Хақ Мұстафа аманатын қылғын әнам.
Арыстан баб қайтыс болғаннан кейiн Қожа Ахмет сол заманның ғылым, бiлiм ордасы болған Бұхараға сапар шеккен. Аталмыш қалада ясылық шәкiрт атақты шейх – Қожа Жүсiп Хамаданиге қол бередi (дәрiс алады). Ахмет Ясауидің үлкен ұстазы Жүсіп Хамадани (толық аты: Әбу Яқуб ибн Әййуб ибн Юсуф ибн әл-Хаман ибн Уахра Хамадани әл-Бүзенжири) Хамадан ауданындағы Бүзенжир қалашығында 1049-1050 жылы дүниеге келген. ¤скеннен кейін ол Бағдат қаласына барып, Шейх Әбу Исқақ Ширазимен кездеседі де, одан шариғат (фықһ) ілімдерін үйренеді. Сосын Бағдат, Исфахан, Самарқанд қалаларындағы ұлы мұхаддистерден (хадисші) хадис ілімін үйренеді. Одан кейін Жүсіп Хамадани сопыларға тән өмірді қалап, әйгілі Шейх Әбу Али Фармедиге қол беріп, одан сопылық ілімді үйренеді де өмірінің қалған бөлігін көңілін тәрбиелеумен өткізеді.
Жүсіп Хамадани жүннен және үнемі жамалған киім киіп, дүние істеріне аса мән бермей, патшалардың, үлкен кісілердің үйлеріне бармайды екен. Жүсіп қолында не бар болса мұқтаждарға таратып беріп, ешкімнен ештеңе алмайды болған. Ол 75 жыл бойдақ жүріп соңында үйленген. Сондай-ақ хамадандық Жүсіп ислам бойынша 700 шығарманы жатқа білген, 213 Шейхпен кеңес құрып, 8000 бұтқа табынушыны ислам дінін қабылдауына себепкер болған адам. Ол христиандар мен отқа табынушылардың (Мәжуси) үйлеріне барып, исламның ұлылығын түсіндіретін болған. Меккеге 37 мәрте қажылықа барған. Жүсіп Хамаданидің өмір сүріп тұрған кезінде Селжұқ империясының сұлтаны Сұлтан Санжар Жүсіп Хамаданиді қатты құрметтеген. Тіпті Хаманидің теккесі қаражаты үшін, 50 000 динар жіберген екен дейді. Қазір Жүсіп Хамадани мен Сұлтан Санжардың қабірі Мерв (Мары) қаласында.
Жүсіп Хамаданидің қартайған шағында оның өзге 3 шәкіртімен бірге Қожа Ахмет халифалық (орынбасар) дәрежеге жоғарылаған. Жүсіп Хамадани қайтыс болғаннан соң, Ахмет оның алғашқы екі халифасы - Қожа Абдуллаһ Берки мен Қожа Хасан Андакидан кейін біраз уақыт Бұхарадағы Хамадани теккесін басқарады. Бірақ біз оның қанша уақыт Хамадани теккесін басқарғанын білмесек те, ясылық ғұлама барлық шәкірттерін 4-ші халифа - Қожа Абдухалық Гыждуаниге тапсырып, өзі Ясыға оралғанын бiлемiз.
Ислам дәруіштері тәрiздi Хорасан, Сирия, Ирак өлкелерiн аралап, Ахмет кезбелiк өмiр кешкенiн Диуани Хикметтегi мына өлең жолдарынан бiлемiз:
Дариға, не істемекпін ғаріптікке
Шын сорлы кезбе болып шықты міне.
Хорасан, Шам, Ираққа барып, тіпті,
Қанғудың көп қадырын ұқты міне
Қайтеміз Құдай салса, буған белмен
Қынғаннан-Жүсіпті ол қуған-ды елден.
Мүбәрәк Түркістаным - туған жерге,
Тасқа ұрып бауырымды келді міне
Түркi халықтарының ортақ пiрi ясылық Ахмет кiндiк қаны тамған берекелi мекенiне бiлiм сыпырасын (софра) жайған. Оның берекелi софрасында көптеген шәкiрттер ақиқат шуағымен азықтанған, түркi жұртының көңiлдерiне Аллаһ нұрымен иман ұрығын еккен. Халық арасындағы аңыздарға қарағанда ұлы бабамыз 99 000 мүриді* жетілдірген, оның 12 000-ы шейхының жанында дәріс алады екен. Әзіреті Сұлтанның рухани софрасында (дастархан) ақиқат нұрымен сусындаған мүридтері ұстазының нұсқауымен түркі әлемінің түкпір-түкпіріне жөнелтілгені халық арасындағы аңыздарда кереметтей етіп баяндалады.
Ахмет Ясауи ардақты пайғамбарымыздың сүннетін қатты ұстаған адам. Сондықтан пайғамбар жас - 63 жастан кейін, теккесінің жанынан жер астына өзіне орын қаздырып, өмірінің қалған бөлігін сонда өткізген.
Таң сәріде дүйсенбі күн жерге кірдім,
Мұстафаға қайғы тұтып кірдім міне
Алпыс үште сүннет деді естіп білдім
Мұстафаға аза тұтып кірдім міне.
Кемеңгер түркі сопысы өз қол еңбегімен, ағаштан қасық, ыдыс-аяқ жонып күнелткен адам, осы кәсібін қылуетте де жалғастырған, Аллаћқа құлшылық жасаумен, ораза тұтумен, зікір айтумен, Диуани Хикмет жазумен айналысқан және сонда дүниеден озған. (Ахмет Ясауидің неше жыл өмір сүріп, қайтыс болғаны туралы ғалымдар арасында түрлі пікірлер бар. Мәселен, М.Ф.Көпрүлү оны 120 жыл өмір сүріп, 1166-67 жылы қайтыс болған десе, М.Жармұхамедов оны 125 жыл жасап, 1228 жылы қайтыс болған дейді, ал К.Эраслан 83 жыл жасаған десе, Сүйінішәлиев 73 жыл жасаған дейді. Ал Хисамиддин Сығнақи оны 130 жыл өмір сүрген дейді.)
Халық арасындағы аңыздарға қарағанда Қожа Ахметтiң мәйітін жуған және жаназасын шығарған атақты “Қарабура ата” көрінеді. Кемеңгер бабамыздың мүрдесi осы бiр берекелi қонысқа жерленуiне орай Ясы қаласының одан сайын гүлденуіне жол ашылды, қарт Түркістан түркі дүниесінің астанасы, қасиетті қалаға айналды. Тiптi, Ахмет Ясауидің “Пір Түркістан”, “Әзіреті Түркістан” (түркі елінің пірі, шейхы) деп аталуына байланысты оның мүрдесi жатқан қала “Түркістан” деген атауға ие болды.
Аңызға қарағанда Ахмет Ясауидің Ибраһим атты бір ұлы болған. Бірақ Қожа Ахметтің тірі кезінде-ақ баласы қайтыс болған екен. Ахметтің одан басқа Гауһар Шахназ және Гәуһар Хошназ атты қыздары болған. Бірақ кейбір мәліметтерде Ахметтің бір қызы болған деп көрсетсе, кейбірінде екі қызы болған деп көрсетеді. Яғни, бұл жөнінде ғалымдар арасында түрлi пiкiрлер бар.
Кезіп бір, кентіне кеп тұрақтады,
Мазар болып, Түркістанда қалдым міне.
Достарыңызбен бөлісу: |