Т. Қордабаевтың “Қазіргі қазақ тілі” (1961 ж.) бастап қолданылып жүр. Түсіндірмелі салалас сөйлемде бірінші компонент жалпылық мәнде айтылады да, кейінгі компонентте оның мәні, себептері сараланып ашылады, талданып түсіндіріледі. Түсіндірмелі салалас алғашында іліктес, анықтамалы болып әртүрлі аталып келді. Жасалу жолдары:
Алғашқы компонентінің баяндауыштары сол, сондай, сонша есімдік, үстеу сөздерінің қатысы арқылы жасалады.
Алғашқы компонентінің құрамында мынадай жалпылауыш сөзі қолданылады. Кейде ол сөз жасырын тұруы да мүмкін.
Алғашқы компонентінің баяндауыштарында түсіндірмелі мәндегі есім, етістік сөздер де қолданылады.
Мысалы: Балалар ол ұяға барудың да әдісін табады: сирағын қияққа тілдірмеу үшін олар аяғына жас қоғажайдан етік өріп алады, қолына қоғажайдан қолғап өріп киеді ( Мұқанов). Құрамындағы жай сөйлемдерінің мағыналары өзара шарттас болып келетін салалас құрмалас сөйлем шартты салалас деп аталады. Шартты салалас сөйлемдер 2-компоненттегі әрекеттің болу-болмауына 1-компоненттегі әрекет шарт болып келеді. Мысалы: Осыдан келіп көр, жазаңды менен аласың (Мұқанов). Бермесің бар, ол кедейді неге әуре қыласың (Майлин). Тілімізде ойлаудың табиғаты күрделене түсуіне байланысты соңғы кездері 2 компонентті құрмалас сөйлеммен қатар көп компонентті құрмалас сөйлемдер қатары көбейе түсті. Қазақ тіл білілімінде көп компонентті құрмалас сөйлемдер туралы алғашқы пікір айтқан
А. Байтұрсынұлы болатын. Ғалым мұндай құрылымдағы сөйлемдерді “өрнекті сөйлемдер” деп атап, оған мынадай анықтама береді: Өрнекті сөйлем деп құрмалас сөйлемнің бастары қосылып, кестелі болып құрылуын айтамыз. Ондай сөйлемдер нақ текеметке, я кілемге салынған түр сияқты болғанмен, өрнек өрнегімен айтылады. Өрнекті сөйлемді айтқанда дауыс көтеріліп, төмендеп әнше оралып, қайырылып отырады. Сондықтан өрнекті сөйлем оралым деп аталады.
Үш немесе одан да көп жай сөйлемдерден құралып, компоненттерінің баяндауыштары тиянақты тұлғада келіп, өзара теңдік қатынаста тұрып байланысқан көп компонентті құрмалас сөйлемнің түрін көп компонентті салалас құрмалас деп атаймыз. Көп компонентті салалас құрмалас сөйлемнің негізгі бөліктері өзара екі түрлі мағыналық қатынаста тұрады: 1) бірыңғай қатынастағы көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдер, 2) әрыңғай қатынастағы көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдер. Бірыңғай қатынастағы көп компонентті салалас құрмалас сөйлемдер дегеніміз - жеке сыңарларының аралығындағы мағыналық қатынастың біртектес болып келуінен түзілген сөйлем түрі. Демек, алғашқы екі сыңар аралығында болатын бір мағыналық қатынас (мезгілдік, түсіндірмелі, қарсылықты және т.б.) келесі сыңарлар аралығында да, болмаса бірінші сыңар мен соңғы сыңарларды өзара байланыстыруда да сақталады. Мысалы: Елегізер жел де жоқ, елең етер үн де жоқ, айналаң тым-тырыс, тыныштық. Әрыңғай қатынастағы көп компонентті салалас құрмалас сөйлем дегеніміз – жеке сыңарлар аралығындағы мағыналық қатынастың әртүрлі мағыналық қатынаста келіп түзілуінен болған сөйлем түрі. Демек, алғашқы сыңар аралығында болатын мағыналық қатынасты келесі сыңарлар аралығында болатын мағыналық қатынас қайталамайды. Мысалы: Асқар бұл жөніндегі өзінің пікірін сол кездегі баспасөз бетіне жазды, оның жазған мақаласы басылды да, бірақ ол мақала арқылы шара қолданған үкімет жоқ (Мұқанов). Көп компонентті салалас құрмалас сөйлем құрамындағы сыңарлар тек үш жай сөйлемнің қосындысынан ғана тұрмайды. Олардың сандық дәрежесі артып отырады. Мұндай сөйлем төрт негізді, тіпті бес, алты және одан да жоғары санды болып келуі мүмкін. Карантинде асхана жоқ екен, тамақты бір жақтан береді, онысы суып қалған бірдеңе және ол құрсағымызға жұғын болып жарытпайды, қарнымыз ашады, өліп кете жаздаймыз, сол уақытта тамақ іздеп бармайтын жеріміз жоқ ( Кекілбаев).