3. Сананың пайда болуы және дамуы Дүниеде ең ғажап, керемет құбылыс – адамның рухани дүниесі, сана, ақыл, ой. Сана-сезім дегеніміз – адамның ойлай алатын, сезе білетін, әрекеттенетін субъект ретінде өзін өзі түсіне бастауы. Сана-адамның барша психикалық қызметіне ортақ қасиетті бейнелеудің ерекше формасы. Сананың құрылымы: 1) сананың өзі;
2) объект пен субъектіні ажырату. Жеке адам өзінің санасына сүйене отырып, өзін және өзінің әрекеттерін басқа адамдардан ажырата алады;
3) адамның өз іс әрекетіне мақсат қоюы;
4) керекті қатынастарды орнату.
Сана жеке адамға тән дара қасиет. Сананың көмегімен адам қоршаған ортадан бөлініп, жеке тұлға екендігін сезініп ұғынады, бұл өзіндік сана деп айтылады. Сана - психиканы біріктіруші ең жоғары өмір әрекет формасы, адамның еңбек әрекетіне орай басқалармен тұрақты тілдік қатынасқа келуі қоғамдық тарихи шарттарға сай қалыптасуының нәтижесі. Сана бұл қоғамдық болмыс. Сана құрылымында төрт негізгі сипат (А.В.Петровский) байқалады:
1. Сана қоршаған дүние туралы білімдердің жиынтық бірлігі, оның құрылымына барша танымдық процестер енеді: түйсік, қабылдау, ес, ойлау, қиял.
2. Санада субъект пен объектінің айырмашылықтары бекиді.
3. Мақсатты болжау әрекетін қамтамасыз ете алады.
4. Сана құрылымында әрекетке орай қатынастар орнығады.
Адамның саналы іс әрекетінің айырмашылығы негізгі үш белгіден тұрады:
1. Адамның саналы қызметінің биологиялық мотивтерге байланысы міндетті емес. Кей жағдайда саналы қызметі биологиялық ықпалдарға және қажеттіліктерге бағынбайды, олармен қарама қарсылықта болады немесе оларды басып тастайды.
2. Адамдардың саналы қызметінің ерекшелігі жануарлармен салыстырғанда орта жағдайын бейнелей алатындығы.
3. Жануарлардың мінез құлқынан адамның саналы іс әрекетінің айырмащылығы білім мен ептілігі, бұл қоғамдық тарихи жинақталған және оқуда берілген жалпы қоғамдық адамзаттық тәжірибені меңгеру арқылы қалыптасады.
Психиканың екі деңгейі бар:
Жоғары деңгейі – сана
Төменгі деңгейі – бейсаналық.
Сана – психика дамуының жоғары түрі, еңбек іс әрекетінде адамды қалыптастырудың қоғамдық тарихи жағдайының нәтижесі. Сананың құрылымына негізгі таным үрдістері кіреді, оның көмегімен адам өзінің білімін әр уақытта байытып отырады. Осындай үрдістердің қатарына түйсіну мен қабылдауды, ес пен қиялды және ойлауды жатқызуға болады. Сана қоғамның жемісі ретінде тек қана адамға тән. Жануарларда сана болмайды.