Жабыны. Насекомдардың терi жамылғысы барлық буынаяқтыларға тән үш қабаттан құралған; астыңғы - өте жұқа аморфты базальдi мембранадан, оның үстiнде эпителиальдi клеткалардан құрылған — гиподерма қабаты және нағыз кутикула қабатынан. Кутикуланың өзi үш қабатқа бөлiнген: үстiңгіi — эпикутикула, ортаңғы — экзокутикула және гиподермамен жанасып жататын, астыңғы — эндокутикула. Эпикутикула өте жұқа, липидтерге, балауызға бай, iшкі денедегi ылғалды сытрқа шығармай насекомды кеуiп кетуден сақтайды. Экзокутикула мен эндокутикула қабаты суларға, минералды тұздарға, органикалық заттарға, хитинге және түрлi түс беретiн пигменттерге бай. Бұлар денені әр түрлi механикалық, химиялық әсерлерден, зиянды заттардың енуiнен қорғайды, әрi тiрек қызметiн атқарады, сондай-ақ эндокутикула терi жамылғысының созылғыштығын арттырады. Хитиндi кутикула бөлшектенiп дененiң әрбiр сегменттерiнде тақта түрiнде орналасады, олар арқа тақтасы — тергит, құрсақ — стернит және екi бүйiрiндегi плейрит. Осы тақталардың барлығын склерит деп атайды.
Насекомдардың денесiнде қабыршақтар, түктер, қылшықтар кездеседi, олар терi жамылғының туындылары, сондай-ақ, әр турлi бездерi де бар; иiс шығаратын (өсiмдiк қандалаларында), қорғаныш (улы) бездерi (жұлдызқұрттарда) балауыз (бал араларда), сасық бездерi (кейбiр қоңыздарда).
Сурет 3. Насекомдардың жабыны: 1- эпикутикула, 2- экзокутикула, 3- эндокутикула, 4- гиподерма, 5- базальдi мембрана, 6- түк жасайтын клетка, 7 - түк
Бұлшықет жүйесi. Насекомдардың бұлшықеттері тек көлденең жолақты. Ет талшықтарының жалпы саны 1500-ден 2000-ға дейiн жетедi. Олар шоғырланып бас, кеуде, құрсақ бөлiмдерiнде орналасқан, әсiресе кеуде бөлiмiнде көп. Көлденең жолақты бұлшықеттер қатарына ұзына бойы, дорзо - вентральдi, плейральді, аяқ, қанат еттер жатады. Олардың кейбiреулерi жуандау (ұзына бойы, дорзо-вентральдi), басқалары жiңiшкелеу, ұштарымен хитинді кутикуланың ішкі өсінділеріне және мүшелерге тiркелген. Жиырылып жазылу арқылы олар әр түрлi мүшелерiнiң (ауыз аппараттарды, аяқтарды, қанаттарды) қимыл - әрекеттерiн қамтамасыз етедi. Бұлшықеттерiнiң жиырылып - жазылуы миымен тығыз байланысты және оларға бұлшықеттен бөлiнетiн жиырылғыш белок актомиозин әсер етедi. Мысалы, кәдiмгi шыбынның (Musca domestika) қанат бұлшықеттерi секундына 100 рет жиырыла алады. Сол себептен насекомдардың қанат қағу жиiлiгi бұлшықеттерінің тез немесе баяу жиырылуына байланысты. Насекомдардың бұлшықеттерi өте күштi дамыған. Мысалы, қи қоңызы өз салмағынан 90 есе артық қи құмалағын жылжыта алады.
Ас қорыту жүйесi Насекомдардың iшегi барлық буынаяқтылардiкi сияқты үш бөлiмнен құралған: алдыңғы, ортаңғы және артқы iшектен. Алдыңғы және артқы iшегi эктодермальдi, яғни эмбриональдi даму кезiнде ұрықтың сыртқы (эктодерма) жапырақшасы ауыз және аналъ тесiгi арқылы iшке қарай ойысып алдыңғы және артқы iшек бөлiмдерiн құрайды. Олар хитинді кутикуламен астарланған. Ортаңғы iшек энтодермальдi, iшкi (энтодерма) ұрық жапырақшасынан түзiлiп, эпителиальдi клеткалармен астарланған.
Алдыңғы iшегi құрылысына және атқаратын қызметiне байланысты бiрнеше бөлiмдерге бөлiнген: ауыз қуысы, жұтқыншақ, өңеш, жемсау, қарын (1-сурет). Ауыз қуысы үстiңгi ерiннен және жақ аппараттарынан құралған. Сұйық қорекпен қоректенетiн насекомдардың ауыз қуысы түттiкке айналған, ал масаларда ол қоректi соратын және слекейді өткiзетiн тұмсықша түрiнде болады. Астыңғы ерiннiң түбiне жақын бiр немесе бiрнеше сiлекей бездерiнiң жолдары ашылады. Жақ аппараты арқылы уақталған қоректiк зат сiлекейімен ылғалданып, оның құрамындағы ферменттер асты қорыту процесiнiң алғашқы кезеңіне қатысады. Қансорғыш насекомдардың сiлекей құрамына қанды ұйытпайтын зат — антикогулянттар кiредi, ал көбелек жұлдызқұрттарының сiлекей бездерi жiбек тәрiздi жiбiн шығарып, одан пiллә жасайды.
Насекомдардың ауыз қуысы жұтқыншаққа жалғасып, ол ұзын түтiкше тәрiздi өңешке өтедi. Өңештiң артқы жағы кеңейiп жемсауга айналады. Жемсау сұйық қорекпен қоректенетін насекомдарда жақсы жетiлген. Кейбiр жыртқыш қоңыздарда, тiкқанаттыларда, тарақандарда жемсаудан кейiн алдыңғы iшектiң тағы бір кеңейген бөлiгi - шайнағыш қарын түзiледi. Қарынды астарлап жатқан хитиндi кутикуланың тiс тәрiздi өсiндiлерi, төмпешiктерi болады, олар қосымша асты үгiтiп, оның қорытылуын тездетедi жене сүзгi қызметiн де атқарады.
Насекомдардың iшегiнiң аса маңызды бөлiмi — ортаңғы iшек. Бұл бөлiм ас қорыту ферменттерін шығарып, қорытылған асты бойға сiңiредi. Ортаңғы iшiектiң алдыңғы ұшына тұйық бiткен бiрнеше өсiндiлерi ашылады. Олар iшектiң ас сiңiру беткейiн кеңейтiп, қорытылған асты бойға сiңуiн жеңiлдетедi. Ортаңғы iшек түтiк тәрiздi, оның қабырғасы қатпарларды немесе крипталарды, ал эпителий клеткалары перитрофикалық мембрана деп аталатын қабықшаны түзейдi, ол ас қорыту ферменттерiн тасымалдауына және астың қорытылып iшек қуысына сiңуiне мүмкiндiк жасайды. Сонымен қатар, ол ортаңғы iшектің эпителий қабатын механикалық зақымданудан қорғайды. Ас қорыту бездерi негiзiнде белоктарды және қантты ыдырататын ферменттерді бөлiп шығарады (протеаза, карбогидраза), ал клетчатканы қорек ететін насекомдардың (термиттердiң) iшегiнде селбесiп тiршiлiк ететiн талшықты қарапайымдылар-гипермастигиналар сол клетчатканы тез ыдыратып көмiрсуларға айналдырады.
Ортаңғы iшек бiрнеше бөлiкке бөлiнген эктодермальдi артқы iшекке жалғасады. Көптеген насекомдардың артқы iшегiнде ректальдi бездерi дамыған, олар нәжiс құрамындағы денеге сiңбеген ас қалдықтарын және суды сiңiруге көмектеседi. Артқы iшекте қалыптасқан қорытылмаған заттар аналь тесiгi арқылы сыртқа шығарылады.
Насекомдардың қорегi әр алуан. Насекомдардың арасында жануарлар мен өсiмдiк қалдықтарымен қоректенетiн түрлерi кездеседi (тарақандар), тек қана өсiмдiктермен қореқтенетiндер (тiкқанаттылар), жыртқыштар (барылдақ қоңыздар), адамның және жануарлардың қанымен (масалар соналар, биттер, бүргелер) өсiмдiк шырынымен (өсiмдiк қандаласы, көбелектер), шiрiген заттармен, қилармен, өлексемен қоректенетiн насекомдар да аз емес.
Достарыңызбен бөлісу: |