Бастауыш мектепте геометрия элементтерін оқытудың мақсаты - оқушылардың геометриялық фигуралар туралы білімдерін кеңейту, олардың элементтерін ажырата білу, фигураларды сызып сала білу және модельдер жасай білуге үйрету болып табылады. Бастауыш мектепте геометрия элементтерін оқыту - жүйелі геометрия курсын оқушылардың игеруіне алғашқы дайындық жасау мақсатын да көздейді.
Геометриялық материалдарды оқытуда:
оқушылардың мектепке дейінгі және күнделікті өмірден алынған білімдеріне сүйенеді;
геометриялық фигуралар тек оқытудың мақсаты ғана емес, оқытудың құралы да, геометриялық материалдар шамаларды өлшеу, арифметикалық амалдардың мән мағынасын түсіндіру мен амалдарды орындау; мәтінді есептер шығару, үлес сияқты мәселелерді оқыту барысында көрнекі құрал ретінде пайдаланылады;
геометриялық материалдар оқушылардың ойлау қабілетін дамыту үшін де қолданылады;
геометриялық материалдар оқушыларға математика мен өмір байланысын түсінеді;
геометриялық материалдар оқушыларда практикалық іскерліктер қалыптастырады.
Бастауыш мектепте геометриялық материалдарды оқыту теріс емес бүтін санның нумерациясы және оларға арифметикалық амалдар қолдану, мәтіндік есептер шығару сияқты материалдардың өтілу ретіне тәуелді [11].
Бастауышта геометриялық фигуралар мен олардың шамаларын оқыту (кесіндінің ұзындығы, фигураның ауданы, т. б.) арифметикалық және алгебралық материалдарды игеруге жәрдемдеседі.
Геометриялық фигуралардың бастауыш сыныптарда оқыту пәнішілік мұқтаждық пен қажеттіліктен де туындайды. Көпбұрыштардың элементтерін тану және оларды санау үштен бастап, бірінші ондықтың әрбір санын оқытумен бір мезгілде жүргізіледі. Сондықтан үшбұрыштың, төртбұрыштың, (бес, алтыбұрыштың) элементтері (бұрыштары, төбелері, қабырғалары) атаулы сандарымен (3,4,5,6) сәйкестендіріледі. Осы мақсатта мұғалім тақтаға үшбұрыш сызады да, «Балалар, сендер тақтадан нені көріп тұрсыңдар?» - деп сұрайды. Оқушылар: «Біз тақтадан үшбұрыш көріп тұрмыз» - дейді. Осыдан соң мұғалімнің: «Балалар, айтыңдаршы бұл неге үшбұрыш деп аталады?» деген сұрағы да артық болмайды. Оларды ойландырады. Осыдан кейін, егер бірнеше оқушы: «Себебі оның үш бұрышы, үш төбесі, үш қабырғасы бар, сондықтан ол үшбұрыш деп аталады» деп айтса, онда мұғалім баланың байқағыштығын мадақтап, үшбұрыш суретін көрсете отырып, оның элементтерін санайды. Мұнда бұрыш, қабырға, төбе ұғымдары балаларға мектепке дейін–ақ интуитивті түрде таныс.
Бастауыш мектепте көрнекілік ретінде оқушылардың мектепке дейінгі өмірлерінен айқын таныс ойыншықтарды жиі пайдаланылады. Дегенмен, мұнда геометриялық фигураларды көрнекілік ретінде пайдаланған да дұрыс. Ол үшін үшбұрыш, шаршы, дөңгелек қолданылады
Бастауышта геометриялық фигуралар жайындағы түсініктер де біртіндеп тиянақталып, дами түседі. Бала осы уақытқа дейін геометриялық фигуралар «бір тұтас» елестетіп келсе, енді олардың элементтерімен таныстыру жүзеге асырылады. Осыған орай үшбұрыштың және шаршының қабырғалары – кесінділер, ал бұрыштың қабырғалары – сәулелер, олардың төбелері – нүктелер болып табылатынына назар аударылады.
Бастауыш мектепте оқушылар өлшеу құралдар және олардың шкалаларымен танысады, шамаларды өлшеу біліктілігі мен дағдыларының қалыптасуы үшін сәйкес өлшеу жұмыстарын жүргізеді, бір өлшем бірлігінен екінші бір өлшем бірлігіне өтуге үйренеді. Бастауыш мектептің математика курсында ұзындық, салмақ, аудан, уақыт өлшеулері оқытылып, олардың арасындағы қатыстар қарастырылады. Қарапайым өлшеу құралдарымен таныстырылып, оларды өлшей білу дағдылары қалыптасады. Шамаларды оқыту математиканы оқытуды өмірмен байланыстыруды жүзеге асырудың бір саласы болып табылады.
Оқушылардың кеңістіктік елестетуін қалыптастыруға ұзындық және ауданды өлшей білу дағдыларының қалыптасуының маңызы да ерекше.
Бастауыш сыныптағы шамаларды оқытудағы әдістемелік жұмыстың негізгі желісіне мұғалімнің «сан» және «шама» ұғымдарының айырмашылығын оқушыларға түсіндіру жатады. Бұл мәселені оқыту үдерісінде мұғалімнің дұрыс аша білмеуі нәтижесінде оқушылар «кесінді» және «кесіндінің шамасы», «тіктөртбұрыш» және «тіктөртбұрыштың ауданы» ұғымдарын шатастыруы жиі кездеседі.
Шамаларды өлшеуге байланысты сан келіп шығады. Мысалы, кесіндіні сантиметрмен өлшеу арқылы 15 деген сан шығады. Бұл сан математикада кесіндінің сантиметр есебімен өлшемі делінеді.
Шама және олардың өлшеу туралы түсініктер «сан», «фигура», «сандарға амалдар қолдану» ұғымдарын қалыптастыру барысында пайдаланылады. Мысалы, кесінділерді өлшеу түсінігі және олардың «дециметр», «сантиметр» есебімен ұзындықтарын өлшеу екі таңбалы санды оқыту кезінде таныстырылады. Ал екі санның қосындысы түсінігі негізінде кесінді екі кесіндіден құралған болса, ол кесінділердің ұзындығы құраушы екі кесінді ұзындықтарының қосындысына тең болатындығы туралы түсінік қалыптасады. Егер фигура бірнеше бөліктерден тұратын болса, онда берілген фигураның ауданы, оның бөлікшелері аудандарының қосындысына тең. Сол сияқты, дененің массасы егер дене бірнеше бөліктен құралған болса, оның массасы сол бөліктер массаларының қосындысына тең болады.
Шамалардың қасиеттері оқушылар санасында сәйкес есептерді шығаруда қолдану арқылы бекітіледі. Оқушылардың шама туралы түсініктерін, өлшеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жаттығуларға масштабтық сызғышты, сағаттық шкаланы, таразы шкаласын т.б. оқи білу дағдыларын қалыптастыру жатады. Бұл жерде оқушылар өлшеу құралдарын дұрыс пайдалана алуға үйренеді. Мысалы, кесіндіні өлшеу үшін сызғыштың санау басы болатын О белгісін кесіндінің басына дәл келтіріп қою; салмақты өлшеу үшін таразының екі басындағы табақшалар теңестіріледі; ал егер цифрлы таразы болса, алдымен оның стрелкасы нөлге келтіріліп қойылады, т.б.
Өлшеу жұмыстарын жүргізу кезінде оқушылар «көздерін» дұрыс қоя білуі керек. Шамаларды оқыту кезінде «көзбен» өлшеуге үйрету маңызды. Көзбен өлшегенді құралдар арқылы тексеріп, оқушылар жуықтап өлшеуге дағдыланады. Көзбен өлшеуге үйрету оқушылардың айналадағы дүниені танып білуге, олардың кеңістіктік елестетуін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Көзбен өлшеу тәжірибелік қызметте үлкен рөл атқарады, себебі біз күнделікті тіршілігімізде нәрсенің шамасын көзбен шамалап айта аламыз.
Оқушыларды өлшем бірліктерді дұрыс қолдануға үйрету керек. Мұнда халықаралық өлшем бірліктер жүйесі «СИ» басшылыққа алынады. Мұнда дененің салмағының өлшем бірлігі ретінде дененің массасы алынады. Таразыға тарту кезінде заттың салмағын анықтаймыз деген сөз қолданылғанмен, өлшеу нәтижесінде дененің массасы табылады. Массаның негізгі өлшем бірлігі - 1 килограмм (1 кг).
Терминология дұрыс қолдану үшін «12 бірдей тетіктің салмағы 24 кг». Бір тетіктің салмағы қанша? Орнына: «12 бірдей тетіктің массасы 24 кг. Бір тетіктің массасын тап» деп айтылуы керек.
Ал есеп мәтіні «Дүкенге 15 ц картоп әкелінді. Түске дейін 7 ц сатылды. Дүкенде қанша картоп қалды?» болса, бұған өзгеріс жасаудың керегі жоқ.
Өлшем бірліктерді дұрыс біліп, бір өлшем бірліктен екінші өлшем бірлікке өте білу дағдыларының қалыптасуының маңызы ерекше.
Оқушылардың ұзындықты және массаны өлшеу біліктілігі және дағдыларын меңгеруінің негізінде сан ұғымының кеңеюі жатады.
Бастауышта өлшеуге байланысты тәжірибелік жұмыстардың маңызы зор. Мысалы, сынып бөлмесін өлшеу, тақтаны, жер учаскесін өлшеу, т.б.