1.Түйсік жөнінде жалпы түсінік. Түйсік – қоршаған сыртқы дүниедегі заттар мен құбылыстардың жеке қасиеттерінің сезім мүшелерімізге әсер етіп, миымызда бейнеленуі. Түйсік заттың сезім мүшесіне әсер еткен кезде ғана пайда болады. Сезім мүшесі - дененін шет аймақтары немесе ішкі мүшелерінде орналасқан. Сезгіш жүйкелердің ұштары әр сезім мүшесінің басты бөлігі, ол рецептор деп аталынады. Тітіркендіргіштің рецепторға әсер етуі сезгіш (афференттік) жүйке арқылы үлкен ми сыңары қыртысының белгілі бір бөліміне баратын жүйкелік импульстің пайда болуына әкеледі. Жауап қайтару реакциясы эфференттік жүйке арқылы беріледі. Ми қыртысындағы өткізгіш жүйкелер мен учаскелерді талдағыш (анализатор) (И.П.Павлов) дейді. Талдағыштар үш бөліктен құралады:
а) шеткі (перифериялық) мүше - бұл сезім мүшелері, рецепторлар деп аталады;
ә) өткізгіш бөлім - рецепторларды тиісті орталықтармен байланыстырып отыратын афференттік және эфференттік жолдар;
б) мидағы орталықтар.
2. Түйсіктің түрлері. Түйсіктер сезім мүшелерінің қызметіне байланысты, рецепторлардың ағзада орналасуына қарай үлкен үш топқа бөлуге болады:
-дененің беткі қабатында орналасуына қарай экстерорецептор (көз, құлақ, мұрын, тіл, тері мүшелері),
- бұлшық ет, тарамыс пен сіңірде орналасқан,яғни адамның қимылдау мен тепе-теңдік түйсіктер проприорецептор (кинестезиялық, статикалық, вибрациялық т.б.)
- ішкі мүшелеріміздің күйін бейнелейтін, яғни аштықты, шөлдегенді, ыссы-суықты (қарында, ішекте, өкпеде, ас қорыту, қан айналысы, тыныс алу) түйсіну интерорецепторлар(органикалық түйсіктер) болып бөлінеді.
Көру түйсіктері- көру мүшесі болып табылатын көз - анатомиялық құрылысы күрделі сезім мүшесі. Оның негізгі бөлімі - көз алмасы. Көз алмасы үш түрлі қабықпен (ақ түсті, тамырлы және торлы) қапталған шар тәріздес. Екі бүйірінен қысылғандай ұзарыңқыраған шар тәрізді көз алмасын қоршап тұрған үш қабығы болады. Сыртқы қабықты ақ қабық деп атайды. Ақ қабықтың алдыңғы жағы дөңестеніп қалың қабыққа айналады. Көздің торлы қабығына жарық сәулесі осы қасаң қабық арқылы өтіп отырады. Сыртқы ақ қабықтың астыңғы екінші қабығы - тамырлы қабық. Тамырлы қабықтың алдыңғы бөлігі - нұрлы қабық деп аталады. Көздің түсі осы нұрлы қабықтағы пигментке байланысты түрліше болып келеді. Нұрлы қабықтың ортасында қарашықорналасқан.
Көз дистанттық рецепторға жатады, өйткені ол сезім мүшелерінен біршама қашықтықта жатқан заттар мен сыртқы дүниеде болып жатқан кұбылыстар жөнінде білім береді. Заттар мен құбылыстардың түстері хроматикалық (қызыл, қызғылт, сары, жасыл, көгілдір, көк, күлгін) ахроматикалық яғни бояусыз (ақ, қара және барлық сұр түстер) болып екіге бөлінеді. Хроматикалық түстер үш түрлі сапамен (түстің ашық болуы, реңкі, қоюлығы), ахроматикалық түстер тек ашық болуымен ғана ажыратылады. Ересек адам түстің 180-дей жеке түрлерін және он мыңнан астам реңктерін ажырата алады.
Есту түйсіктері- есту рецепторын тітіркендіретін дыбыс толқындары. Дыбыс толқыны деп - ауаның белгілі ырғақпен бірде тығыздалып, бірде селдіреп ыдырауын айтады. Құлақ - есту рецепторы. Ол үш бөлімнен тұрады- сыртқы, ортаңғы, ішкі құлақ. Сыртқы құлаққа құлақ қалқаны және оның есту жолы жатады. Құлақ қалқаны - дыбыстың бағытын белгілеп отырады. Сыртқы құлақты орта құлақтан бөліп тұратын мүше - дабыл жарғағы. Ол нәзік болғанымен, өте берік. Дабыл жарғағы серіппелі болғандықтан, ауа толқынын бұлжытпай шайқалтады. Өзінің тербелуін дабыл жарғағы орта құлақтың сүйекшелеріне мүлтіксіз жеткізеді.
Ортаңғы құлақтың элементтері үш сүйекшеден, яғни балғашық, төс және үзеңгіден тұрады. Балғашық ауаның сарғақта шайқалуын төске жеткізіп, төс дірілдерді үзеңгіге апарады, үзеңгі сырттан келген дірілдерді ілгері жөнелтеді. Есту мүшесінің үшінші бөлігі ішкі құлақ. Ішкі құлақтың бітісі өте күрделі. Оның өзі үш бөліктен босағадан, иірім түтіктен және жартылай имек каналдардан тұрады.
Есту түйсігі де сыртқы дүниені танып, білуде зор маңыз атқарады. Есту түйсігі әсіресе тілді меңгеруге аса қажетті түйсік. Сөздің мәнін ұғу, оны дұрыс түсіну және біреуге айтып беру, дұрыс естімейінше жүзеге аспайды. Адам дыбыстарды ауа толқындары арқылы рецепторлармен түйсінеді. Бұл процестің екінші жолы - дыбысты сүйек арқылы есту. Мысалы, құлаққа мақта тығып қойып, дірілдеп тұрған камертонды бас сүйегіне тақасаң, дыбыс айқын естіледі. Дыбыстың сүйек арқылы берілуі ауа арқылы емес, дыбыс шығарып тұрған зат пен сүйектің жанасуы нәтижесінде естіледі. Есту түйсігін - сөздік, музыкалық және шуылдық деп үш түрге бөледі.
Иіс түйсіктері- ауамен бірге мұрынға кіретін иісті заттар иіс мүшесінің сезгіш клеткаларын тітіркендіріп отырады. Иіс түйсіктері адамның тұрмыс салтына, қызмет бабына қарай да ерекше дамып отырады. Адамның иіс түйсіктерінің қоршаған ортаны бағдарлаумен байланысы аз. Түйсік тудыратын заттар абстрактыланбағандықтан «шөп иісі», «бұзылған алма иісі», «гүлдің иісі» темекі исі, газ исі, шөп исі т.б. деп айтылады. Иісті жақсы сезу соқыр, мылқау, керең адамдарда ерекше жетілген. Мәселен, олар бөтен адамдарды, түрлі нәрселерді алыстан-ақ исінен «таниды». үйге кірген адамдарды да, білетін көшесін де, тұрған үйін де олар иісіне қарап оп-оңай айыра алады. Түрлі иістердің табиғатын зерттейтін ғылым саласы олтфактроника деп аталады. Иіс түйсіктері адамның көңіл күйіне, жалпы психикасына жағымды не жағымсыз әсер қалдыруы мүмкін. Мәселен жұпар иісті гүл - адамның көңілін сергітсе, темекінің түтіні - басты ауыртады. Гипократ пен Әбу Әли Ибн Сина (Авиценна) хош иісті заттарды науқастарды емдеуге пайдаланған (фитопрофилактика, аромотерапия, аромопрофилактика әдістері).
Дәм түйсіктері- дәм түйсіктері түйіспелі контактылы түйсік, ол сезім мүшесі заттың өзімен жанасқанда пайда болады. Дәм білетін мүше - тіліміздегі дәм бүршіктері. Дәм бүршіктері тілдің бетінде, жақтың ішінде, таңдайда, жұтқыншақтың арт жағында орналасқан. Олардың ең көп орналасқан жері - тіл аймағы. Дәмдік тітіркендіргіштердің негізгі дәмдік сапалары: қышқыл, тәтті, ащы, тұзды болып төртке бөлінеді. Тәтті дәмді - тілдің ұшы, ащыны - тілдің түбі, қышқылды - тілдің екі жақ шеті, тұзды тілдің ұшы мен екі шеті жақсы сезеді.
Дәм түйсігінің құбылмалы ерекшелігі оның ағзаға тамақтың қажеттілігімен тығыз байланыста екендігінде. Ашыққанда дәм сезгіштік артады, тойғанда әлсірейді. Тамақ ішкен адам тек тойынып қана қоймайды. Тағам онда белгілі бір эмоциялық әсер тудырады. Дәмді тұтыну мен тәбетке тағам қабылдайтын орын жағдайы да, стол үстіп жабдықтай білу де әсер етеді.
Тері түйсіктері- оның рецепторы - денедегі терінің өн бойына орналасқан. Тері түйсігі, сондай-ақ тілдің, мұрынның кілегей қабықтарында да мол. Тері түйсіктерінің өзі бірнешеге бөлінеді. Олар: тактиль (жанасқанды түйсіну), температура (суық пен жылыны түйсіну) ауырғанды білдіретін түйсіктер. Тактиль сезгіштігі бүкіл дене бойына біркелкі таралмаған. Тактиль клеткаларынын өте күшті шоғырланған жерлері - алақан, саусак ұштары және ерін. Денемен жанасқанда тактильдық түйсіктер оның сыртқы бетінің тегіс, кедір-бұдыр, жабысқақ, сұйық екендігін білдіреді. Егер дене бетіне жанасып, оны қатты жанши басса, ол ауырсыну түйсігін туғызады.
Тері түйсігі рецепторларының есебі жоқ. Тек ауырғанды білдіретін нүктелердің өзі ғана денеде 900 мыңнан асып жатады. Тері түйсіктерінің қалыптасуына да ми қабығы астындағы нерв құрылымдары елеулі рөль атқарады. Мәселен, жұлынның бір бөлегін кесу арқылы тері нүктелерінің біреуінің сезімталдығын жоюға болады.
Сипау арқылы затты түйсіну терінің ғана қызметі емес, бұл күрделі процес. Оның қызметіне қимыл-қозғалыс рецепторлары да қатысады. Қол - еңбек ету мүшесі ғана болып қоймай, дүниетану үшін де күшті рөл атқарады. Түйсіктің бұл түрі, әсіресе, құлағынан айрылған, көзі көрмейтін адамдарда ерекше дамыған. Тактильдік талдағыштардың ең көп орналасқан жері ерін, тіл мен саусақтың ұштары.
Жылы мен суықты түйсіну температуралық түйсіктер. Терідегі температуралық өзгерістерді түйсінетін негізгі екі рецептор болады. Біріншісі – жылылықт түйсінетін руффини жасушалары, екіншісі - төмендеп, салқындықты түйсінетін краузе колбалары. Қалыпты жағдайдағы адамның денесіне тән температураны шартты түрде- «физиологиялық нөл» деп атайды.
Органикалық түйсіктер- бұлардың рецепторлары ішкі мүшелердің қабаттарына (өңеш, қарын, ішек, тамыр, өкпе, жүрек т. б.) орналасқан. Ашығу, шөлдеу, ауырсыну, дененің қызуы, жүрек айну, тұншығу, сусын қанғанды, іш ауырғанды және т. б. осындай жағдайларда болатын сезінулер органикалық түйсіктерге жатады. Адам тоқ, дені сау кезінде немесе іс-әрекет үстінде түйсіктердің бұл түрін байқай бермейді. И.М.Сеченов сондықтан да түйсіктердің бұл тобын «көмескі түйсіктер» деп атаған.
Кинестезиялық түйсіктер-дененің жеке бөлімдерінің бір күйдегі қалпын, қозғалысын түйсінуін айтады. Кинестезиялық түйсіктердің рецепторлары - бұлшық ет, тарамыс, сіңірлерде орналасқан. Мәселен, қозғалыс түйсігінің анализаторына зақым келсе, адам өз денесіндегі бір мүшесінің қандай қалыпта тұрғанын сезбейді. Осы түйсіктер адамның сөйлеу әрекетінде де, жазу, сызу жұмыстарьн атқаруда да зор маңыз атқарады. Кинестезиялық түйсіктің табиғаты күрделі. Өйткені ол сапалық жағынан айырмашылығы бар бірнеше рецептордың бір мезгілде тітіркенуінен пайда болады. Қимылдарды орындағанда бұлшық еттегі рецепторлар ұшының тітіркенуі бұлшық еттердің тонусын түйсіндіреді. Тарамыстағы нерв ұштарының тітіркенуі бұлшық еттің қысқаруын білдіреді. Қозғалу талдағыштары арқылы адам өз денесінің және жеке мүшелерінің қозғалуы, олардың тездігі мен күші, бұлшық еттерінің қысқарып босаңсуы, керілуін түйсінуге мүмкіндігі жайында үздіксіз хабар алып отырады. Қимыл дағдыларының барлығына жуығы кинестезиялық түйсікке сүйене отырып жасалады.
Статикалық түйсіктер- мұндай түйсіктерді тең басу түйсіктері деп те атайды және денеміздің кеңістікте орналасу қалпын бейнелейді. Статикалық түйсіктердің рецепторлары ішкі құлақтағы вестибұлярлық аппаратында орналасқан. Дене қалпының жер жазықтығына қатысты күрт және жиі өзгере беруі (әткеншек тебу, теңіз шайқалысы) теңіз ауруына, бастың айналуына әкеліп соғады.
Вибрациялық түйсіктер деп қозғалған заттардың ауаны толқытуын денеміздің сезінуін айтамыз. Дамуы қалыпты жағдайдағы адамдар бұл түйсікті байқамайды. Ал егер адам есту қабілетінен айырлса, онда вибрациялық түйсіктер оның тіршілігінде ерекше орын алады. Кейбір саңырау, керең адамдар музыканы, әнді күшті ынта қойып «тыңдайды». Мәселен, олар дыбысты вибрациялық сезімі арқылы түйсінеді. Олар рояльда ойналған әуендерді оның үстіне қолын қою арқылы естиді. Мұндай адамдар оркестрді тыңдағанда, концерт залына барғанда сахнаға теріс қарап отыруды ұнатады. Өйткені, музыкалық әуендерді олар терісіндегі нүктелермен түйсінетін көрінеді.