Өте иілгіш саздан жасалған бұйымдар кепкен кезде аумағы жағынан көп кішірейеді де жарылады. Бұл өндірісте жол беруге болмайтын нәрсе. Иілгіштігі төмен саздар және одан жасалған қамыр қиындықпен қалыптасатындықтан жұмысқа қолайсыз, сондықтан саздың иілгіштігін жиі реттеуге тура келеді. Саздың шамадан тыс иілгіштігін оған азайтатын қоспа енігізумен немесе иілгіштігі төмен саз қосумен жоюға болады. Ал иілгіштік жеткіліксіз болғанда сазды құмнан арылтып елейді, ашық аспан астында ұстайды, арнайы машинамен майдалайды, бумен өңдейді, ауасыздық жағдайда ұстайды, сондай- ақ иілгіш саз қосады. Осы процестердің нәтижесінде саздың дисперстілігі артады, ісінуі жақсарады және иілгіштігі мен қалыптасу қабілеті артады.