Жалғаулық арқылы жасалатын салалас сөйлемдер
Талғаулы салалас сөйлемдер
Кезектес салалас сөйлемдер
Ең алдымен, құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын жай-олардың мағыналық жақындығы. Компоненттер арасында мағыналық жағынан жақындық, іліктестік қатынас болмаса, олар құрмалас құрамына еніп, бір бүтін болып тұра алмайды.
Құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыратын арнайы грамматикалық тәсілдер болады. Оларға компоненттерінің бірінің баяндауышының тиянақсыз тұлғалары жатады: көсемше, есімше, шартты рай тұлғалары, септік жалғаулары, кейбір жұрнақтар мен көмекші сөздер тобы. Бұлар-синтетикалық тәсілдер. Бұл жігіттерді бөгей алмасын сезіп, Омар да ас үйге қарай кетті (Мүсірепов).
Құрмалас сөйлем компоненттерін байланыстыруда интонация мен компоненттерінің орналасу тәртібінің ерекше маңызы бар. Құрмалас сөйлем мәселесінде интонация тұтастығы барлық жағдайда да ерекше мәнді. Құрмалас сөйлем компоненттерінің белгілі орналасу тәртібі бар: баяндауыштары тиянақсыз тұлғаға аяқталған компоненттері әдетте алдыңғы шепте орналасады да, баяндауышы тиянақты тұлғадағы компонентін байланыстырып, оларды бір бүтіннің құрамына біріктіреді.
Сонымен, құрмалас сөйлем құрамындағы предикативтік компоненттер екі не одан көп жай сөйлемнің жай ғана тіркесі ретінде қаралмайды, олар бір-бірімен тығыз қарым-қатынасқа түсіп, соның нәтижесінде бір компоненті мағыналық, құрылымдық, интонациялық тиянақтылықтан айырылып қалып, екіншісіне тәуелді болады. Сондықтан құрмалас сөйлем компоненттері өз бетінше дербес қарым-қатынас бірлігі ретінде қаралмайды. Олар тұтас бірлікте ғана қарым-қатынас құралы бола алады. Демек, құрмалас сөйлем компоненттері дербес жай сөйлемдермен бірдей емес, олар бүтіннің бөлшегі ғана.
Жоғарыда айтылғандарды жинақтай келсек, мынадай қорытындыға келуге болады: жай сөйлем мен құрмалас сөйлемнің бір-біріне ұқсас жақтары да бар, сонымен қатар бір-бірінен түбірлі айырмашылықтары да бар. Ұқсас жақтары: 1) жай сөйлем де, құрмалас сөйлем де тілдің қарым-қатынас бірлігі, атқаратын қызметтері бірдей; 2) жай сөйлем де, құрмалас сөйлем де предикативтік қатынасқа ие, олар сөйлемдік қасиетке ие предикативтік орталықтан тұрады; 3) жай сөйлемде де, құрмалас сөйлемде де тиянақты интонация бар: ол сөйлемді аяқтап тұрады. Айырмашылықтары: 1) жай сөйлемде бір ғана предикативтік орталық болса, құрмалас сөйлемде екі не одан да көп предикативтік орталық болады; 2) жай сөйлемде бір ғана ой берілсе, құрмалас сөйлемде күрделі ой беріледі; 3) жай сөйлемдегі тиянақсыз интонация сөйлем мүшелерін мағыналық топтарға бөліп тұрса, құрмалас сөйлемде предикативтік топтарға бөледі.
Сонымен, құрмалас сөйлем деп екі не одан да көп предикативтік компоненттердің өзара лексика-семантикалық, грамматикалық тәсілдердің көмегімен мағыналық, құрылымдық, интонациялық біртұтастық жасап бірігуі арқылы күрделі ойды білдіруге қызмет ететін коммуникативтік бірлік түрін айтамыз.
Достарыңызбен бөлісу: |