Салалас құрмалас сөйлемнің тыныс белгілері Cалалас құрмалас сөйлем компоненттерінің арасына қоятын тыныс белгілер Көсемшелердің құрмалас сөйлем жасаудағы ролі оның бағыныңқының баяндауышы қызметін атқаруынан көрінеді. Көсемше – етістіктің тиянақсыз түрі. Бұлар құрмаластың өзі баяндауыш болып келген бөлшегін екінші компонентке бағындыра байланыстырады да, ол бөлшектердің бірлікте, тұтастықта болуын қамтамасыз етеді. Сөйтіп көсемшелер әрі дәнекерлік қызмет атқарады.
Көсемшелердің ішінде сабақтас құрмаластың бағыныңқы компонентінің баяндауышы қызметінде жиі қолданылатыны да және өзі баяндауыш болып келген компонентті тиянақты компонентпен әр түрлі мағыналық қатынаста құрмаластыратын - ып, -іп, -п жұрнақты түрі. Өткен шақтық көсемшенің дәнекерлігі арқылы жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдердің бірсыпыраларында тиянақсыз компонент тиянақты компонентке тек тұлғалық жағынан өз дербестігін сақтап басыңқы сөйлемнің ешбір мүшесіне меңгерілмей, онымен жарыса, салаласа айтылады.
Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыруда -а, -е, -й, жұрнақты көсемшенің де өзіндік ролі бар. Бұл тұлғадағы көсемшелерде тиянақсыздық сипат басым болғандықтан, бағыныңқының көсемше тұлғалы баяндауышы әрі мағыналық, әрі тұлғалық жағынан тиянақсыз болады.
Аталған формалардан басқа жай сөйлемді бір-бірімен құрмаластыруда -ғалы -гелі, -қалы, -келі жұрнақты көсемше қолданылады. Жай сөйлем құрамында мезгіл не мақсат пысықтауыш қызметінде жұмсалатын бұл тұлға құрмалас сөйлем бағыңқысы баяндауышы ретінде тек соңғы кезде (өте сирек) қолданылады.
2) Есімше арқылы құрмаласуы. Көсемшелер сияқты есімшелер де бағыныңқы сөйлемнің баяндауышы функциясында қолданылады. Бірақ есімшелер мен көсемшелердің жай сөйлемді құрмаластыру жолы бірдей емес. Бағыныңқы сөйлем баяндауышы құрамындағы көсемше ешқандай қосымша тәсілсіз, формасыз жай сөйлемді құрмаластыру функциясын атқара алатын болса, есімшелерде ондай қасиет жоқ.
Есімшелер жай сөйлемді құрмаластыру үшін әртүрлі тұлғалық құбылыстарға ұшырап, тиянақсыз формада айтылады. Мұндай тиянақсыз қасиет беріп, есімше формалы сөзді басыңқы компонентке бағындыра байланыстыратын - оларға жалғанатын түрлі қосымшалар және шылаулар.
Жай сөйлемдерді бір-бірімен құрмаластыру үшін есімшелердің барлық түрлері де қолданылады, бірақ құрмалас сөйлем жасауда есімше түрлерінің атқаратын қызметі, формалық құбылыстары біркелкі емес. Мұндай қызметте ең жиі қолданылатыны –ған/ген, -қан/кен формалы есімшелер. Аталған тұлғалы есімшелер бағыныңқы компонент баяндауышы функциясында мынадай формаларда және мағыналық қатынастарда қолданылады:
Жатыс септік жалғаулы: Жанат ішкі үйге кіріп кеткенде , Асқар мен Ержан тыста қалды (Мұқанов).
Көмектес септік: Ұлберген кедей болғанымен, киім-кешектерін таза ұстайтын еді (Мұқанов).
–ша, -ше жұрнақты формада: Қонақтар үйге кіргенше, үй-үйдің арасынан сытыла жөнелген жігіттердің жарқ-жұрқ сілтеген ақ сойылдары Жұманның жылқысына сарт-сұрт тие де бастаған еді
(Мүсірепов).
Сондай-ақ бағыныңқы баяндауышы түбір тұлғалық не шығыс, барыс жалғаулы есімшеге соң, кейін, дейін, бері, гөрі шылаулары тіркесуі арқылы, сондай-ақ шақта, кезде, сәтте, күні, сағатта т.б. мезгілдік мәндегі сөздердің, -дық+тан, -дік+тен қосымшаларының тіркесуі арқылы да әртүрлі мағыналық қатынастағы сабақтас құрмалас сөйлемдер жасалады. Жаңалықтардың бәрі олар арқылы өтіп жүргендіктен, бұл екеуі Омардың көптен бері істес адамдары еді.
3)Шартты рай арқылы құрмаласуы. Етістіктің шартты рай тұлғасы да сабақтас құрмалас сөйлемді жасауда кеңінен қолданылады. Бұл қызметте шартты рай тұлғалы сөз көсемше тәріздес өзінен кейін ешбір дәнекерді қажет етпей екі жай сөйлемді құрмаластыруға қатысады. Мысалы: Бәйтен жұртқа сездірмей қыздың қолынан ұстаса, ол да мұның қолын қысып қояды (Әбдіков).