Лекциялар курсы Редакциясын басқарған тарих ғылымдарының докторы, профессор Қ. С. Қаражан Алматы


 Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан



Pdf көрінісі
бет17/29
Дата03.01.2017
өлшемі1,99 Mb.
#1046
түріЛекция
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   29

2. Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Қазақстан.
Қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі
        
Бірінші дүниежүзілік соғыс 1914 жылғы 19 шілдеде (1 тамызда) 
басталды. Соғысқа дейінгі тұста Ресейде жаңа өнеркəсіп салалары 
жедел қарқынмен дамыды. Өнеркəсіп орындары ел экономикасы-
ның дамуына үлес қосумен қатар, соғыс қажеттілігіне орай ірі 
мемлекеттік тапсырмаларды да атқарды. Өнеркəсіп өндірісінің 
ішінде металлургия өндірісі үлкен жетістіктерге жетті. Əйткенмен, 
Ресей соғысқа дайындықсыз, əскери-өнеркəсіптік əлеуеті төмен, 
көлігі нашар дамыған жағдайда кірісті, армия əскери-техникалық 
жағынан нашар қамтамасыз етілген еді. Соғыс басталған соң жалпы 
империяда, ішінара Қазақстанда өндіргіш күштердің даму деңгейі 
бірте-бірте кеми берді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс Қазақстан экономикасының құлды-
рауына  əкеліп  соқты.  Ауыл  шаруашылығы  өлкедегі  егіншілік 
облыстар бойынша біркелкі дамымады. Ол құнарлы, егіншілік 
шаруашылығын жетік меңгерген аудандарда жақсы дамыды. Соғыс 
егін шаруашылығына да елеулі өзгерістер енгізді. Ең алдымен, ауыл 
шаруашылық  бақша дақылдарының егіс көлемі ұлғайды. Мəселен, 
Қазақстан бойынша күзгі бидайдың егіс көлемі 1913 жылмен 
салыстырғанда 1917 жылы 63,5%-ға, жазғы бидай — 8,4%-ға, тары 
— 22,1%-ға, картоп — 46,3%-ға қысқарды. Ал бақша дақылдарының 
егіс көлемі 433,8 мың десятинадан 1115,0 мың десятинаға дейін, яғни 
екі еседен астам көбейді. Өлкенің солтүстік-батыс жəне батыс об-
лыстары бойынша дəнді дақылдардың өнімділігі 1914 жылдан 1917 

194
195
жылға дейін əр десятинадан алынатын 38,7 пұттан 29,8 пұтқа дейін 
төмендеді. Соғыс жылдарындағы өлке егіншілігі жағдайының си-
патты ерекшелігі оның жүргізілуі деңгейінің төмендігі болды. 
Бұл енгізілген ауыспалы егіс жүйесінің болмауынан, жердің жəне 
тұқымдық материалдардың өңделу сапасының төмендігінен көрінді. 
Егіс көлемі мен өнім көлемінің қысқаруының негізгі себебі жұмыс 
күшінің жетіспеуі болатын. Мəселен, Ақмола облысының Көкшетау 
уезінен ғана 1915 жылы армияға ауыл шаруашылығымен айналы-
сып келген орыс тілді халықтың 39%-ы шақырылды. Қазақстанның 
басқа да аймақтарында мұндай көріністер байқалып тұрды.
Ер азаматтарды жаппай майданға алу мал шаруашылығының 
да құлдырауына əкеліп соқты. Оған сан жəне сапа жағынан үлкен 
зардап келтірді. Ұсақ мал көбірек, ал ірі мал азырақ өсіріле баста-
ды. Байырғы халықтың басым көпшілігі тұратын жерлерде жылқы, 
түйе, ірі қара мал саны кеміді. Мəселен, Ішкі Ордада 1915 жылы 
жылқы саны 310,3 мың болса, ал 1916 жылы 160,2 мың болып, үлес 
салмағы жөнінен 48,5%-ға кеміп кетті. Маңғыстау уезінде, Сыр-
дария мен Жетісу облыстарында да осындай көріністер байқалды. 
Соғыс жылдарында қазақтың мал шаруашылығы, бірінші кезекте, 
мал жайылымдық алаптарды тартып алу салдарынан зардап шекті. 
1913-1917 жылға дейін қазақ халқынан жалпы көлемі 764,4 мың де-
сятина жайылымдық алқаптың жылқы — ірі қара жайылатын 190 
жайылымы тартылып алынды жəне жалға алуға даярланды. 
Мал санының қысқаруы, ең алдымен, қазақ халқының ар-
мия қажеттері үшін мəжбүрлеу тəртібімен ет беруге міндетті 
болғандығынан орын алды. Сан миллиондық армияның өсе 
түскен қажеттерін қанағаттандыру мүмкін емес еді. Өйткені қазақ 
шаруашылығында мал саны жылдан-жылға азая берді. Сондай-ақ 
соғыс жылдарындағы мал санының қысқаруына ауық-ауық өткізіліп 
тұратын реквизиция да əсер етті. Осы жылдарда Түркістан өлкесінен 
300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың түйе əкетілді. 1914 жылдың 
ішінде  Жетісудан ғана 34 миллион сомның малы мен мал өнімдері 
тасылып əкетілді. Қазақ шаруашылықтарында малды реквизициялау 
жəне жылқы малын есепсіз пайдалануға байланысты мал санының 
қысқаруы село мен ауылда шаруашылықты қалыпты жүргізуге кері 
əсер етті. Жылқы малы, əсіресе солтүстік облыстарда азайып кетті. 
Соғыс жылдарында армияны жабдықтау үшін мол мөлшерде азық-
түлік даярлау, мал жəне ет өнімдері бағасының өсуіне əкеліп соқты. 
Осыған байланысты бұл кезеңде өлкеде анағұрлым арзан ет беретін 
сала — шошқа шаруашылығы жедел дами бастады.
Бірінші дүниежүзілік соғыс басталған соң, Қазақстан өнеркəсібі 
де соғыс қажеттері үшін жұмыс істеді. Өлкедегі кен өнеркəсібінің 
маңызды салаларының бірі Успен жəне Сасық-Қарасу кеніштерінен 
темір кенін өндіру арта түсті. Бұл кеніштерден 1914 жылы — 246 
пұт, ал 1916 жылы — 1551 пұт темір кені өндірілді. Соғыстың үш 
жылы ішінде темір кенін өндіру 6,3 есе ұлғайды. Салықтардың 
жоғарылығынан, қатынас жолдарының қашықтығынан, құрал-
жабдықтардың жетіспеуі салдарынан жəне басқа себептерден 
алтын кеніштерінің саны қысқарды. Түсті металдарға деген 
қажеттіліктердің артуы жəне олардың бағасының күрт өсуі соғыс 
жылдарында түсті металлургияның, əсіресе, Риддер жəне Соколь-
ский кеніштерінің дамуына түрткі болды. Түсті рудалар өндіру 
1913 жылмен салыстырғанда 1917 жылы 25,3 есе өсе түсті. Бірінші 
дүниежүзілік соғыс жылдарында мыс рудасын, негізінен “Спасск 
мыс рудалары” акционерлік қоғамы мен “Атбасар мыс кендері” 
акционерлік қоғамы өндірді. Бірақа, мыс кенін өндіру жылдан-жылға 
кеми берді. Жер қойнауын  жыртқыштықпен пайдалану “Спасск мыс 
кені” акционерлік қоғамының Успен кенішіндегі барлық бай кенді 
(құрамындағы мыс 25%) алып қоюына əкеп соқты. Соғыс жылда-
рында Сарысу байыту фабрикасы салынды. Ол революцияға дейін 
құрамында 25—30% мыс бар 128 мың пұт шикізат өндірді.
Көмір өндіру Семей, Торғай, Ақмола облыстарында жүргізілді. 
Соғыс жылдарында Екібастұз кен орындары елеулі рөл атқарды. 
Ол Екібастұз қорғасын-мырыш зауытын, Ертістегі жекеше кеме 
қатынасын, Оралдағы Боголовск жəне Қышым зауыттарын көмірмен 
жабдықтап отырды.
Өңдеуші өнеркəсіп соғыс мұқтаждығына ет-сүт өнімдерін, 
былғары тауарлар жəне басқа да тұтыну заттарын беріп отыр-
ды. Əсіресе, былғары тауарларын өндіру өсті, бұл кезеңде өлкеде 
139 былғары кəсіпорны жұмыс істеді. Олар негізінен Семей жəне 
Ақмола облыстарында орналасты жəне бүкіл ауыл шаруашылық 
өнімінің 64,3% -ын өңдеді. Шынына келгенде, былғары, тері жəне 
ішек-қарын өндірісінің майдагерлік кəсіпорындары одан əрі ұқсату 
үшін Ресейдің ірі өнеркəсіп орталықтары — Пермь, Вятка, Рига 
қалаларына өнім жеткізіп берді. Соғыс жылдарында интенданттық 
армия тарапынан былғары аяқ киімге жəне тері тондарға сұраным 
ерекше өсті. Соғыс жылдарында жүн өніміне сұраныс ұлғайып, 
өлкеде шұға өндіретін тұңғыш Қарғалы фабрикасы əскери тапсы-
рыс орындап, шинельге арнап шұға дайындай бастады, сол сияқты 
соғыс сұранымына ет өнімін дайындауда Петропавлда ет-консерві 

196
197
комбинаты ашылса, Оралда мал соятын арнайы орын ашылды. 
Өлкеге дайын өнім, киім-кешек пен аяқ киім əкелудің қысқаруына 
байланысты соғыс жылдарында осы қажетті бұйымдарды тігетін 
шеберлердің саны көбейді. Мəселен, 1916 жылы Верный қаласында 
140 адам жұмыс істеген ірі шеберхана болды. 
Өнеркəсіп орындарындағы жұмысшылардың, қалалардағы 
еңбекшілердің жағдайы күрт нашарлады. Кəсіпорындарда жас 
балалардың, жасөспірімдердің, əйелдер мен соғыс тұтқындарының 
еңбегі кеңінен қолданылды. Жұмысшылар тəулігіне 10—12 сағат, ал 
кейде 16 сағаттан жұмыс істеді. Жұмысшылардың нақты жалақысы 
үнемі төмендей берді. Мəселен, Спасск зауытында 1914 жылы 
күндік жұмыс үшін — 1 сом 04 тиын, 1915 жылы — 94 тиын төленді. 
Мұндай жағдай өнеркəсіп орындарында барлығында дерлік болып 
жатты.
Селолар, қалалар мен ауылдар еңбекшілері жағдайының нашар-
лауы 1914 жылдың өзінде-ақ Қарағанды, Екібастұз шахталарында, 
Орынбор, Ташкент жəне Транссібір теміржолдары жұмысшылары 
арасында бас көтерулер мен ереуілдерге алып келді. Тіпті, соғыс 
жылдарында Қазақстанда халық бой көтеруінің бірі “əйелдер бүлігі” 
дейтіндер болды, оларды өкімет орындары үкіметке қарсылық деп 
қарады. 
Шаруалар көтерілістері Қазақстанның солтүстік аудандарын да 
қамтыды. Мəселен, 1916 жылы 21 наурызда Торғай облысы Ақтөбе 
уезінің Ақбұлақ селосында 30 адам болатын солдат əйелдерінің то-
быры көпестер — Незвановтың, Пряткиннің дүкендерін қиратады. 
Халық бұқарасының мұндай бой көрсетулерінің толқыны 
Қазақстанның басқа да аймақтарында орын алды. 1916 жылдың 
орта шеніне қарай жұмысшылардың үкіметке ашынуы үдей түсті. 
Нəтижесінде бұл жағдайлар қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысына 
зор ықпал жасады. 
1916 жылы 25 маусымда патшаның Қазақстан, Орта Азия, Сібір 
тұрғындарынан 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарын тыл 
жұмысына алу туралы жарлығы шығады. Бұл жарлық 1916 жылғы 
ұлт-азаттық көтерілісінің басталуына себеп болды. Шілденің бас 
кезінде Қазақстанның барлық аймақтарында дерлік стихиялы 
наразылықтар басталып, көп ұзамай қарулы көтеріліске ұласты. 
Халық ашу-ызасының алғашқы соққыларына тылдағы жұмыстарға 
алынатындардың тізімін тікелей жасаған болыс басқарушылары, 
ауыл старшындары жəне патша əкімшілігінің басқа да төменгі билік 
иелері ұшырады. Іс жүзінде тізімдер жасау жүйесі жаппай парақор-
лық пен бұрмалаушылыққа жол ашқан болатын. Оның үстіне 
патшалық өкімет орындары лауазымды адамдарды, болыстарды, 
село жəне ауыл басқарушыларын, байырғы тұрғындардан шыққан 
төменгі шенді полицейлерді, имамдарды, молдалар мен мүдəристерді, 
ұсақ кредит мекемелеріндегі есепшілер мен бухгалтерлерді, жоғары 
жəне орта оқу орындарындағы оқушыларды, үкіметтік мекемелердің 
шенеуніктерін, дворян жəне құрметті  азамат құқықтарын пайдала-
натын адамдарды əскерге алудан босатты.
Стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алып, қарулы 
көтеріліске ұласып, оның ірі ошақтары (Жетісу мен Торғайда) пай-
да болды. Көтеріліс бүкіл Қазақстанды қамтыды. Бұл көтерілістің 
басты мақсаты ұлттық жəне саяси азаттық болды. Сол арқылы ол 
қазақ халқының бостандық пен тəуелсіздік жолындағы бұрынғы 
бүкіл күресінің қорытындысын шығарды. Көтерілістің негізгі күші 
ұлттық шаруалардың қалың тобы, сондай-ақ сол кезде туып келе 
жатқан жергілікті жұмысшы табының өкілдері, қолөнершілер бол-
ды.
Сонымен бірге көтерілістің ұлт-азаттық сипатта болуы себепті 
қазақ халқының барлық топтарының өкілдері (екінің бірінде бай-
лар, болыс басқарушылары, билер), сондай-ақ демократияшыл 
зиялылардың жекелеген өкілдері қатысты.
Қазақстанның əртүрлі аудандарында пайда болған стихиялы 
қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат ала бастады: Жетісуда (бас-
шылары: Бекболат Əшекеев, Ұзақ Саурықов, Жəмеңке Мəмбетов, 
Тоқаш Бокин, Əубəкір Жүнісов, Серікбай Қанаев, Монай жəне Мұқан 
Ұзақбаевтар жəне т.б.) жəне Торғайда (басшылары — Əбдіғаппар 
Жанбосынов, Амангелді Иманов, Əліби Жангелдин жəне басқалар) 
оның ірі ошақтары пайда болды.
Жетісудағы көтеріліс тарихын: 1) шілде — стихиялық наразылық 
көріністері,  2)  тамыз  —  оның  қарулы  көтеріліске  ұласуы  жəне  3) 
қыркүйек-қазан — көтерілістің біртіндеп бəсеңдеуі жəне жеңіліс та-
буы деген кезеңге бөлуге болады.
М.Тынышбаевтың мəліметі бойынша, 25 маусымдағы патша 
жарлығы Жетісу қалаларында 8 шілдеде белгілі болған. Облыстың 
жекеленген  уездерінде  жұмысшыларды  шақыру  туралы  телеграм-
малар одан бұрын, 2 жəне 3 шілдеде келіп түскен. Шілде айының бас 
кезінде-ақ толқулар Верный уезінің батыс жəне оңтүстік бөліктерін 
қамтып, оларда көтерілісшілерге Бекболат Əшекеев, Тоқаш Бо-
кин, Аққоз Қосанұлы жəне басқалар басшылық етті. Соғыс ошағы 
ұлғайып, халық наразылығы үдеп кетуіне орай, патша үкіметі 

198
199
ендігі тұста көтеріліс қимылдарын басу үшін іс-шаралар қолдануды 
ұйғарды. Нəтижесінде 17 шілдеде Жетісуда жəне Түркістан өлкесінде 
соғыс жағдайы жарияланып, патша үкіметі мұнда ірі əскери күштер 
алып келді. Əскери гарнизондарды нығайтып, Жетісудағы қоныс 
аударушы халықтың ауқатты топтарынан қазақ жəне қырғыз 
көтерілісшілерін жазалау үшін қарулы отрядтар құрды. Жетісу об-
лысы Жаркент уезі көтерілісшілерінің Асы жайлауында, Қарқараның 
таулы алабында, Самсы, Кастек, Нарынқол, Шарын, Жалаңаш, 
Құрам елді мекендері аудандарында, Лепсі уезінің Садыр-Матай 
болысында жəне басқа жерлерде патша жазалаушыларымен ірі 
қақтығыстар болады.
Осындай жағдайда Верный уезінде Б.Əшекеев Жетісудың 
бытыраңқы көтерілісшілер топтарын біріктіру үшін шаралар 
қолданып, 1916 жылғы 13 тамызда Ошақты деген жерде əртүрлі 
болыстар өкілдерінің съезін шақырады. Съезде тыл жұмыстарына 
адамдар алу туралы жарлық шығарған үкімет орындарына қарулы 
қарсылық көрсетуге дейін барып, бағынбауға шешім шығарды. Өз 
жақтастарымен Үшқоңыр тауындағы Ошақты сайына орнығып алған 
Б.Əшекеев қарулы қарсылыққа дайындала бастады, сонымен бірге 
көтерілісшілердің қатарын жаңа күштермен толықтыру жөнінде 
шаралар қолданды. Алайда, бұл əрекеттер айтарлықтай жетістіктер 
бермей Б.Əшекеев басшылығымен орын алған Жетісудағы ұлт-
азаттық көтеріліс басылып-жаншылады. 7 қыркүйекте Верный 
қаласында Верный əскери гарнизонының соты болып, көтеріліс 
басшыларының бірі Б.Əшекеевті өлім жазасына кесіп, дарға асу 
туралы үкім шығарды. Соттың үкімін облыстың əскери губернато-
ры Фольбаум нақ сол күні бекітіп, үкім бір күннен соң, яғни 1916 
жылғы 9 қыркүйекте Верныйдың жанындағы Боралдай деген жерде 
орындалады. 
Сотсыз жəне тергеусіз атылғандарды есептемегенде, сот үкімімен 
Түркістан өлкесінде 1917 ж. 1 ақпанына дейін 347 адам өлім жаза-
сына, 168 адам каторгалық жұмыстарға, 129 адам түрмеге жабылуға 
кесілді. Патша өкімет орындары қудалаған 300 мың қазақтар мен 
қырғыздар немесе Жетісудың байырғы тұрғындарының төрттен 
бірі Қытайға қашуға мəжбүр болды. 
Дəл осындай көтерілістің ірі ошақтарының бірі — Торғай өңірі 
болды. Көтерілісшілер саны 50 мыңға жетеді. Бұл кезде Торғай уезі 
негізінен қыпшақ жəне арғын рулары шоғырланған 13 болыстан 
тұратын. Көтерілістің бастапқы кезеңінде толқулар қыпшақтар ме-
кендеген Қайдауыл, Аққұм, Қаратоғай, Сарытоғай, Қарақопа болы-
старын, сондай-ақ негізінен арғындар мекендеген Тосын, Майқарау, 
Сарықопа, Наурызым, екінші Наурызым болыстарын қамтыды. 
Көтерілістің етек жаюы барысында Əбдіғаппар Жанбосынов қыпшақ 
көтерілісшілерінің ханы етіп жарияланса, Шолақ Оспанов арғын 
көтерілісшілерінің ханы болып сайланады. Кейіннен 1916 жылы 21 
қарашада 13 болыс (6 болыс арғын, 6 болыс қыпшақ, 1 болыс най-
ман) өкілдерінің құрылтайында халық арасындағы атақты Нияз 
бидің ұрпағы Əбдіғаппар Жанбосынов көтеріліске шыққан Торғай 
уезінің ханы болып сайланады. Құрылтайға қатысушылардың 
келісімімен Кенесары Қасымовтың серігі, атақты Иман батырдың 
немересі Амангелді Иманов көтерілісшілердің сардарбегі болып 
тағайындалады. Орталық Ресейден келген жəне көп кешікпей 
көтерілісшілерге қосылған, осы жерлерде туып-өскен Əліби Жан-
гелдин көтерілісшілердің “рухани көсемі” болды. Ондаған мың 
ұйымдаспаған көтерілісшілерден Ə.Жанбосынов, А.Иманов жə-
не олардың ең жақын серіктері ондықтарға, жүздіктерге жəне 
мыңдықтарға бөлінген тəртіпті жасақ құрды. Əрбір қолды басқаруға 
тиісінше онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындалды. Сар-
дарбек жанында əскери кеңес жұмыс істеді.
22 қазанда А.Иманов бастаған 15 мың қол Торғай қаласын 
қоршады. Қаланы қоршау бірнеше күнге созылып, қоршау кезінде 
генерал-лейтенант А.Лаврентьевтің жазалаушы корпусы қалаға 
қарай үш бағытта бет алды. 16 қарашада А.Иманов бастаған 12 
мың адамға жуық сарбаздар Түнқойма пошта станциясына ша-
буыл жасайды. Көтерілістің негізгі көпшілігі адам күшін сақтау 
үшін қарашаның екінші жартысында Торғайдан 150 шақырым 
жерге жетіп,  Батпаққара ауданына шоғырланады. Осы жерден 
1916 жылғы қарашаның екінші жартысынан 1917 жылғы ақпанның 
ортасына дейін жазалаушыларға қарсы партизандық жортуылдар 
жасалады. Көтерілісшілер мен жазалаушылар арасында Татырда, 
Ақшығанақта, Доғал-Үрпекте, Күйікте шайқастар болды. Шайқас 
1917 жылғы ақпанның екінші жартысына, яғни ақпан революциясы-
на дейін созылды. 
Қазақ халқының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі Торғайдан 
өзге барлық аймақтарда қатаң басып-жаншылды. Семей жəне 
Ақмола  облыстарында  көтерілісшілерге  қарсы  12  атты  əскер 
жүздігі, 11 күшейтілген жаяу əскер ротасы қимыл жасады, ал Торғай 
көтерілісшілеріне қарсы патшалық өкімет орындары 17 атқыштар 
ротасын, 18 казак жүздігін, 4 атты əскер эскадронын, 18 зеңбірек, 
10 пулемет жəне басқаларды əкеп төкті. Осыған қарамастан, Торғай 

200
201
облысында көтеріліс патша үкіметі құлатылғаннан кейін ғана 
тоқтады. 
Қазақ қауымында патшаның 1916 жылғы маусым жарлығы 
мен көтеріліске көзқарас бірдей болған жоқ: ауылдың феодалдық-
байшыл билеуші тобы мен жергілікті əкімшіліктің белгілі бөлігі 
патша жарлығын толығымен қолдап, оны белсенді түрде жүзеге 
асырушылар болды; қазақ интеллигенциясының радикалды ба-
тыл  іс-қимылға  бейім  өкілдері  (мысалы,  Т.Бокин,  Ж.Ниязбеков, 
Т.Рысқұлов, Ə.Жангелдин, С.Меңдешев, Б.Алманов, Ə.Жүнісов т.б.) 
халықты қарулы көтеріліске шақырып, оған өздері де қатысты. 
Ал «Қазақ» газетінің төңірегіне топтасқан Ə.Бөкейханов, 
А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты либерал-демократиялық зия-
лылар өкілдерінің жетекшілері халықты жарлықты орындауға 
қарсы шықпауға үгіттеп, оны орындамаған жағдайда қазақтар 
қантөгіске  ұшырауы  мүмкін  деп  санады  жəне  осыған  байланы-
сты үлкен алаңдаушылық білдірді. Осынау алмағайып кезеңде 
«Алаш» қайраткерлері халықты жаңа аласапыраннан қорғаштап, 
қайткен күнде оны аман сақтауға тырысты. Сондықтан да олар 
қарулы көтеріліске қарсы болып, қазақтарды патша жарлығын 
орындауға шақырды. Біріншіден, олар Ресейге төнген сыртқы 
қатердің бодан болып отырған қазақтарға да толық қатысы бар деп 
санады. Бұдан сырт қалуға болмайды,— деп есептеді. Екіншіден, 
іс жүзінде қарусыз қазақтардың тұрақты орыс армиясына қарсы 
бас көтеруін болдырмауға талпынды. Қарусыз халық өкіметтің жа-
залау шараларының құрбаны болады деп қауіптенді. Үшіншіден, 
соғыс Ресей үшін жеңіспен біткен жағдайда қазақтардың хал-күйі 
жеңілдеп, ұлттық автономия құрылатынына  үміт артты. Империя-
мен ақылға қонымды келісім тактикасын ұстанып, халқының аман 
болуын бірінші кезекке қойған «Алаш» көсемдері тыл жұмыстарына 
шақыруды кейінге қалдыра тұрып, тиісті əзірлік жұмыстарын 
жүргізуді ұсынды. Көтеріліс барысында орын алған қанды қырғын, 
жүздеген мың адамдардың қаза табуы бұлардың қауіптерінің негізсіз 
еместігін дəлелдеді. 
Жеке-жеке бұрқ еткен толқулар көп ұзамай қарудың күшімен 
жанышталып, жұмысшыларды реквизициялаумен майданға жө-
нелту басталды. Сол кезде “Қазақ” газетінің редакциясы тыл 
жұмыстарына жөнелтілген қазақтардың мұқтаждықтарына қыз-
мет көрсетуді ұйғарды жəне осы мақсатпен барлық қазақ зиялы-
ларына реквизицияланғандар жұмыс істейтін  майдандарға өз 
еркімен   барып, оларда бұратаналар бөлімін құруға шақырды. 
Зиялылар (көпшілік бөлігі мұғалімдер) бұған үн қосты жəне көп 
кешікпей Минскіде земство одағының жанынан бұратаналар бөлімі 
құрылды. 
Қазақ зиялылары майдан тылында еңбек еткен қазақ жігіттерінің 
сөзін сөйлеп, мұңын жоқтады. Ə.Бөкейханов, М.Дулатов т.б. 
бастаған қазақ зиялылары Минскіде, тағы басқа тыл жұмысына 
шақырылғандар көптеп шоғырланған қалалар мен елді мекендер-
де болып, оларға қолдан келген көмектерінің бəрін көрсетті. Олар 
шақырылғандардың құқықтарын қорғау жəне олардың майдан өңірі 
аудандарындағы тұруы мен жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар 
туғызу жөнінде нақты қадамдар жасады. Ал мұның өзі кеңес зама-
нында көп жылдар бойы айтылып та, жазылып та келген Алашорда 
1916 жылғы көтеріліс кезінде ұлттық мүддеге сатқындық жасады де-
ген пікірдің сыңаржақ тұжырым екендігін көрсетеді. Алаш көсемдері 
көтерілісшілерге де, майданның қара жұмысына шақырылғандарға 
да ешқандай сатқындық жасаған жоқ.   
1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қазақ халқының сан ғасырлық 
қозғалысының тарихында ерекше орын алады. Бірінші дүниежүзілік 
соғыс жағдайларында көтерілістің жалпы жұрт таныған басшыла-
ры Ə.Жанбосынов, А.Иманов, Ж.Мəмбетов, Ұ.Саурықов, Б.Əшекеев, 
О.Шолақов, А.Жүнісов, С.Қанаев  көтерілісшілердің саяси көсемдері 
Т.Бокин, Т.Рысқұлов, С.Меңдешев, Ə.Жангелдин, Б.Алманов 
жəне басқалар кезінде Сырым Датов, Исатай Тайманов, Махамбет 
Өтемісов, Жанқожа Нұрмұхамедов, Кенесары Қасымов жəне бас-
қалар жүргізген тəуелсіздік жолындағы күреске халықты көтерді. 
К.Қасымов басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін 1916 
жылғы көтеріліс бірінші рет кең-байтақ өлкенің барлық аймақтарын 
əртүрлі дəрежеде қамтып, бүкілқазақтық сипат алған көтеріліс бол-
ды. 1916 жылғы көтерілістің айрықша ерекшелігі өлкенің бірқатар 
аудандарында (негізінен, Қазақстанның оңтүстігінде жəне оңтүстік-
шығысында) оған қазақтармен қатар қырғыз, ұйғыр, өзбек жəне 
басқа да халықтар өкілдерінің де қатысуы болды.
Қазақстан мен Орталық Азиядағы 1916 жылғы ұлт-азаттық 
көтеріліс тұтас алғанда Ресей империясындағы саяси жəне 
əлеуметтік-экономикалық дағдарыстың одан əрі асқына түсуіне 
себепші болды. Ол Ресейдегі əскери-отаршылдық басқару жүйесінің 
іргесін шайқалтып, шығыстың отар халықтарының импералистік 
езгіге қарсы XX ғасырдың басында өріс алған бүкіл ұлт-азаттық 
қозғалысының құрамдас бөлігі болды.

202
203
3. Ресейдегі 1917 жылғы Ақпан 
буржуазиялық-демократиялық революциясы жəне оның 
Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірге əсері
Ресей империясының барлық саяси жүйесіне тəн дағдарыстың 
салдары болып табылатын 1917 жылғы Ақпан революциясының 
нəтижесінде патша үкіметі құлатылды. Ол Ресей халықтарының, 
оның алдыңғы қатарлы күштерінің патша билігіне, крепостниктік 
құрылысқа жəне отарлық езгіге қарсы көп жылдық күресінің же-
ңісімен аяқталды.
1917  жылы  28  ақпанда  М.В.Родзянконың  басшылығымен  Мем-
лекеттік Думаның комитеті құрылып, мемлекеттік жəне қоғамдық 
тəртіпті қалпына келтіруді өз қолына алғанын мəлімдеді. 2 нау-
рыз күні Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Петроград 
Кеңесінің арасындағы келісім бойынша Уақытша үкімет құрылды. 
Жаңа құрылған үкіметтің құрамы мен міндеттерін белгілеген Де-
кларация да осы күні жарияланды. Онда: “Азаматтар! Мемлекеттік 
Думаның Уақытша комитеті мүшелері астана жұртшылығы мен 
əскердің қолдауы, ниеттестігі арқасында қазіргі уақытта ескі 
режимнің қара күштеріне қарағанда анағұрлым табысқа жетіп отыр. 
Қалыптасқан жағдай атқару өкіметін құруға мүмкіндіктер туғызды. 
Осы мақсатта Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті бұрынғы 
қоғамдық-саяси қызметімен көзге түскен өкілдерден құрылған 
алғашқы кабинеттің министрлерін тағайындады”,— деп князь 
Г.Е.Львов басқаратын кабинеттің министрлері көрсетілді. Бұл каби-
нет өз қызметінде: 1) саяси, діни, қарулы көтеріліс жəне т.б. істер 
бойынша амнистия жариялауды; 2) сөз жəне баспасөз бостандығын 
жария етуді; 3) ұлттық, діни жəне сословиялық шектеушіліктерді 
жоюды; 4) елді басқару формасын, конституциясын айқындайтын 
жалпыға бірдей жабық, тікелей дауыс беру арқылы сайланатын 
Құрылтай жиналысына тоқтаусыз дайындық жүргізуді; 5) полиция-
ны милициямен алмастырып, жергілікті өзін-өзі басқару органда-
рына бағындыруды жəне т.б. демократиялық негіздерді басшылыққа 
алатынын мəлімдеді.
Патшалық билікті құлатқан Ақпан революциясын қазақ қоғамы 
зор қуанышпен қарсы алды. “Қазақ” газеті 9 наурыздағы санында: 
«…Киіз туырлықты қазақтың оң жағынан ай, сол жағынан күн туды, 
жақсылық, қуаныш тек қана орыстікі емес, отаны Руссия болған 
жұрттың бəріне тегіс жақсылық, бəріне тегіс қуаныш» — деп жар 
салды. Ақпан революциясы қалың бұқараның саяси құқықтарын 
кеңінен пайдалануына мүмкіндік жасады, олардың саяси күреске 
ашық  араласуын  қамтамасыз  етті.  Елдегі  қоғамдық  өмірде  саяси 
партиялардың рөлі орасан өсті. Революция патшалық цензураны 
жойды. Жұртшылық сөз жəне жиналыс бостандығын кеңінен пай-
даланды.
Уақытша үкіметтің ұлттық мəселе бойынша қабылдаған алғашқы 
актілерінің бірі 1917 жылы 20 наурызда Ресей азаматтарының 
құқындағы діни наным-сеніміне, ұлтына қарай шектеушілікті алып 
тастауы болды. Көктен іздегендері жерден табылғандай болған халық 
Уақытша үкіметке барынша қолдау көрсетуге даяр екендіктерін 
білдіріп, империяның түкпір-түкпірінен құттықтау жеделхаттар 
жөнелте бастады. Қызылжар қаласы мен уезінің мұсылмандары 
қалалық мешітте жұма-намаз күні бүкіл халыққа шаттық əкелген 
Уақытша үкімет мүшелеріне ұзақ өмір беріп, бақытты етуін Алла-
дан өтініп, жаңа үкіметке адал қызмет етуге серт берді. Ресей та-
рихында бірінші рет діни нанымдық, нəсілдік кемсітушілік жойыл-
ды деп, ұлттар теңдігін қағаз жүзінде болса да жария еткен бұл акт 
бұрынғы бұратана атанған езгідегі елдердің орыстармен терезесін 
тең сезінуіне жол ашты. Қазақ халқының Ақпан төңкерісін зор 
қуанышпен қарсы алуының мəні де осында болатын.
Ақпан төңкерісінің қазақтар үшін қаншалықты маңызды 
болғанын А.Байтұрсынов: “Алғашқы революцияны қазақтар тура 
түсініп, қуанышпен қарсы алса, ол, біріншіден, бұл революцияның 
оларды патша өкіметінің қанауы мен зорлығынан құтқаруында 
жəне, екіншіден, оларды өзіміз басқарсақ деген ескі үмітінің нығая 
түскенінде еді”,— деп түсіндіреді. Халықтың Уақытша үкіметке ба-
рынша қолдау көрсетуіне оның 1916 жылғы 25 маусым жарлығының 
күшін жойып, енді бұратаналарды қара жұмысқа алуды тоқтатуын, 
ал 7 наурызда 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға амнистия 
жариялау сияқты шаралары да ықпал етті. Бұл жөнінде М.Дулатов: 
“Сары əскер” қарсылық қылған елдерге лек-легімен аттанып, қазақ-
қырғыз даласын қызыл қанға бояуға кірісіп еді. Он айға жетпей 
патша өкіметі құламаса, Ресейдегі ұлы төңкеріс болмаса, не болар 
еді”,— деп жазды.
Самодержавияның құлатылғаны жайлы хабар жер-жерлерге 
жетісімен түрлі əлеуметтік топтардың, саяси партиялардың өкілдері 
жоғарыдан нұсқау күтпей-ақ, өздерінің қоғамдық ұйымдары 
арқылы жергілікті басқару органдарын құруды қолға ала бастайды. 
Қоғамдық негіздегі құрылған мұндай жергілікті басқару органдары: 
азаматтық атқару комитеті, біріккен қоғамдық құрама (коалиция-

204
205
лық) атқару комитеті деген сияқты атауларға ие болды. 1917 жыл-
дың 5 наурызына дейін Қазақстанда да қоғамдық негіздегі атқару 
комитеттері құрыла бастады. Мəселен, 3 наурызда Көкшетауда, 
4 наурызда Қызылжарда, 5 наурызда Семейде біріккен қоғамдық 
ұйымдардың атқару комитеттері құрылды. Бұл ұйымдарға түрлі 
əлеуметтік топтар мен саяси партиялар мүшелікке ұмтылды. Бұл — 
халықтың демократиялық басқару дəстүріне құлшына араласқанын 
аңғартады.
Мемлекеттік Думаның Уақытша комитеті мен Уақытша үкімет 
билік орындарын құру туралы 5 наурызда арнайы қаулы жариялады. 
Осыған байланысты жергілікті басқаруда, ел өмірін жаңа мазмұнда 
ұйымдастыруда өзгерістер бола бастайды. Наурыз жəне сəуір ай-
лары ішінде ескі əскери губернаторлық, уездік, болыстық жəне 
ауылнайлық басқару жүйелері жойылып, келмеске кетті. Олардың 
орнына Уақытша үкіметтің облыстық жəне уездік комиссарлық 
басқару жүйесі, сонымен бірге облыстық, уездік, болыстық жəне 
ауылдық деңгейде азаматтық комитеттер жəне олардың атқару 
орындары қалыптаса бастайды. Мамыр мен маусым айларында 
бұларға қосымша облыстық азық-түлік комитеті, жер комитеті жəне 
басқа осы сияқты басқару орындары құрылады.
Батыс майдан штабы жанынан земскі жəне қалалық одақтардың 
бұратана  бөлімін  басқарып  жүрген  Ə.Бөкейханов  20  наурыз  күні 
Торғай облыстық комиссары қызметіне тағайындалды. Қазақ елі 
патшалық Ресей құрамына енгеннен бергі уақытта оның бірде-бір 
өкілінің империяның əкімшілік жүйесінде губерниялық, облыстық 
деңгейді қойғанда, тіпті уезд бастығы дəрежесінде қызмет 
жасамағандығы мəлім. Империяның басқару жүйесінде қазақтар 
болыстық атқарудан жоғарғы қызметті иемденуге тиісті емес еді. 
Бұл тұрғыдан Ə. Бөкейханов ескі патшалық биліктің орнына келген 
Уақытша үкімет жағдайында облыстық басшылыққа келген бірінші 
қазақ болатын.
1917  жылы  наурыз  айы  ішінде  Орал  облыстық  комиссары  бо-
лып Бизянов бекітілді. Ақмола мен Семей облыстары қарайтын 
Дала өлкелік комиссарлығына мемлекеттік кеңес мүшесі И.Лаптев 
жіберілді.
1917 жылы сəуірде Уақытша үкіметтің қаулысы бойынша Түр-
кістан өлкесінде нақты тəртіп орнатып, күнделікті туындап отыра-
тын мəселелерді сол жерде шешіп, өлкені басқару үшін Түркістан 
уақытша комитеті құрылды. Оның құрамына Мемлекеттік Дума 
мүшесі Н.Н.Щепкин, бірінші Дума мүшесі Ə.Бөкейханов, екінші 
Дума мүшесі М.Тынышпаев, үшінші Дума мүшелері С.Мақсудов, 
В.С.Елпатовский, А.А.Липовский, П.И.Преображенский, О.А.Шкап-
ский жəне генерал-майор А.Дəулетшин енді. Комитеттің төрағасы 
болып Н.Н.Щепкин тағайындалды. Самарқан, Ферғана, Сыр-
дария, Жетісу, Закаспий облыстарында жəне Хиуа мен Бұқара 
хандықтарындағы орыс поселкелеріне Түркістан комитеті Уақытша 
үкімет атынан билік жүргізуге өкілетті болды.
Ə.Бөкейханов  Түркістан  комитеті  құрамына  енгенімен,  Торғай 
облыстық комиссары ретінде орны босап, оның қызметіне ат салыса 
алмады. Торғай облыстық комиссары Ə.Бөкейханов өз қызметінде 
жергілікті жердің салт-дəстүрін, ерекшеліктерін білетін азаматтар-
ды, əсіресе, қазақтың зиялы азаматтарын мемлекеттік басқару орын-
дарына тағайындауды басшылыққа алды. Оның ұсынуы бойынша, 
Қостанай уездік комиссары болып бірінші жəне екінші мемлекеттік 
Думалардың мүшесі Ахмет Бірімжанов, Торғай уездік комисса-
ры болып Ғұмыр Алмасов, Ырғыз уездік комиссары болып Тобыл 
округтік сотының мүшесі Ғабдолла Теміров бекітілді.
Қазақ облыстарында болыстық комитеттердің құрылуы бары-
сында да баяғыша болыстыққа таласқандай таласып, ескі əдетке 
салған жағдайлар да кездесіп тұрды. Ол жөнінде “Қазақ” газетінде: 
“Көкшетау уезі Айыртау болысы сайлауында зор талас болды. 
Председательдікке сайланған Ысқақ Баймұрат баласы қонақасына 
көп қой, бір ту бие сойып, 3 мың сом ақша шығарып, үлкен партия 
жасап барып сайланып шықты. Махмұд төре Уəлиханов сайлауды 
бұзуға жол іздеп Көкшетауға келді” — делінген.
1917 жылы сəуір айында өткен Торғай облыстық қазақ съезінің 
шешіміне сəйкес болыстық, ауылдық-азаматтық комитеттер ұйым-
дастыру үшін Ақтөбе уезіне 9 адамнан, Ырғыз уезіне 9 адамнан, 
Қостанай уезіне 12 адамнан, Торғай уезіне 6 адамнан тұратын ко-
миссиялар құрылды. Бұл комиссиялар болыстық комитеттерді 
ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетіп, сайлаудың дұрыс 
өтуін бақылауға алды. Ақтөбе уезіне С.Досжанов, И.Ермұратов, 
Ж.Кенжебаев,  Е.Өтемісов  жəне  т.б.  құралған  комиссия  келіп  3 
маусымға дейін 14 болыста болыстық комитет, 3 ауылдық комитеттің 
құрылуының басы-қасында болды.
1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қазақстанның қоғам-
дық-саяси өмірінде белсенділіктің айтарлықтай арта түсуіне 
облыстық, уездік қазақ комитеттері үлкен əсер етті. Мысалы, 1917 
жылдың  10 наурызында — Оралда (төрағасы — Əлібеков); 11 нау-
рызында — Семейде  (төрағасы — Р.Мəрсеков);  Омбыда  (төрағасы 

206
207
— Е.Итбаев);  наурыздың аяғында — Верныйда (төрағасы — 
И.Жайнақов) құрылған жəне т.б. облыстың қазақ комитеттері «Қа-
зақ» газетінің көмегімен бірден-ақ қазақтардың облыстық съездерін 
дайындауға кірісті. Олар съездерге дайындалу барысында облыстық 
қоғамдық жəне басқа комитеттермен де, Уақытша   үкіметтің   ор-
гандарымен де ынтымақтастық  жасады. Мысалы, Ə.Бөкейханов — 
Торғай облысы бойынша, М.Тынышбаев Жетісу облысы бойынша 
(эсер А.Шкапскиймен бірге) Уақытша үкіметтің комиссарлары бол-
ды. Ал, А.Байтұрсынов, М.Шоқаев, М.Дулатов,  Ж.Досмұхамедов, 
Х.Ғаббасов, Ж.Ақпаев, А.Бірімжанов, Ə.Кенесарин, Р.Мəрсеков, 
тағы басқа қазақ зиялыларының өкілдері Уақытша үкіметтің 
жергілікті органдарында жұмыс істеді. Осындай байырғы қазақ 
халқының, əсіресе, ұлт зиялыларының саяси белсенділігі өскен 
жағдайда 1917 жылдың көктемінде: Торғай (Орынбор қаласы, 2—8 
сəуір, 300-ден астам делегат, төрағасы — А.Байтұрсынов), Жетісу 
(Верный қаласы, 12—13 сəуір, 81 делегат, төрағасы — И.Жайнақов), 
Орал (Орал қаласы, 19—22 сəуір, 800-ден астам делегат, төрағасы — 
Ж.Досмұхамедов), Ақмола (Омбы қаласы, 25 сəуір — 5 мамыр, 150-
ге жуық делегат, төрағасы — А.Тұрлыбаев) қазақ облыстық съездері 
өткізілді. Бұл съездер ұлт азаттығын, жер мəселесін, діни, мəдени, 
қоғамдық-саяси, əлеуметтік-экономикалық жəне басқа да про-
блемаларды шешу жолындағы күрестегі қазақ қоғамының қалың 
топтарының стратегиялық міндеттерін белгілеуге ұмтылуымен 
қатар, олардың осы мақсаттарға жетудегі тактикалық бағыттарын 
жасау жолында өздерінің одақтастары мен қарсыластарын да ашық 
көрсетуге тырысты. Облыстық съездердің ішінде Торғай съезі 
көлемі мен қабылданған шешімдері бойынша айрықша ерекшеленді. 
Съезд жұмыстарына Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, 
А.Қалменов, М.Шоқаев, М.Жұмабаев жəне басқа да сол кезеңдегі 
жас қазақ ойшылдары шешуші ықпал жасады. Соның арқасында 
съезд шешімдерінде «Алаш» қозғалысының бағдарламалық талап-
тары өз көрінісін тапты.
Сонымен   қатар,   байырғы   қазақ   жұртшылығының   түрлі   топ-
тарын   біріктіріп, олардың аттарын  анықтау мен шешу мақсатында 
Торғай съезі Бүкіл қазақ съезін шақыруға қаулы қабылдап, 
оны шақыру мен бағдарламалық құжаттарын дайындау үшін 
ұйымдастыру бюросын сайлады. Оның құрамына Ə.Бөкейханов, 
М.Дулатов бастаған қазақ ұлт зиялыларының белгілі тобы енеді. 
Съезд осы жылы мамыр айында Мəскеуде өткізуге тиіс болған 
Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегаттар сайлады.
1917 жылы мамырда Петроградта бірінші Жалпы ресейлік 
мұсылмандар съезі болып өтті. Съезде ұлттық-аумақтық федеративті 
негіздегі демократиялық республика ұлттық автономия құру 
мəселелері қаралды.
Қазақстанда алғашқы Кеңестер 1917 жылы наурызда пай-
да бола бастады. Жұмысшы жəне солдаттарға қарағанда шаруа 
депутаттарының Кеңесі кейінірек, яғни мамыр жəне маусым ай-
ларында құрыла бастады. Кеңестердің көпшілігін алғашқы кез-
де эсерлер мен меньшевиктердің ұсақ буржуазиялық партиясы 
өкілдері басқарды. Бұған большевиктердің əлсіздігі мен аздығы, 
жергілікті жұмысшылар ұйымшылдығының жеткіліксіздігі мен 
саяси жетілмегендігі, Қазақстанның əлеуметтік-экономикалық 
даму дəрежесінің төмендігі себеп болды. Кейбір мəліметтерге 
қарағанда, 1917 жылдың наурыз-сəуір айларында Қазақстанда 25-
тен астам Кеңестер, оның ішінде 8 жұмысшы, 9 шаруа, 7 солдат 
депутаттарының Кеңестері жұмыс істеген. Өзінің пайда болуы-
нан бастап Қазақстан Кеңестері, əсіресе, жұмысшы жəне шаруа 
депутаттарының Кеңестері өздерінің құрамы жөнінен көпұлтты 
болды. Кеңестердің құрамына: орыстар, қазақтар, украиндар, та-
тарлар, ұйғырлар, өзбектер жəне басқа халықтардың өкілдері енді. 
Солдат депутаттары Кеңестеріне көбінесе орыстар, украиндықтар, 
ішінара татарлар кірді. 
Орталық Азияда жəне Қазақстанның оңтүстігінде мұсылман 
депутаттарының Кеңестері құрылды. 1917 жылғы 16—21 сəуірде 
Ташкентте мұсылман депутаттары Кеңестерінің І өлкелік 
(Түркістандық) съезі өтіп, ол Уақытша үкіметті қолдады жəне 
Ресейді басқарудың ең жақсы нысаны Түркістанға жəне басқа да 
ұлттық аймақтарға кең көлемде автономия берілетін жағдайдағы 
Федеративтік демократиялық республика деп таныды. Съезд 
Құрылтай съезіне дайындалуға жəне «Шура-и Ислам» мұсылмандар 
партиясының бағдарламасын тануға шақырды.  
Осы жерде айтып кететін жағдай 1917 жылы көктемде мұ-
сылмандар қозғалысы негізінде «Шура-и Ислам» партиясы құрылған 
болатын. Ташкенттегі съезде (1917 ж. сəуір) қалыптасқан «Шура-и 
Ислам» партиясының Шымкентте, Əулиеатада, Перовскіде, Қа-
залыда жəне басқа қалаларда жергілікті ұйымдары болды, оларға 
мұсылман дінінің православие дінімен тең құқықтылығы, діни 
шектеулердің жойылуы, ислам діні оқу орындарының ашылуы, Мек-
кеге қажылыққа баруға рұқсат ету жəне басқа да діни құқықтар мен 
бостандықтар үшін күрескен татар, өзбек, қазақ діни қайраткерлері 
мен қатардағы мұсылмандар кірді.  

208
209
Қазақстандағы қос өкіметтің орталық аудандарға қарағанда 
өзіндік ерекшеліктері болды, бұл өлкенің отар ретінде əлеуметтік-
экономикалық жəне саяси даму деңгейіне, оның көпұлттығы 
мен халқының құрамы негізінен ұсақ буржуазия өкілдерінен 
шыққандығына байланысты еді. Тап осындай жағдай Түркістан 
өлкесінде де орын алды. Мұнда патша өкіметі құлаған соң биліктің 
үш түрі орнады: олар — Кеңестер, Уақытша үкіметтің атқару 
комитеттері  жəне мұсылмандар ұйымы. Егер алғашқы екі билік 
сырт жағынан қарағанда жергілікті халықтың мүддесіне онша жаны 
ашымай бұрынғы саясатты жүргізсе, ал ұлттық зиялылар басқарған 
оның соңғысы жергілікті тұрғындарды алаңдатқан мəселелерді ше-
шуге тырысты. 
Сонымен, Ақпан революциясының жеңісінен кейін Қазақстанда 
қоғамдық-саяси өмірдің біршама жандануында Ресейдің саяси пар-
тиялары, əсіресе, олардың жергілікті ұйымдары мен топтары өз 
əсерін тигізді. 1917 жылдың көктемінде болып өткен облыстық қазақ 
съездері болашақ партияның бағдарламасын əзірлеуге көмектесіп, 
съездерге қатынасқан делегаттар мен қазақ комитеттерінің мүшелері 
«Алаш» партиясының əлеуметтік негізін құрады. Осылайша, 1905 
жылдың  өзінде-ақ  құруға  əрекет  жасалған  «Алаш»  партиясы  іс 
жүзінде 1917 жылдың мамыр айында қалыптасып, ал оның ресми 
тіркелуі 1917 жылдың желтоқсанында жүзеге асқан еді.
Тарихта «Алаш» партиясының саяси ұйым болып құрылуының 
бастауын 1917 жылдың 21—28 шілде аралығында өткен бірінші 
Бүкілқазақ съезі айқындап берді. Съезд жұмысына сол кезде қазақ 
даласының алты облысынан: Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, 
Ферғана жəне Бөкей ордасынан делегаттар қатысты. Съезде 14 
мəселе күн тəртібіне қойылды: мемлекеттік басқару жүйесі; қазақ 
облыстарының автономиялығы туралы; жер мəселесі; халық мили-
циясын ұйымдастыру; земство туралы, халық ағарту ісі; сот ісі; дін 
мəселесі; əйелдер мəселесі; қазақтар облыстарында Құрылтай жи-
налысына делегаттар сайлау; бүкілресейлік мұсылман съезі туралы; 
қазақ саяси партиясын құру туралы жəне т. б. Осылардың ішінде 
өзінің мазмұны мен саяси маңызы жағынан ұлттық автономия, жер 
мəселесі мен Құрылтай жиналысына дайындық мəселелері бірінші 
кезекте, өте саяси пікірталас жағдайында талқыланды. Мысалы, 
ұлттық автономия туралы А.Байтұрсынов пен М.Дулатов тəуелсіз 
автономиялық Қазақ мемлекетін жақтап сөйлесе, Ə.Бөкейханов 
қазақ ұлттық-аумақтық автономияның Ресейдің құрамында бо-
луын жақтады. Бірақ, ол мемлекет демократиялық федеративті 
парламенттік республика негізінде құрылуына басты назар аударды. 
Бұл көзқарас көпшілік делегаттардың қолдауына ие болды. Соны-
мен съездің қарарында: «Қазақ облыстары аумақтық-ұлттық автоно-
мия құқығын алуы тиіс» деп жазылды. Сондай-ақ, жер мəселесі де 
қызу талқыға салынды. Съезд Қазақстанның барлық аймақтары мен 
Бұхара, Ферғана, Хиуадағы қазақтар қауымдастығынан Құрылтай 
жиналысына ұсынылған 81 кандидаттың 78-ін депутат етіп сайла-
ды. Олардың арасында «Қазақ» газетінің жетекшілері, қазақ ұлттық-
либералдық қозғалысының көсемдері Ə.Бөкейханов, А.Байтұрсы-
нов, аймақтардан А.Ермеков, Х.Ғаббасов, Ж.Х.Досмұхамедовтар, 
М.Тынышбаев, М.Шоқаев, С.Асфендияров болды.
Съезде қаралған барлық мəселелер талқыланып, шешімдер 
қабылдану барысында қазақ ұлт зиялыларының ықпалы басым бо-
лып отырды. Сайып келгенде, Орынборда өткен бірінші Бүкілқазақ 
съезі «Алаш» қазақ ұлттық саяси партиясын шын мəнінде 
заңдастырды. Атқару комитеті негізінде партияның басқарушы ор-
ганы сайланды. 
Сонымен, қорыта айтқанда, Кеңестік дəуірдегі Коммунистік 
партияның идеологтары Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін 
буржуазиялық ұлтшылдық қозғалысының көрінісі деп бағалап 
келді. Алайда, біздің жоғарыда атап көрсеткеніміздей, жалпы 
Алаш қозғалысы, соған байланысты XX ғасыр басындағы қазақ 
ұлт зиялыларының қоғамдық-саяси қызметінде «ұлтшылдықтың», 
«буржуазияшылдықтың» ешқандай да белгісі болған емес. «Алаш» 
қазақ халқының нағыз ұлттық демократиялық партиясы болды. 
Сондықтан, қазіргі де, болашақ ұрпақтың да санасында оның өмір 
сүрген  уақыты  қазақ  халқының  ғасырлар  бойы  армандаған  өзінің 
толық тəуелсіздігін қалпына келтіру жолындағы күресінің ең 
маңызды бір кезеңі деп бағалануы керек.
 

210
211
11-тақырып
ҚАЗАҚСТАН ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІ МЕН АЗАМАТ 
СОҒЫСЫ ЖЫЛДАРЫНДА (1917—1920 жж.)
1917 ж. Қазан төңкерісі  жəне оның Қазақстандағы 
• 
қоғамдық-саяси өмірге əсері 
Азамат соғысы жəне социалистік құрылыстың басталуы
• 

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   13   14   15   16   17   18   19   20   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет