Саналылық принципі. Дене жаттығуларын үйретуде саналылық принципінің таратылуына айтарлықтай үлес қосқан атақты орыс ғалымы П.Ф.Лесгафт болды. Ол "мектеп жүйесінде оқып жүрген баланың күшін ғана дамытып қоймау керек, ең бастысы өзін-өзі басқару дағдысын, сонымен қатар оны өз қызметінде, өмірінде тиімді пайдалану дағдысын қалыптастыру керек", -деп атап көрсетті. Сондықтан да әуелі баланы саналы түрде адам ағзасындағы бар әр түрлі қозғалыстарды жасауға үйрету қажет. Оқытып үйрету әдісі балалардың ақылының дұрыс даму кезеңінде қолданылатын әдіске сәйкес келуі керек.
Принциптерді жүзеге асыру шағында мұғалім балаларды мына сұрақтарға жауап беретіндей дәрежеге жеткізуге міндетті: дене жаттығуларымен шұғылдану неге қажет? Дене жаттығуларының қайсысын орындау қажет? Дене жаттығуларын қалай орындау керек? Неге тек осылай ғана орындау қажет? Мұндай сұрақтарға жауапты балалар оқытып үйретуге дейінгі ұйымдасқан жағдайда ғана ала алады.
Біріншіден, балалар өздерінің оқу қызметінің мақсатын түсінуі керек. Ол үшін, бұл қызметтің саналы түрде қажеттілігі тәрбиеленуге тиісті. Оңдай қажеттілігінің болуы мұғалімге баланың қозғалысқа деген табиғи қажеттілігі мен дене тәрбиесімен ұйымдасқан түрде шұғылдануға деген ынтасының бар немесе жоқ екендігін білуін міндеттейді.
Оқушының дене тәрбиесімен шұғылданудағы мақсаты мұғалімнің алдына қойған мақсаттармен дәл келе бермейтіндігі түсінікті. Оқушы жасайтын істі (оның мақсаты жекелеген дене жаттығуларын орындағаны үшін жоғары баға алумен шектелуі мүмкін) мұғалім ең жоғары деңгейдегі қоғамдық маңызы бар мақсатты үнемі алға қояды (оның ең жоғарғысы - өсіп келе жатқан жас буынды жоғары өнімді еңбек етуге және Отанды қорғауға даярлау). Кейбір жағдайларда мақсаттардың дәл келетіндігі де жоққа шығарылмайды. Мысалы, мұғалім оқушыларды сынаққа дайындау мақсатын өз алдына қояды, ал сол сынақты тапсырам деуші оқушылар оған дайындалады. Осындай үйлесімділік өте қажет, бірақ оған қол жеткізу қиын, әсіресе, жоғарғы қоғамдық маңыздылығы бар мақсат болса, онда ұзақ уақыт бойы тәжірибелік әсер етуді қажет етеді. Мақсатты принциптердің сәйкес келмеген уақытында мұғалім оқушының нақты мақсатты бағытын пайдалана отырып, жоғары деңгейдегі оған жетудің уақытша мерзімін белгілеуі тиіс. Осыған байланысты болашақ Президенттік сынамаларын тапсыруға дайындау және жақын кезеңге белгіленген мақсаттарды айыра білу жөн (мысалы, бірінші тоқсанда мектеп бағдарламасының талаптарын орындауға дайындалу). Осындай бөлудің барлық шарттылығы әр оқушының жақын арадағы мақсаттарын тиімді пайдалану арқылы оны болашақ ұжымдық мақсаттарға жеткізуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, оқушылар қойылған мақсатқа жету үшін іске асыруға тиісті оқу міндеттерін саналы түрде түсінуі керек. Егер балада өзінің қажеттілігін қанағаттандыруға ұмтылыс нәтижесі есебінде бір не өзге мақсат пайда болса, алға қойылған мақсатқа жету үшін шешуге тиісті міндетгі түсінуге, әдетте мұғалімнің белсенді түрде араласуын талап етеді. Қыз бала жақсы, сымбатты, сұлу денені қалыптастыруға ұмтылыс білдіреді делік. Бұл мақсатқа қалай жетуге болады? Бұл үшін қандай міндеттерді шешуге тиісті екендігі жөнінде тек мұғалімнің көмегі арқылы ғана көзі жетіп, түсіне алады. Сол дене жаттығуының не үшін орындалатынын оқушының білмеуі қозғалыс дағдысын қалыптастыру мүмкіншілігінің сапасы мен қарқынын шапшаң төмендетеді. Мысалы, дене жаттығуларын тек мұғалімнің талап етуі бойынша үйренсе, сынақ кезінде үйренушінің жоғары баға алуы күмән келтіреді.
Мақсат сияқты міндеттердің маңыздылығының да әр түрлі деңгейі болады. Оның кейбіреулері негізгі, екіншілері, қосалқы болады.
Үшіншіден, қабылдайтын білім мен үйренетін жаттығудың қолданбалы бағасын окушының түсінуіне қол жеткізу керек. Мұндай кезең ұзак және күрделі болғанымен, аса маңызды болып келеді. Қорытындысында дене жаттығуларын балаға жеке мақсат емес, қажетті жағдай - құрал есебінде бағалауға мүмкіндік береді. Денсаулықты жақсарту, жұмыс қабілетін арттыру құралы ақырында, баланың өзін өмірге дайындау кұралы болып табылады. Спорттық нәтижені еңбекке және Отан қорғауға өзінің дайын екендігінің көрсеткіші емес, жеке артықшылықты калыптастырудың әдісі деп есептейтін жас спортшы үшін осындай сенімділік қажет. Бұдан бөтен де, дене жаттығуларының қолданбалы маңыздылығын түсіну оларды қолданудың аясын кеңейтеді және кейбіреулерін өмірлік кездейсоқ жағдайларда (ситуацияларда) қолдануға мүмкіндік жасайды.
Төртіншіден, жеке қимылдарды бөлектеуге және жинақтауға, қозғалысты, қимылды, қозғалыстың жеке өлшемдерін сапыстыруға, ақырғы нәтиже үшін олардың мақсатын түсіне білуге үйрете отырып, оқушылар санасын жетілдіретіндей оқытып үйретудің әдістерін пайдалану қажет. Соңғы нәтижеде мұның өзі дене жаттығуларының әдісін тиімді меңгеруге әкеледі. Оқушылардың саналы қызметін арттыруға әр түрлі жолдармен жетуге болады:
а) Жаттығушыны үйретер кезеңде үйренетін қозғалысты алдын - ала ойластыру керек. Бұл әдіс "идеомоторлы жаттығу" әдістері түрінде толықтай және "нақты тексеріс" есебінде шамамен бірдей, тек бірінші жағдайда ол спорттық жаттығу үшін, екінші жағдайда өндірістік оқу үшін өмірге келген. Бұл әдістердің педагогикалық маңызы мынада, олардың жәрдемімен дағдыны қалыптастыру кезінде денеге түсетін жүктеме көлемін азайтып қана қоймай, бұл дағдыны ең берік және икемді етуге болатындығы. Қозғалыс-қимылдарына үйретудің тиімділігі қаншалықты ойлау арқылы еске түсірудің тиімді қатынасы және үйренетін қимылдың күрделілігін есептей отырып нақты орындау екендігі белгілі. Күрделі қимылды үйренуге қарағанда, жай қимылды үйрену кезінде ойлау арқылы еске түсіру саны көп болатындығы тәжірибе жүзінде дәлелденген (егер 100 пайызға ойлау арқылы еске түсіру мен орындаудың нақты санының қосындысын алсақ).
ә) Дағдыны үйрете отырып назарды бірте-бірте дене жаттығуларының әдістеріндегі негізгі бөліктеріне бағыттау қажет. Мысалы, биіктікке жүгіріп келіп секіруде аяқ серпілісінің әдісін үйрену кезінде оқушылар әуелде серпіліс орнына дәл түсуді қадағалауы, сосын серпіліс кезінде серпілетін аяқтың қозғалысына және серпіліс кезінде қолдың қозғалысына назарды аударуы қажет.
б) Әсіресе, бұлшық еттер арқылы алынған сезіну негізінде жасалынған қозғалысты жаттығу кезінде еске түсіру керек. Бұл жағдайда осындай сезінулер оқушыға қимылды орындау кезінде "ішкі" бағдар болады, сөйтіп оны, қозғалысты дәлелдеуге, қатені жөндеуге, өзін-өзі бағалауға мүмкіндік туғызады.
в) Оқушының қимылды орындау жөніндегі ауызша есебі өзіне талдау жасау мүмкіншілігін дамытып қана қоймай, жіберілген қателіктерін түзету жолдарын іздеу мүмкіншіліктерін де дамытады, сонымен қатар тапсырманы игеруде, бақылау жасауда мұғалім ісіне көмектеседі. Содан соң, балада өзінің табыстары мен кемшіліктеріне сын көзімен қарау қабілетін дамыту қажет, мұндай жағдай өзінің жетістіктерін дұрыс бағалауына мүмкіндік береді.
Саналылық принципін жүзеге асырғанда төмендегідей кейбір ережелерді тұтастай сақтаған жөн:
1.Өз ісін түсіну және саналы катынасты дамыту әдістері оқушының жас ерекшелік мүмкіншіліктеріне сәйкес келуі керек. Дене жаттығуларымен шұғылданушы өзінің қимылын саналы түрде атқаруға міндетті. Алғашқы қозғалысты игерген бірінші сынып оқушысы мен жалпы білім беретін мектеп бітірушісіне бірдей талаптар қойылатын болса, онда саналылық принципін жүзеге асыру тек есепке жатқызу үшін ғана болғаны. Мысалы,
енді ғана үйреніп жүрген қимылдың биомеханикалық сипаттамасы туралы түсінікті дайындығы жоқ баладан талап етуге болмайды. Бұл жағдайда оқытып үйрету міндеттері және орындайтын жаттығулар жөніндегі жалпы түсініктермен ғана шектелуге болмайды.
Оқытып үйрету жүйесіне оқушылардың саналы қатынасының ауқымын жоспарлы түрде, бірте-бірте кеңейту қажет. Оқу жетістіктерін қалыптастыратын игерілмеген жаңа нәрсеге олардың ой-жүйесін үнемі бағыттап отыру керек.
Аталмыш принципті жүзеге асыруда шешілетін педагогикалық міндеттердің мазмұнын есепке алған жөн. Дене жаттығуларының әдісі күрделі болған сайын, баланың үйренетін қозғалыс-қимылдарына саналы түрде қатынасты дамытатын әдістемелік тәсілдер жүйесіне үлкен маңыз берілуі керек.