4. Әңгімелері, олардың тақырыптары. Идеялық-көркемдік ерекшеліктері. Ыбырай шығармаларында еңбек тақырыбы көп айтылады. «Жомарт», «Бай мен жарлы баласы» деген әңгімелерінде бұл қанаусыз еңбек идеясын дәріптейді. Атымтай бай баласы болса да, күніне бір мезгіл еңбек істеген. «Мұныңыз қалай?» деушілерге ол: «Күн сайын өз бейнетіммен тапқан бір – екі пұлға нан сатып алып жесем де бойыма сол тамақ болып тарайды. Еңбектеп табылған тағамның тәттілігі, сіңімділігі болады екен,»- деп жауап берген.
Көптеген әңгімелерінде Ыбырай еңбекті жаңаша құру, базарға бейімдеу, оның құндылығын арттыруды сөз етеді. Жаңа кәсіпті, ақшаны пайдалы дейді. «Білгеннің пайдасы» деген әңгімесінде бір бала шеге істеу кәсібін үйреніп, шаруасын жаңаша құрады. «Өрмекші», «Мақта қыз», «Асыл шөп», «Әке мен бала», «Силинші деген ханым» сияқты әңгімелерінің негізгі қазығы жаңа кәсіп, әректшілдік. Ыбырай мал шаруашылығына байланысты көшпелі еңбекті де айтады. «Жарлы мен бай баласы» деген әңгімесінде көшпелі өмірдің көлеңкелі жағы, әсіресе кедей баласының әрекетшілдігі, ақылдылығы, зеректігі алға қойылған. «Сәттемір хан» атты әңгімесінде жалдамалы еңдектің қажеттігі айтылған.
Екінің бірінде Ыбырай байлық еңбек пен жерде деп, отырықшылықты үндейді. Бұл пікірімізге «Ағаш үй мен киіз үй», «Қыпшақ Сейітқұл» әңгімелері айғақ.
«Қыпшақ Сейітқұл» әңгімесінде Ыбырай отырықшылық идеясын үндейді. Бұл орыс мұжықтарының тәжірибесінен үлгі алу еді. Кәсіп үйрену, әрекетшілдік шаруаларды жаңалыққа бейімдеудің бір шарасы болған. Сөйте тұрса да «Дүние қалай етсең табылады» деген әңгімесінде Ыбырай кедейлерді еңбекке шақырады. Ыбырай Сейтқұл бейнесі арқылы жаңа, прогрестік жер кәсібінің пайдалы екенін айтқан.
Ыбырай этика, мінез-құлық, әдептілік, достық идеясына байланысты әңгімелері де көп. Мысалы, «Қарға мен құрт» әңгімесінде нашарға қиянат жасалмауы идеясы айтылған. Мұндағы құрт - әрекетшіл, айлалы бейне. «Жаман жолдас», «Ақымақ дос» дейтін әңгімелерінде Ыбырай жалғандықты, олақтықты міндейді. Әр нәрсенің түсі емес, ісін алу керек дейді. Бірсыпыра әңгімелерінде Ыбырай достық, ата мен бала арасындағы махаббатты үндейді. Бұл сарын оның өлеңдерінде де бар.
Ыбырай шығармаларынан әділет идеясы да үлкен орын алған. «Баланың айласы,» «Әділдік», «Шаруа мен жасауыл,» «Мұңсыз адам» сияқты әңгімелерінде осы ойлар айтылады.
Ол көркем әңгіме, новелла жазудың жақсы үлгісін көрсетті. Сондықтан қазақтың жаңа үлгідегі көркем прозасы Ыбырай әңгімелерінен басталады.
Ыбырай әңгімелері өз кезінің келелі мәселелерін қамтиды, әділдікке, ізгілікке, адамгершілікке, талаптылыққа, ақылды іске, білімділікке, жомарттыққа, қайырымдылыққа, шынайы достыққа шақырады. Тәкаппар, еріншек, ұқыпсыз болмауға, жақсылыққа әуестеніп, жамандықтан аулақ болуға баулиды.
Жазушының түсінігі бойынша, әр адам өз еңбегімен күн көріп, кәсібін, өнерін жетілдіруге тиіс. Малын бағып, жерін өңдеп, саудасын жасап, бейбіт еңбек етсе ғана адам мұратына жетеді. Барымта, зорлық, ұрлық адал адам түсер жол емес. Ондайдан аулақ болуы керек. Жазушы өзінің өлеңдеріндегі сияқты, әңгімелерінде де еңбекті негізгі мәселе деп көтереді. Адамды мұратқа жеткізетін ең бір құдіретті күш еңбек деп біледі.
Еңбек тақырыбындағы «Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш», «Бай мен жарлы баласы», «Дүние қалай етсең табылады», «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй мен ағаш үй», т.б әңгімелері - өзінің өнегелігімен, образдылығымен ерекше мәнді көркем шығармалар.
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімелерінде баланы ұшқан құс, түрлі жәңдіктердің тіршіліктерімен таныстырады, олардың әрекеттерін мысал етіп, баланы еңбекті сүюге тәрбелейді.
Балаға түсінікті, әсерлі мысалдармен еңбек туралы ой салады.
Ы. Алтынсарин әңгімелерінің көтеретін тағы бір өзекті мәселесі – адамгершілік. Ол әр кезде адам сабырлы, мейірімді, қайырымды, әдепті, ұқыпты болса деген ізгі ниет білдіреді. «Шеше мен бала», «Бір уыс мақта», Мейрімді бала», «Әдеп», «Әділдік», «Тәкаппарлық», «Таза бұлақ», әңгімелерінде осы ойлар айтылады.
Жазушы сараңдыққа, ұқыпсыздыққа, өтірікке, тәкаппарлыққа, еріншекке, арсыздыққа қарсы «Сараңдық пен жинақтылық», «Өтіріктің залалы», «Сақып», т.б әңгімелер жазды.
Ыбырай шығармаларының ішіндегі ертегі – аңыз ретінде келетін «Қара қылыш», «Тазша бала», «Қара батыр», «Алтын айдар», «Жиренше шешен» сияқты халықтың аңыз – ертегі сюжетіне құрылған әңгімелері де бар.