Жалғаулықты себеп‑салдар салалас сөйлем
Жалғаулықты себеп‑салдар салалас сөйлем.
Жалғаулықты себеп‑салдар салалас сөйлемнің жалғаулықтары.
Жалғаулықсыз себеп‑салдар салалас сөйлем
Қазақ тіл білімінде құрмалас сөйлемді таптастыру А. Байтұрсынұлы еңбектерінен бастау алады. Ол “Сөйлем жүйесі мен түрлері” атты еңбегінде құрмаластарды алдымен сыйыса құрмаласу (қазіргі бірыңғай мүшелі сөйлемдер) және қиыса құрмаласу (қазіргі салаластар мен сабақтастар) деп жіктесе, Қ. Жұбанов салалас және сабақтас деп,
С. Аманжолов төртке бөледі: салалас, сабақтас, аралас және тиянақты басыңқысыз құрмаластар.
Құрмалас сөйлем синтаксисін арнайы зерттеген Н. Сауранбаев соңғы топтастыруында құрмаластарды төртке бөледі: салалас, сабақтас, аралас, және үйірлі мүшелі сабақтастар. С. Жиенбаев құрмаластың тек салалас, сабақтас деген екі түрінің бар екенін, ал аралас құрмаластың өз алдына бір бөлек заңдары жоқ екенін көрсетеді.
Лингвистикалық ғылымда құрмалас сөйлемдерді топтастыру принциптерінің бірнеше түрі қолданылып келеді. Олардың негізгілері: дәстүрлі және құрылымдық-семантикалық. Дәстүрлі немесе логика-грамматикалық топтастыру бойынша құрмалас сөйлемдер: салалас, сабақтас, аралас болып үшке бөлінеді. Құрылымдық-семантикалық топтастырудың негізінде құрмалас сөйлемдер жалғаулықты және жалғаулықсыз болып жіктеледі.
Құрмалас сөйлемдер құрамындағы предикатив сыңарларына қарай екі құрамды және көп құрамды болып жіктеледі. Екі құрамды құрмаластар салалас және сабақтас болып жіктелсе, көп құрамды құрмаластарды көп компонентті салалас, аралас және көп бағыныңқылы сабақтас деп бөлу дәстүрі бар.
Салалас пен сабақтастың арасындағы айырмашылық - олардың компоненттерінің құрмаласу тәсілінде, мағыналық байланыстарында, интонациялық құбылыстарында, компоненттерінің негізгі екі мүшесінің бір-бірімен синтаксистік қатынастарында, әсіресе компоненттердің баяндауыш формасында. Құрмалас сөйлемнің салалас түрі мен сабақтас түрлерінің арасында мынадай өзгешеліктер бар:
Салалас құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауыштары тиянақты формада айтылады да, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің алдыңғылары тиянақсыз формада айтылып, тек соңғысы ғана тиянақты формада болады.
Салалас құрмаластың баяндауыштары тең дәрежеде, теңдік қатынаста тұрып, салаласа байланысса, сабақтас құрмаласта бағыныңқы компонент баяндауышы басыңқы компонент баяндауышына бағына байланысады.
Салалас құрмаластың жай сөйлемнен кейін болатын интонациялық кідірісі едәуір тиянақты болады да, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттері арасындағы интонация тиянақсыз, елеусіз болып келеді.
Салалас құрмалас компоненттерінің баяндауыштары өз бастауыштарымен қиыса байланысса, сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерінің баяндауыштары өз бастауыштарымен қиыспайды.
Салалас құрмалас сөйлем компоненттерін бір-бірімен құрмаластыру үшін жалғаулық шылаулар қолданылады, ал сабақтас құрмалас сөйлем компоненттерін құрмаластыруда септеулік шылаулар қолданылады.
Салалас құрмалас сөйлемнің 1-компоненті 2-компонентке тәуелсіз, оның ішіндегі мүшелерге байланыссыз болып келсе, сабақтас құрмалас сөйлемнің бағынышты компоненттерінің көпшілігі өзі жетектеліп тұрған компоненттің белгілі бір мүшесіне тәуелді болып, соны түрлі жағынан айқындап, тұрлаусыз мүше тәрізденіп кетеді.
Жоғарыдағы белгілері негізінде салалас құрмаласқа мынадай анықтама беруге болады: предикатив сыңарларынаң баяндауыштары тиянақты тұлғада келіп, белгілі бір лексика-грамматикалық тәсілдер арқылы мағыналық, құрылымдық және интонациялық тұтастық құрайтын құрмалас сөйлем түрін салалас құрмалас сөйлем дейміз.
Достарыңызбен бөлісу: |